Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 18.01.2018

Сатира сардары – бізде қонақта
Көпен ӘМІРБЕК
№13
ЖҰМА СӘЛЕМ
«Кімде-кім жәннаттан үмітті бол­са, пайдалы сөз айтсын неме­се үндемесін». Мұхаммед (с.ғ.с) пайғам­барымыздың осы бір қасиетті хадисін көкірегіне тоқып өскен бір мұсылман баласы қайда барса да тымпиып тым-тырыс отырады екен. Әкесі:
– Балам жұмған аузын ашпайды, ауру емес пе? – деп емшіге көрсетіпті. Емші әрі-бері қарап:
– Ұлыңыздың іші пысып, әбден зе­ріккен. Далаға қыдыртыңыз, бау-бақ­шада серуендетіңіз, сергітіңіз, – дейді.
Баласын жетектеп орман-тоғайды аралап, сейілдеп келе жатса, бір тотықұс қайта-қайта шықылықтап қоймапты. Әкесі тотықұсты ұстап алып, торға салып жатса:
– Әй, құсым-ай, байғұсым-ай! Үн­демегеніңде торға түсіп сорламайтын ең! – дейді баласы. Сонда әкесі жалт қарап:
– Әй, сен сөйлейді екенсің ғой. Мені неге мұнша әбігерге саласың? – деп шапалақпен тартып жіберсе, баласы басын шайқап:
– Тілімді тістеп мен де үндемей-ақ қойғанымда, шапалақ жемес едім! – деген екен.    
(Ел аузындағы әфсана)

Тілім қышып жүреді күнде менің,
Бұлқыныс па бойдағы бұл дегенің?
Келсе-дағы талайлар таптағысы,
Бір Құдайға тапсырып, үндемедім.

Салғыласып сайтанмен таласпадым,
«Кет, пәлекет!» деп іштей аластадым.
Қасапшының итіндей жалаңдаған
Жағымпазды көрсем де жақ ашпадым.

Қисық шеге түзеткен балғаң едім,
Сабым сынып қалған ба әлде менің?
Алдағанын аярдың біле тұра,
Аңқау адам секілді ләм демедім.

Тәрбиесі солай ма ата-ананың,
Құдық қазып, су ішпей, қаталадым.
...Сөйлемей-ақ қояйын,
Мен әйтпесе
Жеп жүрермін қожаның шапалағын...

№14
ЖҰМА СӘЛЕМ
Баяғыда бір өнерпаз жігіт он қадам жерден жіп лақтырып, иненің көзінен өткізеді екен. Патша сол жігітті алдыртып:
– Осы өнерді үйренуге қанша жылың кетті? – деп сұрайды. Қошемет дә­метіп тұрған жігіт:
– Жиырма жылым кетті! – дейді масайрап.
– Мынаған жиырма алтын беріңдер. Сонан соң жиырма дүре соғыңдар! – депті патша нөкерлеріне.
– Жазығым не? – дейді өнерпаз жігіт үрейленіп.
– Алла тағаланың өлшеп берген өмірінің бақандай жиырма жылын пайдасыз іске жұмсағаның үшін! – депті ашулы патша.

(Ел аузындағы әфсана)

Өткен өмір!
Өзіңе өкпеледім,
Жеткізсең де төбемді көкке менің.
Алла берген алтындай көп жылдарым
Бос кетті деп өзімді жек көремін.

Сиқыршыдай бір амал жасай қалып,
Сұлуларға сұқтандық бас айналып.
«Жіп өткіздім иненің көзінен!» деп
Жігіттікпен қырық жыл масайрадық.

Уақыт – тұлпар құйғытты шапшаң алға,
Ілесе алмай келемін бәтшағарға.
Қырық алтын бермей-ақ,
Осы маған
Қырық дүре соғатын патша бар ма?

№21
ЖҰМА СӘЛЕМ
Бір құмырсқа балықшының қайы­ғына жармасып, өзеннің арғы бетіне барса, ондағылар:
– Сен біздің жақтың құмырсқасы емессің! – деп жабыла талапты. Қа­йықпен қайта қашып өз жағына өтсе, мұндағылар:
– Сен бізді тастап кеткен құ­мырс­қасың! – деп шат-шәлекейін шы­ғарыпты.
(Мысал әңгіме)

Алпыс деген – ата жас, байыпты шақ,
Қарсы алатын жақсыны жайып құшақ.
Өмір  – өзен,
Ескекті есіп келем
Құмырсқаны тасыған қайық құсап...

№23
ЖҰМА СӘЛЕМ
«Дарвин маймылдан туса туған шығар, ал мен Адам атадан жаралғам».
(Бауыржан Момышұлы)

Маймыл ағаштың басына «жоға­рылап» көтерілген сайын көті көріне береді.
(Астарлы сөз)

Маймылынан Дарвиннің жаралдың ба?
Онда жауап бермейсің ар алдында.
«Адал бол!» деп уағыз айтатұғын
Қажеті жоқ хайуанға моральдың да.

Тесік ауыз тек тұрмай тыйылмастан,
Арын сатып ас жейді бұйырмастан.
Тойдан қайтқан қазақтай мәз болса да,
Маймылдарда қылмыс жоқ ұйым­дасқан.

Жер мен ағаш – жемісі, тіреуі де,
Жетіп жатыр түнеу мен түлеуіне.
Шимпанзе мен Горилла, Орангутан
Бөлінбейді үш жүзге біреуі де.

Жең ұшынан жалғасып бірдеңеге,
Бөленбейді үлде мен бүлдеге де.
Сыбайласқан жемқорлық жоқ оларда,
Түскен емес бір маймыл түрмеге де.

Маймылдардың қуғаны байлық емес,
«Крышасы» бермейді жайлы кеңес.
Дарвинжан-ау!
Айырма жер мен көктей,
Ата-тегі адамның маймыл емес.

Тура жолдан қу сайтан тайдырған ба,
Қабырғамыз қайысар қайғырғанда.
 Дарвинжанның сөзінің жаны бар-ау,
Сірә, айналып барамыз маймылдарға.

№25
ЖҰМА СӘЛЕМ
Біреу құс сататын «Зоомагазинге» келіп:
– Мына тотыңыз қанша тұрады? – деп сұрады.
– Жүз доллар!
– Неге?
– Өйткені, ол жүз сөз біледі.
– Мінәбіреу ше?
– Жүз елу доллар!
– Сонша сөз біле ме?
– Иә!
– Ал, анау жоғарыда биіктеу отыр­ған попугайың қанша?
– Мың доллар!
– О-о, мың сөзді жаңылмай жатқа айта ма?
– Жоқ, ол бірде-бір сөз білмейді.
– Онда неге қымбат?
– Өйткені ол анау екеуінің тікелей бастығы.
(Қазіргі заманның қалжыңы)

Өмір деген шахмат тақтасы ма,
Бөлінетін қара мен ақ тасыңа?
Пешкі болып әуелі «ход» жасадым,
Орнатар деп Королім бақ басыма.

Ферзі, слон, офицер, ат та болды,
Бәрі-бәрі Корольді жақтап өлді.
Біздің Король
Бір емес бірнеше рет
Шаршы топта масқара-ай,
                                     «мат» та болды.

Өз басына жұмсаумен қара күшін,
Неше түрлі айлаға барады шын.
Шахматтың тастары тым-тырақай
Қарсыласқа жем болды Король үшін.

Құрығы ұзын бәрінен болғасын ба,
Жалғыз өзі жетердей он ғасырға.
Айқайы көп Корольдің шай-пайы көп,
Тек қорғанып отыр ол төр басында.

№32
ЖҰМА СӘЛЕМ
Қарға келіп қарқ етіп,
Қалқып ішіп – ол кетті.
Көбелек кеп күмп етіп,
Көлкіп ішіп – ол кетті.
Сауысқан кеп саңқ етіп,
Сарқып ішіп – ол кетті.
                           (Ауыз әдебиетінен)

Есейген ұлы әкесінен:
– Папа, – депті, – филиал деген не?
– Бала кезіңде отырған горшок есің­де ме?
– Иә, иә...
– Ендеше былай: сол горшок біздің үйдегі унитаздың филиалы.
           (Қазіргі заманның қалжыңы)

Қарқылдаса бүгінде Қарғаларың,
Қол соғатын қауымға таң қаламын.
Бәйге алатын Сәйгүлік, Арғымақтар
Байбатшаның сүйреді арбаларын.

Көлдің суын көбелек тауысқанда,
«Зам» болып жүр Самұрық Сауысқанға.
«Әй!» дейтұғын әже жоқ,
Әмпейлерің
Жәмпейлердің орнына ауысқанда.

Қырнап жейді қазанды қаспағымен,
Қоса жұтар сиырды баспағымен.
Ым-жымы бір
Ындыны құрығандар
Пойызды да жалмайды «составымен».

Обыр, жемқор обалға қарасын ба,
Бармақ басты, көз қысты – санасында.
Менің елім мешкей боп бара жатыр
Унитаз бен горшоктың арасында.  

№36
ЖҰМА СӘЛЕМ
Дәрігер бір кісіден:
– Сіз түс көргенде тісіңізді қай­райсыз ба?  – деп сұрапты.
– Жоқ!
– Шын айтасыз ба?
– Әрине!
– Шырт ұйқыда жатып оны қайдан білесіз?
– Қарағым-ау, мен түнде тісімді ста­қанға салып қоям.
(Қазіргі заманның қалжыңы)

Баласымын қаны бар байрақты елдің,
Сатираның «сартісін» қайрап келдім.
Стақанға салулы
Азу тісі
Біз жақтағы бірталай қайраткердің.

№40
ЖҰМА СӘЛЕМ
Қалтасы қалың «жаңа қазақ»:
– Бір миллионда қанша «нөл» бар? – деп сұрапты.
– Алты «нөл», – десе:
– Айттым ғой, алты «нөл» болады, – деп қатты қуаныпты. – Мен білем, бір миллионда алты «нөл», ал екі миллионда он екі «нөл» болады!..
              (Қазіргі заманның қалжыңы)

Көргенімнен көп екен көрмегенім,
Онша жақсы сан емес «нөл» дегенің.
Ата салтың «нөл» болса,
Қайнағадан
Бұрынырақ шығады төрге келін.

«Нөлдер» үшін өмірдің қызығы не,
Ілінбесе байлардың тізіміне.
100 доллардың «1» саны – жалғыз саусақ,
Ал, екі «00» ұқсайды жүзігіне.

«Нөлге» «нөлді» қосқанда «нөл» болады,
Сан қойсаңыз алдына мол болады.
Бір миллион соңында тұрған «нөлдер» –
Аумай қалған машина доңғалағы.

Садақасын қимайтын сыйлы қартқа,
Байдың көбі сауна мен бильярдта.
Түрің құрғыр түрмеде
Шылдырлаған
Шынжырларың ұқсайды миллиардқа.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 829
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1206
count 88x31px