Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 13.11.2018

Танылып қалған талант еді

Марқұм Марат туралы мақала жазарда аузы дуалы ата-бабаларымыздың «отызында орда бұзбаған қырығында қыр аспайды» деп тұжырған тұздықты сөзі есіме түсті...

Ол ұзақ жасаған жоқ, көпті көрген көнекөз қариялардың тілімен сөйлесек, «Алланың өлшеп берген өмірін» сүрді де, орда бұзатын отыз үш жасында бұралаңы таусылмайтын бұл дүниемен қоштасып жүре берді.

... Оның жетінші сыныпта оқып жүріп жазған бір сықақ өлеңін республикалық баспасөз бетінен оқығанымда, үмітімнің отын үрлемей-ақ жаққан еді. «Ойының мәні бар, сөзінің дәмі бар екен. Әй, осы түптің түбінде мына баладан бірдеңе шығады» деп ойладым.

... Марат отыз екісінде яғни, 1986 жылы «Жалын» баспасынан «Темір телпек» атты сықақ, мысал, пародия кітабын шығарды. Жастықтың буы ма, әлде алғашқы қуанышы ма, әйтеуір екеуіміз сол «Темір телпегін» басымызға киіп, Алматы түнін ұзақ араладық. Шалқыдық. Толқыдық. Сырластық...

Көпен ӘМІР-БЕК.

 

Жоғалған тон

«Он говорит, он говорит,

Он қойдың терісі – тон,

говорит», –

Деген екен бір сауатты баяғыда,

Сол айтқандай, бір тон үшін

Он қойдың терісін аядым ба!

Жылы болсын

Қыста қойды баққанда,

Қаһарлы айлар –ф

Қаңтар менен ақпанда,

Деген оймен

Шеберханадағы достарға:

Терінің саны – он,

Маған керегі – тон! –

Деп тақпақтап,

Он теріні өткен жылы өткізгем.

Олар «Қатырамыз!» – деп,

Төбемді көкке жеткізген...

Міне, содан бері

Жаз өтті,

Күз өтті.

Шеберхананы мезі еттім.

Қалай жүрем тонсыз!

Тоңамын ғой онсыз! –

Десем, олар:

Түйме жатыр табылмай,

Әйтпесе, тон дайын, – дейді.

Мен:

Күтпеймін ондайын, – деймін. – Түйме табылғанша қапсырып

Қайыспен байлап қоям,

Сол үшін бір қайысты

Әдейі сайлап қоям! –

Деп дызақтаймын,

Олар міз бақпайды.

Тонсыз да бұрын жүрдің ғой,

Шыдай тұр, – деп қылжайқтайды.

... Содан

Тон да жоқ,

Тері де жоқ.

Қажыдым келуден көп.

Қала ма деп табылып,

Ескі шапанымды жамылып,

Үміттеніп отырмын.

Әй, қайдам,

Күдіктеніп отырмын.

 

 

Жеңгейдің ісі бітер ме!

Егеулі қайшы қолға алмай,

Қырқылып бұрым қор болмай,

Түске таман оянбай,

Кешке дейін боянбай,

«Мода» деп, мүлде қағынбай,

Алтыннан алқа тағынбай,

Айтқанға ағай бағынбай,

Жеңгейдің ісі бітер ме!

Сүт пісірсе ірітпей,

Жуусыз кірді шірітпей,

Ата-енеге сазармай,

Бала біткен «жаза» алмай,

Көршілес жас-кәріге

Атандай даусын ақыртпай,

Жүйкесі тозып бәріне,

Жедел жәрдем шақыртпай,

Жеңгейдің ісі бітер ме!

 

Сайыпқыран

...Орта ғана бойына қазақтың ойы мен қырын, орман тауы мен өзен-көлін көркейтуге артығымен жетер өнер сиған Маратпен небары екі жарым жыл шамасы қызметтес болғаныма әлі күнге дейін сенемін де, сенбеймін де. Шүкіршілік етемін де, өкінемін де. Қаламының жүйріктігімен қарым-қайраты бәрімізді тәнті еткен Марат ресми жиналысымыздың да, отбасы жиын-тойымыздың да сәні еді. Журналдың сол жылдардағы әрбір санында қолтаңбасы сайрап жатыр, шығарған қабырға-газеттерімізде ұлы бейнесі қағытпа өлең, қимылдап кетердей карикатура болып тұр.

Ғаббас ҚАБЫШЕВ.

 

 

 

Үш телевизор

(Әңгі«Үімізде бір емес, бақандай үш телевизор бар» десем ғой, сіздер: мына шіркін мақтанғанда майын тамызатын марғасқа екен деп мазақ етулеріңіз әбден мүмкін. Әне-әне, езулеріңіз қалқиған құлақтарыңызға қарай қыдырып бара жатыр... Мейлі, күліп алыңыздар. Мәгарки, менің күнімді кешсеңдер, күлкілерің көмір, өмірлерің концертный нөмір болып кетер еді.

«Еһе-һе-лей» бермей, ең алдымен дұрыстап тыңдап алыңдаршы. Мен қайбір байлығым басымнан асып-төгіліп жатқан жан дейсіңдер. Үйде аюдай ақырған бәйбішем мен ауыздарын арандай ашқан алты балам бар. Айлықты айлыққа құрап-сұрап жалғаймыз. Алты айдан бері пәтерақы төленген жоқ. Электрдің есептегіші есірік тигендей еліреді. ЖЭК-тегілер де жеті сайын жұлынып жетіп келіп, «сымыңды қиямыз» деп жекігенде «желкеңді қиямыз» дегендей шыбын жаныңды мұрныңның ұшынан бір-ақ шығарады...

Осы мен бетіме лағып кеттім ғой деймін, құрметті телекөрермендер... тфу, жолдастар! Қысқасы былай, мен үш телевизорды ұшпаққа ұшайын деп сатып алғаным жоқ. Мен оны отбасындағы атмосфераны сақтау үшін, былайша айтқанда, отбасы мүшелерінің бір-бірімен қырғиқабақ болмай, бейбіт қатар тату-тәтті өмір сүруі үшін сатып алдым. Жеркомге арызданып, қызметтестерге қарызданып дегендей... «Не басыңның іскені» дейсіз бе? Әрине, мен ол үшеуін қатар қосып қойып қарау үшін алған жоқпын. Өйтсең, көп ұзамай көзің қылиып, миың сұйылып, шайқақбас болып шыға келесің...

Алғашында адам сияқты біз де бір телевизор сатып алғанбыз. Бойымыз үйреніп, қызуы басылғанша тайлы-тұяғымыз жиналып ап, берілетін хабарларын бастан-аяқ қыбыр етпестен жабыла көріп шығамыз. Ертеңгілік гимнастика. Село сағатын, француз тілін, футбол, балет, киносаяхат, мультфильм дейсің бе, әйтеуір біреуін де құр жібермейтінбіз. Келе-келе айрандай ұйып бір арнадан шығып жататын талғамымыз тауыққа шашқан тарыдай бытырап, арамызға жік түсе бастады. Қай арнаны қосу керегін қол көтеріп дауысқа салғанда, әлгі алты жалмауыз басым түсіп, кемпірім екеуіміз пайғамбар жасына келгенде мультфильм көріп мүлгіп отырғанымыз. «Ну, погоди!» дедім бір күні. Сосын кемпіріміз екеуіміз келісіп алып тағы бір телевизорды топ еткіздік.

Енді анау алты аламан бір бөлек, біз бір бөлек керегімізді көріп, көгеріп қалдық. Рақат!..

Бірақ, бұл рақатымыз ұзаққа бармады: кемпошкамның бір күні «Қайраттан» көңілі қалды... мен патриоттық таныттым, ол қиқарлық танытты. Мен ежірейдім, ол бедірейді. Мен телевизордың құлағын оңға бұрасам, ол солға бұрайды. «Уақыт» информациялық программа басталса-ақ болды, тоқтан жұлып тастап:

Күнде көріп жүрген «Время» ғой, телевизор демалсын! – деп, экранның алдына мықынын таянып тұрып алады. А, енді бірдеңе деп көр!..

Сосын тағы да «Ну, погоди!» дедім... Түсіндіңіз бе?

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 615
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1260
count 88x31px