"ЖАНКҮЙЕР" АҚЫН немесе "тұңғыш Пеле" - Шаншар - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 05.12.2016

Сенбі күні Қарағанды стадионында "Шахтер" мен "Қайраттың" ойнайтынын естіп, Серік Ақсұңқарұлына телефон шалдым.

– Мен жанкүйер емеспін ғой... – деді ол сұлық қана.

– Бір рет көрсеңіз, ертеңіне ұйқыдан "жанкүйер" боп оянасыз? – дедім қызықтырып.

– Барсам барайыншы, қағаздан өзім де қажып отыр едім, – деді ағам келісе кетіп.

Келдік. Билет алып жатырмын.

– Қанша екен? – деді Секең.

– 200 теңге.

– Мен 2 мың теңге екен десем, арзан екен ғой?

– Стадионға қымбат екен деп келмей жүргенсіз ғой тәрізі?! Бірінші рет келіп тұрсыз ба?

– Алматыда Тұмағаңа (Тұманбай Молдағалиев. Е. Ә.) еріп, бір рет Дәуітәлі (Стамбеков) екеуіміз барғанбыз...

– Содан бері келіп тұрғаныңыз осы ма?

– Жападан-жалғыз қалай келем?

– Ақындардың арасында олардан басқа жанкүйер жоқ па?

– Неге жоқ?!– деді ол намыстанып кетіп. – Көп қой... Мәселен, Әбділда Тәжібаев керемет болельщик болған.

– Ал, сіз бүгін кімге жанкүйер боласыз?

– "Қайратқа",– дейді Секең. Бүгін тап бір сол үшін келгендей. Менің шақырып әкелгенімді "ұмытып" кетті...

– Өзің ше? – дейді маған.

– Мен "Шахтерге".

– Онда нең бар?! Саған "Қайрат" жақын ғой, "Шахтер" – маған жақын.

– Мен баяғыдан "Шахтерге" жанкүйер адаммын!

– Ә... солай ма?!...

... Ойын басталып кетті. Не істер екен деп, Секеңе ұрланып қарап қоямын, стадионға күнде келіп жүргендей... Түк сұрамайды...

– Бір адам темекі тартпайды екен мұнда, – деді бір кезде жан-жағына жалтақ-жалтақ қарап.

– Бұл жерде өңкей спортшылар, – дедім мен. Ұят емес пе?! Полиция көрсе, ұстап, жауып тастайды.

...Содан ләм демей, шыдап отырды.

– Сіз кімге "болеть" етіп отырсыз?– дедім, сонсоң, сыр тартып.

– "Қайратқа".

– Неге?

– Тұмағам марқұм ылғи "Қайратқа" жанкүйер болушы еді...

Бір кезде «Шахтер» ойыншылары «Қайраттың» қақпасының алдында қарбалас жасап, жанкүйерлер ду етіп, басыла қалды. Сол кезде қаннен-қаперсіз отырған Секең:

– Ойбай! "Шахтер" соғып жіберді ме? – деді зәресі зәр түбіне кетіп.

– Жоқ, жөндеп қарамайсыз ба? Қалай соғады?! Қақпа – бір жақта, доп айдалаға кетті ғой?

– Ә... Бізді Тұмағаның аруағы жебеді! Алға, «Қайрат», алға! – деді ақын айғай салып, ұшып түрегеліп. Тұмағам!..

Қалың жанкүйер ала көзімен ақынға жақтырмай қарады.

– Үлкен адамсыз! Шошаңдап, қайта-қайта тұрып, неге айқайлай бересіз?! Біз отырмыз ғой, міне, үндемей?! – деді еңгезердей бір жігіт. – Қайдан келген адамсыз өзі?!

– Алматыдан!!! – деді Ақсұңқарұлы бет-аузы шылп етпей!

Бірінші тайм аяқталып, үзіліске шыққанда бір жігіттер біз жаққа жақтырмай қарап, топтаса бастады... Мен жанкүйерлердің психологиясын жақсы білем, Секеңді алып кету керек! Секеңнің ойында түк жоқ:

– "Шахтер" ойнай алмайды ғой, – деп қоймайды қайта-қайта.

Үзілісте Қарағандының Құрметті азаматы Шәймерден Оразалинов футболдан мектеп оқушылары арасындағы жарыс жеңімпаздарын марапаттап жатты. "Азамат қой бұл кісі!" деп, Секең тамсанып тұр, езуінде – темекі.

– Секе, қайтайық? – дедім.

– Ойын енді қызып келеді ғой, – деп қимай тұр.

... Алдап-сулап алып кеттім...

– Сыра ішіесіз бе бір жерден?

– Таздан – тарақ, менен – сыра қалғалы қашан?!

– Шай ішейік онда?

... Шай сіміріп отырмыз. Ақын Ғалым Жайлыбайға: "Қайрат" "Шахтерге" гол соқты, – деп телефонмен сүйінші сұрап тастады!

– Секе, сүйіншілеуге әлі ерте ғой, футболда бір минут бәрін шешеді. Әлі екінші тайм бар ғой?

Секең көңілсіз...

– Не болған сізге?! – деймін.

– Қап! Бекер кетіп қалдық... Мені қойшы, мен кеткеннен кейін "Қайраттың" жағдайы не болар екен?! – деп өзімнен сұрайды.

– "Шахтер" бір-екі гол салып қойған шығар ендігі...

– Қап! Мен барда Тұмағамның аруағы жебеп-ақ тұр еді... – дейді күрсініп...

... Сөйтіп, "жанкүйер" ақыннан әзер құтылдым.

Ертеңіне таңғы сағат 7-де шыр-шыр еткен телефон дауысы оятып жіберді. Секең.

– Не болды таң атпай?!

– Сүйінші! – дейді!

– Неменеге сүйінші?

– "Қайрат" "Шахтерді" 5:0 қылып жеңді! Тұмағамның аруағы жебеді бізді! Футболист болуым керек еді...

– Ақындығыңыз тақияңызға тар болып тұр ма? – дедім ыза болып.

– Ақындықтан қажыдым... Бәрі "өлең" жазады... Сырты "өлең", ішінде түк жоқ, былшылбай! Әттең, Қызыларайда тудым... Стадион болмады ғой бізде. Футболист болғанда... деп, ойланып біраз тұрды.

– Футболист болғанда не болушы еді?!..

– Футболист болғанда мен қазақтан шыққан Пеле болушы едім...

...Екінші рет мен бұл кісімен стадионға бармаспын!

 

Есжан ӘМІРОВ,

Қарағанды гуманитарлық

колледжінің директоры.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 750
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1089
count 88x31px