Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 17.06.2019
«Шахтер» – «Ақжайық» - 3:1
Серік СЕКСЕНҰЛЫ,
«Орталық Қазақстан»
Голдар: Зенькович (4), Көкеев (22, 74 (п)), Вичюс (90+1)
Ескертулер: Әлиев 55, Зотов 73, Зенькович 88
«Шахтер»: Мокин, Парываев, Джи­дич, Василевич (Тарасов, 48), Киров (Габышев, 75), Аресниджевич (Бай­жанов, 67), Каньяс, Вичюс, Көкеев, Хижниченко, Финонченко
Резерв: Григоренко, Боровский, Май­кич, Досманбетов
«Ақжайық»: Цирин, Әлиев, Хлебоун, Валканов, Омаров, Эрбес (Хаиров, 79), Коструб, Зотов, Стойчев (Мальцев, 87), Семлер (Забродин, 60), Зенькович
Резерв: Шевцов, Данаев, Киреев, Багаутдинов
12 мамыр. Қарағанды. «Шахтер». 5 500 көрермен.
Оралдың «Ақжайық» командасы  би­ыл  ғана  бірінші  топтан Қазақстанның Пре­мьер лигасына шыққан болатын. Чем­пионат басталғанда  қатты  екпін алған  «Ақжайық» 8 ойыннан соң тур­нир  кестесінің басына  бір-ақ шықты. Олар­дың екпінін өткен 9-шы турда «Ор­дабасы» командасы тоқтатып, 2:0 есебімен жеңген болатын. Біздің «Шах­тер» футболшыларды да  оларға жеңілістің ащы дәмін таттырды.
Матчтың басы «кеншілер» үшін аса сәтсіз болды. Ойын басталар-бас­талмастан, Игорь Зеньковичтің арқа­сында қонақтар алға шықты: 0:1. Гол өткізіп алған жерлестеріміз ойынға шын­дап кірісіп, шабуылға көшті. Оралдықтар болса, жаппай қорғанысқа көшкен. Ақыры, алаң иелері сәті түсіп есепті теңестірді. Ойынның 22-ші минутында Андрей Финонченконың сол қанаттан айып алаңына соққан добын Жамбыл Көкеев қақпаға басымен қадай ұрды. Осыдан соң «Ақжайық» біразға де­йін өз-өзіне келе алмай қойды. Батыс­қазақстандықтар тек таймның соңына қарай ғана бірнеше қарсы шабуыл жасап еді, алайда, оларынан «кеншілер» қақ­пасына айтарлықтай қауіп төне қойған жоқ. 
Екінші таймның басында ескі жарасы сыр берген Никола Василевичтің орнына алаңға Евгений Тарасов шықты. Бұл жолы да бірінші таймдағыдай, алаң иелері әлдеқайда басым екені кө­рініп тұрды. «Ақжайық» ара-тұра қар­сы шабуылға шыққаны болмаса, еш нәтижеге қол жеткізе алмады. Ойынның 53-ші минутында оралдықтардың сло­вениялық легионері Борут Семлер алыстан ұрған допты Александр Мокин қақпадан әрең қағып үлгерді. Осыдан кейінгі бірер минутта қарсыластардың айып алаңына «кеншілердің» колум­биялық легионері Роджер Каньяс суы­рылып шыққан еді, бірақ оның жолын қонақтардың капитаны Қанат Әлиев дөрекі кесіп, сол үшін де «сары қағазбен» жазаланды. 
Жалпы, алаң ортасына негізінен «Шах­тер» иелік етті. Филип Аресни­дже­вичтің орнына алаңға Мақсат Байжанов шыққаннан кейін оралдықтардың қор­ғанысына қысым тіптен күшейді. 73-ші минутта «Ақжайықтың» болгариялық ле­гионері Янко Валканов  өз айып алаңында қолмен ойнап, оған «сары қағаз» көрсеткен төреші «Ақжайықтың» қақпасына айып добын белгіледі. Жамбыл Көкеевтің соққан айып добы қар­сыластар қақпасының сол жақ бүйірін бүлк еткізіп, қарағандылық ша­буылшының есебіне осы қым-қуыт ой­ындағы екінші гол жазылды. Байжанов, Көкеев және Хижниченко сынды ойын­шы­лардың дәл соққыларынан қонақтар қақпасын Антон Цирин ептілікпен қорғап қалды. Ойынның 88-ші минутында орал­дықтардың шабуылшысы Игорь Зень­кович дөрекі сөйлегені үшін «сары қағаз» алды. 
Матчтың соңы да «кеншілердің» ба­сым­дығымен өтті. Сондай үстемдіктің бір сәтінде Гедиминас Вичюс «Ақжайықтың» қақпасына өз тұрған бойынан айнала секіріп үшінші голды салды.   
Сенбі күні болған  басқа  ойындардың  нәтижелері  мынадай: «Қайрат» – «Ор­дабасы» – 1:1, «Ертіс» – «Тараз» – 1:1, «Тобыл» – «Жетісу» – 2:1, «Оқжетпес» – «Ақтөбе»– 1:4, «Атырау» – «Қайсар» – 0:1, «Астана» – «Сұңқар» – 0:0.
16 мамыр күні болған  футболдан Қазақстан кубогының алғашқы ойындары өтеді.  Біздің  жерлестеріміз Семейдің «Спар­так» командасымен ойнайды. Чем­пионаттың келесі ойындары 20 ма­мырда өтеді. «Шахтер» Алматы облы­сының «Сұңқар» командасымен  қонақта ойнайды. 
Премьер лига командаларының 20 ма­мырға дейінгі турнир кестесіндегі жай­ғасқан орындары мынадай болды. 
 Пікірлер: 0
 Оқылған: 542
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1287
count 88x31px