Ақ жол, олимпиадашылар! - Спорт - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

 

Кеше облыс әкімі Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВ Рио де Жанейродағы Жазғы Олимпиада ойындарына қатысатын қарағандылық спортшылармен кездесіп, алдағы сайыстарда сәттілік тіледі.

 

Спортшыларды қабылдаған облыс әкімі олармен емен-жарқын әңгіме құрды. Болашақ мақсаттарымен танысып, сәт сапар тіледі.

– Қарағанды облысы – ертеден саңлақ спортшыларымен даңқы шыққан өңір. Біздің жерлестеріміз талай мәрте әлемдік бәсекелерде топ жарып, еліміздің абыройын асқақтатты. Сіздерге де Рио көгінде көк Туымызды желбіретуге тілектеспін, – деді әкім өз сөзінде.

Қарағанды облысынан Олимпиада жолдамасын ұтып алуға үмітті спортшылар тізімінде 12 спорт түрінен 27 спортшы ұсынылған-ды. Бүгінгі таңда олардың 11-і Риодағы жаһандық додаға баратыны белгілі болып отыр. Және 2 спортшы Паралимпиадалық ойындардың лицензиясына қол жеткізді.

Риодағы Олимпиадада дзюдо күресінен ел намысын әлем және Азия чемпионы Максим Раков пен Азия чемпионатының қола жүлдегері Жансай Смағұлов қорғайды. Бокстан жастар арасындағы әлем чемпионы, ІІ Жас­тар Олимпиадасының жеңімпазы Абылайхан Жүсіпов осы Олимпиадада жасындай жарқылдайды деген үмітіміз бар. Сондай-ақ, құрама сапына іліккен қарағандылықтар қатарында әйелдер күресінен Азия чемпионатының бірнеше мәрте жүлдегері Эльмира Сыздықова, синхронмен жүзушілер – Екатерина мен Александра Немичтер, академиялық ескек есуден Азия ойындарының күміс жүлдегері Светлана Германович пен Владислав Яковлев, жеңіл атлетшілер – Анастасия Кудинова, Александра Романова мен Римма Кашафутдинова бар.

Олимпиада ойындары аяқталғаннан кейін іле-шала – 7-18 қыркүйек аралығында өтетін Паралимпиадалық ойындарға қарағандылық суда жүзушілер – Наталья Звягинцева мен Андрей Афанасьев қатысады.

2012 жылғы Лондон Олимпидасына 4 спорт түрі бойынша 11 қарағандылық спортшы қатысқан еді. Бокс, жеңіл атлетика, дзюдо және академиялық ескек есу жарыстарында күш сынасқан спортшыларымыздың арасында боксшы Серік Сәпиев қана жүлделі орыннан көрінді. Алтын медальді олжалап, Әнұранымызды әуе­летті. Биыл жерлестеріміз 6 түрлі спорт бәсекесінде бақ сынайды. Спортшыларымыздың арасындағы ең ересегі Максим Раковтың жасы – 30-да болса, ең балғын қатысушы – Абылайхан Жүсіпов 19-ға биыл толады. Балаң жігіт Олимпиадада жүлдеге қол жеткізуден үмітті.

Абылайхан ЖҮСІПОВ, бокс­шы:

– Олимпиада ойындарына ең таңдаулы спортшылар келетіні анық. Сондықтан, осал қарсылас болмайтыны белгілі. Дайындық жұмыстарын тыңғылықты түрде жүргізіп жатырмыз. Жеңіске жету үшін барымды салатын боламын.

Естеріңізге сала кетейік, Бразилияның Рио де Жанейро қаласындағы ХХХІ Олимпиада ойындары 5 тамызда басталады. 21 тамызда мәреге жетеді. Әлемнің 206 мемлекетінен 10500 спортшы қатысады деп күтілуде. Қазақстан құрамасы сапында 102 спортшы 26 спорт түрінде жарысқа түседі.

 

Суретті түсірген

Л.ГАЛИМОВ.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 2465
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px