АЛАШ рухы асқақтаған таң - Спорт - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016


АЛАШ рухы асқақтаған таң
Нұрқанат ҚАНАФИН,
«Орталық Қазақстан»

Жексенбі күні таң бозынан Алаш елі, жаһан жұрты көгілдір экранға телмірді. Мұхиттың арғы жағындағы Лос-Анджелес шаһарында «Қарағанды қабыланы» – Геннадий ГОЛОВКИН кезекті қарсыласымен кездесті. Азуын айға білеген АҚШ-тың өкілі Доминик УЭЙДТІ айбарлы жерлесіміз екінші раундта сұлатып салды.

Бүгінгі таңда жалпақ жаһанда Генаға тең келер жұдырықты жігіт табылмай отыр. WBA (Super), IBF, IBO және WBC (Interim) тұжырымдары бойынша орта салмақта әлем чемпионы. Осыған дейін 34 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Оның 32 жекпе-жегін нокаутпен тәмамдады. Және жексенбі күні 35-інші жекпе-жегін уақытынан бұрын аяқтады.
Көмірлі шаһар тұрғындары даңқты жерлесімізге қолдау білдіру үшін Кеншілер мәдениет сарайының алаңына таң сәріден жиналды. Осындағы алып экраннан кездесуді тамашалады. Жекпе-жекті отандық «Қазақстан», «Қаз­спорт» телеарналары тікелей эфирде таратты.
Гена лық толы залға қазақтың оқалы шапанын жамылып, көк Туымызды желбіретіп шықты. Айдай әлемге абыройымызды асқақтатып, айбынымызды асыра келді. Доминиктің мысын басар сес көрінді келбетінен. «Көк жәшікті» ортаға алған біз де Генаның жеңісіне кәміл сендік.
Жұртшылықты аузына қаратқан базбір букмекерлік кеңселер «кездесу бесінші раундқа дейін созылады» деп тон пішіп қойған еді. Десе де, «үйде отырып, тақым қысқан» бізді сеніміміз алдамады...
Әсілінде, Доминик Уэйд осал   емес еді. Кәсіпқой бокста жүріп өткен жолы – мінсіз. 18 мәрте алаңға шығып, түгел қарсыласынан басым түскен. 12-сін нокаутқа жіберген. Алайда, Уэйд осы жолы алғаш рет шын мықтымен қолғап түйістірді.
Гена Уэйдті алғашқы раундтың соңында-ақ нокдаунға түсірді. Оң қолмен құлақшекеден тиген ауыр соққы американдықты есеңгіретіп тастады. Тиесілі уақыт аяқталмағанда, Уэйдтің халін кім болжап біліпті...
Екінші раундтың орта шенінде американдық тағы есеңгіреп қалды. Генаның солақаймен жасаған қуатты соққысына шыдай алмады. Есеп ашқан төреші ол аяққа тұрған соң кездесуді жалғастыруға рұқсатын берді. Сол-ақ екен, шамалы секундтар жылжысымен Уэйд тағы шаршы алаңның еденінде етпетінен жатты. Сөйтіп, Гена 35-інші жеңісіне қол жеткізді.
Сол күні қарағандылықтар ымырт түскенше жеңіс тойын тойлады. Көшелерді азан-қазан қиқулатып, жеңіс шеруін ұйымдастырды. Арқа көгінде көк Тумен бірге Алаш рухы аспандады...
 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 197
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px