Ардагер есімін ұлықтады - Спорт - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 04.12.2016

Өткен аптада Ұлы Отан соғысының ардагері Күзембай ШАЕКИНДІ еске алуға арналған қазақ күресінен V республикалық турнир өтті. Дәстүрлі турнирге еліміздің тоғыз облысынан, атап айтқанда, Қызылорда, Алматы, Ақмола, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Жамбыл және Қарағанды облыстарынан 150 балуан бақтарын сынауға келді.

Жарыстың ашылу салтанатында алдымен Күзембай Шаекиннің қысқаша өмірбаяны таныстырылды. Қиын-қыстау жылдары қолына қару алып, ел қорғаған жауынгер, бейбіт өмірде жас ұрпаққа білім мен тәрбие берген ұлағатты ұстаз әрі білікті басшы Күзембай атамыздың қысқа да болса мағыналы өмір белестері айтылды. Аудан басшысы Халел Мақсұтов құттықтау сөз сөйлеп, қамшының сабындай қысқа өмірінде үлкен істерімен ұрпақ жадында сақталып қалған ардагердің атқарған еңбегін жастарға үлгі етіп, спортшыларға сәттілік тіледі. Ардагердің баласы Талап Шаекиннің досы, ардагер Әлиасқар Әбеуов те тілегін білдіріп, «тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деген аталы сөзді мысалға келтіріп, ардагердің артындағы ұрпағына амандық, берекелі ғұмыр тіледі. Күзембай атамыздың тағылымды жолын жалғап келе жатқан баласы Талап Шаекин алыс-жақыннан келген спортшыларға, ұйымдастыруға атсалысқан аудан азаматтарына жүрекжарды алғысын білдірді. Жарыстың бас төрешісі, ұлттық дәрежедегі төреші Иса Орал доданың тәртібімен таныстырып өтті. Бас хатшы І дәрежелі төреші Бақыт Матышев болды.

Өз жерлерінің намысын қорғап баққан жасөспірім балуандар 9 салмақ дәрежесі бойынша сынға түсті. Таң ертесінен басталған додада түс ауа кіл мықтылар іріктеліп, ақтық сында топ жарғандардың мерейі үстем болды. Олар – қызылордалық үш бірдей балуан Т.Руслан (38 келі), Қ.Советов (42 келі), А.Әбсаттар (46 келі), Тараздан қос балуан – О.Балтабай (50 келі), С.Қалдыбаев (55 келі), қарқаралылық Е.Хабарбай (60 келі), семейлік А.Бөлегенов (66 келі), қарқаралылық Д.Ақылбек (73 келі), семейлік Б.Құсұман (+73 келі). Сонымен қатар, жеңіске деген күш-жігері үшін Б.Болатов марапатталды. Айта кетсек, Қарқаралының тағы екі балуаны – С.Әбішев (50 келі) ІІІ орын, Н.Қуаныш (60 келі) ІІ орын иеленіп, жүлдегер атанды. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлық табысталып, барлық жүлдегерлер медальдармен марапатталды.

Ауданымызда дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан айтулы доданың жас ұрпаққа берері мол. Бір жағынан ұлағаты мол ардагерге көрсетілген құрмет болса, екінші жағынан төл спортымызды дамытуда, ұрпаққа ұлттық құндылық тұрғысынан тәрбие беруде атқарылып келе жатқан бірден-бір тәлімді шара екені даусыз.

А.СӘУЛЕБАЙҰЛЫ.

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 2311
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px