Халықаралық ралли – Қарағандыда - Спорт - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

Кеше халықаралық «Жібек жолы – 2016» трансконтиненталдық ралли-марафонының 120 экипажы Бұқар жырау ауданына қарасты Доскей ауылының сыртынан өтті. Оларды облыс әкімі Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВТІҢ өзі қарсы алып, сәт сапар тілеп шығарып салды.

 

«Жібек жолы – 2016» раллиі Ұлы Жібек жолы бағдарымен Ресей, Қазақстан, Қытай елдерінің таулы, шөлді, далалы жерлерімен жүріп өтеді. Бұл халықаралық ралли-марафон – әлемдік автоспорттағы ең маңызды іс-шаралардың бірі. Қарағанды қаласының тұсынан өтіп, халықаралық автомарафон шілденің 8-і күні Мәскеуден шыққан. Осы күнге дейін марафоншылар Қазан, Уфа, Қазақстан қаласы – Қостанай арқылы Астанада аз аялдап, Балқашқа жөнеп бара жатқан беті. Алда – Алматы, одан Үрімшіден бастап Қытайдың 7 қаласын басып өтіп, 24 шілдеде Бейжіңге тоқтайды. Маршруттың ұзындығы – 10735 шақырымды құрайды. Бұл аты аңызға айналған «Дакар» раллиіндегі қашықтықтан да артық (биыл «Дакардың» ұзындығы 9300 км құрады).

Облыс басшысы мен Доскей ауылының тұрғындары автошеруді салтанатты түрде күтіп алды. Салтанатты шараға арнайы ат басын тіреген аймақ басшысы Нұрмұхамбет Әбдібеков:

– Қарағандыдан ралли тұңғыш рет өтіп тұр. Амандық болса, марафоншылар бүгін Балқаш қаласына жетіп, демалады. Бұл шараға байланысты бір ай бойы дайындық жұмыстары жүргізілді. Экипаждар өтетін елді мекендерде қауіпсіздік шаралары ұйымдастырылды. Тұрғындарға ескертілді. Тіптен, облысымыздың кейбір елді мекендерінің үстінен өтетін жолдар біздің тараптан мүмкіндігінше ауыл-аймақтан алыстатылып бағдарланды. Ендеше, автошерудегі спортшыларға амандық пен сәт сапар! – деді өз сөзінде.

Халықаралық ралли-марафонда Қазақстанның намысын «Астана» Президенттік кәсіпқой спорт клубының «Astana Motorsports» ралли-командасының 4 экипажы қорғайды. Жарыстың үшінші кезеңінде олар мәре сызығын алтыншы болып кесіпті. Әзірге көрсеткіш жаман емес. Алла жар болып, аруақ қолдаса, біз де тақым қысып қала бердік.

Айта кету керек, аталған раллиге әлемнің 30 елінен 116 экипаж қатысып отыр. Оның сыртында олардың керек-жарағын қамтамасыз ету мақсатында ілесіп отыратын 119 арнайы көлік бар. Ұлы Жібек жолының ескі сүрлеуіне түскен автоспортшыларға ақ жол!


 

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 2726
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1094
count 88x31px