Үмітімізді үкілеген ондық - Спорт - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

Үмітімізді үкілеген ондық
Он боксшымыз Олимпиадаға аттанады. Қытайдың Цяньан қаласында өткен лицензиялық турнирде жеті боксшымыз жолдамаға қол жеткізді.
Нұрқанат ҚАНАФИН,
«Орталық Қазақстан»

Бір жолдаманы қыздар арасындағы додада 75 келі салмақта өнер көрсеткен Дариға Шакимова иеленсе, алты жолдаманы – Олжас Сәттібаев (52 келі), Қайрат Ералиев (56 келі), Абылайхан Жүсіпов (64 келі), Жәнібек Әлімханұлы (75 келі), Әділбек Ниязымбетов (81 келі) және Иван Дычко (+91 келі) олжалады.
Бұған дейін Дохадағы әлем чемпионатында Данияр Елеусінов (69 келі), WSB жобасы арқылы Василий Левит (90 келі), AIBA Pro-Boxing жобасында Біржан Жақыпов (49 келі) пен Берік Әбдірахманов Олимпиада лицензиясына ие болған еді.
«Қазақ боксшылары Олимпиадаға толық құрамда қатысады» деп қалпағымызды көкке лақтырар жайымыз бар. Себебі, 1996 жылы Атлантаға – 8, 2000 жылы Сиднейге – 7, 2004 жылы Афиныға – 8 және 2012 жылы Лондонға – 9 боксшымыз барыпты. Тек, Бейжіңдегі 2008 жылғы Олимпиадаға он боксшымыз жол тартып, Бақыт Сәрсекбаев қана алтыннан алқа тақты.
Осы ондықтың құрамынан мақтанышымызға айналған Абылайханның орын алуы – Арқа үшін абырой болды. Он тоғыз жасар оғылан финалда моңғол Чинзориг Баатарсухтан басым түсті. Сөйтіп, турнир чемпионы атанды.
Аталған жетістікке орай, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы боксшыларға құттықтау хатын жолдады. Өз лебізінде министр табанды еңбек пен қажымас қайраттың арқасында қол жеткізілген қуанышқа ортақтасып, Риода да биіктен көрінуге тілектестігін білдірді.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 254
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px