Сайыс «алаңы» – шаршы тақта - Спорт - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

Сайыс «алаңы» –  шаршы тақта
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,
Орталық Қазақстан


Биылғы жылдың 5-30 сәуірі аралығында ерлер, жасөспірімдер, қыздар, ардагерлер мен сеньорлар арасында классикалық шахматтан Қарағанды қаласының чемпионаты өткізілді.


Салауатты өмір салтын насихаттау, шахмат ойынының пайдасы мен тиімділігін дәріптеу, шаршы тақтадағы бәсекеге ден қойған жандардың шеберлігін одан әрі шыңдау және Қарағанды қаласының үздік шахматшыларын анықтауды мақсат тұтқан чемпионатқа қатысушылардың жалпы саны 52 адамды құрады. Олардың арасында «сен тұр, мен атайын» дейтін сайыпқырандардың мол болғаны шүбәсіз. Осылай деуге толық негіз бар, өйткені, қатысушылардың ішінде 3 адам спорт шебері, 11-інің спорт шеберлігіне кандидат дәрежесі болса, 25 адам І дәрежелі, ал, 13 шахматшы бұқаралық дәрежеге ие ойыншылар еді.
Кезең-кезеңімен ұйымдастырылған сайыс барысындағы ойындар аса шиеленісті әрі тартымды жағдайда өтті. Әрине, сайыстың аты – сайыс, сондықтан, ойыншылардың бірі ойда жоқта жеңіске жетіп, қуанышқа кенелсе, екіншісі қапылыста қапы кетіп, опынып та жатты. Соның аясында өзара тәжірибе алмасу секілді аса қажетті сұраныстарға да қол мейлінше молырақ жеткізілді.
Бәсекелі кездесулер нәтижесінде, ерлер арасында Виктор Максименко, жасөспірімдер арасында Семен Зотов, қыздар арасында Лия Игісінованың мерейі үстем түсті. Ал, ардагер шахматшылардан Олег Селезнев ат оздырса, сеньорлар сайысында Николай Герасимовтың бағы жанды.
Әр топтағы жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері Қарағанды қаласы дене шынықтыру және спорт бөлімі тағайындаған бағалы сыйлықтар, арнайы медальдар және мақтау қағаздарымен марапатталды.
Адамзат баласының санасын сергітіп, ойлау қабілетін шынықтыратын тамаша ойын түрін насихаттау мен бұқаралық маңызын арттыра түсу – маңызды міндеттердің бірі. Облыс орталығында осы мақсаттағы жұмыстар жүйелі жолға қойылған. Шахматтан өткізілген қала чемпионаты – осы тұжырымның даусыз дәлелі.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 185
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px