Шаңғышы - Спорт - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

Шаңғышы
Ақпан аттан ауып, жер сарайын жаңғыртпаққа келген көктемнің алғашқы күндері атқа қонса, қармен бірге шаңғышылар шаңғысын қаңтарады. Естуімше, алты ай жаз ақ қысты сағынатын кәнігі шаңғышылар да болған. Бұрын. Басқа елде емес, Қазақстанда, оның ішінде, Қарағандыда. Қазір Қарағанды топырағы алты ай қыс қардың бетін айғыздайтын шаңғышы ұлдарын сағынады, білем. Топырақпен қоса «төсімді қытықтап, шаңғы тебер спортшы қалмағаны ма?» деп Арқаға түскен қардың өзі тебірене кетсе қайтпексің? Оны Қарағанды ғана емес, қазақ шаңғышыларының атасындай Қаһмас Мұхаметжановпен әңгімелесе келе бір-ақ ойладық.
Жәнібек ӘЛИМАН,
«Орталық Қазақстан»

Алты ай қыс қар құрсауында жататын Арқада шаңғышы жоқ қазір. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп тұратын президенттік көпсайыста өнер көрсететін бірен-саран оқушы болмаса, Қарағандыдан шаңғы тепкен қазақты ырымға таппайсыз. Анығында, ел-елде үлкен қажеттілік екені ескеріліп, қысқы Олимпиада ойындарында алтынның қомақты бөлігі бұйыратын спорттың түрі – шаңғы тебу. «Сонда бізден шаңғы спортынан шаршы топқа түсіп, Алаш қоржынына алтын салатын бір спортшы шықпағаны ма?» деген заңды сұрақ туады. Аймаққа қатысты спорт тарихын ақтарып отырып, Қаһмас Мұхаметжанов есімін кездестірдік. Ұзынқұлақтан сұрастырып отырып, «ізіне шам алып түсіп», үйіне де соғып қайттық.
Қолда барда біз қай алтынның қадіріне жеттік? Қазақстан спорт қауымдастығы тұрмақ, күні бүгінге дейін Ресей құрметтеп шақырып, шаңғышыларының жарысына төрелікке сайлайтын Қаһмас атаға Қарағандыдан шаңғышылар мектебін ашып берсек, қайда қалдық деген сұрақ қылаң ұрады көкейде. Ауылда өскен қара домалақтардың біразы халықаралық қысқы спорт түрінен алдына қара салмай келер еді. Қарқаралыда туып, жастайынан шаңғы тебумен әуестеніп, спорттың бұл түрінен халықаралық деңгейге көтерілген шаңғышы «шаңғы тебу – өте ауыр спорттың түрі. Үйдегі қоқысты шығаруға ерінетін қалалық ақсаусақтардан гөрі ауылда тәрбиеленген апайтөс, атан жіліктерді алып тәрбиелесе, шіркін... Алдына қара салмас еді» деп қынжылады, жетпістің төріне жетінші наурызда жеткелі отырған қарт шаңғышы. Бұқар жырау айтпақшы, тілеуқорлық айласынан танбағанына разы болдық.
«Біздің елде шаңғы спорты Шығыс Қазақстан, Көкшетау, Қостанай, Павлодарда жақсы жолға қойылған. Республика бойынша шаңғышылар осы өңірлерден шығып жатыр. Әсіресе, Шығыс Қазақстаннан. Енді, жаттығу жақсы болғандықтан, нәтиже де болады ғой. Ал, шынында, нағыз шаңғышылар жаттығатын жер – Қарқаралы. Қарағандыдағы спорт мектебіндегі шаңғышылар филиалын Қарқаралыдан ашып қойса. Бұрын біз сонда шынығатынбыз. Интернат та дайын тұр ғой онда. Шаңғы спортына облыс орталығындағы құзырлы орындар көңіл бөліп қарамайды да ғой. Әйтпесе, Қазақстан бойынша шаңғышылар үшін Қарқаралыдан өткен қолайлы жер жоқ» деді бір сөзінде.
Шаңғыдан КСРО спорт шебері Қаһмас ата 1982-1987 жылдар аралығында Мәскеудегі олимпиадашылар даярлау орталығында аға жаттықтырушы болыпты. Оған дейін Қарағанды облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтында дене тәрбиесі саласының меңгерушісі, спорттық бағыттағы мектеп-интернат балаларын жаттықтырушы және облыстағы мектеп оқушыларын шаңғы спортына дайындайтын аға жаттықтырушы, дене тәрбиесі және спорт техникумында қызмет ете жүріп, облыстың негізгі командасының аға жаттықтырушысы болып еңбек етеді. Мәскеудегі екі шәкірті – Александр Галимулин және Виктор Николаев КСРО халықтары спартакиадасында бірі – жеңімпаз, бірі – жүлдегер атанады. Өзі Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, «Халық ағарту ісінің озық қызметкері», «КСРО кәсіптік білім беру ісінің үздігі» белгісінің және «Құрмет белгісі» орденінің иегері. Даңқты шаңғышы кезінде Мәскеуден Алматыға оралып, Кәсіподақтардың бүкілодақтық ерікті спорт қоғамы республикалық спорт клубының шаңғышылар даярлау жөніндегі жаттықтырушысы, қысқы спорт түрлерінің меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарып, шаңғыдан халықаралық дәрежедегі спорт төрешісі атанып қана қоймай, омырауына «Құрмет» белгісін қоса қадады.
Қарт шаңғышыға амандық тілейік қашанда!         

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 246
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px