
Ши үстінен шіркей атып...
Мирас АСАН,
«Орталық Қазақстан»
Жуырда Қазақстан Республикасы ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясында айтулы дода өтті. Аталмыш білім ордасының профессорлық-оқытушы құрамының арасында болған «Денсаулық – 2016» спартакиадасының мақсаты – салауатты өмір салтын берік ұстанған, Отанға деген сүйіспеншілігі зор білікті азаматтарды тәрбиелеу. Додаға суда жүзу, тапаншадан ату, волейбол, үстел тенисі және басқа да спорт түрлері бойынша 12 команда қатысты.
Білектілер мен жүректілер белсене ат салысқан айтулы шара – ертеңгі болашақ жас ұландарға үлгі боларлық игі дәстүр. Қорытындыға келер болсақ, бес спорт түрінің төртеуінен финалға шығып, суда жүзу мен тапаншадан атудан І орын, үстел теннисі және футзалдан ІІ орынға тұрақтап, жалпы көрсеткіш бойынша І орынға табан тіреген әскери және арнайы-тактикалық даярлық кафедрасының «Сарыарқа» командасы жеңіске жетті.
Жеңімпаз команда академия басшысының ауыспалы кубогымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

