Төрткүл дүние назары – Францияда - Спорт - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

Төрткүл дүние назары – Францияда
Нұрқанат ҚАНАФИН,
«Орталық Қазақстан»

10 маусым күні Францияда футболдан төрт жылда бір келетін Еуропа чемпионаты басталды. Күллі әлем көз тіккен футбол тойы 10 шілдеге дейін жалғасады.

15-ші мәрте жалауы желбіреген құрлық додасын француздар үшінші рет қабылдап отыр. Ең алғашқы құрлық чемпионаты 1960 жылы осы мемлекетте өткен болатын. Кейін, 1984 жылы тағы бір футбол бәсекесін атқарды. Және бұл жолы француздар тұңғыш рет чемпион атанды. Тарихында екі рет бас жүлдені қанжығаға байлаған Франция (2000 жылы, Бельгия – Нидерланды) биыл да кубоктан дәмелі.
Биылғы чемпионатқа 24 команда қатысуда. Бұған дейін 16 құрама финалдық кезеңде күш сынасып келген еді.
10 маусым күні чемпионат шымылдығы Франция – Румыния арасындағы кездесумен түрілді. Тұсаукесер ойын алаң қожайындарының жеңісімен аяқталды. Оливье Жиру (57-ші минут) мен Дмитри Пайеттің (89-шы минут) қос голына румындар сапынан Богдан Станку 65-ші минутта пенальтиден соғылған голымен жауап берді. 2:1.
Осы топтағы Албания мен Швейцария құрамалары келесі күні кездесті. Мұндағы жалғыз голды 5-ші минутта Фабиан Шер соқты. 0:1.
Екі ойын қорытындысында А тобындағы көшбасшылық тізгініне Швейцария мен Франция құрамалары иелік етуде.
В тобында Англия, Ресей, Уэльс, Словакия сынды командалар топтасқан. Словактармен кездескен Уэльс құрамасы 2:1 есебімен жеңіске жетті. Уэльс сапынан 10-шы минутта Гарет Бэйл, 81-ші минутта Хэл Робсон-Кану ерекшеленсе, словак Ондрей Дуда 61-ші минутта теңбіл допты қарсылас қақпасына тоғытты. 2:1.
Англия мен Ресей арасындағы ойын тең нәтижемен тәмамдалды. Тартысты ойынның алғашқы голын 73-ші минутта ағылшын Эрик Дайер салғантұғын. Орыс Василий Березуцкий қосымша уақытта таразы басын теңестірді. 1:1. Бұл топта Уэльс бірінші орында тұр. Тең ойнаған Ресей мен Англия ІІ орында. Словактар соңғы сатыда.
С тобындағы алғашқы ойын Польша мен Солтүстік Ирландия құрамалары арасында өтті. Поляктар мықтылығын көрсетті. Аркадиш Миликтің 51-ші минуттағы голынан кейінгі көрсеткіш ойын соңына дейін сақтап қалды. 1:0.
Осы топтағы Германия мен Украина арасындағы матч 2:0 есебімен аяқталды. Осы чемпионатта үш рет жеңімпаз атанған немістер қатарынан 19-шы минутта Шкодран Мұстафи мен 92-минутта Бастиан Швайнштайгер көзге түсті. Сөйтіп, бұл топта бір-бір жеңіспен Германия мен Польша құрамалары көш бастап тұр.
D тобындағы Түркия мен Хорватия командалары жексенбі күні кездесті. Бұл ойында хорваттар түріктерден күшті екендігін көрсетті. 41-ші минутта соғылған Лука Модричтің голынан кейін таблодағы көрсеткіш өзгермеді. 0:1.
Топтық іріктеу ойындары жалғаса береді. «Қазақстан» мен «Қазспорт» арналарынан тікелей эфирде таратылып жатқан ойындарды бірге тамашалайық.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 416
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px