Тоспадоп турнирі мәреге жетті - Спорт - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

Тоспадоп турнирі мәреге жетті
Төрехан МАЙБАС,
«Орталық Қазақстан»

Отан қорғаушылар күні қаламыздың «Жастар» стадионында облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының мұрындық болуымен спорттың волейбол түрінен ерлер арасында Аманбек Әбдіханов атындағы
облыстық ашық біріншілік өтті. Осымен алтыншы рет өткізіліп отырған оның ашылу салтанатына облыстық мәслихаттың хатшысы Рысқали Әбдікеров, облыс әкімінің орынбасары Шагурашид Мамалинов, мемлекет және қоғам  қайраткері Қасымбек  Медиев қатысып сөз сөйледі. Сондай-ақ, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы О.Төреғожин, Қарағанды қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Т.Зейнешев, еңбек ардагері
Е.Иманғалиев, Аманбек
Түсіпханұлының ағасы А.Түсіпханов, «Көкбөрі Керней баба» қоғамдық қайырымдылық қорының төрағасы
Т.Әкімжанұлы және басқалары құттықтау сөз сөйледі.

Жезқазған және Қарағанды облыстарында басшылық қызмет атқарып, еліміздің нығаюына өзіндік үлесін қосқан білікті де іскер басшы Аманбек Әбдіхановтың есімі көпшілікке жақсы таныс болса керек. Аманбек Түсіпханұлының басшылығымен Шет ауданына қарасты «Октябрьдің 40 жылдығы» шаруашылығы миллионер шаруашылық атанды. Жаңаарқа ауданында әкім болып тұрғанында қазақтың ақсұңқар ақыны Сәкен Сейфуллиннің 100 жылдық мерейтойын ел көлемінде өткізіп, осы өлкеден шыққан тұлғалардың есімдерін мәңгі есте қалдыруда біраз игі шараларды жүзеге асырды. Абай ауданын басқарып тұрғанында рейтингтің бірінші сатысын бермеді. Облыстық көші-қон департаментін басқарып тұрғанында қандас ағайындарды орналастыруда бір адамдай еңбек сіңірді. Сол еңбектері атаусыз қалған жоқ. Аманбек Әбдіханұлы Жаңаарқа және Абай аудандарының Құрметті азаматы, «Қазақ КССР халық ағарту ісінің үздігі», «Құрмет белгісі» орденінің иегері.
Ол кісі спортпен де айналысты. Классикалық күрестен спорт шебері атанды.
Өзі басшылық еткен шаруашылықтар мен аудандарда бұқаралық спортты дамытуға барынша күш салды. Ауыл спортын дамытуда көптеген игі шараларды ұйымдастыруға мұрындық болды. Әсіресе, спорттың ойын түрі ішінде волейбол спортын өркендетуде қажырлық танытты. Өзі жасақтаған командада ойнады.
Осыған дейін өткен турнирде Ақжал құрама командасы үш рет, Теміртау командасы екі рет чемпиондық атақты иеленген екен. Спорт сарапшылары негізгі бәсеке осы жолы да аталған командалар арасында өтеді деген. Шынында солай болып шықты.
Ақжалдықтар үш рет чемпиондықтан басқа бір реттен күміс және қола жүлдегер де болған екен. Белгілі жаттықтырушылар Алмас Хасенов, Серік Өтебаев бастап келген ақжалдық команда бұл жолы да чемпиондықтан үмітті еді. Үшінші топта сайысқан ақжалдықтар Балқаш, Қарқаралы қалаларының командаларын таза жеңіп, ақтық сынға жолдама алған. Жандос Өтебаев, Нұрлан Әрінов, Қайрат Әбдікамалов сынды мықты ойыншылармен жасақталған команданың осал жағы да көрініп қалған. Ол – алмастыратын ойыншылардың жетіспеушілігі еді. Мұның өзі ақтық сында қарсыласына айтарлықтай артықшылық беретін еді.
Күткендегідей топтар арасында Теміртау, Қарағандының «Сарыарқа», Ақжал және Астана командалары шыққан. Жартылай сында теміртаулықтар астаналықтардан басым түссе, ақжалдықтар «Сарыарқадан»  басым түсті.
Кездесулер негізінен «Динамо» және «Батыр» спорт кешендерінде, «Жастар» стадионында өтті. Қайда өтсе де көрермендер көп болды. Әсіресе, олардың қарасы ақтық сында көбірек болды.
Күткендегідей ақжалдықтар кездесудің алғашқы минутынан-ақ өздерін тас-түйін команда ретінде көрсете білді. Алайда тәжірибенің аты тәжірибе емес пе, көп ұзатпай теміртаулықтар таразы басын өз жағына аударған. Екінші партияда да жанталас ойын болған. Дегенмен Евгений Морозовтың қырандары ойынды аяғына дейін жеткізген. Сөйтіп теміртаулықтар да үшінші мәрте чемпион атанды.
Бас төреші Б. Дүйсебаев бастаған қазылар алқасы үздік ойыншыларды да анықтады. Олардың арасында «Үздік шабуылшы» атағын ақжалдық Сұңғат Нүкежанов, «Үздік қорғаушы» атағын қарағандылық Ұлағат Советбек, «Үздік доп беруші» атағын астаналық Ерсұлтан Құлтаев, сондай-ақ «Спорт ардагері» атағын теміртаулық Евгений Морозов жеңіп алды.
Жүлделі үшінші орынның («Сарыарқа», Қарағанды, 150 мың теңге) сыйлығын «Матан» ЖШС-і бас директоры М. Жадаев, екінші орынның (Теміртау, 250 мың теңге)  сыйлығын Аманбек ағаның бауыры К. Түсіпханов, бас жүлдені (Ақжал, 350 мың теңге) «Көкбөрі Керней баба» қорының президенті Т. Әкімжанұлы тапсырды.
Б.ДҮЙСЕБАЕВ, жарыстың бас төрешісі:
Жарысқа бұл жолы барлығы он екі команда қатысты. Астана қаласы командасының қатысуын жақсы нышан деу керек. Жарысқа қатысу жөнінде Ақтөбе қаласы да ниет білдірген еді. Алайда өтініштері дер уақытында түспей келе алмады.
Мұны айтып отырған себебім, алдағы уақытта бұл жарыстың республикалық мәртебесін  ойластыру керек болады. Солай болған жағдайда еліміздің волейбол спорты айтарлықтай дамитын еді. Қарағанды волейболшылары кезінде Одаққа танымал болатын. Біздер сол күнді жақындатамыз десек, бұл жарыстың мәртебесін міндетті түрде көтеруіміз керек.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 321
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px