Жарайсың, Ернат! - Спорт - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

Жарайсың, Ернат!
Жуырда Астанада қазақ күресінен жастар арасындағы республика чемпионатында ұлытаулық жас өрен Ернат ТӨЛЕШ «айды аспанға» бір-ақ шығарды. Байрақты бәсекеде өзінің техникалық шеберлігін даусыз дәлелдеп, қарсыластарын қирата жыққан ол жеңіс тұғырынан көрініп, Қазақстан Республикасының  чемпионы атанды.
Ұлытаудағы спорт мектебінде осынау спорт түрімен сегіз жасынан бастап шұғылданған Ернат оны жанына серік етіп келеді. Бойында намыс оты жалындаған қайсар жігіт әр бәсекеге барған сайын алмас қылыштай жарқылдап, елге олжамен оралуды дәстүрге айналдырған. Республика чемпионатында 68 келі салмақ дәрежесі бойынша күресіп, бес балуанның жауырынын жер иіскетті. Ақтық сында қазақ күресінен жастар арасындағы сайыстарды сан мәрте жеңімпаз атанған қызылордалық Р.Әбдірашитпен  белдесіп, оны да айқын басымдылықпен ұтты.
Ұлытаулықтар жас чемпионды аудандық мәдениет үйінің алдында қошеметпен қарсы алды. Ел мерейін тасытқан ұланды аудан әкімінің орынбасары Берік Ақышбеков құттықтап, аудан әкімінің атынан бағалы сыйлық тапсырды.
Оңтайлы сәтте аудандық  дене­шынықтыру және спорт бө­лімінің басшысы Марат  Оразалинді әңгімеге тартқан едік: «Қуаныш құшағындамыз. Ернаттың асығы алшысынан түсіп, боз кілемде елге танымал балуандарды шаң қаптырды. Ұлытаудың ғана емес, облысымыздың мерейін асқақтатты. Балғын кезінен күреске бейім, шымыр шәкіртіміз көз алдымызда өсіп келеді. Жаттықтырушысы – белгілі бапкер Есілбай Өжкенов. Қазіргі таңда аудан орталығында спорт кешені бой көтеруде. Демек, алдағы уақытта еліміздің көк байрағын желбірететін балуандар дайындауға мүмкіндігіміз мол» деді ол.
Жарайсың, Ернат! Жеңіс жалғасты бола берсін!
Қайрат ЖҰМАБАЕВ.
ҰЛЫТАУ ауданы.  

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 253
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px