Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 17.06.2019
Жеңіл атлетикадан жеңіс күтеміз
Жанат ЖАҢҚАШҰЛЫ,
«Орталық Қазақстан»
Олимпиадаға дайындалып жатқан Ұлттық құрама сапында облысымыздан бес бірдей жеңіл атлетика өкілі бар. Дмитрий Карпов бастаған бұл топ туралы шағын анықтама бере кетейік.
Дмитрий Карповты елмен танысты­рып жату артық, әрине. Биыл отыз бір жасты еңсерген спортшымыз әлемдегі мықты атлетшілердің бірі. Әлемдік додаларда жеңіл атлетиканың бірнеше түрінен бақ сынап, ел қоржынына екі-үш медаль салған кездері болған. 2004 жылғы Афина олимпиадасының қо­ла жүлдегері. Одан кейінгі Бейжің олимпиадасында жарақат алып, үл­кен спортқа біраз үзілістен кейін қай­та оралды. Орала сап, оң нәтиже көр­сетті. Чехияда өткен халықаралық же­ңіл атлеттер сайысында Лондон жол­дамасын жеңіп алған болатын. Өз рекордына жете алмағанымен, жол­дамаға керек нәтижені Карпов қи­налмай-ақ көрсетті. Дмитриймен қатар, осы олимпиадаға жары Ирина Карпова да барады. Жанкүйерлік етуге емес, жеңіл атлетиканың бес түрлі сайысына қатысады. Жеке жаттықтырушысы күй­еуі екен. Екеуінен де үміт мол. Бір отба­сынан екі медаль болса, нұр үстіне нұр болар еді. 
Жеңіл атлетикадан ел сенім артқан тағы бір спортшымыз Ольга Блудова. Желаяқтар жарысында талай рет топ жарған. Азия біріншілігінде қара үзіп, көмбеден бірінші өтті. Қазақстанның бір­неше дүркін жеңімпазы. Жиырма бірге жасы енді іліккен Ольганың халықаралық дәрежедегі спорт шебері деген атағы бар. Лондонда аттасы Ольга Шишигинаның (Сидней Олимпиадасының жеңімпазы) ерлігін қайталайтын мүмкіндігі мол. Бір айырмасы Шишигина кедергілер арқылы жүгірсе, Блудова 100 метрде бақ сынамақ. Шишигинаның нақ ізбасары деп Александра Валерьевнаны айтуға болады. Александра кедергілері бар 400 метрді бағындыруы керек. Бұл қы­зымыз да халықаралық дәрежедегі спорт шебері.1990 жылы туған қыздың же­тістіктері жетерлік. Еліміздің мақтаулы спортшыларының бірі. Жаһан жұрты алдында жасындай жарқырап, жеңіс тұғырына көтеріледі деп бек сенеміз. 
Лондонға баратын тағы бір жер­лесіміз – Вячеслав  Муравьев. Ол 2008 жылы Бейжің олимпиадасына қатысқан болатын. Бірақ, жолы болмады. Сонда кеткен есені қайтаруына тағы бір мүм­кіндік беріліп отыр. Қазақ «отызында орда бұзар» демей ме? Биыл отызға келген спортшы осы нақылдың нақ екенін әлем алдында бір дәлелдеп тастаса... 200 метр қашықтықта бақ сынайтын атлет әлемдік IAAF рейтингісінде 28 орынға тұрақтапты. Бұл –  жаман көрсеткіш емес. 
P.S. Облысымыздан олимпиадаға жолдама алғандардың саны әу баста 21 еді. Кейінгі ақпаратқа сүйенсек, спорттың 4 түрінен 12 спортшымыз ғана қалған екен. Жеңіл атлетикадан – жоғарыда айтылған бес адам. Дзюдодан төртеу. Бокстан С.Сәпиев жалғыз. (Бұлар туралы газетіміздің алдыңғы сандарында айтқан болатынбыз. Алдағы уақытта ескекші екі спортшымыз жайында баяндаймыз.) 
 Пікірлер: 0
 Оқылған: 711
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1287
count 88x31px