«Аға» деп ердік соңынан - Тұлға - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

Сексен жас жасаған ағамыздың ғұмырбаянының осынау алты жолға сиып-ақ кеткені кімді де болса таңдандырса керек. Көкірек көзімен қараған жандар болса осынау жолдардың әрқайсының астарында жүздеген, тіпті мыңдаған жолдардың жатқанын аңғарған болар еді. Ең алдымен ағаның туған жылын естісімен тіксініп қаласыз. Өйткені, алдыңғы толқын ағалардың қуғын көрген уақыты нақ осы отыз алтыдан басталады. Мәжит Аманқұлұлын "сол елім деп еңіреп өткен ағалардың орнына келген ұрпақ па?" деп ойланасыз. Өйткені, сол ағалардың басындағы ауыртпалық бірден осы мойны бекімеген сәбилердің иығына түсті, соғыс жылдарында әкелері қандай бейнет тартса, балалары ауылда жатып сондай бейнет кешті.

Кіндік қаны тамып, жерді жастап, көкті жамылып дүниеге келген жері Өспен кеніші болатын. Ол тұста кеніште тұру, кеніште жұмыс істеу жан сақтаудың бірден бір жолы болып көрінетін. Содан да ауыл қазағы осы кеніште көптеп істеді, олардың барлығы бірдей жер асты жұмыстарына жегілген жоқ, әрине. Кеніштің қыр жұмыстарында қыр қазақтары жүрді ал, Мәжит ағаның әкесі осындағы мал дайындау мекемесінің бастығы болып істеді. Ол кісі осы жұмысымен өз отбасын ғана емес, туған-туыстарын, айналасын, көрші-қолаңын асырады десек артық айтқандық емес еді. Мал дайындау мекемесінің маусымдық жұмыстары көп болады, айтып отырған жамағайындарын сол жұмысқа іліктіріп жібереді ал, мұндай жұмысқа іліккендер ат үстінде жүргендей көтеріңкі жүреді.

Сол тұста Балқаш қаласының мысшылары да бесжылдықтың балғасын солқылдата ұрып, жер-жерден маман кадрларды шақыра бастады. Оның ішінде өздерінің назарындағы кеніштерден мамандарды көптеп тартты. Өспен кеніші ол кезде елімізге аса керекті мыс өндіріп тұрған болатын. Сол себепті әлгі шақыруға Аманқұл атамыз да іліккен еді. Бұл ұсыныстан ешкім де бас тарта алмайтын еді, партия жіберген соң бару керек болады. Жаңа жерде де әкесі директор болады алайда, жұмыс көлемі арта түседі. Жұмысқа таң атпай барып, іңір қараңғылығында оралады. Мал жинау ол тұста да қиыншылықпен өтетін, ел қолындағы малына жабысып қалған. Өйткені, елдің күн көрісі малдың емешегіне байланып, қалт-құлт тірлік кешіп жатқан-ды.

Балқаш өндірісінің қарқын алуы елді өзіне тартты. Мыңдаған жұмысшылар ойдан, қырдан ағылды. Балқаш ақ май болмаса да, елді аштан өлтіре қоймады. Соншама жанды асырау оңайға тимеді, әрине. Елді аштан өлтірмейміз деп мал дайындау мекемесіндегі бес-алты жан күндіз-түні жұмыстан ажырамады. Соғыс басталғанда олардың ешқайсы да майданға алынбады, оларға бронь берілді, солайынша мал дайындаушылар да әскери жағдайға көшірілді. Енді жұмысшыларды ғана асырап қоймай, майданға да азық-түлік жөнелту керек болды. Үлкендері де, кішілері де бәрі майдан үшін деп тырбанды. Соғыста солдаттар қалай шетінесе, бұлар да азық-түлік дайындау майданында солай шетінеді. Адам төзгісіз ауыр бейнет ақыры Аманқұл атамызды да алып ұрған, не бары қырық үш жасында көз жұмды.

Шоқы анасы сіңірлі еді, мойнына түскен ауыртпалықты көтере алды, бардың қадірін білген ол жоқтың да қадірін білді. Қалада қалып қоймай ауылға оралды, ағайын-туысқандар ішінде жүріп жан сақтады. Бұларды жетім деп, жесір деп шеттеткен, сырт айналған жан болмады. Қайсысы болсын өз баласындай басынан сипады, тілеуқорлары болды.

Жасаған жақсылығыңның алдыңнан шығатынын бала да болса сол тұста-ақ бағамдаған. Ағамыз шын мәнінде жақсылық жасау үшін жаратылғандай, жаяу адамды мінгестірді, аттылы адамның жетек алдында жүрді.

Өмір ауыртпалығы батпандай түскен сайын, балаң жігіт шыныға түсті, ешкімнің көмегіне сүйенбей өзіне ғана сенді. Көмекке келер жан айналасы тұрсын ауылда да қалмаған. Солайынша септесіп өскен ағайындар кейінде бір-бірінен көз жазбады. Әсіресе, Нөкеш Ақпанов көкесінің шарапатын көп көрді. Әуелде ол кісі де мұғалім болатын, кейінде партияның шақыруымен милиция қызметіне тартылды, үлкен тұтқалы қызметтерде болды. Полковник шеніне дейін көтерілді.

Сол көкесі Мәжит ағамызды мұғалімдіктің даңғыл жолына салғандай болды, мұғалім болу ол тұста ең бір қадірлі мамандық болатын. Үлкендер баталарын бергенде мұғалім бол деп бет сипасатын.

Жиырма үш жасынан бастап көрсеткіш таяғын қолына алды, алдына келген баланың қара тануына атсалысты, үлкен өмірге дайын болып араласуына бар күш-жігерін жұмсады. Шет ауданының бірқатар орта мектептерінде басшы қызметтерде болды, қайда жүрсе де өз ұстанымынан айнымады. Кейінгі қызметі Ақжал орта мектебінің директорлығы еді. Партияның шақыруымен сол қызметінен кетті.

Жаңа қызметіне құштарлана кірісті, ол өзін енді ғана тапқандай еді, ол бар ісін жақсылық жасауға арнады. Осы қызметін жұмыстан кетер-кеткенше өзгерткен жоқ, ол жұмысы поссоветтік еді, кейін кенттің әкімі болды.

Ақжалда негізінен қорғасын мен мырыш өндірілетін. Бұл өнімдер еліміздің қорғанысына аса қажетті өнімдер болатын. Соған орай оны өндіруді ұлғайту міндеті қойылады. Бұл жұмысқа арнайы контингент тартылады. Өмірге Жаңа Ақжал келеді, ол бесжылдық құрылысы болып жарияланады.

Ел мен ел кіріккен осы мезетте ағамыз өзінің байыптылығымен, сындарлығымен, кісі танитындығымен көрініп, бірде-бір оқыс оқиғаға жол бермейді. Ел енді ғана көше атауларын түзеп жатса, ағамыз Ақжал көшелерін сонау сексенінші жылдардың аяғында-ақ түзеуді бастаған. Еліне еңбегі сіңген, қолдарынан келгенше жақсылық жасаған азаматтардың есімдерін берді. Бұл екі дүниелік құрмет еді өйткені, аруақтар есімі осылайша ұлықтала бастаған.

Сонау тоқсаныншы жылдардың басында кешегі Шорманның Мұсасымен, Өскенбайдың Құнанбайымен, Қырбастың Бәйсейітімен, Жақсы Жанқұттымен қатар жүріп, төбелікте отырып билік айтқан Қара бабасына ас берді. Асыл бабаның кесенесін қайта жөндеуден өткізіп, басына шырақшы үйін салды.

Отызыншы жылдардың түлектері ешқашанда өткендерін ұмытқан емес қой. Мәжекең де алдымен жатқан жері ұмытыла бастаған әкесінің орнын тауып, ескерткіш орнатты. Сол бастамасы елге жұғысты болды, ел өз бабаларын іздеп кетті, табылып жатса мазар соқты, мазарлы болса ескерткіш қойды. Солайша ел мәлімсіздіктен арылды, ата-бабаларына құрмет жасауды міндет санады.

2008 жылы «Керней Баба» қоғамдық қайырымдылық қорының президенті болып сайланысымен бұл жұмыстарының аясын кеңейтті. Ата-бабаларының көші-қоңда ерулеген жерлерінде болып, олардың есімімен аталатын жер-су атауларын қайтып орнықтырды. Бұқар жырау ауданының Керней ауылында үлкен ас беріп, осы жердің азаматтарына разылық танытып, құрмет көрсетті.

Осы жұмыстарының қай-қайсында болсын ең алдымен өмірлік қосағы Қанай апайымыздың еңбегі бар деп білеміз. Осы елден шыққан Сәкен Малыбаев, Әділ Бәкіров, Сәбиғолла Әлкей, Семсер Смағұл, Төрехан Майбас, Балтабай Боқай, Серік Аманжолов, Серік Қамбаров, Қанат Боранқұлов, Қайыржан Әбжанов тағы да басқа ағаларымыз осы кісінің айтқанынан шыға қоймады, бастаған істерін солайша аяғына дейін жеткізіп отырды.

Балалары да жұмысбастылығына қарамастан әке тілегіне селқос қараған емес, қажет жерде қанат байлаған азаматтар болып өсті.

Нұрлан Әбдіров ағамыз болса ел таныған мемлекет қайраткері, бүгінде Парламент депутаты, Нұрғалымы Ақтөбе облысының прокуроры, генерал шені бар, Шақатбегі өзіміздің Қазыбек би аудандық сотының төрағасы болып қызмет істейді. Ерланы белді құрылыс фирмасында жетекші қызмет атқарады.

Бүгінде біреуге ата, біреуге әке, біреуге аға болып отырған Мәжит Аман­құлұлы сексен жасына табан тіреді. Жасым келді деп қарап отырған жоқ, соңынан ерген біздерге ақылшымыз, қамқоршымыз болып бағыт-бағдар беруде, жөн ісіміз бен сөзімізге қуаныш білдіреді.

Сүйегі асыл ағамыз бүгінде сапта, ешкімнің көмегіне зәру емес. Бар болыңыз, аға!

 

Мира Махатшина,

«Керней Баба» қоғамдық

қайырымдылық қорының

атқарушы директоры.

Өмірбаян

беттерінен:

 

Мәжит ӘБДІРОВ 1936 жылы Шет ауданында дүниеге келген. «Керней Баба» қоғамдық қайырымдылық қорының президенті болған (2008-2013). ҚарПИ-ді бітірген. 1959 жылы Шет ауданы орталығындағы қазақ-орыс мектептерінде мұғалім, директордың орынбасары қызметтерін атқарған. Қайрақты мектебінде оқу ісінің меңгерушісі, Ақжал орта мектебінің директоры (1963-1975), Ақжал кенттік атқару комитетінің төрағасы, кент әкімі қызметтерін атқарған (1975-1996).

(«Шет ауданы»

энциклопедиясынан).

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 2611
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1094
count 88x31px