Ағаны жоқтау - Тұлға - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 08.12.2016

Алаш жұртын аңыратып, Сарыарқаны сағынышқа бөлеп, қазақтың қабырғасын қайыстырған қасірет – Ақселеу Сейдімбектің қазасы. «Атқан оқтай, Шапқан аттай» мына дәуреннің Ақаң басынан көшкеніне де жеті жылға жуықтап қалыпты.
Жақында Астана қаласында Ақаңның нағашылары (Кіші жүз, Жетіру-Тама) қазақтың мұңын кобыз кеудесіне қондырған абыз ұлдың аруағына дұға бағыштап, ас берді. Сауапты іске мұрындық болған – Ақаңның атыраулық нағашысы Дәулетбей Құрманбаев. Асқа Ақселеу Сейдімбектің үзеңгілес достары, рухани серіктері Қойшығара Салғара, Кәдірбек Сегізбаев, Серік Тұрғынбекұлы тағы басқа да қазақ зиялылары қатысып, Алаш ақтаңкері Несіпбек Айтұлы күңірене жыр толғады. Ақселеуін аңсаған Алаш жұртының сағынышын тербеген сол өлеңді аттай қалап, редакциямызға жеткізуші – белгілі заңгер, прокуратура саласының ардагері, Ақаңның рухани ағасы Қазкен Мүсілімов ағамыз.
Биыл – газетіміздің 85 жылдық мерейтойы. Басылым шежіресінде Ақаңның айшықты қолтаңбасы бар. 1974-1975 жылдары жауапты хатшы болып қызмет атқарған Ақаңның рухына бағышталған шерлі өлеңді оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.
Ағаны жоқтау
(Ақселеу рухына)
Ағатай, қалай түстің көрге мұздай?
Өмірің болды бізге енді аңыздай.
Қасқайып көшті бастап жүруші едің,
Күңіреніп көкірегің нар қобыздай.

Секілді Асанқайғы дала кезген,
Іздедің елдің жоғын бала кезден.
Күйдірдің қанатыңды қазағым деп,
Алайған арашалар ала көзден.

Өз басын күйттеуді ар санаған,
Ел үшін ет жүрегін паршалаған –
Зар болдық көлеңкеңнің қиығына,
Емендей иілмейтін еңселі ағам.

Халықтың қазынасын арқалаған,
Ер едің өрге салса шаршамаған.
Байтақ жер, байтақ жұртты айтпағанда,
Жасаған жақсылығың қанша маған.

Жалт етіп жарқыраған ұлы бейнең,
Жалымыз жығылып тұр күдірейген.
Япыр-ау, енді кіммен толтырамыз,
Орныңды ортамызда үңірейген?

Әкелді ауыр қазаң елге қайғы,
Көңілдің жайлауынан шаң борайды.
Мөлтілдеп екі көзге жас келеді,
Естісек «Сарыарқаң» мен «Дәурен-айды».

Қалайша сені ойламай көз ілемін,
Төбемнен жай түскендей сезінемін.
Алтайды, Алатауды алты айналған,
Арқаның көкбөрісі өзің едің.

Қазақтың қара тұтып таңғы аспаны,
Жоғалттық тағы да бір марғасқаны.
Жау келсе жасқанбастан сілтейтұғын,
Алаштың емес пе едің алдаспаны.

Шылбырдай шолтаң етсе мына жалған,
Құтылмас пенде қашып сұм ажалдан.
Ешқашан өлмек емес сендей адам,
Соңында тозбайтұғын мұра қалған.

Сұрапыл қайғы деген жел тынған ба,
Жоқтығың батады екен әр күн жанға.
Алаңсыз алшаң басып жүруші едім,
Арқамда асқар тауым сен тұрғанда.

Құрандай қастерлеген күй өнерін,
Сеңгірім, қайран Ақам, сүйенерім.
Боздап тұр сені жоқтап қалың елің,
Босатып бозінгендей жүйелерін.

Орныңнан жылағанмен сен тұрмайсың,
Ортайған ел көңілін толтырмайсың.
Білдік пе, қадіріңді білмедік пе,
Қайтадан қолға түспес алтындайсың.

Хан болсаң – Қасымдайсың, Есімдейсің,
Ордаңды енді қайтып көшірмейсің.
Бес күндік қу тірлікте абайламай,
Алдыңнан кесіп өтсем кешіргейсің.

Төр болсаң – Сарыарқаның төсіндейсің,
Жыр болсаң – сырғып аққан   Есілдейсің.
Жасайсың қазағыңмен мәңгі бірге,
Рухыңның жаққан отын өшірмейсің!

Несіпбек АЙТҰЛЫ.
Астана қаласы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 528
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px