Ақ көйлек - Тұлға - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 10.12.2016

Ақ көйлек
Ерсін МҰСАБЕК,
«Орталық Қазақстан»
Қарқаралылық ағалардан Омарбай (Әмір) Медеубаев туралы жиі естимін. Тамсана әңгімелейді. Қызығамын. Кездеспеген, дәмдес болмаған адамым. Үңілдім. Кездесуді жазбаған кейіпкерімнің тағылымды тағдырына. Зайыбы Кенжетай апаймен, көзкөргендермен әңгімелестім. Аңсарың ауып, қызықтырған тағдырды толғап шығудан алар рухани ләззатты ойладым да, тәуекел еттім, ақыры. Қолыма Әмір аға дүниеден өткен соң жазылған «Жарқын жүзің – жүректе» атты естеліктер жинағы түсті. Бір деммен оқып шықтым. Қанағатым тоят тауып, өкінішім еселенді. Қанағатым сол – жайсаң ағаның боямасыз болмысына берілген шынайы бағамен қауышқанмын. Ал, өкінішім – жайсаңдардың бағасын өлген соң беріп жататынымыз. Дегенмен, Әмір аға байыпты болмысының лайықты бағасын көзі тірісінде алған. Ортасының құрметіне бөленіп өткен өрелі тұлғаның жарқын бейнесі оны білетіндердің жүрегін сағыныш бесігіне айналдырып жіберген.

...Әбекең (азан шақырып қойған аты Омарбай болғанымен, көзкөргендер Әмір атап кеткен) – қасиетті Қарқаралының тумасы. Ғибратты ғұмырының 40 жылын ұстаздыққа арнаған ұлағат иесі. Ойларсыз, кім Қарқаралыда туып, кім ұстаздық етпеді деп... Қадірлі жанның қаламыма жүк болған қасиетін баяндайын, ендеше.
Әбекең туып-өлгендердің қатарынан емес. Жасыратыны жоқ, кейбір ұзақ жасаған қариялардың жаназасында марқұм туралы жарты ауыз жақсы сөз естімей, қонақасына сойылған малдың арық-семіздігін сөз етіп қайтатынымыз бар. Ал, Әмір аға бақиға көшкенде қарт Қарқаралы қара жамылып, «Көктастың» көз жасы көл болған. Қарағанды қамығып, «Жаңа жол» жабырқаған. Жайсаң ұлын құшағына алған Жер-Анасы ғана мерейленген секілді сол күні.
Әлі күнге дейін Әбекеңнің тектілігін, ұлтжандылығын, ұстаздық ұлы мұрат жолындағы еңбегі мен азаматтық тұлғасын аңыздай етіп айтып жүр елі. Маған жолығып, Әмір ағаның өр тұлғасы мен өнегелі өмірі жайлы сыр шерткендердің барлығы естелік емес, жоқтау айтып отырғандай әсер етті маған. Сартап сағыныш бар жүректерінде.
Жүздеген, тіпті, мыңдаған жүректің сағынышын маздатқан бекзат болмыстың иесі екен ғой – Әмір аға!
...Әмір Әсетоллаұлы 1942 жылы 9 мамырда Қарқаралы ауданы, «Көктас» аулының «Жаңа жол» бөлімшесінде дүниеге келіпті. Басталғанына бір жыл да толмаған сұрапыл соғыстың жеңіспен аяқталатынын, дәл қай күні майданның соңғы оғы атылатынын паш еткендей!
Иә, Әмір ағаның кіндігі Қарқаралыға байланып, тамыры Қарағандының қазыналы топырағына бойлаған. 1968 жылы Қарағанды педагогикалық институтының тарих факультетін тәмамдап, сол жылдан өмірінің соңына дейін Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде (бұрынғы Қарағанды политехникалық институты) оқытушы болып қызмет етті. Үздіксіз һәм үздік қызмет атқарды. Ұстаздық жолдағы мұраты, ғылым жолындағы ізденісі ізсіз кеткен жоқ. Университеттің қоғамдық пәндер кафедрасында қызмет ете жүріп, 25 ғылыми мақала, 5 оқу-әдістемелік құралын, 1 электрондық оқулық жазды. Аз еңбек емес, әрине.
Осы тұста Әбекеңнің ұлтжандылығы ойға оралады. Негізгі пәні бойынша теориялық білім бергені – өз алдына, Әбекең студенттерден ұлттық құндылықтарды қадірлеуді талап етеді екен. Әсіресе, ана тілімізді қызғыштай қорып, салт-дәстүрімізді қастерлеуге баулығаны туралы тамсана әңгімелейді шәкірттері. Ол аз десеңіз, Алаш ардақтыларының идеясы мен олардың ақтаңдақ тағдырлары жайлы көсіле әңгімелегенде ерекше рухтанып кетеді.
Әмір ағаның өнегесі мен ұлағатын зерделей келе, ойыма түйгенім – Әбекеңнің қанында қасиет, тегінде тектілік жатыр екен. Медеубай атасы Тәшкенттің медресесінде сегіз жыл білім алған аса зерделі жан болыпты. Медеубайдан туған Сәдуақас (Әсетолланың ағасы) сонау 30-шы жылдардағы нәубетте Ресей жерінде имам болған. Үкіметтің «молла тұқымы» деген айыбынан бас сауғалап, Қиыр Шығысқа дейін барған екен. Міне, осындай көзі ашық, көкірегі ояу атадан тамыр тартқан әулеттен, өресі биік, тұғыры берік атадан қалай жаман ұл тусын?! Тіпті, әріден қозғасақ, Медеубай ата шежіресі Қаракесектің Майлық бұтағынан тарап, қазақ әнінің ардағы Найманбайдың Әсетімен сабақтасады. Тегінде тегеурін бар Әбекең де домбырамен әуелете ән салушы еді.  
Періште-ғұмыр кешпесе де, пенделіктен бойын аулақ ұстап, адалдығымен дараланған Әмір ағаның келісті келбеті мен өрісті өнегесі сағыныш сазына айналғанына ертең тура бес жыл толады. Жүректерді шерменде еткен, әр жылы ғасырға, әр айы жылға татитын уақыт. Әбекеңнің асыл жары Кенжетай апай:
– Азаматым аман болғанда, биыл «Алтын тойымызды» атап өтетін едік. Сұм ажалдың сұр жебесі діттегенге жеткізбеді ғой, – деп күрсінеді. Жанарына жас тұнып, көкірегі қайғыдан қарс айырылған ананың қасыреті тұла бойымды мұздатып жіберді. Шынтуайтында аталмай қалған «Алтын той» ештеңе емес. Әбекеңдей асыл азаматтың топырақ жапқан Алтын басын айтсаңшы! Отбасы ғана емес, ортасы аңсап, халқы сағынған азамат – өлмеген азамат! Біздің Әбекең – осындай жан.
«Орнында бар – оңалар» дейді атам қазақ. Ұзақ жыл Т.Бигелдинов атындағы Қарағанды әскери мектеп-интернатында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген Қазақ ССР Халық ағарту ісінің озық қызметкері, еңбек ардагері, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері Кенжетай Ахметқызы бала-шағасының қызығын көріп, Әбекеңе күніне мың сан дұға арнап отырған жайы бар. Әмір ағаның көрмеген қызығын Кенжетай апайға берсін! Үйлі-баранды болған ұл-қыздарынан өрбіген немерелерінің де алды азамат болып қалды. Немеренің үлкені Әділет ішкі істер саласында қызмет етіп жүр. Даниял есімді немересіне Әмір атасының әні қонған. Екі жиені Назерке мен Ақназар Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде оқып жүр. Санжары – Б.Бейсенов атындағы Қарағанды заң академиясының студенті. Ал, Дәулет пен Әлімхан – оқу озаттары. Бірі №93 гимназияда, бірі «Мұрагер» мектебінде оқиды.
...Жампоз ағаның жақсы ісі жалғасып жатыр. Ұлағатты ұрпағының арқасында. Жалпы, тіршілікте арын кірлетпеген азаматты ақ көйлек деп жатамыз ғой. Шынымен де, ары таза адамның жаны – кіршіксіз. Ал,  жаны тазаның тәнінде де дақ болмайды. Біздің Әмір аға – сөз жоқ ақ көйлек азамат!

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 277
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1095
count 88x31px