Ақсақал. Ақын. Ұстаз. - Тұлға - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 04.12.2016

Ақсақал.
Ақын.
Ұстаз.
Өмірдерек: Кәріғұл НҰҒМАНҰЛЫ 1926 жылы Шет ауданы, Құрама колхозының Қаныш жайлауында дүниеге келген. 1941 жылы Ақбауыр орта мектебін үздік бітіріп, 1942 жылы Қарағандыдағы бастауыш сынып мұғалімдерін дайындайтын екі айлық курстан өткен. Мұғалімдік жолын «Жұмыскер» бастауыш мектебінен бастаған (1942-1943ж.ж.) Қарағанды мұғалімдер институтының тарих факультетін сырттай оқыған (1943ж.) 1943-1945 жылдары «Игілік», «Құрама» бастауыш мектептерінде мұғалім болған. 1945-1948 жылдары әскер қатарында. 1952 жылы Қарағанды педучилищесін үздік бітіріп, Қарағанды пединститутының физика-математика факультетін сырттай тәмамдаған (1953-1959ж.ж.) Ширек ғасырдан астам (1950-1976ж.ж.) Ақбауыр, Нұраталды орта мектептерінде директор болып, 1986 жылы құрметті демалысқа шықты.
Жәнібек ӘЛИМАН,
«Орталық Қазақстан»

Жанына ана сүті, әке қасиетімен туа біткен ізгілік пен ізеттің ұрығы тоқсан жылдық ғұмырында ұстаздық пен қаламгерлікті қоса алып жүруді нәсіп етіпті. Өткенге ой жүгіртсе, «толғауы тоқсан қызыл тілі» күрмеліп көрмепті. Жолынан жығылмапты. Аллаға шүкіршілік айтады.
Бақса, түлеткен шәкірттері мен тәрбиелеп жеткізген балалары һәм жазған шығармалары ғасырға жуық ғұмырының жемісі, қалдырып бара жатқан қолтаңбасы іспетті екен. Қолы қалт етсе, қаперіндегілерді қағазға түсіріпті. Мерзімді басылым, баспасөз беттерінде жарияланған шығармаларын қайталап оқыса, өмірінің босқа өтпегенін бағамдайды. Шәкірттерін ел алдынан көрсе, қараптан-қарап мағмұрланып, балаларына қараса бақыт құшағына бөленеді. Ұлт болашағы, ұрпақ тәрбиесі саласына сіңірген  еңбегі лайықты бағаланып, кезінде Қазақ КСР-і оқу ағарту ісінің үздігі атағын да иеленіпті.
Саналы ғұмырының күллісін ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұстаз, тәжірибелі тәлімгер К.Нұғманұлының өлеңдері алуан тақырыпта. Жыр-толғауларының ойы анық, бояуы қанық. Ізгілікті ілкі қасиет, адамгершілік ар-ұят, салт-сананы ту етіп, тек қана ізгі мұраттарды ардақ тұтқан өлеңдерінің өн бойынан мейірбандық шуағы еседі.                      
Оқырмандарының жүрегінен жол тапқан «Тағылымнама» атты нақылдар жинағына автор өмірден түйген ой өрнектерін арқау етіпті. Ұстаздық жолды мұрат тұтқан ізгі жүрек, терең ой иесінің ұрпақ тәрбиесіне бейжай қарай алмайтыны белгілі. Білім, ғылым, еңбек туралы нақылдармен қоса, ұлттық сана-сезімді көтеретін, жастарға рух беретін ғибратты ойлары да осы жинақта. «Тағылымнаманың» үш бөлімі үш кітап болып 2000-2006 жылдар арасында «Болашақ» баспасынан жарық көрді. Төртінші бөлімі 2014 жылы Ақадыр кентіндегі «Баспагер» баспасынан басылып шығарылды. Ғұмырында қаламнан қол үзіп көрмеген қаламгердің тұтас туындысының бесінші, алтыншы бөлімдері баспаға дайын. «Тағылымнама» 33 тақырыптан тұрады: уақыт, білім, ғылым, еңбек, өнер, өркениет, тіл, діл, төрт ана, сөз, қарттық, ұстаз, шәкірт, жұптық, әулет, денсаулық, ауыл, жастар, ұлттық рух, ерлік, батырлық, достық, махаббат және тағы басқа тағылымдар.
Ұлы Отан соғысының 70 жылдығы қарсаңында «Баспагер» баспасынан  «Тірілерге аманат» кітабы шықты. Бұл кітапқа «Ер Ана», «Батырлық», «Ойнама отпен, адамдар» атты Ұлы Отан соғысы жайлы дастандары кірді. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ел басына туған зұлматтың куәгері болған Кәріғұл Нұғманұлының бұл жинағына қан майдан жылдардағы өжет аналар жайлы, бейбіт өмірді аңсаған ата-ананы, бала мен ана арасындағы махаббатты, ерлік пен батырлықты, өз өмірінің өнегелі тұстарын жырлаған өлеңдері мен дастандары енгізілген.
Зейнеткер әрі ақын атаны мерекелік кештерде мектептің төрінен табамыз. Бұл кісінің орны қашанда төрде. Ұрпақтарына ақыл-кеңесін беріп, өз шығармаларымен таныстырады.
Ол кісінің өлеңдерін қазіргі таңда шәкірттері жаттап, үлгі тұтады. К.Нұғманұлы қандай жағдай болса да, шығармашылықтан қол үзген емес. Ауылдастары ауылдың ақыны, ақсақалы ретінде, шәкірттері ұстазы ретінде, балалары аяулы әке ретінде құрметтейді. Әрі ақын, әрі өнегелі қарт ұстаз қартайса да, тәлім-тәрбиеге көп мән береді. Ақын өлеңдерінің қай-қайсына үңілсек те, өмір шындығын парасат безбеніне салып, шынайы көрсетуге тырысып тұрады.
К.Нұғманұлы – кезінде Қазақстанмен қатар бірталай шетелдердің бірталайына саяхат жасаған адам. Кавказ тауларынан Мәскеуге дейін, Ташкент, Қазақстанның Орал қаласы, Көкшетау, Алматы сияқты тағы басқа қалаларын аралаған. Саяхатқа барған жерлері туралы көптеген суреттер мен қолжазбалары бар. Суретке өзі түсіреді.
Шығыс пәлсапасы адамға үш міндет артады екен. Үй салып, бала тәрбиелеп, ағаш отырғызуды. Ұлағатты ұстаз Кәрекең саналы ғұмырында саманнан құйып бір емес үш үй салыпты. Күні ертең тоқсанға толғалы отырған ақсақал әкесі Нұғманға тартқан – әрі ұста, әрі ағаш шебері. Атшана, атарба, келі, күбі, тас диірмен, әртүрлі бұйымдары әлі күнге бар. Онысын ауыл-аймақтағылар Кәрекеңнің қолтаңбасы деп қастерлеп жүреді.
К.Нұғманұлы 12 бала тәрбиелеп, өсірді. Бәрін жеткізді. Әрқайссы өмірден өз орындарын тауып, жетілді. Ендеше, ұлағатты қарт ұстаз бейнетінің зейнеті ұзағынан сүйіндірсін!  

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 147
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px