«Ақылдың азабын тартқан Ебекем-ай» - дейді сексеннен асқан академик Қанапия Арынғазин ақсақал - Тұлға - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 10.12.2016

«Ақылдың азабын тартқан Ебекем-ай» -
дейді сексеннен асқан  академик Қанапия Арынғазин ақсақал
– Қалқам, менің де жасым ұлғайды, көптен бері Ебекеңе  (академик Ебіней Арыстанұлы Бөкетов) байланысты өзім  куә болған  бір оқиғаны көпшілікке   жеткізсем  деп жүр едім, соның сәті түскендей. Мен айтайын, сіз тыңдаңыз. Бұл оқиға  Ебекеңнің басына түскен жаланың, әділетсіздіктің, қысастықтың бетін ашып, ол туралы ғылыми еңбек, көркем дүние жазатындарға     қосалқы «құрал» ретінде пайдасы тиер деп ойлаймын.
Қалқам, сексен жасқа келгендегі ұққаным тіршіліктің «формуласын» алдын ала жасап қою қиын екен. Кездейсоқ бір оқиғадан бағың ашылып,   табан астынан лауазым-билікке ие болып, ал, екінші бір кездейсоқ болған оқиғадан  бар бақытсыздық  басыңа орнап, шақшадай басың шарадай болады екен...
1974 жылдың мамыр айының іші  болатын. Бір күні ректордың хатшы қызы телефон соғып, «Сізді Ебіней Арыстанович шақырады және тез келсін деп жатыр» деді.   Бұл кезде мен физика-математика факультетінің деканымын.  Ұзын кабинеттің төрінде отырған Ебекең есіктен қараған мені көре салды да  «Қанапия, кел, кел» деді.     
– Қанапия,   бір қой табу  керек болып тұр.   Ермағанбетовке (проректорға) айтып едім "қазір мал арық, қоңды қой таба қою қиын" деді... қысқасы, бір қой өте қажет болып тұр...
– Ебеке, өзіңіз білесіз мен де бұл жердің қазағы емеспін ғой, қаланың айналасында, жақын маңда  ағайын-туған да жоқ...  іздестіріп көрейін...- дедім. Шынымды айтсам таба алатыныма сеніп тұрған жоқпын. Ол кезде бүгінгідей кез келген уақытта барып ала салатындай базар толған қой жоқ еді ғой. Ебекең қадала қарап:
– Батыр-ай, сөйтші, іздеші, қатты қысылып тұрмын, ертең түсте үйге бір  қадірлі қонақ келуші еді ...  қойдың басын қоймасам ұят болайын деп тұр,–  деді өтінішті үнмен. Қаншама жыл қызметтес болып жүріп,  Ебекеңнің мұншалықты асып-сасқанын көрген емеспін. Шынында да,  бұл бір аса құрметті қонақ болды-ау деген ой келді де, «іздеп көрейін» деп, ешкі өліп, арба сынбас уәдені беріп шығып кеттім.
Содан жеделдете жорта отырып өзім анда-санда ет алып жүретін, бір дүкеннің директоры Қуаныш досыма келдім. Қырсық болғанда, ол орнында болмай шықты. Енді не істеймін? Өзім қадір тұтатын Ебекеңнің бір қажетіне жарамағаныма жаным күйзеліп,  қой табудың түрлі жолдарын ойлап,  көшеде жаяу келе жатыр едім, алдымнан қалбалақтап досым Бөкең (Болат Кәкенов) шыға келмесі бар ма? Жерден жеті қоян тапқандай қуандым. Бірден:
– Айналайын, Бөке, қалайда-қалай бір қой табуымыз керек. Ебекең қатты қысылып отыр, көмектесіп жіберейікші,- дедім, жалынғандай болып. Ол ойланбастан:
– Машина тапсаң болды... несі бар бір қойды табамыз, тек қаладан ұзақтау, жүз шақырым жердегі Ақжар ауылында Зуратайдың  ата-анасы тұрады, соған барып келеміз,– деп, қайын-жұртына жол сілтеді.
Ойланбастан, Ебіней Арыстановичке келдім де,  «Ебеке, мәшине керек, жүз шақырым жердегі Ақжар ауылынан қой табылып тұр» дедім. Ол кісі ойланбастан телефонның құлағына жармасып, біреуге   тапсырма берді.    Не керек, кешікпей біз жүз шақырымдағы  Ақжарға шығып кеттік.
Біз Ақжарға түс ауа жеттік.  Қойлар өріске кетіп қалған. Өріске бардық. Бөкең атасының қойларының ішінен бір семізін тапты. Бірақ, жазық далада қойды ұстау мүмкін емес еді. Қойшыға "ауылға айда қойларды десек, болмайды, сосын маған ауылдың адамдары өрістен ерте әкелдің деп ұрсады" деп шыр-шыр етеді. Не керек, өлердегі сөзімізді айтып жатып қойшыны көндіріп, қойларды ауылға айдап келдік. Ауылдың шетіндегі бір үйдің қорасына кіргізіп, у-шу болып жүріп діттеген қойымызды ұстадық-ау ақырында. Біздің Бөкең қашанда да, қандай жұмыста да ұйымдастыру жағына шебер ғой, қайын-жұртына амандасқан болып,    күйеу бала екенін базыналай отырып,  бірінің үйінен сары май, бірінің үйінен қаймақ-қатық, сүрленген қазы, тіптен Зуратайдың нағашысының үйінен   қымыз да құйдырып алды.  Өзіміздің  де қарнымыз ашып, шаршап қалған екенбіз,  Бөкеңнің атасының үйіне келіп ас-су  ішіп, көңілді жайлап  жолға шықтық.  
Біз ауылдан шыққанда күн  ұясына батып бара жатты. Сол кезде барып Ебекеңнің «Батырлар, кешікпеңдер, мен сендерді күтіп отырамын!» дегені ойымызға түсіп шоферға "тезірек жүр" дейміз. Қырықтан әрі тартпайды, "маған ұшып кет дейсіңдер ме" деп ол ашуланады. Не керек, кішкентай "ПАЗ" автобусымен сағат түнгі он екіден асып, бірге жақындағанда жеттік-ау. Есік ашқан Зүбайра апай бізді көріп «Ебіней, жігіттерің келді» деді.
– Ой, батырлар-ай, әбден кешіктіңдер ғой... сендер мені әбден састырдыңдар... қонақты шақыруын шақырып... қой жоқ...
Біз қойдың өріске кетіп қалғанын... автобустың жай жүретінін айтып, қоймен қоса әкелген  қаймақ, сары май, айран-қатығымызды шығара бастадық. Ал, қымызды көргенде Ебекең: «Ой, батырлар-ау, мыналарың мүлдем мықты болып кетті ғой!» деп, шын қуанды. Ертеңгі қадірлі қонағына ақ дастарқанын шын ықыласымен жайып жатқанын   Ебекеңнің  түрінен айна-қатесіз көруге болушы еді.
Содан көрші  подъезде тұратын інісі Қамзабайды шақырып, әкелген қойды тез-ақ жайғап тастадық.  Мен үйге қайтуға жиналдым. Сол кезде Ебекең маған қарап:
– Қанапия, ертең   сен сағат бірге бір он-он бес минут қалғанда кел, – деді.
– Қойыңыз, Ебеке мен үшін әуре болмаңыз,– деп шыр-пыр болып қалдым.
– Батыр, мен сені қонаққа шақырып тұрған жоқпын, қайта қадірлі қонақтарға шарап-су құйып қызмет көрсетсін деп отырмын, – деді ақырын ғана  жымиып.
– Келейін, келейін,– деп,  үйден шығып кеттім.
Ертеңіне айтқан уақытында Ебекеңнің үйіне келдім. Батыр тұлғалы  Ебекең   үстіне ақ жейде киіп, шашын артқа қайыра тарап, көріктеніп кетіпті. Өзі көңілді. Зүбайра жеңгей ақ дастарқанын  жайып, үстін түрлі дәмге толтырып қойыпты, біз әкелген қаймақ, сары май да тұр.   Сағат тілі бірге таянған шақта Ебекең:
– Қанапия, есік алдына  шығайық, олар уақытында келеді,- деді. Айтқандай-ақ  сағат бірден бір бес минут өткенде қара  «Волга» есік алдына көлденеңдей келіп тоқтады. Ішінен ұзын бойлы ақсары кісі шықты және екі адам қосыла түсті. Амандасып болған соң    Ебекең «Жүріңіздер» деп үйге қарай бастады. Үйге кірген кезде Зүбайра жеңгейге бәрі жапырыла амандасты, әлгі  ұзын ақсары  адам «Зубайра, такая же красивая, не изменилась»  деді. Бұдан олардың бірін-бірі бұрын танитыны  және көптен көріспегендері  көрініп тұрды. Байқастап қарасам ұзын ақсары  адамды мен де танитын сияқтымын, әлде біреуге ұқсай ма, қалай ... ойыма түсіре алмай әлек болдым. Менің ол кісіні танымай тұрғанымды Зүбайра жеңгей сезе қалды да  ақырын ғана құлағымның түбінен «Қонаевтың інісі, Асқар Қонаев» деді. Ішімнен «ә, бәрі де түсінікті болды» дедім де, қызметіме кірісіп кеттім.
Қадірлі қонақтар дастарқан басына жайғасты. Қойдың басы Асқар Қонаевтың алдына қойылды. Қойдың етімен қоса сүр қазысы төңкерілген  бір табақ ет келді. Түстің кезі емес пе,   бәрі асқа  құлшына қол созды. Оның үстіне сүр қазыны көрген олар, әсіресе, Асқарға  еріп келген тәпелтек сары жігіт «настоящее сарыаркинское мясо!» деп,  ризалығын білдіріп, мәдениеттілік көрсетіп қойды. Ұсақ-түйек  әңгімелер айтылып, отыз-қырық минуттай ас желінді, тост көтерілді.   Ет желініп болар тұста, ас қайырар алдында Ебекең сөз сөйледі. Асқар Қонаевтың Қазақ ССР Ғылым Академиясына президент болуымен құттықтап, жалпы Қазақстан ғылымындағы көптеген проблемаларды тоғытып-тоғытып айтып, болашақта осы жағына көңіл бөлсеңіздер деп бір қойды. Бір кезде қонақтардың бокалына  су құйып жүріп, Асқарға көзім түсіп кетпесі бар ма,  қарасам  жаңа ғана жадырап отырған түрінен түк қалмапты,  сұп-сұр болып кетіпті. Іштей секем алып қалдым да бірден Ебекеңе қарадым. Ол кісі  ғылым төңірегіндегі жанына батып жүрген көп мәселе-мәслихаттарды сыдыртып айтып отыр. Жан-жағына қарар емес.  Менің көзім Асқар Қонаевта. Бір кезде Асқардың манағы  сұрланған түрі  қызарды, отырған орындығында бір-екі мәрте қозғалақтап алды. Ебекең оның бірде-бірін байқап та, сезіп те отырған жоқ, әңгімені  жосылтып отыр. Әңгіме желісі ағытыла келе-келе «Қанекеңнің арманы Орталық Қазақстаннан  Ғылым Академиясының бөлімшесін ашу еді, соның уақыты келгендей...» дей бергені сол еді,  дәл осы тұста Асқар Қонаев орнынан атып тұрды да, Ебекеңнің өзінен бес-алты жас үлкендігіне де қарамай:  «Евней, ты кем себя возомнил! Я что, тебе за консультацией пришел!» деді де әй-шайға қарамастан есікке қарай ұмтылды. Қасындағы екеу де жалма-жан орындарынан тыпырлап тұрып, Асқар Қонаевтың  соңына жалбырап  ере берді,   «Асеке, дәмді аттап кетпейік» деген бір ауыз сөз   тоқтау айтуға  шамалары келмеді. Ебекең состиып тұрып қалды, шамасы не дерін де білмей тұр-ау. Бір кезде: «Ой, қайда барасыңдар, шай бар...Зүкеңнің түнімен пісірген торттары...» деді. Дастарқан басында манадан бері мәдениетті болып, ыздиып отырған зиялыларым бір-ақ  сәтте беттеріндегі маскаларын сыпырып тастап, дойыр мінезді кейбіреулерге айналып жүре берді. Алланың нәсіп еткен дәміне «рахмет!» деп айтуға өрекпіп тұрған өр кеуделері  жібермей,  есікті серпе жауып үшеуі бірінің соңынан бірі шықты да кетті. Ебекең сыртқа шыққан жоқ,   шығарып салмады. Олардың артынан бар айтқаны: «Өй, мынауың нағыз тоңмойын екен ғой!» болды. Зүбайра жеңгей: «он всегда такой был» деді де ас үйге кіріп кетті.  Үйдің ішіне бір сәтте-ақ ыңғайсыздық орнады. Мен қипақтап тұрып-тұрып: «Ебеке, мен қайттым» дедім.
Далаға шықтым. Бірақ, әлгі көрініс көз алдымнан кетер емес. Ақ дастарқанын, ақ пейілін көлдей етіп жайып тастаған Ебекеңнің ниетін аяқ асты еткендеріне қарным ашып, ыңғайсыз  жағдайға  қалдырғандары үшін іштей сөктім. Лауазымы үлкен адамдардың мәдениеті де биік болмаушы ма еді, олар қандай жағдайда да, небір қиын сәттерден де өздерінің зиялылықтарынан танбай, сыпайы-сырбаз қалыпта шығып кетпеуші ме еді?!  Сондайлық Асқар Қонаевтың талағы тарс кететіндей Ебекең оған «әкең-шешең» деген жоқ, намысына тиетіндей артық сөз айтқан  жоқ, айтқандары ғылым мен білім төңірегіндегі өзінің көкейкесті мәселелері. Күнде академия президенті қолға түсе бермейді, оның үстіне, қызметті енді бастағалы отырған жаңа президентке пайдасы тиіп қалар деген оймен, үлкендігін білдіріп, қазақи жолмен  айтылған ағалық ақыл ғана  болатын. Басқа бір жаман пиғылды мен сезбедім. Қысқасы, мен «ағаның» арқасында мейманасы асып-тасып жүрген «кішкентай ініні» ғана көрдім.
Осыдан кейін олардың ара-қатынасы алшақтамаса, жақындаған жоқ. Көп ұзамай тып-тыныш   жатқан біздердің – Қарағанды Мемлекеттік университетінің ішкі тыныштығы бұзылды. «Іштен шыққан жау жаман» дегендей өз арамыздан  домалақ арыз жазушылар табылды. Алматыдан келетін тексерушілер көбейді,  тіптен, жұмыс істетпей қойды десем де болады. Ақырында олардың  өшпенділігі өрши түсіп, жастардың «Ленинская смена» газетіне Ебекеңді жамандатып    мақала да шығартты, кейін жаңа заман келген кезде оны жазған адамдар әшкереленді ғой.  «Ұра берсең, Құдай да өледі» дегендей  ақырында Ебекең  жүрегі сыр беріп ауруханадан бір-ақ шықты,   «денсаулығыма байланысты ректорлықтан босатуларыңызды сұраймын...» деген  арыз жазуға мәжбүрледі. Бұдан республикадағы екінші университет атанып, біраз  абырой-бедел жинап қалған      ұжым мен республиканың  ғылымы мен білім саласы ұтқан жоқ.  Әлі талай ғылыми жаңалықтар ашып, халқына ұлан-ғайыр пайда келтіретін  ғұлама ғалым,  тәжірибесі мол ұстаз бар-жоғы  58 жасында өмірден тосыннан өтіп  кетті.  Ол кісі қайтыс болатыннан бір күн бұрын ғана Ебекең және бажасы Ислам, мен бар, бәріміз сол кісінің үйінде карта ойнап, біраз әңгіме-дүкен құрып, түнгі сағат он шамасында қайтқан едік. Сөйтсек, асыл ағамен соңғы рет кездесіп отырған екенбіз ғой... жалған дүние деген осы...   
Ебекең дүниеден өткелі де отыз жылдан асып кетті. Бірақ, осы бір оқиға   бір күн, бір сәт менің есімнен шыққан емес. Ебекеңнің денсаулығының құрып, оның өліміне жоғарыдағы оқиғалардың бәрі-бәрі себепкер болды-ау деймін де отырамын.  Орыс жазушысы  Грибоедовтың «Горе от ума» деген шығармасы бар, дәл осы сөзді Ебекеңе   айтуға болады. Ол кісі өзінің бас пайдасынан көрі көптің, ғылым мен білімнің жағдайын көп ойлайтын. Әлгі, Асқар Қонаевқа да  сол көптің қамын  жегеннен ғой суырыла сөйлеп, армандарын ақтара айтып жатқаны...
Ал, қалқам, мен өзім куәсі болған, талайдан саған айтсам деп жүрген әңгімемді айттым, журналистік парызыңды түсініп, ел-жұртқа жеткізесің бе, әлде, өткенді бықсытып не етемін деп жылы жауып қоя саласың ба, ол сенің құзырыңда.  Өзің шеш, – деп, Қанапия ағамыз бар ауыртпалықты бізге аудара салып, әңгімесін аяқтады.
Біз ойланбастан, бұл оқиғаны оқырманға жеткізуді жөн көрдік. Өйткені, шырғалаңға толы сол бір жылдардағы Ебіней ағаның жан қиналысын  біздің отбасы  сол шаңырақтың астында жүріп өз көзімізбен  көргенбіз, бәріне куәміз. Көргенің мен естігеніңді айтпау әділетсіздікпен келісу және оған жол беру деген сөз. Шындықты айту арқылы қызғаныш деген қызыл иттің жолын қиып, жастарымызды жаман әдеттен аулақ етерміз...         
Әңгімені хатқа түсірген  
журналист
Гүлсім ОРАЗАЛЫҚЫЗЫ.
АЛМАТЫ қаласы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 169
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1095
count 88x31px