Қадірлі әже – құрмет құшағында - Тұлға - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

Қадірлі жан 14 перзентті бағып-қағып, 7 баласын жер қойнауына тапсырған. Бүгінде кенже ұлы – Қайраттың қолында немере-шөберелерінің ортасында.

1944 жылы отағасы, марқұм Әлубаймен отасып, 53 жыл өмірлерінің ащы-тұщысын бірге көрген. 1941 жылы соғыс басталған кезде ол кісі он бес жаста болған екен. Сол жылдары «Молотов» (Итке) атындағы колхозда жұмыс істеп, соңынан ағасы Зікірия асырап алып, шешесімен «Маржанкөл» совхозына көшіп келген. Соғыстан кейін «Морозовка» совхозында қырманда жұмыс істеп, одан соң мойымай совхоздың бұзауын баққан. Осы совхозда егін егіп, қол шалғымен шөп шапқан. Соғыс балаларды балалықтың бал дәуренімен ерте қоштастырып, тез есеюге мәжбүр еткендіктен болар, Сахара апамыз сол кездегі жұмыстың ауыртпалығына қарамай, таңның атысынан, күннің батысына дейін қажымай еңбек етіп, қазіргі ұрпаққа бейбіт өмір сыйлаған батыр ананың бірі деп айтуға болады.

Еңбек жолын «Маржанкөл» совхозында 1959 жылы сауыншы болудан бастап, Құрқопа ауылы мектебінде еден жуушы, кейіннен пошта тасушы болып, 1992 жылы зейнеткерлік демалысқа шыққан Сахара апа ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған «Алтын алқалы» ана, көпке сыйлы, ағайынға қамқор, құда-жекжатқа жайлы адам. Қазақтың «сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» дегені осындай кісілерге арналған ғой. Әжеміздің мерейтойы Уызбай ауылының Мәдениет үйінде аталып өтілді. Мерейтойда ауыл әкімі Б.Мұқанов қарт әжемізге ұзақ ғұмыр тіледі. Ал, Осакаров ауданының мал шаруашылығы-ветеринариясының сектор меңгерушісі Ж.Сапаров аудан әкімі Қ.Шайжановтың атынан марапаттама қағазын тапсырды. Мерейтойға «Нұр Отан» партиясы Уызбай ауылы филиалының төрағасы О.Саак, № 8 Уызбай орта мектебінің кәсіподақ комитетінің төрағасы С.Жұманбаева да қатысты. Зейнет жасындағы ұлағатты ұстаздарымыз – А.Серіков, С.Серікова, Б.Мұқанова, С.Шолақова қарт әжемізге «Арнау» өлеңін сыйлап, Маржанкөл ауылдық округінде бас маман қызметін атқарған зейнеткер К.Әбілсейітова және ауылымыздың қарт зейнеткерлері ақ жаулықты анамызды құттықтап, сый-сияпаттарын табыс етті.

Осы мерейтойды атқаруға атсалысқан Маржанкөл ауылдық округі әкімі аппаратының қызметкерлеріне келген қонақтардың алғысы шексіз. Мерейтойға Осакаров ауданынан бұрын Уызбай ауылының тұрғыны болған Рымбала Рыспекова келіп, әжемізбен сырлас, мұңдас болғанын айтып, әкелген сыйын тарту етті. Кейуананың елге сіңірген еңбегі еш қалған жоқ. Үкімет осындай абзал жанның жастайынан еңбектенген бейнетін бағалап, мынадай марапаттар тағайындаған болатын: «Еңбек Ері» медалі, «ІІІ дәрежелі Еңбек даңқы» ордені, «1941-1945 жылдарындағы ҰОС Жеңіске 60, 65, 70 жыл» мерекелік медальдары, І,ІІ,ІІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордені және «Алтын алқа» алқасы.

 

Осакаров ауданының

ішкі саясат бөлімі.

ОСАКАРОВ ауданы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 681
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px