Алла алқаған азамат - Тұлға - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

Алла алқаған азамат
Жеті-сегіз жыл бұрын болуы керек. Қарағанды нан-макарон комбинаты директорының орынбасары Төлеутай Шахарбаевқа бір жолыққанымда:
– Төке, бізде көлік жағы қиын. Сіз ел жаққа жиі шығасыз ғой. Келесі жолы мені де ілестіре кетсеңіз. Ауыл өмірінен біраз материал жинап қайтар едім, – деген өтініш айттым.
Орақтың қызған шағы. Науқанның барысымен танысып, бір-екі материал әзірлеуім керек. Бірақ, «барғызбасым барғызбай» діңкем құрып жүрген... Төкең хабарласты.
– Амантай Рахимовты білесің ғой. Әужекең ертең Егіндібұлақта бабаларына құран оқытып, ас берейін деп жатыр. Уақытың болса, ала кетейін,  деді қысқа қайырып.
«Іздегенге сұраған» деген. «Жарайдымды» айтып, ертең кездесетін жерімізді, уақытымызды белгіледік.
Әңгімемен отырып, Қарқаралыға қалай жеткенімізді аңғармай қалдық. Қарқаралыдан шыға Төкең машина бағытын Қарағайлыға бұрғызды.
– Жолымыздағы Борлыбұлақ елді мекені бұрынғы «Қырғыз» совхозының бөлімшесі ғой. Қайдар аға егіннің біраз бөлігін сол маңайға салады. Сәлемдесе кетейік. Ағамыз соқпағанымызды естісе, ренжиді, – деді Төкең.
Борлыбұлаққа жақындағанда солға бұрылған жол жайқалып тұрған егіс алқабына апарып тіреді. Бірін-бірі қуалаған сары толқын көздің жауын алады. Сап түзеп, баяу жылжыған дала кемелері, қораптарын алтын дәнге толтырып, ерсілі-қарсылы жүйткіген КаМАЗ машиналары науқанның қызу жүріп жатқанын аңғартқандай.
– Михаил Шаяғзамұлы Шаекин «Қырғыз» совхозында директор болып тұрғанда егіннің көп бөлігін осы алқапқа салатын. Отан қоймасына миллион пұт астық құятын жылы Мәкең ана көрінген төбешікке шығып, науқанның барысын қадағалайды екен. Кейін жұрт сол төбешікті «Шаекиннің қарауыл төбесі» деп атап кеткен. Естіп пе едің? – деді Төкең маған бұрылып.
– Естігенмін. Ол жөнінде жазғанмын да, – дедім.
– Жазсаң, анау көрінген төбешік, жұрт айтып жүрген «Шаекиннің қарауыл төбесі». Төбенің басында бір машина тұр. Мен білсем Қайдар ағаның өзі шығар.
Расында әлгі машинаның иесі Қайдар ағаның өзі болып шықты.
– Осы алқаптың құнары ерекше, – деді Қайдекең есен-саулықтан кейін. – Жылда жақсы өнім береді. Біздің егіспен іргелес жатқан алқап «Аслан» шаруа қожалығының егісі. Жетекшісі Талғат Дәуітов есімді жігіт. Нағыз Алла алқаған азамат. Алқабымыз қапталдас жатыр. Ауа райы бірдей. Бірақ, науқан қорытындысында гектарына бірер центнер өнімді артық алады. Өзі де еңбекқор. Науқан кезінде күндіз-түні тыным таппайды. Інімдей көріп, әркез тілеулес болып жүремін.
Қайдар аға мақтауын асырған азаматпен жүздесудің сәті арада біраз уақыт өткеннен кейін барып түсті.
«Нағыз қазақ осы» деп айтуға лайық тұлғасы келіскен жігіт екен.
1956 жылы 7 ақпанда дүниеге келген. Әкесі Жұмағұл Дәуітов Қарағандыда шахтада істеген. Талғат туған жылы Қарқаралыға көшкен. Қарағайлыдағы кен барлау бригадасында еңбек етіп, сол жерден зейнет демалысына шыққан. Анасы Мәкен Жылқыбаева балабақшада тәрбиеші болған.
Өзі 1978 жылы әскер қатарынан оралған соң тұтынушылар одағының автобазасында жүргізуші болып істеген. Одан кейін Қарағайлыдағы автопаркте жүргізуші, бригадир болған.
– Автопарк тарағанда өзімнің КаМАЗ-ымды иелігіме алып қалдым, - дейді Талғат.
– 1994-1998 жылдары отбасымды осы машинамен асырадым. Орақ науқанында шаруашылықтарға жалдандым, Қарағандыдан көмір тасыдым. Әйтеуір қол қусырып отырғаным жоқ. 1998 жылы «Аслан» шаруа қожылығын құрдық. Біз алты ағайындымыз. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген ғой.  Бір-бірімізді қолдап, бір ниет жолында еңбек етсек, отбасымызға таңсықтау шаруаны алып кетерміз деп ойладым. Солай болды да. Кенже інім Асқат Стамболда елшілікте істейді. Қалған бауырларым шаруашылығымызды дамытуға шама шарықтарынша үлестерін қосуда.
Бұрынғы «Қырғыз» совхозының Борлыбұлақ бөлімшесінен 5 мың гектар жер алдым. Қосбұлақ қыстағын сатып алдым. Қой, ірі қара, жылқы өсіріп отырмыз. Мың жарым гектардан астам алқапқа егін саламыз. Малға Әзімхан ақсақал ие. Бұрын Егіндібұлақта қырық жыл шопан болған. Шаруашылықты құрған соң, өзіммен автопаркте бірге істеген Егінбай, Мөрібай, Ерболат, Матай есімді жігіттерді шақырдым. Сырмінез азаматтар ғой. Түсіністікпен жұмыс істеп жатырмыз. Ерболат пен Матай техникаға жауап береді. Иелігімізде 3 КаМАЗ, 3 К-700 тракторы бар, тіркемесімен. Бұл техникалар бір күн бос тұрмайды. Жыл сайын ауданға 20 мың тонна көмір келеді екен. Жылда тендерге қатысып, көмір тасимыз. Қарағайлдыдағы жолдарды, көшелерді ретке келтіруге ат салысамыз. Жыл сайын 2,5 мың тонна қоқыс шығарамыз. Ол да табыс көзі. «Тамшы тамса, көлге сеп» деген ғой.
Диірменіміз, наубайханамыз бар. Астықты өзіміз өсіріп, өзіміз тартамыз. Нанды өзіміз салып, өзіміз сатамыз. Қазір Қарағайлы жұртшылығын нан өнімдерімен қамтамасыз етіп отырмыз.
Өкінішті бір жағдай, одақ тарағалы жібек жүннің жолы болмай-ақ қойды. Кезінде қара жүннің бір килосы 5 сом 40 тиын, ақ жүннің килосы 7 сом 60 тиын болатын. Енді сол кездегі еттің бағасын ойыңызға түсіріңіз.
Ана жылы «Жер-Ана» кәсіпорны құрылып, шаруа адамдары қуанып қалып еді. Тіпті, ұн, шеге шығарып, жүн престеуді бастаған. Бірақ, ғұмыры қысқа болды. Осы пайдалы істі кәсіпкерлердің бірі неге қолға алмасқа деп ойлаймын кейде.
Жұмысшыларға ай сайын орта есеппен 30-35 мың теңге жалақы төлеймін.
«Адамның күні адаммен» деген менің қуанатыным осы өңірдегі шаруа қожалықтарының жетекшілері бірін-бірі қолдап, жәрдемдесіп отырады. Мәселен, «Арқа» шаруа қожалығының жетекшісі Қайдар аға шаруа қожалықтарына жыл сайын 70-80 тонна жанар-жағармайды күзгі астықтың есебіне қарызға таратады. Шағын шаруашылықтарға тұқым жағынан да көмектеседі.
Жолдасым – Тілеужан бұрын сауда саласында істеген. Қарағайлыда шағын дүкен ашқанбыз. Нан өнімдерін өткізетін. Соған ие болып отыр.
Алланың берген төрт құлыны бар. Тұңғышым Руслан әскери салада. Меруерт «Фемида» академиясында есепші. Маржан тұрмыста. Аслан өзімде көмекші.
Осылайша мүмкіндігінше барды ұқсатуға тырысып, денсаулықтың арқасында біреуден кейін, біреуден ілгері дегендей жүріп жатырмыз.
Тілеуқабыл БАЙТҰРСЫН,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.
ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 205
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px