Қажырлы қайраткер немесе Бектің Орынбегі кім еді? - Тұлға - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

Қарағандыдан заң ғылымдарының докторы, профессор Бақтыбай Жүнісов ағамыз хабарласып, біраз сұхбаттасқан едік. Әңгіме ауаны «Тар жол, тайғақ кешіп» елі үшін шаһит болған Бектің Орынбегіне ауды. Бақтыбай ағамыз бұл аяулы есімді бүгінде білетіндер ілуде біреу екенін, тарихи тұлға әлі де өз бағасын ала алмай келе жатқанын айтып қынжылды. Бектің Орынбегінің аты-жөнін бұрындары бір романдардан, естелік мемуарлардан кездестіріп қалғанымыз болмаса, біз де жыға тани қоймаушы едік. Қызығушылығымыз артып, өзімізше зерттеп, зерделеп көрдік. Соның нәтижесінде, өзімізше Орынбек Беков деген кім деген сұраққа жауап тапқан сыңайлымыз.

Орынбек Беков – журналист, жазушы, ақын, қоғам және мәдениет қайраткері. Көптеген деректерде оны Семей облысында ауыл батырағының отбасында дүниеге келген деп жазады. Алайда, Шығыс Қазақстан облыстық Ішкі істер департаментінің мұрағатында сақталған Орынбек Бековті айыптау ісінде (СССР Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігі. Орталық архив. Жалпы тергеу қоры. № 10767 АPX. NП – 413493) тіркеулі тұрған Шығыс Қазақстан облыстық НКВД басқармасының 1937 жылы толтырған анкетасында оны 1898 жылы Қарағанды облысының Шет ауданында өмірге келген деп анық та қанық көрсетеді. Қалай болған күнде де, оның отбасы 1903 жылы Спасскіге қоныс аударғаны анық. Сонда сауатын ашып, екі кластық училищені бітіріп, 1912 жылы Спасскідегі зауытта әртүрлі қара жұмыстар істейді. Ақпан төңкерісінен кейін зауыттың саяси өміріне белсене араласа бастайды. Совдеп төрағасының орынбасары, еңбек бюросының төрағасы болады. 1919–1922 жылдары ревком төрағасы және жұмысшылар депутаттары Спасск зауыт кеңесі мен БК (б)П Спасск аудандық комитетінің мүшесі, хатшысы қызметтерін атқарады. 1923 жылы Қарқаралы уездік милициясының бастығы, одан соң Семей губерниялық атқару комитетінің бөлім меңгерушісі болады. 1925 жылы БК(б)П Өлкелік Комитетінің шешімі бойынша Еңбек халық комиссариаты аппаратына қызметке ауысады.

Еркін ел болуды аңсап, қазақтың өз қолы өз аузына жетуін көксеген Орынбек Беков еңбек жолының алғашқы жылдары «Алашорда» үкіметіне іш тартады. Оның «Алаш» қозғалысына тілектес, тілеулес болғанын, қолдап-қуаттағанын зерттеушілердің бәрі де бір ауыздан мойындайды. (1937 жылы халық жауы ретінде ұсталғандағы тағылған негізгі айып та осы болатын) Бірақ, оны бұл райынан сол кезде дәурені жүріп тұрған Сәкен Сейфуллиннің өзі қайтарып, Кеңес үкіметі жағына басы-бүтін өтуіне көндіреді. Оны өзінің «Тар жол, тайғақ кешу» атты роман-эссесінде былайша түсіндіреді: «...Спасск, Нілді, Қарағанды заводтарының жұмыскерлер Совдепінен біздің уездік Совдепке өкілдер келді. Іштерінде жолдас Нейман мен Орынбек Бекұлы бар. Заводтың жайы туралы бұлар Совдепке баяндама жасады. Совдептен ақша сұрады. Мылтық сұрады. Заводтардағы жұмыскерлердің мылтық алып, жарақтанғанын бір ауыздан мақұл тауып, жұмыскерлер өкілдеріне (Нейман мен Бекұлдарына) ақша берілді. Қолдағы бар мылтықтардан мылтық та берілді.

Совдептен ақша мен мылтықтарын алып болған соң, қызметтен кейін, Орынбек Бекұлы менің пәтеріме келді. Сөйлестік. Бұрын маған Бекұлын «Зерек, шешен жұмыскер...» деп Прудов мақтаушы еді. Бекұлының шешендігін Совдепте баяндама жасағанда-ақ көріп едім. Біздің пәтерде сөйлесіп отырдық. Завод туралы әңгіме қылдық. Қазақ жұмыскерлері туралы, Совет үкіметі, большевик партиясы туралы сөйлестік. «Алашорда» туралы пікірі айқын емес, былқылдақтау екен. Біраз түсіндіріп сөйледім. «Алашорда» да, Абылай да, Николай да бәрібір... дедім.

Бекұлына біздің «Тіршілік» газетімен қатар «Сарыарқа» туралы, оның жазушылары туралы түсіндіріп, біраз сөз айттым. Біраздан соң Бекұлымен пікіріміз үйлесті. «Алашорда» туралы пікірі айқындалды. Революцияның жолында енді екпіндірек іске кірісу керек екенін айтып, менімен қош айтысты...» (Сәкен Сейфуллин. «Тар жол, тайғақ кешу». Роман-эссе. Алматы. «Жазушы» баспасы, 2009 жыл, 182-183 беттер.)

Міне, осынау шағын үзіндінің өзінен-ақ Орынбек Бековтің табиғи болмыс-бітімі, ой-санасы, қарым-қабілеті айқындала түседі.

Орынбек Беков 1928-1930 жылдары Алматыда шығатын «Тілші» газетінің редакторы болады. Редакция ұжымына басшылық жасай жүріп, газеттің бағыт-бағдарын анықтап, бағдаршамдай бағдарлап отырады. Мұнда да сол кездегі қазақ халқының тыныс-тіршілігі, басындағы көңіл-күй, санадағы сілкіністер мен көкейдегі ой-толғаныстар, жаңарған қоғамдағы өзгерістер, замана тудырған жаңалықтар негізгі ұстын болып, газет бетінде көрініс тауып отырады. Міне, дәл осы кезеңде Орынбек Бековтың қаламгерлік қыры ашылып, алтын алмастай жарқырай көрінеді. Оның қаламынан туған «Азамат соғысында біз қалай жеңіп шықтық?», «Жалықпасаң жау жеңесің», «Үкібас жалшы ақысын қалай алды?», «Ауылды кеңестендіру деген не?», «Малайлар одаққа кіріңіздер» атты жалынды мақалалары мен өлең, әңгіме, повестері сол кездегі «Жаңа әдебиет», «Әдебиет майданы», «Әйел теңдігі», «Қазақ әдебиеті», «Екпінді», «Социалды Қазақстан», «Тілші» қатарлы газет-журналдарда жарияланып тұрды.

1930 жылы Алматыдағы қазақ драма театрының директорлығына тағайындалады. Міне, осы кезге дейін қаламның отты қуатымен күресіп келген азаматқа Алла Тағала енді соны іспен дәлелдеуге мүмкіндік туғызды. Ол қазақ мәдениетін, өнерін, театрын биікке көтеруге, дамытуға, өркендетуге бойындағы бар күш-жігерін сарқа жұмсады.

1934 жылдың 12-18 маусым аралығында Алматыда Қазақстан жазушыларының І құрылтайы өтті. Онда әртүрлі жанрлар бойынша баяндамалар жасалып, ұлт әдебиетінің бүгінгісі мен болашағы туралы келелі кеңестер айтылып, салиқалы ой-толғамдар сарапқа салынды. Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ілияс Жансүгіров «Қазақ Кеңес әдебиетінің бүгінгі күйі, келешектегі міндеттері», көрнекті жазушы Сәбит Мұқанов «Қазақ поэзиясының халі және келешектегі міндеттері», ал, Орынбек Беков «Қазақ театры мен драматургиясының өсу белеңдері» деген тақырыптарда негізгі баяндамалар жасады. «Қазақ театрының екі жылғы жұмысы мен ендігі беті» атты мақаласында қасиетті өнер ордасының екі жылдық шығармашылық жұмысына кеңінен тоқталып, кеткен кемшіліктері мен жеткен жетістіктерін жіпке тізгендей тізбелеп береді. Жалпы қазақ театр өнері туралы, драматургиялық шығармалар мен актерлер қауымының шеберлігі мен мінез-құлықтары, тіпті жүріс-тұрыстарындағы кем-кетіктер жөнінде де айтар ойын бүкпесіз ашық білдіреді.

Жалпы басшы атаулының негізгі міндет­терінің бірі қол астындағы қызметкерлерден темірдей тәртіп пен еселі еңбекті талап етумен бірге, олардың тұрмыс жағдайларына да көңіл бөліп, мүмкіндігінше жағдай жасау ғой. Осы тұрғыдан алғанда Орынбек Бековтің мықты ұйымдастырушы, білікті басшы болғанын, артистерді қай жағынан болсын әрдайым қолдап-қуаттап отырғанын замандас мәдениет және өнер қайраткерлерінің естеліктерінен анық байқауға болады. Солардың бірі – сол кездегі уыздай жап-жас бойжеткен, уақыт өте келе қазақ өнерінің алып бір бәйтерегіне айналған ұлы актриса, Қазақстан және КСРО халық артисі Сәбира Майқанова апамыз өз естелігінде былайша тебіренеді: «...Театрда өтер қызықтардан қалай шет қаларсыз?! Ынтызарлығым асқына, театрға келуім жиілей түсті. Күндіз-түні ойлайтыным – сахна. Оқу ойдан шығып бара жатты. Сонымен, аңсарым әбден қатты ауған шақта еріксіз келіп театр басшысының есігін қақтым. Өзімде өң жоқ, түс жоқ. Бұл 1932 жылдың ақпан айы болатын. Театр директоры өте сыпайы, кісіге қарағанда көзінің қиығын ғана тастайтын, аузынан насыбайы кетпейтін түсі жылы өте жақсы адам екен. Бұл – атақты Орынбек Беков ағай екен. Басы артық көп ештеңе сұраған жоқ, кәдімгідей үлкен адаммен сөйлескендей (менің қысылып отырғанымды сезді-ау, шамасы), аса салиқалы мінез көрсетті. Мен де пәлендей тәрбиелі ортадан шықпасам да, үлкен кісінің алдында өзімді барынша бекем ұстауға тырысып бақтым. Соңында ол кісі Серке ағайды шақыртып, мені оған мұқият тапсырып, оның тексеріп көруін өтінді. Әлі көз алдымда, Серке ағаның кигені галифе шалбар, аяғында өкшесі биік, қонышы ұзын қырым етік, бұйра шашы дудырап мені басқа бір бөлмеге ала жөнелді. Көңілімде үрей. Серке аға ананы-мынаны сұрап жатыр, мен шамамның келгенінше жауап беріп жатырмын. Этюд жасатты. Өлең айтқызды. Баяғы «Қараторғайды» ортасынан бастайтын әдетімнен бұл жолы да жаңылғам жоқ. Керемет болмағаны өзіме мәлім. Қойшы, әйтеуір, терлеп-тепшіп жанталаса, жағаласа жүріп, Серағаңа ұнасам керек, театрға қабылдандым. 120 сом айлық белгіледі. Шын өмір енді басталғандай». (Сәбира Майқанова. «Ғибратты ғұмыр», Алматы, «Қазақстан» баспасы.)

Атақты сахна шебері Қапан Бадыровтың айтуынша, театр директоры артистердің білімін жетілдіріп отыруға мүмкіндік тудыру мақсатымен қасиетті өнер ордасында үлкен кітапхана жабдықтаған екен. Сөзіміз жалаң болмас үшін тағы бір мысал келтірейік, Орынбек ағамыз Қазақстанның Халық артисі, атақты әнші Жүсіпбек Елебековті де ауылда қой соңында салпақтап жүрген жерінен Алматыға алып келіп, өзі басшылық ететін қазақ драма театрына қызметке қабылдап, талантының жарқырай ашылуына мол мүмкіндік тудырып, барлық жағдай жасаған.

Сол алыптар тобының бірі – Қанабек Байсейітовтың естелігінде де Орынбек Бековтің өмір жолына қатысты бірқыдыру дерек-дәйектер бар: «1930 жылы драмтеатрға директор болып Орынбек Беков келді. Жұмат бас режиссер болды. О.Беков бізге облыстық «Тілші» газетіне редактор болып тұрған жерінен ауысты. Ол Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында талай айтыс-тартысты басынан өткізіп ысылған, әрі іскер, әрі шешен адам еді. Сол кез үшін оның білімі де аса жоғары болатын. Мысқылшыл, қу тілді кісі еді. 1919-1922 жылдары Спасск ревкомында және Совдепте төрағалық етіпті. Оның мінезінде сол жылдарға тән бірбеткейлік те, өткірлік те, анда-санда байқалып қалушы еді. Ол келе салып, театрда қатаң тәртіп орнатуға кірісті, өнер адамдарының кейбір еркіндеу жүріс-тұрыстарын ұнатпады, саяси сауаттану мәселесіне қатты көңіл бөлді. Біз Орынбек екеуміз бірден тіл табысып кеттік, оның сөздері, талаптары маған дұрыс көрінді, сондықтан мен оны ашық жақтайтынмын. Оның батыл принциптері, қайтпастығы ұнайтын.

...1932 жылдың жазында Орынбек Беков спектакль жазуға үш кісіге тапсырма берді. Бірін – Мұхтарға: Д. Фурмановтың «Бүліншілігі» бойынша пьеса жасауың керек деді оған, екіншісі – Ілиясқа: Түркістан – Сібір темір жолының салынуы жайында, үшіншісі – маған: колхоз өмірі тақырыбында пьеса жазуға тапсырды. Үшеумізге екі ай демалыс берді. Медеудің астындағы санаториядан бізге арнап үш үй тіккізді, сонда жатып тапсырылған пьесамызды жаза бастадық. Күндіз бас алмай жазамыз, кейде түнде бөлмемізде, кейде түс қайта жотаға шығып алып жазғанымызды бір-бірімізге оқып береміз, кеңесеміз. Екі айда: шілде, маусымның ішінде бір-бір пьеса бітіріп қайттық. Театрдың худсоветі талқылап, үшеуміздің де пьесамызды кейбір сын ескертпелермен қабылдады».

Бұл кезде Мұхтар Әуезов аталмыш театрда Әдебиет бөлімінің меңгерушісі болып қызмет істейтін. 1930 жылдың 17 қыркүйегінде тұтқындалып, 1932 жылдың жазында «Ашық хат» жазып, абақтыдан әрең босап шыққан атақты жазушыны ешкімнен қорықпай театрға қызметке қабылдаған да, драматургиялық шығармалар жазуына жағдай жасап, үнемі қолдап-қуаттап отырған да Орынбек Беков болатын. Мұны үлкен ерлік деп бағалауға да әбден болады. Мұндай батыл қадамға Орынбек Беков сынды батыр, қайтпас қайсар, бірбеткей, ештеңеден тайсалмайтын жүректі жандар ғана бара алатын. Сол бір аласапыран уақытта мойнына қоңырау байланған Мұхтар Әуезовті қызметке алмақ түгіл, жақын жүрсек пәлесі жұғып кетеді деп одан сырт айналған адамдардың да болғанын білеміз. Міне, әйгілі қаламгер осы жылдары драматургиялық шығармалар жазуға құлшына кірісіп, жемісті еңбек етті. «Айман – Шолпан», «Хан Кене», «Қаракөз», «Еңлік – Кебек», «Тартыс» секілді драматургиялық туындылары осы театрда бірінен соң бірі кедергісіз қойылып жатты. Драматург үшін бұдан артық қандай жақсылық болуы мүмкін.

Мұхтар Әуезов пен Орынбек Бековтің өте жақсы қарым-қатынаста болғанын осының өзінен-ақ анық байқауға болатын шығар. Театр өнері мен драматургияның болашағы туралы үнемі ойласып, ақылдасып-кеңесіп отырған.

Орынбек Беков пен Мұхтар Әуезовтің бірігіп «Қазақстан мемлекет театрының жеті жылдығы және алдағы міндеттері» атты мақала жазғанын көзіқарақты оқырман білуге тиіс. Бұл мақала кезінде «Социалды Қазақстан» газеті мен «Әдебиет майданы» журналдарында жарияланған. Онда авторлар қазақ драма театрының жеті жылда жеткен жетістіктері мен кемшіліктерін жіпке тізгендей тізбелей көрсетіп, алдағы міндеттеріне кеңірек тоқталады.

Замандастарының естеліктерінің бәрінде де Орынбек Беков айтқанынан қайтпайтын, намысты қолдан бермейтін қайсар жан ретінде суреттеледі. Оның азамат соғысы жылдарында да, бейбіт күнде де жасаған ерліктері жетерлік. Мәселен, ол 1923-1928 жылдары Қарқаралы уездік милициясының бастығы болады. Сол жылдары қарапайым халықты қан қақсатып, аш қасқырдай талаған қандықол қарақшылар Дорошенко мен Зайцевтің бандысын қалай талқандағанын зерделі зерттеуші Ерлан Төлеутай келістіре жазған.

Бейбіт күндегі ерлігін айтар болсақ, бойында қазақтық қаны тулап жатқан Орынбек Беков 1934 жылы Мұхтар Әуезовтің «Хан Кене» пьесасын сахналауды ойластырады. Алдымен Оқу комиссары Темірбек Жүргеновке өз ойын дәлелдеп, келісімі мен рұқсатын алады. Ол бұл қойылымға ерекше мән беріп, маңыз артып, үлкен жауапкершілікпен кіріседі.

«Хан Кене» спектаклі 1934 жылдың мамыр айында қойылды. Қойылымның қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Михаил Григорийұлы Насонов болатын. Спектакльде Кенесары ханды – Қалибек Қуанышбаев, Наурызбайды – Елубай Өмірзақов, Бопайды – Мәлике Шамова, Кәрібозды – Қапан Бадыровтар ойнайды. Орынбек Беков бұл спектакльден ерік-күшін де, қаражатты да аяған жоқ. Ғажайып бір өнер туындысын жасағысы келді. Жасады да. Киімдері де, декорациясы да керемет болды деседі көзкөргендер. Тіпті театр директоры цирктен осы қойылым үшін арнайы ақбоз ат алдырыпты. Оны Наурызбай батырды ойнаған Елубай Өмірзақов мініп, сахнаға атойлап шыға келгенде көрермендер орындарында отыра алмай, жауға қоса шабатындай тегіс тұрып кетіпті.

«Хан Кене» қойыла салысымен бұршақтай жауған сынның астында қалды. Айтыс-тартыс тым күшейіп кетті. Сынды басқа емес, айтулы қаламгерлердің өздері бастады. Алғашқы болып классик жазушымыз Ғабит Мүсірепов қорамсаққа қол салды. «Социалды Қазақстан» газетінің 1934 жылғы 24 және 26 мамырдағы сандарында жарияланған «Хан Кенені» қалай түзету керек» мақаласында: «Театрымыз «Хан Кенені» алтынмен аптап, күміспен күптеп, мұны бір айта қаларлықтай етіп шығаруға бар күшін салған сияқты еді. Бірақ, жұртшылығымыздың күткен жерінен шығара алмаған. «Хан Кенені» шу деп сахнаға шығарғанда театр да, оқу комиссариаты да асығыстық істеді. «Хан Кене» жайындағы ойласуды керек ететін пікірлерге құлақ аспады. Көрер көзге-ақ басқа пьесаларды ысырыңқырап қойып, «Хан Кенемен» бір жарқ ете түскісі келді. Орынбек жолдас осы «Хан Кене» арқылы театрдың бағытын, жолын белгілеймін дегенді талай-ақ айтып жүрді. Төңкерісшіл театрдың бағыты мен жолын «Хан Кене» арқылы, «Еңлік – Кебек» арқылы белгілеймін деудің өзі қате болатынын ұғынғысы келмеді» – деп тарпа бас салды. Оған іле-шала атақты ақынымыз Сәкен Сейфуллин қосылып, спектакль туралы өзара сынды одан әрі өрістете түседі. «Социалды Қазақстан» газетінің 1934 жылғы маусымның 10 және 11 күнгі сандарында жарияланған «Хан Кене» туралы» мақаласында қойылымның негізгі кемшіліктерін санамалап өткен. Әйгілі ақынымыз Ілияс Жансүгіров те бұл айтыстан сырт қалмай, өз ойын баспасөз бетінде ашық білдіреді. «Социалды Қазақстан» газетінің 1934 жылғы маусымның 12 күнгі санында жарияланған «Қата қайда?» мақаласында: «Қазір «Хан Кене» айналасында әңгіме бас көтерді. «Хан Кене» қазақ театрының қойылуында – құлаған пьеса. Сахнадан тоқтатылған. Жазушының да, қоюшының да қатесі көрсетілген. Бірақ, театрдың директоры Орынбек жолдас «Хан Кене» туралы қатаны анық мойындағысы келмейтін көрінеді. Бұл «Хан Кенені» сөз қылған мәжілісте сөзсіз қалуы мен «Лениншіл жас» газетіндегі соңғы мақаласынан көрінеді. «Хан Кене» нашар қойылды дегеннің бәрін шаншу көретіндігі анықталайын деді. Осыдан Орынбектер «Хан Кене» туралы айтылған пікірді, жасалған сынды төмендеткісі келе ме деген ой көңілімізге келеді» – деп ойындағысын бүкпесіз жайып салады.

Міне осы айтыс-тартыстардың өзінен-ақ «Хан Кененің» басындағы хәлді анық аңғаруға болатын шығар. Театр басшысы Орынбек Бековтің ерекше күш-жігерінің арқасында керемет сахналанған «Хан Кене» спектаклі тұсаукесер қойылымы өте салысымен репертуардан алынып тасталды.

Біз бұны неге тәтпіштеп айтып отырмыз? Өйткені, Орынбек Бековтің 1937 жылы «халық жауы» ретінде тұтқындалып, 1938 жылы атылып кетуіне де осы оқиғаның кесір-кесапаты тигенін жұрттың бәрі біледі. Театр директорына тергеушілердің таққан ең үлкен айыбы да осы еді.

Орынбек Бековке тағылған айыптың тағы бірі атақты «Қанатталды» әніне байланысты болған. Осы жерде «бұл әннің театр директорына қандай қатысы бар?» деген заңды сұрақ тууы мүмкін. Атақты өнертанушы, академик Ахмет Жұбанов пен белгілі қаламгер Сапарғали Бегалиннен бастап бұл әнді шығарған Сәтмағанбет сері екенін айтады. Бірақ, оны кейіннен өзінше өңдеп-жөндеп, сөздерін өзгертіп, заманға лайықтап қайыра жазған Орынбек Беков болатын.

«Қанатталды» әнін алғаш орындаған әншілердің бірі – Қазақстанның халық артисі Рабиға Есімжанова. Күміскөмей әнші 1930 жылы Алматыдағы Орынбек Беков басқаратын драма театрға актриса-әнші болып қызметке қабылданады. Тумысынан талантты әрі өжет қыз Мұхтар Әуезовтің «Еңлік – Кебегінде» Еңліктің, «Айман – Шолпанда» Айманның, «Қыз Жібекте» Жібектің көркем бейнелерін келістіре сомдап, көрерменнің сүйіспеншілігіне бөленіп, ризашылығына ие болады. Өзі ақылды, өзі өнерлі, өзі сұлу бойжеткенге театр директорының көзі түсіп, өлердей ғашық болып қалады да, ақыры сөз салады. Әрине, Орынбектей атақты адамның жары болуға Рабиға сұлу да қарсы бола қоймайды. Сөйтіп, шешімді жылдам қабылдайтын азамат алғашқы әйелін екі баласымен тастап, Рабиға Есімжановаға үйленеді. Міне, Орынбекті «Қанатталды» әнімен байланыстырған да осы әнші апамыз болатын.

Таңдап алған сұлуының орындауындағы әннің өзі ұнаса да, сөзі ұнамаса керек, Орынбек оған өзінше түзетулер енгізеді. Ал сүйген жарынан ол әнді Жүсіпбек Елебеков үйренеді. Оған әннің жаңа мәтінін беріп, айтуды қолқалаған Беков болатын дейді білетіндер. Ал, Орынбек Бековті ұстағандағы НКВД тергеушілерінің шұқшиғаны мына шумақ екен:

 

Гүл бақша көңілде бір әсем әнді,

Тілейтін бұлбұл едім сайрағанды.

Ән шырқап, бой жаза алмай,

шалқыта алмай,

Қалықтап қайран дүние Қанатталды.

 

Осыдан саяси астар іздеген қанқұйлы жендеттер «өзіңді ән айта алмай қалған бұлбұлға теңеп, ал Кеңес өкіметінің қанаты талды, енді бой жазып ұша алмайды, өзінен-өзі жер бауырлап құлайды дегенді меңзеп отырсың» деген сыңайдағы жалған айып тағады.

1937 жылы қазақ зиялыларын бірінің артынан бірін ұстап, абақтыға тоғытып, бірін айдауға жіберіп, енді бірін атып жатты. Көп кешікпей (1937 жылдың 30 мамырында) Орынбек Беков тұтқындалып, 1938 жылғы 11 наурызда ату жазасына кесіледі. Жоғарыда атап өткеніміздей, тағылған айып мынау: «Беков по приговару признан в том, что он с 1935 года являлся учасником антисоветской террористической организации, действовавшей в Восточном Казахстанской области, вербовал новых членов в организацию и проводил вредительство на идеологическом фронте». Шығыс Қазақстан облыстық Ішкі істер департаментінің мұрағаты. Жеке тергеу қоры. Орынбек Бековті айыптау ісі. № 10767 АPХ. NП – 413493) Ал осы қордағы «СССР. НКВД. 955279. № 7600» ісіндегі ақпарлар бойынша, СССР Жоғарғы сотының Әскери алқасы 1938 жылдың 11-ші наурызында Орынбек Бековті ату жазасына кеседі: «По делу быв. Директора казахского театра – Бекова Орынбека Бековича, 1898 года рождения, уроженца аула № 9, Четского района, Карагандинской области, арестованного 30 мая 1937 года, осужденного Военной коллеги Верховного Суда СССР 11 марта 1938 года по ст. ст. 58-2, 58-7, 58-8, 58-11 УК РСФСР к расстрелу, с конфискацией лично принадлежащего имущество».

Үкім сол күні табанда орындалғаны туралы да осы құжаттарда анық та қанық жазылған: «Приговор приведен в исполнении в гор Алма-Ата 11 марта 1938 года».

Қайран есіл ер тура қылшылдаған қырық жасында жендеттердің қолынан ажал құшып, өмірі осылай тұйықталады.

Орынбек Беков жазықсыздан жазықсыз кеңестік тоталитарлық жүйенің құрбаны болғандықтан, 1958 жылғы 20 наурызда СССР Жоғарғы соты Әскери алқасының шешімімен толық ақталды. Қамшының сабындай ғана қысқа ғана ғұмыр кешкенімен, соңында сайраған құс жолындай ізі, жүріп өткен жолы жатыр. Қысқа да болса мағыналы өмірі мен өнері бүгіні ұрпаққа үлгі-өнеге. Артында өлмес-өшпес мұралары қалды. Әңгімелері мен өлеңдері сол кезеңдегі республикалық газеттер мен «Жаңа әдебиет», «Әйел теңдігі» журналының беттерінде жарияланып тұрған. 1928 жылы «Ұлы істің игілігі үшін» атты публицистикалық мақалалары (Алматы, ҚМКӘБ, 1928); 1931 жылы «Советбике» повесі жеке кітап болып шықты. (А, ҚМКӘБ, 1931). Ендеше, осынау еңбектерін, мақалаларын, сындарын, баяндамаларын, өлеңдерін, әңгіме-хикаяттарын жинастырып, кітап қылып шығару келер күннің еншісіндегі іс.

Сөзімізді қорыта келе айтарымыз, ендігі кезекте елі үшін еңбек еткен қажырлы қайраткердің есімін халық жадында қайта жаңғырту бағытында әртүрлі игі шаралар қолға алынса: туған өлкесінде мерейтойлары өткізілсе, мәдени ошақтар мен көшелерге аты берілсе, мүсіні орнатылса, еңбектері мерзімді басылымдарда кеңінен насихатталса, мақалалары мен көркем шығармалары баспалардан басылып шықса, нұр үстіне нұр болар еді. Лайым, сол күндерге жеткізсін деп тілейік!

 

Думан РАМАЗАН,

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 714
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px