Қажырлы қаржыгер Қарлығаш - Тұлға - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

Сұлу Көкшенің Шұқыркүл ауылында 1958 жылдың 6 маусымында дүниеге келген ол бала жастан алғыр болып өсті. Мектептің 6-7 сыныптарында оқып жүрген кезінде ағылшын тілін жетік меңгерді. Кейін техникумда, Алматы ауыл шаруашылығы институтында оқып жүргенде ағылшын тілі сабақтарынан босатылды, өйткені, ол киоскіден сол тілдегі газеттерді сатып алып, еркін оқып, орыс тіліне дәлме-дәл аударып, жұрт біткенді таң қалдыратын. Сондықтан, әрине, ағылшын тілінің аудармашысы болуды армандады.

Алайда, көп жылдар бойы қаржы жүйесінде қызмет атқарған әкесі Шәбден Қарлығаштың қаржыгер болуын қалады. Елгезек қыз жан әкесінің ізгі тілегіне қарсы бола алмай, бүгінде төл кәсібіне айналған мамандықты таңдады. Еңбек жолын он сегіз жасында кеңшарда бухгалтер болып бастады. Мұның бәрі қызметтік тізімінде толық жазылған, ол үлкен бір мақалаға жүк.

Басқасын айтпағанда, Қарағанды облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасында отыз үш жыл табан аудармай, әуелде маман ретінде ысылып, содан кейін бөлім бастығы, басқарма басшысының экономика жөніндегі орынбасары лауазымды қызметінде білікті басшы ретінде Қарлығаш Торғаева аймақтық мекеменің барынша абыройлы көрінуіне белсенді атсалысып, кейінгі толқын – ізбасарлары мен жас мамандарды тағылымдамадан өткізіп, жігерлерін жанып, машықтандыру ісімен тәлімгер ретінде үлкен ілтипатпен айналысып келеді.

Қарлығаш Шәбденқызының әріптестері жыр қылып айтатын ерекше қасиеттері – табандылығы мен тындырымдылығы. Қолына алған істі ақырына дейін тындырмай тыным таппайды. Белес-белес жұмыс кезеңдері ішінде көптеген қиыншылықтарды еңсеруге тура келді. Айталық, 1991 жылы «Тұрғын үй – 91» бағдарламасы жұмыс істей бастады. Ет комбинаты маңайында орман шаруашылығы қызметшілері үшін шаруашылық есеппен бірнеше үй салынды. Қарлығаштың жарғақ құлағы жастыққа тимей, біраз тер төгуіне тура келді. Есеп-қисапты дәйектеп, дәлелдеу үшін білім мен біліктің қажет екені бесенеден белгілі жәйт. Орман шаруашылығы министрлігінің есігін тоздырып жүріп қалайда қаржы-қаражат бөлінуіне қол жеткізіп, бюджет қаржыларының игерілуін қамтамасыз етіп, тұрғын үйлердің уақытылы қатарға қосылуына жан сала атсалысты.

Шын мәнісінде қажырлы қаржыгер Қарлығаш еңбегімен еңселі жан. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы мерекелік медалімен, Ауыл шаруашылығы министрінің Құрмет грамотасымен, облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталып, ұзақ жылғы жемісті еңбегі лайықты бағаланды.

Жұбайы Байзақ екеуі үш бала тәрбиелеп өсірген бақытты жандар. Өзінің жолын қуған қыздары Алмагүл мен Меруерт – бухгалтерлік есеп мамандығы бойынша жоғары білімді мамандар. Кенже қызы – Әлия күні ертеңдер ҚарМУ-ды дизайнер мамандығы бойынша аяқтағалы жатыр. Үш қызы да қияға қонды. Бүгінде өзі үш немере сүйген ақ әже болса, ал Бәкең батагөй ата. Шуақты шаңырақтарында қуаныш пен шаттық молыға берсін дегіміз келеді.

«Ақын мен арудың жасын сұрамайды» дейді. Десек те, бүгінде еңбек ардагері атанып, бейнетінің зейнетін көргелі отырған толысқан шағында жасына жас қосылып, қырық жылға жуық жарасымды жұптарын жазбай келе жатқан сүйікті жары Байзақ інімізбен бірге жасай берсін. Көздерінің ағы мен қарасындай балаларының, балдан тәтті немерелерінің қызығына тоймасын. Деніне саулық, жанына сергектік, отбасына және өніп-өскен әулетіне құт-береке, баянды бақыт тілейміз. Көп жылғы еңбегінің зейнетін көрсін. Еңбек адамын ардақ тұтқан Мәңгілік еліміздің игілігі жолындағы барлық қарекеттері мен бастамаларына сәттілік пен табыс ақжолтай серік болғай деген көпшілік тілегін жеткізгенді жөн көрдім.

 

Аман ЖАНҒОЖИН.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 407
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px