Байтаққа басшы болған қосағалы - Тұлға - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

Берік ЖҮСІПОВ (07.03.1970) – фольклортанушы ғалым, эпикалық жыршылық, орындаушылық үрдістің көрнекті өкілі.

Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын (1987-1995), Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін (2008-2010) бітірген. Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінде мұғалім (1995-1996), консерваторияда оқытушы (1996-1998), аға оқытушы (1998-2000), Халық әні кафедрасының меңгерушісі (2000-2003), «Жетісу» АҚ-да (2003-2005), «Тайқазантехносервис» ЖШС-де (2005-2008) менеджер, Қызылорда облыстық мәдениет басқармасының бастығы (2008-2013), «Қазақстан халқының рухани даму қоры» АҚ-ның вице-президенті (2013), қызметтерін атқарған.

Қазақ радиосының Алтын қорында «Мирас», «Кәнекей, тілім, сөйлеші» атты сексенге тарта авторлық бағдарламалары сақталған (2006-2008), «Кентавр» газетінде жауапты хатшы болған (2008). Республикалық «Жігер» (Алматы, 1988), «Шарк Тораналари» (Самарқан, 2001), «Түрік дүниясы ұзандары» (Анкара, 2000) фестивальдерінің, Иранда (Тегеран, 2005, 2010), Пазырықта өткен (Алтай, 2004) қайчылардың халықаралық конкурстарының жеңімпазы. «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының (2000), халықаралық Түріксойдың «Мұрагер» сыйлығының лауреаты (2000). ҚР Президентінің (2012), РФ Мәдениет министрінің (2011) Құрмет грамоталарымен марапатталған. Филология ғылымдарының кандидаты (1999), өнертану мамандығы бойынша доцент (ЖАК, 2001). Дәріс-концерттермен Германия, Бельгия, Қытай, Нидерланды корольдігі, Түркия, Америка, Иран, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінде болған.

Екі жүзге тарта ғылыми-танымдық мақалалардың, «Мырзастағы жыр мектебі» (1991), «Жиделі-Байсын күйлері» (2000) «Күретамыр», «Жырдария», «Ойтұмар» (2009), Сүлейлер» (2010), «Адырна» (2011) атты кітаптардың авторы. «Қазақтың қаһармандық эпосы – Қобыланды батыр» монографиясы (2003), Тұрмағамбет Ізтілеуұлы шығармалары (2007), Базар жырау Оңдасұлы шығармалары (2008) ғылыми басылымдарының құрастырушысы, жауапты шығарушысы, редакторы. «Сыр сүлейін сұрасаң» (2008), «Қайталанбас дауыстар» (2011), «Қазақстандағы этностардың музыкалық мұралары» (қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде, 2015) музыкалық антологияларының авторы, ғылыми-танымдық, көркем қойылымды «Жырау» (2011), «Қаһарман» (2014) фильм-портрет жобаларының жетекшісі.

Ол жайында жиһангер-журналист Т.Момбекұлы «Жаратқан, жар болғайсың» (2011) атты кітап жазған.

Сарысу сапары

 

Ирелеңдеген ұзақ жол...

Бұл өзі бір күннің ғана әңгімесі емес, бірнеше жылдан бері барып-келіп жүріп, айтарымның түйісер тұсын тапсам да, қиысар нүктесі таптырмай келе жатқан тұтас бір әулетке – Тама көші тарихының бір тармағына қатысты әпсана еді.

Маралтайдың тақымында Ақаман досы сыйға тартқан сүліктей қара темір тұлпар. Жарықтық, екпінімен күре жолдың апшысын қуырып, бұрынғының бір күншілік жолын бір сағатқа сыйдырып, аңыздағы күлте жалды күліктерше құйындатып-ақ келе жатыр. Адамдары сеңдей соғылысқан алып шаһардан таң алагеуімде шыққан екеуміздің бағытымыз оңтүстік-шығыс, сәтін салса, Сарысу жеріне жетіп жығылсақ дейміз.

Бұл жолы да көне Тараз шаһарының шетіне маңдай тіреген бойда әдетімізден айнымай, Асау ағаға – Асаубай Майлыбаевқа сәлем беруге бұрылдық. Жағалбайлы Тоғжанның «Гөй-гөй» деген ғажап бір әуені бар. Маралтайдың «ақ көкесі» сол Тоғжан ақынның жақын жұрағаттары. Бұл кісі туралы тамаша ғазалдар жазған ақынымның алдымен өлеңін оқып, содан соң ғана «ақ көкесін» көрген адам еріксіз езу тартар еді.

 

Сіз де аға, Қаратаудай қарасыз,

Жоқ-жітікке қолын созған шарасыз.

Түсіңіздің қаралығы ұмыт боп,

Бірте-бірте аппақ болып барасыз...

– деп, «Ақ көке-ау!» деген арсалаң күлкі, ақтарылған болмысымен көкесіне риясыз еркелегенде мына жарық жалғанның жүзінде «көкеге» жарымай жүрген бейбақтардың кәдімгідей жүрегі сыздайды.

Жамбыл облысының орталығыннан «Қыз Жібек» лиро-эпосының кейіп­керлеріне арнап, тұлғаларын тастан қашатып, еңсесі биік ескерткіш қойдырған Асау ағамен алдағы межелі міндетіміздің аужайын ойластық. Махаббатқа қойылған сол монумент қазір отау көтеруге ниет еткен Тараз жастарының тәу ететін қасиетті орнына айналыпты.

Асекең бірден Бергентай Омарбеков бауырының шаңырағына бастады. Бекең аға күту мен іні сыйлаудан алдына жан салмайтын қазақ қой. Қапелімде атшаптырым етіп дастархан жайдыртып тастапты. Әттең, уақыт-шіркіннің тапшылығы демесеңіз, Ершат ініміздің гитарасынан төгілген әсем әндер мен тәтті күйлердің, Асау аға сыр ғып шерткен әсерлі әңгімелердің арқауын қанша қимасақ та, Сарысуға қарай бет түзедік.

Міне, көзді ашып-жұмғанша Тараздан да асып, Қаратау сілемдерін жағалап кетіп барамыз. Мынау қалып бара жатқан – өкпек желді «Берікқара». Алдымызда аңызға толы абыз дала – Майтөбе, Билікөл, Көктал, Ақтоғай. Сол қапталымызда «Көсегенің көк жоны», «Аю соққан» мен «Батыр баланың іздері», Жаңарық, Жаңатас, Бүркітті, Итауыз, Шабақты. Айдар тағуға келгенде алдарына қара салмайтын қайран қара шалдарым-ай. Өздерің белгісін бекітіп, еншілеп кеткен жер-су аттарының өзі құлақтың жарғағына жағымды, сондай бір әуезді естіледі.

Саудакент пен Жаңатастың орт­асындағы биік төбенің басына Ысты жұртының Тілік бабаға қойған пантеон-белгісі мен Шоқай датқаның кесенесіне аялдап, құран оқыдық. Шабақты өзенінен кесіп өткен бойда сол беткейде жатқан қиранды төбеге көзім түсті. Бақсақ, кешегі Ортағасырларда ескі Саудакент шаһарының орталығы болған әйгілі «Күлтөбе» осы екен. Бір замандағы күнқорғандарды жермен жексен етіп, күлқорғанға айналдырған қатыгез тарихқа не айтарың бар.

Айтпақшы, бұл жолғы келу сапар­ымыздың мән-жайын түсіндірмеппін ғой. Сарысу ауданының орталығында Райымбек Ыбырайұлының рухына Құран бағышталып, халыққа Ас берілмекші. Қазаққа Маралтайдай дүлейді тарту еткен қара шал көзі тірі болса, 100-ге толар еді. Сол жиынның тізгінін менің қолыма ұстатпақ ниеттегі досымның жол бойы айтқан әңгімесінің ауаны бабаларының жүріп өткен бейнетті жолынан өрбіп келе жатты. Алшын-Тамаға қатысты арғы тарихты өзім де бір кісідей шамалап, көз алдынан көктей өткізіп келе жатқан едім. Ал мына Маралтай әулетінің басынан өткен зобалаң күндер тіпті қиын екен.

2014 жылдың мамыражай маусым айы.

Біз келген мезгіл Сарысу топыр­ағының масаты мен мәулімнің түгіндей құлпырып, тұмса табиғаттың ойнақшып тұрған шағы еді. Сол кездегі аудан әкімі Қанатбек Мәдібек өзінің өнегелі азамат екенін көрсетті. «Жайылма» ауылының кіреберісіндегі Тәкі талындағы айрыққа 24 қанат ақбоз үй тігіп, Райымбек ақсақалға арналған асқа жиналған дүйім жұртқа қонағасы берді.

Ас иесі – Маралтай. Ортамызда қазақ сахнасының абызы Асанәлі Әшімов отыр. Тараздан Асаубай Майлыбаев бастап, жазушы Несіпбек Дәуітай, облыс әкімінің орынбасары Бекболат Орынбеков секілді бір топ ел ағалары келген. Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасының орынбасары Ғалым Жайлыбай, Парламент мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл, журналист Нұртілеу Иманғали, Дәурен Қуат, Әділ Несіпбай, әнші Марат Имашев, Сәуле Жанпейісова, Сәкен Қалымов, Жұбаныш Жексен, Сүлеймен Ибрагим, ақын Ғалым Қалибек, Әлібек Шегебай бар. «Жайылмада» өткен сол бір кештегі астатөк көңіл, риясыз айтылған ән, оқылған жыр мен осы өлкеге қатысты тарих баянында қисап жоқ еді.

Ертеңіне Саудакенттегі орталық мәдениет үйінде салтанатты жиынымыз басталды. Халықтың көп жиналғандығы соншама, ортада ине шанышатын орын болған жоқ. Жамбыл, Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Атырау облыстық әкімшіліктерінен келген құттықтаулар мен жеделхаттар оқылды. Содан соң асқа жиналған халық облыс ақындары арасында ұйымдастырылған сөз сайысын тамашалады. Айтысқа қатысқан сегіз ақын да мереке соңында бір-бір тай мінді. Маралтайдың мұнысы жыққан палуанға да, жығылғанға да жүлде беретін қазағымның байырғы салтанатты шағын еске түсірді.

Түс ауа Ас тарқады. Кешкі салқынмен Қазақстанның әр қиырынан жиналған өнер жұлдыздарының қатысуымен үлкен Гала-концерт өтті. Мереке-жиын күрмелер тұста Алатау мен Атыраудың арасынан қол қусырып келген ағайын, туыс, бауырлар, Маралтайдың достары қайтуға рұқсат алды.

Келесі күні сәскеде Тәжібай шалдың бауырынан тараған ұрпақ Маралтай «Қызыл өлең» деген қасіретті жырын арнаған Ұлташ жеңгесінің отының басында Оңтүстік өңірі қазақтарының үрдісімен «Құдайға шүкір!» рәсімін жасады. Сосын «Игілік» ауылының іргесіндегі зиратта жатқан атасы Ыбырайдың, әкесі Райымбек пен анасы Дариғаның, бауырлары – Біртай, Ілтай, Ізтай, Бергентай, Аралтай, Асқартайлардың басына барып, құран оқыдық.

Сөйтіп, Маралтай мен бауыры Жаңатайдың иықтарынан бір жүк түскендей болып еді. Бұл кезде Райымбек ақсақалдың қыздары Раушан, Майгүл, Айгүлдер де кезегімен жолға қамданып жатты. Менің ойыма «Шыққан қыз шиден тысқары» деген қазағымның қастерлі сөзі оралды. Бірге туғандардың Ас таратып, өздері де арқа-жарқа болып тарқасқанын көріп, біздің де көңіліміз толып тұрды. Түбі туыс адамға мына азғантай тіршілікте осыдан артық қандай ғанибет болуы мүмкін. Ұлташ жеңгеміздің буырқанған бозасының тіл үйірген дәмін қимасақ та, біз де сапарымызды жалғап, ат-көлігімізді қамдап Алатауға қарай бет түзедік...

Өткен сапарымыздың бірінде Ыбырай шалмен бірге туған Нұрманның Кентай деген баласының отының басына түскен едік. Бұл кісінің жұбайы Қаражан – Маралтайдың «ақ көкесі» Асаубай ағаның апасы екен. Кенекеңнің өзі өмір бойы жылқы бағып, табиғаттың тәлімін түйген, шама-шарқына қарай ескі сөзге ден қойған қазақ. Әкесі Нұрман жігіт шағында палуанға тұрыпты. Сексеннің сеңгіріне шыққан Кенекеңнің екі иығына екі адам мінгендей қазіргі пошымын ажарлап тұрған күректей қолдары көз қарықтырады.

Сірә біз борышты болсақ, елдің өткен тарихын білетін осындай кісілердің алдында ғана борышты шығармыз. Әйтпесе аттың белі, атанның қомында жүріп, қазақ қайда бармаған, ғазиз бабаларымыздың асыл сүйегі қайда қалмаған? Өкініштісі сол, соның бірінің тарихын шала білсек, екіншісінен мүлдем бейхабармыз. Ал алдамшы уақыт талай уақиғаның бетін осылармен бірге бүркеумен келе жатыр. Арамызда тірі жүргенде үлкендеріміздің қадіріне жеткенге не жетсін!

Әлгі нар қазақ осы сапарымызда тағы бір сауапты іске мұрындық болып еді. Менің досым қазақ поэзиясының көсегесін көгертемін деп елден ерте кетіп, өзін-өзі азаптың сан түріне салып жүріңкіреп қалған ғой. Маралтайды сөз тізгінін ұстап, Жөгі шежіресін шақалап отырған Кентай көкесінің тағы бір сөзі елең еткізді.

Жарықтықтардың қасіретке суарылған жырының қай қайырмасын айтып тауысарсың. Шөл Арқадан Бетпақ даласы арқылы шығып, шұбалаң жолға түсіп, Шу бойын жағалай отырып, қазіргі Сарысу топырағына маңдай тіреген қалың Тамаға қатысты Ықылас пен Сүгірдің тоғыз тарау толғауы сияқты шер-күйік әңгіменің нобайын Кенекем тым алыстан қайырды. Сонау қасіретті тарихқа – ашаршылық жылдары Арқадан ауған ақ киіктей Таманың қасіретті көшіне ілескен Жөгі әулетінің талайсыз тағдырына әкеліп тіреді.

Қосағалы баласы Сасықбайдан туған Тәжібай, Әжібай, Қойлыбай, Жақсыбай деген ағайынды жігіттердің сүйегі кешегі аштықтан бұратылған зұлмат заманда Бетпақтың шөлінде қалған екен. Бір жылы Тәжібайұлы Нұрман Бетпақта – «Жыңғылды ой» деген жерде жатқан әкесінің қорымына алып барып, 10 жасар Кентайға:

– Мына жерді есіңде сақта, балам. Тірі жүрсең сен де кейінгі ұрпағыңа көрсетерсің – деген әке өсиетін Кентай ақсақал арада 70 жыл өткенде барып орындады. Тағы да сол Маралтайды ертіп алып, Тәжібай бабасының басына белгітас қою үшін «Жайлаукөл» арқылы жолға шыққан. Сол жерден «Жыңғылды ойды» тауып беретін жолбасшы алып, баяғы бала күнінде көрген, аталары отырған сары белге жетті.

– «Жыңғылды ойды» тауып берсеңдер болды, қалғанын өзім көрсетемін деген сөзінен сонда қатты қиналды. Көліктен түскеннен кейін жер шұқылып біраз отырып қалыпты. Қанша айтқанмен, 70 жыл уақыт адамның жадын көнертеді екен ғой. Бірге еріп барған бауырлары дегбірсіздене бастағанда ғана:

– Жаңылмасам, жақын шамада тұзды құдық болушы еді – деді. Содан жабылып іздеп жүріп, әлгі құдықты тауыпты. Осы кезде Кенекемнің ескі жады жаңарып, төмпешік болып үйіліп жатқан мазарлардың ізін қолымен сипалап жүріп ажыратып, зор денесімен еңкілдей босап, көңілдің кілті мен көзінің жасына ерік беріпті. Сол жерде аруақтарға арнап Құран оқып, алып барған жандықтарын құрбан етіп шалып, бабаларының бастарына белгі орнатып қайтыпты.

Ол әңгімесін сабақтай түсті.

Баяғы арып-ашып, өлдім-талдым дегенде барып, «Көкжондыға» маңдай тіреген Тәжібай баласы Ыбырай шалдың өзіне қарасты туыстарының жағдаятын айтты. Е, айтарыңыз бар ма, текті ұрпақтың кесек қимылдары көзімізге еріксіз жас үйірді. Міне, күні кеше ғана, бізден бір-екі буын ілгері өмір сүрген қазақ қандай болған!

Осы уақиғаның бәрін ертерек сұрап алуға менің досымның туған топырақтан тым ерте қол үзіп кеткендігі себепші болған сияқты. Қалай болғанда да ет пен сүйектен жаралған пендесіне құдіреті күшті Құдайдың сәтін салатын күні болушы еді ғой. Маралтайдың Қыбыр әжесінің де жерленген жерін білетін тағы жалғыз куәгер Кентай көкесі болып шықты. Онсыз да сығыр көздері одан әрі жұмылып, ақыным әңгіменің ішіне еніп кеткен екен. Сол сәтте оның өзін таптырған қара шалдың абзал анасының басына барып, рухына тәу етіп, жатқан жерінің топырағын сүюді ғана ойлап отырғанын мен де іштей ұғып отырдым. 

Содан «Көкжондының» белінде төбешік болып жатқан жарықтықтардың мәңгілік мекендеріне ат басын бұрдық. Айнала тұнған меңіреу тыныштық. Мәңгілік сапарға көшкен асылдардың көне жұртының орны ғана жатыр. 1950 жылы дүние салған Тәжібайұлы Нұрманға қойылған белгіні көрдік. Қыбыр әженің қабірі содан таяқ тастамдай жерде ғана жатыр екен. Әбден ойылып кетіпті. Маралтай қабір басындағы дөңес топыраққа шыққан көкмайсаны аялай сипап, әжесі жерленген жерге жүресінен отыра кетті. Сәлден соң орнынан қайта тұрып, қырмызы қызыл гүлге оранған қыр бөктеріне қарай беттеді. Біршама уақыт өткен соң қайта келіп, «Басына белгі қоюым керек!» деді.

Ақыным уәдесінде тұрып, келесі жылы Қыбыр әжесінің рухына Құран бағыштатып, басына белгі тас қойды.

Уа, кейуана!

Бағынан бұрын сорының салмағы басымдау болып келе жатқан мына ат төбеліндей қазақтан жұлдызы жарқырап, таңдайына ерекше бояу дарытып туған Маралтайдай маңдайы кере қарыс перзентіңді қолдап-қорғап, желеп-жебеп жүргейсің!

 

Таманың тәуекелі

 

Қол телефоным қоңыраулатып жатыр екен.

Тұтқаны алып, құлағыма тосайын дегенше, Маралтай қордаланып қалған жаңалықтарын жайып салып үлгерді. Бұл жолғы «олжасы» тіпті ғажап, Жаңаарқа ауданы аймағындағы «Ақтау» елді мекенінде сүйегі жерленген түп бабасы Қосағалының бейітін тауып, жанына жақын-жуықтарын ертіп, сол жарықтықтың басына барып, тәу етіп келіпті. Арқадағы ағайынмен қауыштырып, жолбасшылық жасап қайтқан ақын Ғалым Жайлыбай, ал оған телефон арқылы хабар салып, батырдың бейітін көрсетіп жүрген Жақсыбай Сүлейменұлы деген осы өңірдің байырғы тұрғыны екен.

Мәселенің мән-жайы енді түсінікті бола бастады. Бұл баяғы қазақтың бір сүйем жерін орыстың орамына бермеу үшін шыбын жанын шүберекке түйіп өткен Сырым батырдың қосынында болғандықтан, ақырында империядан қысым көріп, Батыстан үдере көшетін Алшын Тама мен Жағалбайлының Арқада отырған аз ағайынды сағалап, ақсирақта ауа көшіп Шуға құлаған қасіретті тарихының ізі ғой. Әлі күнге дейін бас-аяғы жүйеленбей келе жатқаны мынау.

Тарихтың киіз кітабын парақтап отырсаң, мына ер халықтың өткеніне қатыстының бәрі «тәуекелден» тұратын сияқты. Тіпті қазақтың «Ер серігі – тәуекел!» дегені тура осы әулетке арнап айтылғандай. 1932 жылдың қанды қараша айында Арқадан босқан Тама көшіне ілесіп, көретін жарығы барлары Шабақтыға жетіп жығылып, пешенесіне ондай бақ пен несібе бұйырмағандарының сүйегі жапан түзде қалған қайран ел. Сөйтіп, әке баладан, қыз анадан айрылып, аталас ағайын бір-бірінен көз жазып, «байтал түгіл бас қайғы» болып кеткен зар заманның зардабы ғой.

– Сол ғазиз бабамның басына белгі қойдым, енді аруағына Құран бағыштап қайту үшін жолға қамданып жатырмын. Осы сапарға сенің де бірге жүргеніңді қалаймын, досым – деп қиылған сөзін жерге тастай алмай келіп, Саудакентте – Кентай ағасының ауласында Басие, Мираш, Дәріпбай, Үмташ, Мұраш, Әбітай, Алпысбай, Мұраттардың қатысуымен өтіп жатқан келелі кеңесте отырмыз. Кенекеңнің шаңырағы Тәжібай әулетінің жиналып, мәселе шешетін штаб-үйі сияқты. Түйткілді нәрсенің бәрі осы жерден түйінін тарқатып алып кетіп жатады.

Осының алдында ғана Қарағанды арқылы, күнделікті көлік ағылып жатқан күре жолмен жүретін болған. Бұл жолы Бетпақтың шөлін қиып өтуге ымыраласып, тамаларым тас түйін жиналып отыр екен. Неге екенін қайдам, менің ойыма бірден «Таманың тәуекелінен сақтан!» деген бұрынғының сөзі сап ете түсті. Бірақ енді сақтан не, сақтанба не, шешім қабылданып қойған. Таңмен таласып, жолға шығуымыз керек.

Мені жолбасшының жайы алаңдата бастады. Арамызда жол білетін Витя деген жалғыз орыс бар. Ол да бір «білмеймін» деген сөзді айтпайтын қалбалақтап қалған неме екен. Айтуларына қарағанда, тағы бірнеше адам – Жетпісбай мен Алтай да жол танитын тәрізді. Бірақ ол жұбатуларына иланып тұрғаным шамалы. Алдымызда бұрынғыдай ел жоқ, Тамаға дейін де, Тамадан кейін де қазақтың Бетпақтың беліне шығып, мал бағып, тіршілік жасаудан қалғаны қашан. Сапарға шыққан Жексен, Жаңатай, Ғалымдардың қай-қайсының да жер бедерін тек аздап шырамытқандары ғана болмаса, Сарысу мен Арқаның арасындағы ескі сүрлеуді түстеп танитын бір адам көріп тұрғаным жоқ. Шөл дала туралы кітаптан оқыған Маралтайдың Жұматайы мен Сырда өскен маған енді тек Құдайдың өзі жар болсын деңіз.

Міне, Саудакенттен де шыққанымызға толық 16 сағат болған екен. Тоқтамастан өндіріп жүріп келе жатырмыз. Сарысу өзенінің төменгі сағасы мен Балқаш көлінің аралығындағы байтақ алқап, үстіртті шөл, батысы мен шығысының, солтүстігі мен оңтүстігінің арасы бірнеше жүз шақырымды алып жатқан шалқыған дала жеткізіп болар емес. Әбден сілелеп келеміз.

Тек «Желтау» жотасына жетіп, қыратты белдерге көтерілгендегі көкірек керген ауаның нәрі бөлек еді. Соған қарағанда жер бедерінің ең биік тұсы осы-ау шамасы. Жыралы сай болып тілімденген жазық дала Сарыарқа шоқыларына жанасқанда табиғат та өзгеріп сала берді. Бетпақтың шөлі дейміз-ау, жол бойы жердің жарығынан шығып жатқан көзді бұлақтарға көзім түсіп келеді. Сортаң мен тақыры көп, ал күрең топырақты жерлерде жусан, баялыш, ояңда – бұйырғын, қараған, теріскен өседі екен.

Әне, бір қапталдан киік қашты. Жарықтық, танауы делиіп, адамнан онша қорқар емес. Топтан бөлініп шығып, оқ жетер жерде жалғыз буаз ешкі жайылып тұр. Мына шіркінің керілген кер даланың көркі екен ғой. Көлігімізді қаңтарып қойып, шұбырған бөкеннің шаңын қызықтап ұзақ тұрдық.

Жазы аптап әрі қуаң, қыс айларының қытымырлығына қоса қар да жұқа түсетін бұл даланың тілін тапқан тек Маралтайдың арғы бабалары – тәуекелшіл Тамалар ғана! Әйтпесе, бұл жерді түбегейлі қоныс етпек түгілі, әуелі бір күн жан сақтаудың өзіне алдымен үлкен жүрек керек. Жолға шығар алдында ойыма оралған «Таманың тәуекелі» деген сөздің түп төркінін мен енді ғана түстеп түсіне бастағандаймын. Ирелеңдеген түз жолы ақыры бізді адастырып тынды. Ел сағынған ағайынға «Айшырақтың» қарасы қас қарайған тұста әрең көрінді.

– Сіздер іздеп келе жатқан «Ақтау» ауылы осы арадан алыс емес, – деді, бізге жол сілтеген жігіт ағасы.

Біздің алдымыздан шығып, күтіп алған екі кісінің бірі – үй иесі Ұзақбай да, екіншісі Жақаң – Жақсыбай ақсақал. Қосағалының басына белгі орнатқан Халық Смақовпен де осы жерде таныстық.

Күн ұясына батуға тұсау бойындай қалғанда Қосағалы кесенесіне жетіп, Құран оқып, бабаларының асыл рухымен қауышқан ұрпақтары өз көзіне сенерін де, сенбесін де білмей отырды. Батырдың басына қойылған белгітас та ерекше еңселі екен. Өзінің әуелгі қалпын 1950 жылдарға дейін сақтап келген кесене жауын-шашын мен жел-құздың әсерінен кейінгі жылдары ғана кетіле бастапты.

Көптен күткен қуаныш сезімінен болар, мына жөгі ағайынның жүрегі кеуделеріне сияр емес. Өйтпегенде ше, ашаршылықта Арқадан ауған Алшын-Таманың бір аталығына қарасты әулет араға жылдар салып, баяғы ер бабасы мен асыл аналарының табаны тиген топыраққа тәу етулерінің өзі бір Алланың қалауымен болған жұмыс. Мына қас қағым мезет тарих үшін дым да емес болуы мүмкін, әрине. Алайда, ет пен сүйектен жаралған пендеге арғы бабасының сүйегі сарғайып жатқан жердің орны ерекше. Оны біздің қазақтың қай баласы да жақсы түсінеді. Бүгін Сарысудан таң сарғая шыққан бір қауым ел Арқаның құба белінде батқан күннің қызыл арай шапағымен Қосағалы бейітінің басында қауышамыз деп ойлады ма екен? Ниет еткен мақсатты жеріне жетіп жығылу дегеннің өзі бір бақыт екен ғой.

Көңілдері орныққан Жөгі жұрағатының алды тәтті ұйқыға кірісті. Мына мүлгіген тыныштың құшағындағы таза ауада бұларға қалып тұрған одан басқа шаруа да жоқ. Біз Халық бауырымыз екеуміз Жақаңның әңгімесін тыңдауға пейіл білдірген едік. Түн ортасы ауып кеткеніне қарамастан, «Бір кәделеріңе жараса болар» – деп, ол да білгенін базарлай бастады.

«Ақтаудың» түні тұп-тұнық. Далада шегірткенің шырылы мен анда-санда бір «әуп» еткен маң төбеттің құмығыңқы дауысы, үй ішінде шежіре шертіп отырған үшеудің баяу үнмен, бабымен айтылған көне кептің кербез жаяу әуені ғана естіледі.

– Қарағым, Берік! Мен жасымнан жақсы әңгімеге құмар болдым, сөйтіп жүріп мына ел табанының тарихын білетін кісілердің көзін көріп, тәлімін түйдім. Менің нағашым Таманың ішінде Жөгі әулетінен шыққан айтулы қобызшы Ықылас Дүкенұлымен бірге туған Жанас деген кісі, хабарың да бар шығар. Мен соның Жұмакүл деген қызынан туған жиенмін.

Жарықтық Ықаңның Шәкі деген тарақтының қызынан туған тұңғышы Түсіпбек ауқатты адам болыпты. 1928 жылы Арқадағы алшын, тама, жағалбайлы руларының шақа Түсіпбек, айдарбалта Әуесбек пен Иманбек, жабал Төленбек, алакөз Өксікбай мен Қақу, шажа Ақберген, ноғайлы Түсіп секілді ірі байларының мал-мүліктері жаппай тәркілеуге ұшырапты. Сол кезде Мәскеуде К. А. Тимирязев атындағы Ауылшаруашылық академиясында оқып жүрген Жәмбілбек әкесіне келіп «Төрт түлігіңді халыққа таратып бер, түбінде осы өзіңді шаян болып шағып жүрмесін» десе, Түсекең: «Құдайдың өзі берген мал, ешкімнен зорлық қылып тартып алғаным жоқ, таратпаймын» деп көнбепті. Ақыры әлгі бай-болыстардың барлығы Оралға жер аударылыпты.

Ықылас әулетінің басына қара бұлт үйрілген шақта немересі Жәмбілбек елінен қашып шығу үшін ағайын арасынан мінуге ат сұрап ала алмапты. Сонда қасірет қамытын толық кигенін біліп, жамағайыны шақа Шағырбайдың Жәнібегіне шарасыздықтан күні қараған себепті Түсіпбек бай айтыпты дейтін:

 

Қайран жер, қайран халқым,

елді айтайын,

Елді айтпай көп қайғыда

немді айтайын?

Бұл дағы әңгіме болып өтіп кетсін,

Жәнібектен ат сұраған жерді айтайын,

 

– деген өлеңнің бір-екі шумағын қайырған тұста Жақаң кәдімгідей арқаланып, жонданып кетті. Халық мұрасын хаттаған асыл жады мөп-мөлдір күйінде тұр екен.

Ақыры екі жылға жете оқыған Академияны тастауға мәжбүр болған Жәмбілбек әуелі Өзбекстанға, одан Тәжікстанға өтіп, Қарсы, Қузар деген өлкеде «Қаншайым» аралында тұрған жылдарында бау-бақша егіп, одан Ауғанстанға асып, 1943 жылдары «Шыршық» арқылы Талас ауданына келіп, «Ақкөл» деген совхозда жұмыс жасапты. Кеңес өкіметі социалистік ірі ауыл шаруашылығы өндірісін қолға алу туралы ұран тастап жатқан тұста осы саланың маманы ретінде атамекенінде совхоз басқарып, Шу өңірінің маса-сонасынан қашырып, мал жайылымын Бетпақтың шөлі арқылы Арқа бетке шығара бастағанда, Жәмбілбектің аман-есен елге оралғанын естіп, 1947 жылы, жаз жайлауда Бүгіл өзенінің жағасындағы «Тасты» сов­хозында отырған жеріне академик Әлкей Марғұлан іздеп келіп сөйлесіпті.

– Сіздер ғой мына сары даланы Арқа дейсіздер. Бұрынғы қазақтың мұны қалай атағанын білесіздер ме? Қара топырақты Торғай, Қостанай, Көкшетаудың барқытты жерлерін «Қарарқа»; Ақмола, Кереку, Өскемен, Семей жақты «Жонарқа»; Балқаштың Бектау Ата, Жарық, Ұлытау, Ақжар, Сарысудың оңтүстігі, Сыр алқабын «Сарыарқа»; Қызылтау, Ақтау, Қу мен Мұңлының қойнауы толған бұлақты алқаптың Бетпақ бетін «Шөларқа» деген. Ал енді Тайатқан, Шұнақ, Арқарлы, Ірге тау, Тама тауы мен Көктас өзенінің оңтүстік сыртын – «көкпектен басқа шөбі жоқ, көкектен басқа құсы жоқ» жерді «Дуана» дейтін. Сіз ғалым адамсыз ғой, менің осы айтқан сөзімді келешекте бір ескеріңізші – депті.

Жақсыбайдың Қосағалы батыр туралы дерек алып, көп тыңдаған кісілері осы Жәмбілбек Түсіпбеков, Тәжи Жанасұлы, Көпжан Мұратұлы, Дихан Әбілев, Жарылғап Шаймерденов, Көпжан Мұратов, Амалбек Сейдімбеков, Жәркен Қалқаманов, Рахмет Әбдікенов, Бұралқы Құдайбергенов, Құлбек Айдарбеков секілді ескінің сөзін келістіріп айтатын білгірлер екен.

Арқаға келген ағайын қалың мал беріп қыз алып, өздері де қыз беріп жегжаттасу арқылы Арғын арасында жеті Момын мен бес Мейрамның балаларымен жақындасып, бірте-бірте сіңісе беріпті. Соның ішінде әсіресе Қуандық пен Сүйіндік ұрқымен етене болған сияқты.

– Мен өзім 10 жасымда Шу бойындағы қыстауға түйемен барған ұрпақтың ақырымын. Әкем қой бақты, сол жақта нағашыларым тұрды. Тіпті бір жылдары Байқадамдағы Сталин атындағы орта мектепте оқыдым. Түйе мінген қазақ көрген жолын ұмытпайды ғой. Көптеген жер аттарының жадымда жатталып қалуы содан болар – деген Жақаң, Маралтаймен алғаш қалай танысқандығын есіне алды.

– Бұл 2014 жылдың, қазан айы еді. Бетпақтың даласы арқылы тама Шәукембай, Алашбай, Уыт деген кісілердің басына зиярат етуге бардық. Жас кезімде мен бұл маңайда Рахпанұлы Қосағалының тұқым-жұрағатына қойылған белгіні көрген жоқ едім. Сарысудан Арқаға қайтар сапарда шай қайнатып ішу үшін тоқтаған «Жыңғылды ой» деген жерде, сексеуілдің арасында белгітас тұр екен. Содан мән беріп барып қарасам, есентай Тәжібай, Әжібай, Жақсыбай ұрпақтарынан қойылыпты.

– Мынау жатқан Тәжібай таманың Есентайы, менің нағашы жұртым. Бұдан ұрпақ бар екен ғой – дедім, іштей күбірлеп. Біздің елде Есентай Тілеуліқызы Әшіркүл деген болды. Өзі менің шешемді сіңлім деп араласатындықтан, маған нағашы апаңмын деуші еді. Ойыма бірден сол түсті. Әшіркүл апай бабалары туралы жылап отырып әңгіме айтқанда, «Бұл маңда өзі Есентайдан басқа ел болмады ма екен?» дейтінбіз. Бақсақ, қыздың сағынышы мен құрметі басқадан бөлек болады екен ғой.

Арқада қырықбойдақ Сапалай Исатайұлы деген Маралтайдың әнші аталары өткен. «Екі айна», «Сәулем-ай», «Мұхида-Шайбан» деген халық арасына көп тараған әндерін Тұрғанбайдың Қасымбегі деген ағамыз татардың он екі тілді гармошкасымен айтатын. Сол Мұхида-Шайбан әліп Ерубай бидің Бекұлы деген болыс баласының Мағрипа, Шәрипа атты қос қызы екен. Әуелде нағашы жұртым – Есентай әулетіне менің көңілімді аударып, ықыласымды түсірген осы ән болатын. Сөйтіп, іздей келе, аталарының шежіресін тармақтай тартып, Маралтайыңды да таптым-ау...

Содан Қосағалының жайын естіген бойда тік көтерілген Маралтай мен бауыры Жаңатай «Ақтаудан» бір-ақ шығады. Жаз мезгілі, ораза айының тұсы екен. Әуелгі сапарда да бұлар Ұзақбайдың үйіне түсіп, «Ақтау» ауылының әкімі Ахат Отарбаевты ертіп алып, Қосағалы бабасына тәу етіпті. Содан соң Халық замандасына батыр бабасының басына белгі орнату туралы қолқа салады.

Куәсіз сөздің көбі өтірік. Кешегі дүрбелең тарихты көзімен көрген куәгерлердің сөзін жеткізіп отырған мына Жақсыбай қарт айтқан әңгіменің ауаны бөлек еді. Бірін екіншісіне соқтырмай, көненің көмбе болған деректерін шетінен аршып беріп отыр.

Тоқа Телқозының Зейнет деген баласынан туған Шоң бабасы беделді кісі болыпты. Бір жылы Қаржастың биі Шоң дүние салып, бауыры Шорман ат арбамен Түркістанға алып бара жатқан жолда Телқозы Шоң бидің мәйітін келіншегі перзентті бола алмай жүрген баласы Зейнетке бір түн күзеттіріпті. Таң алдында жолға шығып кеткен Шорман кері қайтып келіп, Зейнеттің келіншегіне қаратып, «Келін шырағым, батамды берейін деп қайта айналып келдім, етегіңнен жан. Ұл тусаң Шоңдай-ақ болсын, перзентіңнің атын Шоң деп қой» деп батасын беріпті. Міне, Жақаңның арғы аталарының сойы.

Жақаң ел арасындағы есті сөздің желісін жалғай келе Арап батыр, жағалбайлы Қондыбай, Мама, Бұлди; жөгі Қылыш болыстың әкесі Сеңгірбекұлы Итемген, көзей Бердіқожа болыс, Тәненұлы Бейсен би, Жұма батыр туралы тамаша әпсаналарға да кезек берді. Төлеген Жұма батырдың обасы Қу тауының арасынан өтетін «Аршалы сайдың» басында жатқанын айтып, оған да бір сілтеме жасап қойды. Міне, осы айтылып отырған адамдардың бәрі күні кеше ғана өмірден өткен жақсы мен жайсаңдар еді дегенге бүгінгінің баласын сендіре аларсың ба?!

Маралтайдың туыстарын төріне түсірген Ұзақбай Оспанов өзі бір қарапайым, мал-жаны тел өскен кісі екен. Ұзекеңнің үйіндегі қонағасы үстінде кешегі заманда Арғын мен Тама қатар отырған кездегі сән-салтанатты сағынышпен еске алған сайын ағайынның жады жаңғыра түсті. Бабаларының ескі қонысын іздеп келген Маралтайдың туыстарының Арғын ағайынға қатысы жоғы да аз екен. Бірі жиен, бірі нағашы, екеуара алақалжың әңгіме. «Елге келіп, ел қосылды» деп шұрқырасқан жайсаңдар қимай қоштасты. Қосағалы рухына кіші хатым сағыр жасалып, Құран шығару үшін Сарысудағы елдің аманаты тапсырылды. Байқадамнан келген бауырларына ағалық ізет көрсеткен Жақсыбай мен Ұзақбай ақсақалдарға тиісінше құрмет көрсетілді, Халыққа ат мінгізіп, иығына шапан жапты. Содан соң баталасып, Қосағалы мен Тойғұлы тұқымы жолға шықты.

Біз де көлігімізді Бетпақтың шөліне қарай бұрдық. Соңымызда сағымданып Арқаның құба белдері қалып бара жатты. Тәуекел, не де болса нар тәуекел! Ата-баба рухын құрметтеген жанның ескерусіз қалғанын естіген әзірге ешкім жоқ. Осы төрт түліктің төресі атанған түйені «таманың транспорты» деп әзілдеседі екен ғой. Сол сөздің жаны бар шығар деп қалдым. Орыстың отарбасы әлгі өзіміздің дәудің қасында мүлік емес екен. Сарысуға жеткен бойда Маралтай екеуміз мініп келген су жаңа УАЗ-дың күлі де қалмай өртеніп кетті.

Құдай сақтады, бас садақасы, жан­уардың жеріне жетіп жығылуын қарасаңшы...

 

Қосағалы қорымы

Біздің қазақ жер дауы мен төрт түлігінің өрісіне қатысты шиеленісті мәселе туған кезде байырғы ата-бабаларының сүйегі жатқан ескі қорымдарды табан тірейтін тиянақ еткен. Қазіргі Қарағанды облысындағы Жаңарқа ауданына қарасты «Ақтау» елді мекенінің аумағында «Қосағалы қорымы» деп аталатын тарихи жердің бар екенін жергілікті халық бұрыннан жақсы біледі.

Жалпы «Қосағалы қорымы» аймақтағы жергілікті маңызы бар археологиялық ескерткіштер қатарында «ерте темір дәуіріне» жатқызылып, Мемлекеттік тізімге енгізілген. Бұл кезінде Қазақстан Республикасының мәдениет министрі М. Құл-Мұхаммедтің келісімімен Қарағанды облысы әкімдігінің 2010 жылғы 16 сәуірдегі № 11/03 қаулысымен бекітілген. Ескерткішке қатысты құжаттарды сол жылы, маусымда «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 2 шілдедегі Заңына сәйкес аймақтық Әділет департаменті тіркеген. Сол тізімнің № 386–387-ші қатары біз сөз етіп отырған «Қосағалы қорымына» қатысты екен.

Бір айта кетерлігі, күні бүгінге дейін тарихи орынның арнайы «қорғау аймағы» анықталып, жергілікті құзырлы мекемелер тарапынан «қорғау тақтасы» орнатылмаған. «Атасу» өзенінің Батыс беткейіндегі «Қосағалы қыстағынан» оңтүстік-батыс бағытқа екі, «Ақтау» ауылынан солтүстік батысқа қарай сегіз шақырымдай жердегі Қосағалы батыр Рақпанұлы кесенесінің сипаттамасымен біз де танысып шықтық. Онда былай делінген:

«Могильник Косагалы – 1. Эпоха РЖВ (ранний железный век – Б. Ж.). Состояние: удовлетворительное. Место нахождение: в 1,7 км к западу от зимовки Косагалы, в 8 км северо-западу от села Актау. Описание: Могильник состоит из 3-х курганов с каменной насыпью. Курган 1 – диаметр 11 м, высота 0,3 м; Курган 2 – диаметр 6 м, высота 0,2 м; Курган 3 – диаметр 4 м, высота 0,1 м. Могильник Косагалы – 2. Эпоха РЖВ. Состояние: удовлетворительное. Место нахождение: в 0,8 км к западу от реки Атасу, в 2,1 км к юго-западу от зимовки Косагалы, в 8,3 км от села Актау. Описание: Могильник состоит из кургана с каменной насыпью и ограды. В нескольких метрах от могильника находится казахское кладбище, насчитывающее 17 могил овальной в плане формы с каменными насыпями. Ограда выложена из камня, из плашмя положенных друг на друга каменных плит (7 слоев) раскопана. Прямоугольной в плане формы. Длина 10 м, ширина 8 м, высота 1 м. Курган – диаметр 11 м, высота 0,3 м».

Берік ЖҮСІПОВ,

фольклортанушы.

(Басы. Соңы газеттің келесі сандарында).

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 2624
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px