Байтаққа басшы болған Қосағалы - Тұлға - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

(Соңы. Басы өткен санда)

Орталық Қазақстан аймағындағы «Қосағалы қорымы» деп аталатын мәдени нысанды алғаш рет құжаттап, сипаттама берушілер тарапынан хатқа түсірілген мәліметтер әзірге – осы.

Археология ғылымы баламалы әдіс бойынша, көне Сақ дәуіріне тән ескерткіштерді сыртқы қалпына қарай жүйеге келтіру кезінде міндетті түрде белгілі бір дәуірлерге телитіні жасырын емес. Алайда, ол кейін қайта айналып келіп, алғашқы деректерді негіздей түсу талап етіледі дегенді ишаралайды. Өйткені, ғылымның қай түріне болса да «айттым – бітті» деген қасаң қағида жүрмейді. Бұл қай ғылым саласы үшін де жазылмаған заңдылық болып есептеледі. Сондықтан да, қазіргі таңда ғылыми айналымға «Қосағалы қорымы» деген атпен еніп тұрған мына тарихи жер атауына қатысты да басын ашып алатын мәселелер баршылық. Біз соның кейбіріне ғана тоқталып өтпекпіз.

Біріншіден, нысанды алғаш құжаттаушылар Қосағалы Рақпанұлының ХVIII-ХIХ ғасырларда, Абылай ханның тұсында өмір сүрген тарихи тұлға екенін ескермегендіктен, ол туралы ешқандай мәлімет көрсетпеген. Олай болса, аталмыш нысанның сипаттамасы мен құжаттары қайта жасалып, міндетті түрде кейінгі деректермен толықтырылуы керек.

Екіншіден, «археологиялық ес­керткіш» деген ұғым көбіне-көп әбден шөгінді болып кеткен нысанға қатысты қолданылады. Ендеше, мына нысанға тарихи-сәулеттік деген мәртебе беріліп, әуелгі қалпының 50-60 пайызын сақтаған Қосағалы кесенесі ұлттық-мәдени мұраға жатқызылуы тиіс.

«Қосағалы қорымы» деген ортақ атауда «археологиялық ескерткіш» сөзін археологиялық әдіспен жергілікті топонимикаға әлсіз таңу жайттары көрінеді. Мұның бәрі археолог-мамандар мен сәулетші-реставраторлардың және нысанды пайдаланушылардың арасындағы ведомстволық алағайлықтың салдары болса керек.

Үшіншіден, белгілі бір тұлғаға тұрғызылатын кесене мен қорым атаулыны бұрынғы тарихи қорғандардың жанынан салу үрдісі көшпелі жұртта ежелден бар дәстүр. Қазақта бақсының моласынан басқа о дүниелік нысан оқшауланбаған және қорым атаулы көрінген жерге салынбаған. Сондықтан, «Қосағалы қорымынан» есте жоқ ескі замандарға тән түрлі айғақтар белгісі табылып жатса, оған да таңырқай қарауға болмайды. Бұл да жазылмаған заңдылықтардың бірі.

Төртіншіден, «Қосағалы қорымының» 1-ші, 2-ші болып реттік санға бөлінуінің өзі көкейге сәл қонымсыздау. Бірден басын ашып алуды талап ететін жайт: бұл екеуі бір адамға салынған бейіт емес, қатар тұрған ұқсас кесенелер ғана. Ал ұқсас қалпы мен сырт пішіміне қарап, қос кесенеге бір адамның атын тели салу – екінші кесенені анықтау мүмкіндігі болмаған шарасыз жағдайларда ғана қолданылатын археологиядағы әлсіздеу тәсілдердің бірі.

Бесіншіден, жерді соңғы пайдаланушы жер иесінің есімімен атау, тарихи тұлғаға белгілі бір жер атын телу – археология ғылымында бұрыннан бар дәстүр, көшпелі тұрмыстың кейбір жекелеген элементтерін ХХ ғасырға дейін тұтынған қазаққа да жат үрдіс емес. Ендеше, «Қосағалы қорымы» тарихи-мәдени нысанының алдымен «археологиялық ескерткішке» қаншалықты қатысы барын анықтап алудың маңызы зор. Өйткені, Ақтау өңірі бұрыннан да ескі қалалар мен қорғандарға кенде жер емес еді ғой.

Қай жағынан келіп, қалай өлшеп, қайтып қорыту мәселесі, ол енді мүлдем басқа әңгіме.

Жөгі тайпасынан шыққан белгілі адамдар мен Рақпанұлы Қосағалы жерленген себепті «Қосағалы қорымы» атанған жер, біз білетін тарихи Қосағалы батырдың кесенесі – осы! Жергілікті халық та бұл қорымды күні бүгінге дейін тап осылай атайды. Десе де, мұнда Қосағалыдан басқа кімдердің жатқанын, мәдениет мекемелеріне «Қосағалы-2» деген шартты атаумен белгілі екінші кесене кімнің атына еншілі болуы мүмкін екеніне басын қатырып жүргендер де аз емес.

Бұл жерді Тама Шора батырдың Әліп, Жөгі, Әзберген деген үш баласының ізі – Әліптен шыққан әулие Әли бабаның жатқан жері деп тәу ететіндер де, Қосағалының жамағайыны, Есентай руының Кешту тармағынан тарайтын Қараспан баласы Тойғұлы батырдың кесенесі деп шамалайтындар да бар. Бұған байланысты халықтың сөзінде де белгілі бір толық тоқтам жоқ. Бір анығы: Әліп ұрпағының ата қонысы бұрынғы «Қарақыз болысы» – Жиделі, Тобылғылы, Түйемойнақ, Қызылжыңғыл, Қотыршеңгел, Атансор, Телікөл секілді «Жетіқоңыр» құмдары. Ал «Ақтау» алқабынан Бетпаққа дейінгі аймақты ежелден Жөгі жұрты ен жайлап, еркін көшіп жүргенін бұл өңірдің халқы кәсіби тарихшылардан кем білмейді.

Орта Азиядағы кесене-там тұрғызу мәдениетіне қатысты белгілі бір жәдігерлер туралы сөз болғанда оның дәуірі мен жасын бір кезеңмен шектей салуға болмайды. Өйткені ескі мәдени жосынға жататын пантеондардың кейінгі, ХVI-ХХ ғасырларда тұрғызылған үлгілерін де қазақ топырағынан көп кезіктіруге болады. Мұндай кесенелер дінбасыларынан бастап, ғұлама ғалымдарға, батырларға, би-шешендер мен саяси тұлғаларға да тұрғызылатын болған.

Қазақ даласында сақталған көбіне қам кесектен, шамасы келгендер биенің сүтін қосып, иін қандыра қалайтын әр түрлі формадағы қазақы кесенелерді әлем жауһарларының «кіші түрлеріне» жатқызуға болады. Әрине, табиғаттың райына байланысты бұлардың арасында да 3 мың жыл бойы сақталғандары мен 300 жылға жетпей-ақ тегістеліп кеткендері көп. Алайда, қорым-кесене атаулыны адамзат тарихында қола дәуірін алмастыру арқылы заманауи технологиялық өзгерістерді әкелген, біздің жыл санауымыздан бұрынғы VІІІ-VІІ ғасырлардан бастап, ерте ортағасырларға дейінгі кезеңді қамтитын «ерте темір дәуірімен» байланыстыра беруге болмайды.

Біз білетін «Ақтау» жеріндегі «Қосағалы кесенесі» тұрғызылған ХVIII–ХIХ ғасырларда ғылымда әлгі дәуірге қатысты тұрақты атаудың өзі енді ғана орныға бастаған. Демек, «ерте темір дәуірі» археологиялық ескерткішіне жатқызылып жүрген «Қосағалы қорымы» мен сол қорымдағы 1950 жылдарға дейін әуелгі қалпын сақтап келген Қосағалы батыр кесенесінің аңызы мен ақиқатын түрлі саланың ғалымдары бірігіп арши түспейінше, «көп айтса көндінің» шырмауынан шыға алмай қалуымыз бек мүмкін. Олай дейтініміз, «Ақтау» өңіріндегі Қосағалы кесенесі әрі кеткенде ХVIII ғасырдың аяғында тұрғызылған. Өйткені, бүгінгі ұрпағы Маралтай Райымбекұлы мен Рақпанұлы Қосағалының арасы 6 ата жер (Қараңыз: Қосағалы, Сасықбай, Тәжібай, Ыбырай, Райымбек, Маралтай).

Бір ден қоярлығы, «Қосағалы қорымы» алқабынан ескі суармалы атыздардың орнын көруге болады. Сол атыз-жаптарды жергілікті халық қазір де «Қосағалы қаздырған», «Қосағалы арығы» деп атайды. Жалпы, бұл өңірде Қосағалы есіміне орай, «Қосағалы биігі», «Қосағалы жазығы», «Қосағалы жайлауы», «Қосағалы қыраты», «Қосағалы қорғаны», «Қосағалы қыстауы», «Қосағалы жайлауы», «Қосағалы өткелі», «Қосағалы көпірі» болып шұбыра беретін жер атаулары көп кездеседі. Мұның қайсысы бұрын, керісінше, кейін пайда болған атауы қайсы екенін ажырату да оңайға соқпайтын шаруа. Міне, елі үшін еңбек етіп, маңдай терін төккен еренге деген халықтың шын махаббаты осындай болған.

Алайда анықтап қараған адам бұл арықтың табиғи арналы жыралы сай емес екенін бірден байқаған болар еді. «Ерте темір дәуірімен» айналысатын ғалымдардың қасаң теориясына салып, бұл атыз-жаптардың орнын да сол дәуірдегі суармалы егіншілікке негізделген көнешығыстық өркениет көшін жүргізген Месопатамия, Алдыңғы Азия, Кіші Азия, Үндіқытай, Солтүстік Африка елдерінің мәдениетімен байланыстыра салу үшін онша үлкен ақылдың керегі жоқ. Әрине, белгілі бір дәрежеде ұқсастықтардың болуы мүмкін екендігін терістеуге болмайды. Қалыптасқан қасаң теория ізімен жүріп отырсақ, өзі-ақ солай дәлелденіп шыға келеді. Сонда мына қасиетті Жаңаарқа өңіріндегі «Ақтау» атырабын ғасырлар бойы мекендеп келе жатқан жергілікті халық – Арғын мен Таманың көзбен көріп, құлағымен естіген қасиетті ауызша тарих желісін қай күресінге жыға салмақпыз? Олай болса, көзге көрініп тұрған анықтың өзін бұлт асырып, көз алдында буалдыр сағымға орап жіберуге әуес қасаң ғылыми қағидалар кімге және не үшін керек? Меніңше, қай ғылым түрі мен саласының да әуелі халықтың игіліне қызмет еткені абзал.

Аттың жалы, атанның қомында өскендіктен, көзін көшпелі өмір салтқа негізделген атакәсібіне сүйеніп тырнап ашқан халыққа «Атасу» өзенінен жырып, қолдан арық қаздыру, сөйтіп өзіне қарасты жұртты жер сүмесін емген егіншілікке баулып, етене болған байырғы кәсібіне қоса толайым өмір салтын да өзгертуге үндеу заманында Қосағалы ерге де оңай шаруа болмағаны белгілі. Бірақ оның өзіне қарасты Жөгіден тараған жамағайынға осы бағытты ұстануға келелі кеңес бергені ақиқат. Егіншілік мәдениетіне орай «Қосағалы қаздырған» арық-жаптарды ғылымилық рәсім үшін тіпті қалай қиыстырсаңыз да осыдан артық қабысатын жолы жоқ. Месопотамия мәдениеті қайда, біздің Тамалар қайда?!

Қосағалы батыр өзіне қарасты қауымға егіншілікпен айналу жөнінде жаппай үгіт жүргізіп жатқан тұста ғасырлар бойы «аттың жалы, атанның қомында» жүріп, өзгеше өмір салт қалыптастырған жұрт арасында жер сүмесін емген отырықшыға айналып, егін салып, несібесін қара жерден сұрайтын диқаншы жұрт бола салуға ешкім де дайын емес еді. Қосағалы сияқты көреген ердің айтқанына құлақ аспай, ендікті бойлай қылқұйрықтың соңына ілесіп көшіп жүре берудегі бейқамдықтың қасіретті салдарын олар 1932 жылғы қарашада басталған ақсирақ ашаршылықта бір халықтай-ақ тартты. Кім білген, қасиетті жер-анаға тер төккен халық соншама қисапсыз шығынға ұшырамаған да болар ма еді.

«Қосағалы қыстауы» деп аталатын қонысқа жақын «Тойғұлы жұрты» деген жер бар. Жергілікті халық тағы да сол үнемі жаңашыл бастамалардың ұйытқысы болып жүретін Қосағалы Рақпанұлының жолбасшы туысы Тойғұлының өңшең батыр ұлдарына «Ақтаудың» ішіндегі терек пен қайыңнан кестіріп әкеліп, салдырып берген жаңа үлгідегі қора-жайларының іздері еді» – деп аңыз етеді. Кім білген, ол да мүмкін, ел қорғайтын жел жағының панасына қанша қызмет көрсетіп, қандай қора-жайлы етсе де ойға сыйымды емес пе?! Өйткені, Тойғұлының әкесі Қараспан да, Тойғұлының бауырынан өрген Райымбек, Ашық, Мұңдықай, Мұса, Қарауыл, Бектұрған, Байбатыр, Есбатыр, Бәйбек атты тоғыз ұл да тегін сойдан болмаған. «Қара аспаныңды төндірмей отыршы» деген халықтың үстеме сөзі мен жалпақ Жөгі баласының «Тойғұлының тоғыз ұлы барда, іргемізді жау алмайды» деп арқа сүйеуі содан қалса керек. Олай болса, «Қосағалы қорымы» сипаттамасында айтылатын 17 бейіттің қатарында Қосағалының ұлан белін жайлаған қай боздақ ұлдың жатқанын біз енді еш уақытта да анықтай алмаймыз. Өйткені, ол күндердің ақиқаты көне тарихпен қоса, ел шежіресін білетін көнекөз қариялармен бірге келмеске кеткенін ендігі жерде үнсіз мойындамасқа болмайды.

«Қосағалы қорымы» бізді осындай ойға иілдірді.

Ел арасында Қосағалының әуелдегі азан айтып қойған атына байланысты да екі түрлі пікір бар екені анықталды. Соның бірінде «В середине ХХ века два брата коренной национальности поселились в прекрасном урочище недалеко от реки Ишим, где ныне располежено село Лозовое. Стали называть это поселение «Қос ағалы» в переводе с казахского языка означает селение двух братьев. Ауыл рос, приезжали переселенцы с Украины, Белоруссии. Они стали называть ауыл на свой лад – Косагал» – дейді.

Мұндағы жер аттарының «Есіл» өзені мен Ақмола облысының «Жақсы» ауданындағы «Лозовое» елді мекендерінің бұрынғы атауы екенінде сөз жоқ. Журналист Бақберген Амалбек «Қосағалы» деген мақаласында (Егемен Қазақстан. 3.07.2012) 1910 жылы Санкт-Петербургтегі Э.Х.Брандтың картографиялық зауытында дайындалған жер пайдалану картасында «урочище Косагалы» деген жер атауы көрсетілгенін және Түмен, Челябі облыстарында «Үлкен Қоса­ғалы», «Кіші Қосағалы» деген көлде­р, Киштема маңында осы аттас емдік су қайнары барын айтады.

Қосағалы есіміне қатысты тағы бір деректі Батыс Қазақстан өңіріне тән руханият үлгілерінен кезіктіреміз. Қазіргі Батыс Қазақстан облысының Орда ауданында дүниеге келген, домбырашылық үрдісте төре тартыстың негізін қалаған дәулескер композитор Дәулеткерей Шығайұлының «Қосағалы» деп аталатын күйі бар. Кіші жүз Қаршынбай ақынның «Абылай-Кенесары» дастанында да Қосағалы деген батырдың ерлігі айтылады. Алайда, бұл мәліметтер біз сөз етіп отырған Рақпанұлы Қосағалыға қатысты ма, әлде Көкшетау іргесіндегі «Азат» тауында жатқан, шамамен 1755-1820 жылдары өмір сүрген Арғын Байтөлекұлы Қосағалы батырдың есімімен байланысты ма? Солтүстік Қазақстан облысының Рузаев ауданындағы «Қосағалы» өзенін орыстар «Косогряд» дейді. Міне, тарихи тұлғаларға орай, жер-су аттарының өзі қалай-қалай құбылады.

Кейде мені Рақпанұлы Қосағалы батырдың ерен есімі Ресей қара шекпенділеріне қарсы соғысқан осы Арғынның әйгілі баһадүрінің есіміне байланысты қойылмады ма екен деген ой жетегіне ала береді. Әлде керісінше болды ма екен? Кім білген, «бақ ауыс, ырыс жұғыс» деп ырым ететін көшпенді қазақтың жағдайында олай да болуы әбден мүмкін ғой.

Тарихи дерек көздерінде ХVIII ғасырдың аяғынан бастап Батыстан көшті деп топшыланатын Алшын бірлестіне қарасты Тама, Жағалбайлы жұртының жылнамасын жинақтаушы Пернебай Дүйсенбин өзінің «Үркердей болып көшкен жұрт» деген жинағына халық арасынан Жақсылық Бозжігітов жазып алған «Қосағал батырды құтқару» деген шағын тарихи аңызды ұсыныпты. Мұнда Кенесары ханның тубегі батыры ретінде көрінетін Тойғұлы Қараспанұлының қырғыз халқымен арада болған бір соғыста аты мертігіп қалғанын көріп Қосағал батырға «Қос-аға, атқа мініңіз» – деп, ақтангерін көлденең тосып, ағасын жау ортасынан алып шыққандығы туралы қисындалады (П. Дүйсенбин. «Үркердей болып көшкен жұрт», А., Литера-М, 2007, 81-б). Аңыздың желісі бойынша, мұнда Қосағалы батыр Тойғұлыдан үлкен, оған ол інілік жолмен құрмет көрсетеді. Ел арасындағы тағы бір әңгіме желісінде, керісінше, Тойғұлының жасы үлкен. Бұл аңыз желісінде айтылатын соғысқа, яғни Кенесары Қасымовтың 1846 жылы патша әскерінің қысымымен Орта жүзден Ұлы жүз қазақтарының жеріне кетуге мәжбүр болып, Солтүстік Қырғызстанды жаулап алып, ақыры ата мекенін қорғаған қырғыздардың қолынан мерт болу уақиғасы туралы әлгі соғысқа әуелі Тойғұлы мен Қосағалы батырлардың қаншалықты қатысы барын анықтап алу қажет.

Халық арасында айтылатын тағы бір әпсанада Қосағалының азан айтып қойған аты «Қилыбай екен» деген мүлдем басқа бір қисынсыздау дерек ұшырасады. Сол «Қосағалы-Қилыбай» өзімен бірге туған қос ағасы – Рақпанұлы Қайып пен Рақпанұлы Қосмұраттың ортасында арда өскендігіне байланысты «Қос ағалы» атаныпты-мыс. Бұл желі Көкшетау, Атбасар, Ақмола өңірінде, «Есіл» өзенін өрлей қонған жұрттың арасында ХIХ-ХХ ғасырларда өмір сүрді делінетін ағайынды екі жігітке қатысты аңызбен дәлме-дәл бір ізді басады.

Аңыз желілеріндегі «Сарысу нұсқасының» айырмасы: Қосағалы батырдың есімі «Қосағал» болып өзгертіліп, оны құтқарушы Тойғұлы деп көрсетілгендігі. Ал «Қосағалы батырдың аты Қилыбай екен» деген деректі алға тартушы профессор Қойлыбай Асанұлы (Айқын-Ақпарат. «Сауран айналған» сергелдеңі». 02.03.2016) мен өлкетанушы Жақсыбай Сүлейменұлы да (Қазақ әдебиеті. «Қосағалы – ердің аты, жердің аты». 31.07.2015) осындай мәліметті өз мақалаларында пайдаланғанымен, деректің тегі күлбілтеленіп кеткен. Ал журналист Қалкен Смайыл (Орталық Қазақстан. «Қосағалы батыр». 12.05.2016) Қосағалы батырға қатысты әңгімелердің нобайын 94 жастағы атасы Смайыл Жұмағұлұлынан естігенін көрсеткен.

Керісінше, халық батырының Тама шежіресіндегі халықтың жады арқылы барша өңірлерден жинақтала келе жүйеленіп, қалыпқа келтірілген мәліметтердегі азан айтып қойылған аты – Қосағалы. Соған қарағанда, «Халық – Құдайдың бір аты» деген сөзде мән бар. Қалай болғанда да бұл тарихи негізді аңыздар нобайында типологиялық сипат бары анық. Барлық кінәрат «Қос аға» (екі аға мағынасында), «Қос-аға» (атына жасалған құрмет есебінде) және «Қосағал» мен «Қосағалы» сөздерінің өзара құбылуында болса керек. Ел есінде қалған ер есіміне қатысты қандай екіұшты деректер айтылғанымен, байтағы аға тұтынған халық батырының ерлікті істері ұмытылмаған.

Тарихи аңыз әңгімелердің өзегі болады. Әрине, олар белгілі бір тарихи тұлғалардың есіміне, іс-әрекетіне байланысты туады. Уақыт өте келе, әлгі халық қаһармандарының ерлік істерімен типтендіріліп, көркемдік сипат алып кетуі мүмкін бұл аңыздардың астарында сөзсіз ақиқат жатады. Тарих көші тым әріге жылжыған сайын ақиқат атаулының өзі қайта құбылып, аңызға айнала бастайды.

Аңыздан ақиқатты аршып алу оңай шаруа емес.

 

Жөгінің жұрағаты

 

Әуелгі сөз Тама батыр туралы.

«Қазақ Совет Энциклопедиясы» деп аталатын қомақты еңбекте ол жайында «Рашид ад-Дин жылнамасында Монғолдың Енисей қырғыздары ішіндегі Барғу-Бурут тайпасының тармағы тума (туматә) аталған. Сол тумалардың Тама болуы ықтимал» (Қазақ Совет Энциклопедиясы. 10-т., 536-б.) деген ғылыми тұжырым бар екен.

Олай болуы да әбден мүмкін. Тама деген рудың аты қазіргі көрші қырғыз халқында да, сосын қазақ ішіндегі Ұлы жүз албанның Қызылбөрік аталығы мен Орта жүздегі наймандардың арасында да кездеседі. Белгілі ғалым Ақселеу Сейдімбеков «Тамалар хақында» деген мақаласында Кіші жүз Жетіру бірлестігінің ХVIII ғасырға дейін Орта жүздің құрамында болғандығын, Найман тайпасынан өрбіген Бағаналы руының да бір атасы Тама деп аталатынын алға тарта келе, «Ал, енді, Арқа Тамаларына келетін болсақ, Тәуке хан Орта жүздің жеті руын Кіші жүз құрамына қосқанымен, олардың бәрі бірдей ата қонысын тастап, батысқа қарай қотарыла көшіп кетпеген» деп, ғалымдық зердесімен өлшеген келелі пікірін білдірген еді (Қарабура: жинақ. А., «Өлке», 1997, 532-б.). Байырғы Тамалар Оңтүстік Орал мен Тобыл өзендерінің сағасында көшіп-қонып жүрген дәуірлерде ежелгі Қыпшақ жерлерін мекендегендіктен болар, олардың таңбасы да бүгінгі Орта жүз бірлестігіндегі қыпшақ руының таңбасымен бір ізді басады.

Міне, осыдан кейін қазақ руларының бәрін бір атаның ізінен шұбырта жөнелетін далалық ауызша деректердің мәліметтеріне иек артып, ғылымилық мәселесі үшін малданып көріңізші. Мұндай жағдайдан кейін ел арасындағы шежіре сөз иелерінің осы ыңғайда сөз өрбіткен ғалымдар қауымына деген қара қазандай болып жүретін «өкпесін» түсінуге болады. Бірақ ақиқат шешімнің қай-қайсысы да белгілі бір адамдардың назына байланып қалуына болмайды ғой.

Белгілі қаламгер Ілия Жақанов Тама тарихын талдаған «Қарабура» деген мақаласында (Қарабура: жинақ. 60-78-б.) әйгілі Мұрын жыраудың жеткізуінде Ұлы Отан соғысы жылдарында хатқа түскен Ноғайлы дәуірінің қымбат қазынасы, «Қырымның қырық батыры» қаһармандық эпосындағы жыр деректеріне сілтеме жасай келіп, «Ноғайлы елінің болат қорғаны болған ер Көгіс, ер Көгістің батыл ұлы Тама да Қырымның қырық батырларының бірі. Ол да өзінше жойқын жыр» дейді. Осы мақалада автор Тама батырдың тылсым жағдайда Жамал деген мылқау қызға (кейбір аңыз деректерінде су перісінің қызы – Б. Ж.) үйленуі, одан туған алып ұлға Бура (Бурахан, Қарабура) деп ат қойғанда анасының ғайыптан сөйлеп кетуі туралы бір кездері Сейдін, Тәжікей секілді Жаңаарқа өңірінің шежірешілерінен өзі жазып алған аңыз желісін баяндайды.

Тағы да сол аталмыш энциклопедияда «ХIV-ХVI ғасырларда Шора батыр бастаған Тамалар Дешті Қыпшақтағы, Қазақ хандығындағы, Ноғай ордасындағы іргелі елдердің бірі болды. Октябрь революциясына дейін бұлардың көпшілігі Орынбор, Ақтөбе, Троицк маңында, аз ғана тобы Орталық Қазақстанды, Сарысу өзені бойын мекендеді» – деп, тайға таңба басқандай көрсетіледі. Олай болса, осы кейінгі тарихшылар мен тарихқа таласы барлар түгел Таманы үдере көшіріп, Батыстан – сонау Жайықтың бойынан Арқаға құлатуға неге әуес? Одан да кезінде мұның сәл ұшқарылау айтылған пікір екенін мойындай салу әлдеқайда жеңіл, әрі тарих үшін де әділетті шешімнің бірі болмай ма?!

Кешегі азуын Айға білеген Кеңес Одағы тұсында жасалған көпірме сөзі мен жалған дерегі аздау ғылымның тиянақты дәлелдеуінен көріп, тұшынып отырғанымыздай, Таманың аз ғана тобы Орталық Қазақстан мен Сарысу өзені бойын ежелден жайлап келе жатқан ел екен. Алайда, Батыстан үдере көшкен Алшын бірлестігіндегі Тама мен Жағалбайлылардың әуелде қай жерге табан тіреп, кімдерден пана іздеп келіп еді деген жел сөздің айналасында күні бүгінге дейін ақиқаты толық аршылып, тоқтам жасалмай келе жатқан мәселелер баршылық. Сөз жоқ, жоғарыда айтылған мәліметтердің аужайынан анық аңғаратынымыз, әуелде олар өздеріне қарасты Арқадағы аз ғана ауыл – Тамалардың қатарына келіп қосылып, солардың қанатының саясын паналаған. Ендеше, бұған дейін де шет-шепірі айтылып жүрген бұл деректердің нобайы болашақта да осы басы ашық ыңғайда зерделене беруі керек.

Ал Тама шежіресін бір адамдай саралаған Ілия Жақановтың «Кейбір облыстарда үркердей боп шашырап жүрген Тамалардың қолда бар шежіресі бір-бірінен алшақ, бір-біріне ұқсамайтын, былыққан, бүлінген дүние» деген пікіріне де мән берілу керек. Өйткені көненің жады арқылы жеткен ауызша тарих деректері «айттым – бітті, кестім – болды» деген өзімшілдеу ноқтаға басы сыймайтын нәзіктін.

Қазақстанның Батысын мекендеген Кіші жүз руларының 1731-1934 жылдар аралығында басынан өткен зобалаңды «жеті көшке» бөліп, соның тарихы мен себеп-салдарына тоқталып, өзіндік көзқарастарын білдірген журналист Момбек Амангелдиев Елек бойынан Ұлытаудың шығыс жағына қарай жылжыған шеркештердің; дәл осы жылы Бұхарадан бір-ақ шыққан тама Жемей би бастаған Жөгі руының; Көтібар көтерілісі басылған соң Сарысу бойында отырған ағайындарына қосылған Тама мен Жағалбайлының; Исатай-Махамбет көтерілісі сәтсіздікке ұшырағаннан кейін Қостанай, Жезқазған облыстарының бос жатқан жерлеріне қарай шұбырған Бекей мен Қондық бастаған Жағалбайлылардың көші-қон жолдарын негізінен дұрыс көрсеткен (М. Амангелдиев. Кіші жүз қалай ауды? «Уақыт», шілде, 1992.).

Бұл жерде бір ескеретін мәселе: мұны қазақтың басына күн туғанда аяқ астынан тік көтеріліп, беті ауған жағына қарай боса жөнелген бағытсыз көш деуге әсте болмайды. Ежелгі көш жолдарының ізін жалғап, ендікті бойлай көшіп, даланы кең жайлаған Кіші жүз руларының ілкіден келе жатқан ескі сүрлеу жолдары көне тарих жазбаларында жақсы бедерленген. Патша заманында жасалған ескі сызба-қарталарда да Жайық пен Сыр, Қостанай мен Жезқазған өңірін көктей өтетін Кіші жүз қазақтарының байырғы көш жолдары анық көрінеді.

Алайда, Батыстан тік көтерілген бұл жолғы көші-қонның себебі мүлдем басқа еді. Теңдікке көнсе де, кемдікке көнуді білмейтін тең атаның баласы 1731 жылдан басталып, ақыры бүкіл қазақтың мойнына бодандықтың қамытын кигізіп тынған орысқа қосылу, жерді бөліске түсіру, Жайықтың екі бетін тел жайлау құқығынан айыру, Еділ мен Жайық арасындағы кең даланы жыл сайын өртеп, мал жайлымын тарылту, қамал-бекіністер мен қала салу сияқты қитұрқы саясаттың астарындағы жымысқылықты білгендіктен, азуын Айға білеген империялық пиғылға қарсы пәрменді күрестің жолына түсті. Мұның ақыры патша өкіметі мен қазақ сұлтандарының әділетсіздіктеріне наразы топтың 1772 жылы белгілі би, батыр Сырым Датұлының маңайына біріккен үлкен көтеріліске, оның ақыры Е. М. Пугачев бастаған шаруалар соғысына ұласты. Нұралы баласы Есім ханды өлтірген көтерілісшілер 1797 жылы жеңіліске ұшырап, екі жылдай Арал теңізінің Батысын мекендеп, кейін Хорезмге өтіп кеткен Сырым батыр орыспен ымыралас Хиуа ханының айласымен өлтірілгеннен кейін, кейбір Кіші жүз рулары Жайықтағы жайлы мекенінен ауа көше бастады. Сөйтіп, біздің Маралтай достың арғы аталары – Тама жұртының да Арқадағы байырғы ата қонысына қайта келуі осы оқиғаларға тұс келеді.

Өлкетанушы Пернебай Дүйсенбиннің жазушы Дулат Шалқарбаев шығар­маларының дерегіне сүйеніп жазуы бойынша, «1726 жылы жоңғарға қарсы қырғын соғыстан жеңіспен қайтқан Әбілхайырдан бөлініп, бірге жүрген қанды көйлек, жан қияр жолдастары Өтебай, Өтеген, Ремет, Жұма, Қозыбақ, Тойғұлы, Қосағалы, Түктіқұрт, Қарамерген, Бекберлі, Бурна, Ақша сияқты Кіші жүздің 17 батыры Абылай сұлтанның қол астында қалып кетеді. Бірінен-бірі ажырағысы келмеген әлгі батырлар Сарысу бойындағы Қоңырөлең, Толағай, Жарық, Бестау, Түгіскен деген жерлерді қоныстанып, кейін Батыста – Жайықтың бойындағы жұрттың біраз бөлігін көшіріп әкеліпті» (Үркердей болып көшкен жұрт. 14-б.0).

Мына мақаланың бір дерегіне сәл-пәл түзету енгізе кетудің артықтығы жоқ сияқты. Автор ХVIII ғасырда қазақ жерін жаулап алуды көздеген Жоңғар хандығы мен Маньчжур-Қытай империясына қарсы күресте үш жүздің басын қоса отырып, күш біріктірген, 15 жасында қазақтың жоңғарға қарсы соғысына қатысып, ерлік көрсеткен, 1771 жылы Орта жүз ханы Әбілмәмбет өлгеннен кейін орнына хан сайланған Абылай хан (Абылай сұлтан емес) Уәлиұлы хақында айтып отырса керек. Өйткені ХVII ғасырдың басында Сауран мен Түркістанды билеген Абылай сұлтан – Абылай-Әбілмансұрдың арғы атасы, Уәлидің әкесі емес пе? Кіші жүз жасағының құрамында болған әлгі 17 батырды 15 жастағы ақжелең Абылайдың қасында қалып еді дейтін болсақ, бұл әлгі батырлардың өмір сүрген дәуірлері мен жас өлшемі жағынан келгенде де ақиқат ауылынан онша алшақ кете қоймас еді.

Журналист М.Амангелдиевтің аталған мақаласындағы «Таманың Жемей би бастаған Жөгі руы Ырғыз бойынан Арқадағы Сарысу өзенінің жағасына келіп қоныс тепті. 1821 жылы Арынғазы, 1825 жылы Көтібар көтерілістері басылғаннан кейін Тама мен Жағалбайлының біраз бөлігі Сарысу бойында отырған ағайындарына келіп қосылса, енді біраз бөлігі Ұлы жүзге қарасты Шымкент жеріне келді» деген дәйектемелерде біраз шындықтың ізі жатыр. Жалпы бұл жұрттың Ырғыз бойынан көтеріліп келгендігіне негіз баршылық. Өйткені, қазіргі Ақтөбе облысына қарасты Қобда, Ойыл, Сағыз деп аталатын жерлер ежелде қалың Таманың жаз жайлауы болғаны бұрыннан бері жазылып келе жатқан белгілі жайттар (М. П. Вяткин. Сырым батыр. А., 1951, 108-б.).

Біздің бабаларымыз төрт түлік малының аужайымен Арқа мен Жайықтың қиырын жайлап, Сыр мен Қаратауды қыстап, көші-қон жағдайымен жүріп, байтақ дала төсіне талай соқпақ салған. Бастарына әлдеқандай күн туа қалған жағдайда кейінгі ұрпақтары бабаларынан қалған әлгі сүрлеулерге қайта түсіп, ес жиып, тарихтың есесінде кеткен кемтіктерін жамағанша әлгі көш жолдарынан жаңылмайтын болған. Қалың Таманың Арқаның сары белдеріне қайта келуі тарихтың есебі бойынша, нешінші рет екенін тап басып айту қиын, әрине. Бірақ алғашқы және соңғысы емес екені анық.

Уәли сұлтанның баласы Абылай ханның (1711-1781) қанды көйлек достарының бірі ретінде аталатын Рақпанұлы Қосағалы батыр халық арасына ауызша тараған кей мәліметтерде патша өкіметі зорлықпен кесіп алған жерлерді заңды иесіне – халыққа қайтарып беру мен тәуелсіз қазақ хандығын құруды мақсат еткен көтерілістің көсемі Кенесары Қасымовтың (1802-1847) жорықтас серігі ретінде де көрінеді. Осылай деп ой қозғаған профессор Қ.Асанұлы журналист Қалкен Смайылға сілтеме жасапты. Ал Қалекең болса, Қосағалы батырға қатысты бұл әңгімелердің нобайын 94 жастағы атасы Смайыл Жұмағұлұлынан естігенін айтады. Көріп отырғанымыздай, жазба дерек болмаған жерде әңгіменің ауаны да желдің ығындағы үкілі қамыстың басындай болып, бұлғақтай бермек. Алайда, сол әпсаналардағы негізгі баян, айтылмыш ойдың өзегі ортақ. Байтаққа басшы болған халықшыл ерді жалпақ жұрт өзінің қалаған дәуіріне лайық сипаттап, ол жасаған игілікті әркім өз заманының жетістігі ретінде көрсетуге тырысу тарихта бұрыннан бар, қалыпты болмаса да кездесіп отыратын жағдай.

Мақаланың авторлары 1839-1847 жылдары Кенесары көтерілісінен қорғану үшін патша өкіметі арнайы тұрғызған «Ақтау қорғаны» деп аталатын қамалдың бұзылу тарихы туралы айтады. Рас, мұндай қамал Ақтау адырының шығыс етегіндегі Манақа өзенінің сол жақ жағасында болған. Оның бұзылған орнының іздері де қазіргі Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданының орталығынан оңтүстікке қарай 80 шақырымдай жерде әлі күнге дейін үйінді болып жатыр. Әуелде Ақмола сияқты үлкен бекініс қала ретінде басталған қамал не бары 10 жылдай ғана өмір сүріп, Кенесары дүние салғаннан кейін әскери маңызы болмай қалған. Ал, енді, осы бекіністі талқандауға Қосағалы Рақпанұлы қатысқан ба?

Сөзіміздің барысында Қосағалы батырдың есімі Абылай ханның сенімді серігі ретінде аталатынын айттық. Әйгілі «Ақтау» қамалының талқандалу уақиғасы Абылай хан дүние салғаннан кейін аттай 60 жылдан соң, яғни 1839-1847 жылдары Кенесарының тұсында болғанын ескерудің маңызы ерекше. Олай болса, алдымен Қосағалы батырдың аталған екі тұлғаның қайсысымен дәуірлес болғанын әлде де нақтылай түсу қажет. Алайда, әйгілі «Ақтау» қамалын талқандауға Қосағалы батыр егде тартып, үлкейген шағында қатысуы мүмкін екенін де теріске шығара алмаймыз. Тарихтың бірден тап басып тануға келмейтін осындай тұстарына келгенде таным таразысына салып, деректерді салмақтай түскеніміз абзал.

Менің көңілімді ерекше аударған тағы бір мәселе Мақсат Тәж-Мұраттың «Түркістаннан табылған тора» (яһудилер және «яһудилік сана») атты зерттеу мақаласындағы мына мәліметтер (М. Тәж-Мұрат. Кәбиса жыл. Астана: Хұснихат, 2009, 103–126-б.). Көптің айтқан көбік сөзі мен таптаурын деректерден қашып, тыңға түрен салып жүретін эссешіл ғалым әлгі мақаласының кіріспесінде 1976 жылы тамыз айында сол кездегі Қазақ ССР Мәдениет ескерткіштерін қорғау қоғамының Орталық Советіне Түркістан қаласынан пергаментке беймәлім әріптермен жазылған көне қолжазба табылғаны жайында хабар түскенін айта келіп, оны зерттеген комиссия мүшелерінің мұны ескі еврей алфавитімен жазылған болуы мүмкін деген топшылауларына жан-жақты тоқталады.

Содан соң мына қолжазба еврейлердің қасиетті кітабы «Сефера Тораның» Түркістан жерінде «есте жоқ ескі заманнан» бері сақтаулы келе жатқан өте көне нұсқасы деп кепілдеме берген Илья Шимоновтың сөзін таразылай келіп, қолжазбаны зерттеген «Қос комиссияның есебінде қолжазбаның мұсылман зираты аумағынан табылғаны айтылмауы қалай?» деген күдікшіл көңілмен қария тарихқа көз жүгіртіп, қияларға бастайды. Леонид Васильевтің бұхарлық еврейлерді екі түрге бөліп, оның бірі – таулық еврей (джуга) деген пікірін қолдай келіп, «Әрі-берден соң қазақ шежіресінде джуганың табиғатына келіңкірейтін ру аты да сақталған ғой» деген пайымын «Көкек айы» деген шығармасында жазушы Тәкен Әлімқұлов әдеби кейіпкердің аузымен айтатын: «Аузы шайпау жұрт, бәлкім ішінен көре алмайтындар «Жөгінің түбі – жөйт!» – деп қиыспайтын нәрсеге телиді. Сондағы тілге тиек ететіні – бұл тайпаның ораза тұтып, намаз оқымайтыны» – деген сөзінің қазақ шежіресінің құпия көмбесіне жетелегендей болатыны туралы өзіндік ғылыми қисын жасапты. Мақаланың дәл осы тұсын оқып отырып, менің санамның түкпірінен «Осы біздің Маралтай шынымен де әлгі айта беретін Джугашвили тәрізді құрыш сойдан болып жүрмесін» деген жымысқы ой жылт ете қалды.

Түркістаннан табылған бір ширатпа қолжазбаның жайын зерделей келе, Жөгі руына қатысты жол-жөнекей келтірген ғылыми пайым соңын «Таманың екі үлкен бөлімінің бірі жөгілер шежіре бойынша, ертеректе Сыр бойындағы Жосалыдан ірге көтеріп, Шу арқылы Арқаға, кейін Сарысу өңіріне кеп орнығады. Сыр бойына қайдан келгені мәлімсіз. Шежірелік мәліметтерге бақсақ, Орал-Жайық бойынан ауған. Алайда, бұдан бұрын келтіргеніміздей, Тама ерте ортағасырларда арғын, қыпшақ, қоңыратпен бірге «тобыр» («көп») тайпалық одағының құрамында Түркістан мен Хорезм арасын кіре қыстап, шыға жайлап жүреді. Жөгілер осындағы джабрлардың ықпалына түссе де, бәлки Еділ бойында баяғы хазар иудейлерінен қалған жұқана болса да, ру атауына негіз болып қаланған жөгі сөзі бір кездегі прозелиттік яһуди тобының жүре-бара жаңа діннен қол үзуін білдіре ме дейміз. Тіліміздегі жөгі, жөгі нар – түйенің жақын туыстарының шөжіген ұрпағының бір атауы» деп, мың сан күрмеусіз сауалдарды сонау алыс дәуірдің қойнауына апарып, ойын оңай күрмейді. Берідегі болмаса да мүмкін әрідегі протожөгілерге қатысы болуы мүмкін бұл ойдың тінін өрбіте зерттеп, келешек ақиқатын анықтай түсер. Шытырман тарихтың өзегіндегі мұндай тылсым жайттардың анығы Аллаға ғана аян ғой! Ал сіз бенен біздің білуімізге жазылған нәрсенің тым шектеулі екені өкінішті, әрине.

Қалай болғанда да, түп-тұқиянда мүлдем басқаша көрініп тұрғандықтан, бүгінгі ұрпақтары тіксініп қалуы мүмкін Жөгі жұрағатына қатысты мына деректе әжептәуір таласты пікірлердің бары жасырын емес. Мәселе қазіргі сіз бенен біздің байырғы ата-бабамыз туралы нені естіп, олардың тарихи тегінен кімді және қандай тұлғаны көргіміз келетіндігінде емес. Шын мәнінде, бұл халықтың қайдан шығып, кімдермен араласқан ескі сүрлеуін ажыратып алу бәрінен де маңыздырақ. Олай болса, ет пен сүйектен жаралған адам-пенденің білдірген пікірлері мен жасаған ғылыми жорамалдары бір өңкей ақиқаттардан тұрады деп ешкімнің де кесіп айта алмасы анық. Тап осы тұсқа келгенде біз де тізгін тарта тұруды мақұл көрдік.

Жаратушы Иенің шарапатымен бүгінде ақар-шақар ел болып, өсіп-өніп отырған Таманың Жөгі әулеті 1928 жылы Арқада құрылған Сарысу ауданының негізін құраған 7 болыс елдің Үшабыз (Жөгінің Сүттіабыз, Құттыабыз, Есенабыз), Шонай (Кедей, Төлеген), Сарыкөл (Байеділ, Берді, Шажа, Ботқашы, Жарқын, Жарас), Мұңлы (Төлеп, Құлмырза, Шақа, Қырықбойдақ), Қосағалы (Шағырдан шыққан Молдас, Көзей, Айдар әулеттері) тәрізді бес болысының құрамында болған екен. Тағдырдың тәлкегін көп көрсе де, тамалар Сарысу атауында бақ-береке мен құт-несібе барын білсе керек. Әуелде патша өкіметінің «Ережесіне» сәйкес құрылған Ақмола облысының құрамындағы Сарысу уезін, кейін Жамбыл облысының солтүстік-батыс бөлігінде орналасқан осы аттас ауданның жерін ұрпағына жайлы қоныс еткенше бұлар байырғы бабалары еншілеген «таманың тәуекелінен» бір танған жоқ, әлі де сол сүрлеудің ізінде келе жатыр.

Арқадағы Керегетас, Қызыларай тауларынан басталып, Ұлытау баурайынан ағып өтіп, Жезқазған арқылы оңтүстікке қарай беттейтін Сарысу өзені Тама жұртының жүрегінде. Өйткені, бұл аймақтың қызыл-қоңыр топырағы да, боз жусаны мен баялышы да, күйреуік пен көде шығатын сары белдері де сол баяғы асыл бабалары көшкен абыз дала – Сарыарқаны үнемі еске салып тұратындай.

Маралтай ақын сол жайсаңдардың бір жұрағаты!

 

Берік ЖҮСІПОВ,

фольклортанушы.

 Пікірлер: 1
 Оқылған: 2525
Барлық пікірлер: 1
Спам # 1
18.10.2016
Бәке, ассалаумағалейкүм! Мен 2012 жылы Сөрті өзенінің бойында орналасқан Мәуленберлі кесенесін қалпына келтіріп едім. Мәуленберлі туралы деректерді жинастырып жатырмын,  Ол бабамыз Тама-Жөгі-Қырықбойдақ. Бір деректер бойынша ол кісі Ықылас Дүкен ұлының 4 атасы боп келеді. Осыған не дер едіңіз? Қандайда бір деректер болса, ойыңыз болса бөліссеңіз.
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1094
count 88x31px