Бегазыдай биік тұлға - Тұлға - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 08.12.2016


Бегазыдай биік тұлға
Өмірде атақ пен даңққа, байлық пен дәулетке мастанып, шалқып-тасып бақытты дәурен сүріп өткендер қаншама?! Тіршілігінде ел-жұрты аяқ-қолын жерге тигізбей, әулиеден артық көріп, төбесіне көтерген сондай жандардың барлығының есімдері бірдей халықтың зердесінде сақталып, айтыла бермейтіні ақиқат. Мансап қумай-ақ ел қатарлы қарапайым қызмет істеп, өмірден озғанына  қанша жыл өтсе де, есімі ұмытылмайтын, уақыт өткен сайын ардақтала беретін жандар болады. Тіршілігінде ақтоғайлықтардың жүрегінің түкпірінен құрметті орын алған Мейрам Шорин ағамызды сондай адамның бірі деп айтуға болады.
Бүкіл Ақтоғай төңірегінде Мейрам ағамыздың халыққа жасаған жақсылықтары жайлы білмейтін, кейінгі жастардың арасында естімеген адам кемде-кем. Өз басым осы өңірде туып-өскен азаматтардың бірі, Мейрам ағамызбен жиен күйеу ретінде, жақын араласқан, досындай, сырласындай, туған бауырындай сыйласқан Төлеужан Ахметбековтің «Еңсесі биік азамат» деген естелігін оқып, жақсы ағамыз жайында айтылған біраз жайларға қанық болдым. Білдірген жылы лебіздеріне тәнті болғандықтан, ол кісі жайлы көбірек іздеп, ескі газеттерді ақтарғаным бар. Аз жазылмапты. Көзі тірісінде жазылған очерктер, өмірден өткеннен кейінгі көзкөрген ауылдастарының, араласып-сыйласқан замандастарының естеліктері әсерлендірмей қоймады. Абай бабамыз айтқандай, үш асыл нәрсені – нұрлы ақыл, ыстық қайрат, жылы жүректі өміріне тірек етіп, маңайындағыларға жақсылық шуағын төге білген ағамыздың азаматтық тұлғасын сол бір жазылған естеліктерден жақынырақ тани түстім.
Мейрамның әкесі – Шәріп Шора-ұлы 1938 жылы Ақтоғай ауданында жер бөлімінің бастығы болып қызмет жасап тұрғанда жазықсыз жалаға ілігіп, саяси қуғынға ұшыраған азаматтардың бірі. Төрт қыздан кейін туған жалғыз мұрагері болғандықтан, Шәріп баласы Мейрам туғанда сол кездің өлшеміне сай, ат жарыстырып, балуан күрестіріп, айтулы той жасаған. Әкесі  ұсталған жылы анасы Жұбаныш та дүниеден озып, Мейрам ағамыз екі жарым жасында үлкен әпкесі Күлбарамның тәрбиесінде қалады. Жездесі Базыл Әкімбеков пен әпкесі сегіз жасқа толған Мейрамды 1944 жылы Балқаш қаласындағы мектепке оқуға береді. 1951 жылы 7-сыныпты бітірісімен, Қарқаралы қаласындағы зооветтехникумға оқуға түсіп, 1953 жылы арнайы мамандық алып шығады. Осында жүріп, комсомол қатарына өтеді. Ал, ол уақытта қолында дипломы бар әрі комсомол қатарына өткен жас маманға жұмыс табу қиын емес еді. Қызметке бірден қабылданатын. Заманның сол бір жақсылығы Мейрам ағаның болашақ қызмет жолында өсуіне алтын көпір болған-ау деп ойлаймын қазір. 1953 жылы Ақтоғай ауданындағы Қарабұлақ машина-техникалық станциясына (МТС) экономист болып орналасады. Осы қызметте жүргенде өмірлік серігі Зияда Байдалықызымен табысып, отбасын құрады. Сол кезде жасы небары 19-да ғана болыпты. 1956 жылы дүниеге тұңғыш перзенті Әлжақсы келгенде жиырмаға енді толған жігіт екен. Қатарластарынан бұрын әке атаныпты.
1958 жылға дейін МТС-тегі экономистік қызметін атқарып, сол жылы Қарабұлақтағы гидрометеорологиялық қызметке бақылаушы болып ауысады. Осы жерде 1962 жылға дейін еңбегін жалғастырған.
1962 жылдың соңы мен 1963 жылдың басында Ақтоғай ауданындағы колхоздар таратылып, олардың орнына 6 кеңшар құрылғаны белгілі. Сол кеңшарлардың бірі – бұрынғы «Сталин», «Қызыл ту», «1 май» және 8 март колхоздарының негізінде құрылған ХХІІ партсъезд атындағы шаруашылық болатын. Мейрам аға осы кеңшар директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары болып тағайындалады. Бұл шаруашылық басқару жүйесінде тәжірибе жинақтаудың алғашқы сатысы еді. 1965 жылы туған ауылы «Қаратал» кеңшарына қоныс аударып, онда алғашқыда техника қауіпсіздігі жөніндегі инженер, кейіннен кеңшар директорының шаруашылық істері жөніндегі орынбасары қызметін атқарады. Төрт жыл туған ауылына қызмет жасай жүріп, мектептен сырттай орта білім алады.
1969 жылдың 20 мамыры Мейрам ағамыздың өміріне бетбұрыс жасаған күн болып қалды. Мейрам Шәріпұлын Ақтоғай ауданының орталығындағы №350 жол пайдалану мекемесіне бастық етіп тағайындайды.  Көп ұзамай коммунистік партия мүшелігіне қабылданады. Өмірінің соңғы демі біткенге дейін осы қызметті атқарып, он үш жылдың ішінде ауданның жол құрылысын дамытуға елеулі үлес қосып, өз қолтаңбасын қалдырады.
ДЭУ-250 мекемесін Мекең басқарған жылдары аудан орталығы мен ауылдарды жалғайтын жолдардан басқа құрылысы ертеректе басталған «Ақтоғай-Қарағанды» тас жолы аяқталып, «Ақтоғай-Балқаш», «Ақтоғай-Қызыларай», «Ақтоғай-Нұркен» көтерме жолдары салынып, пайдалануға берілді. Мекең салып кеткен жолдар – аудан экономикасының дамуына үлкен ықпалын тигізген, ауыл халқына оң өзгерістер әкелген маңызды құрылыстар, халық күні бүгінге дейін пайдасын көріп келе жатқан игілігі мол жобалар.
Мейрам ағамызды жақсы білетін, көзі тірісінде жиі араласып тұрған Т. Ахметбеков естелігінің бір жерінде ол кісінің ерекше қасиеттерін жақсы суреттеген екен.
«Мекеңнің өмір сүрген ортасы әр қилы болғанмен, өзінің табиғат жаратқан өжеттілігімен, ізденімпаздығымен, көпшілдігімен қатарластарынан еңсесі биік, ойы-өрісінің кең, кісілігімен дараланып тұратын. Қандай қызметте болсын талапшыл, іскерлігімен, жауапкершілігімен, бауырмал, кішіпейілдігімен әр адамға етене жақын, жанашыр болып кететін. Ол адамдарды өзіне жақын тартып, ешкімді бөле жармайтын. Әр істе еш адамға зияны тимейтіндей шешім қабылдап, көмек жасаса, өзіне де, өзгеге де қайырлы болғанын ескеретін. Қызмет атқарған ортада ерекше құрметпен сыйласа жүретін, тыңғылықты істер атқаратын.
Мейрам аудандық жол пайдалану мекемесінде бастық болған жылдары ішінде халықтың қадірлісі болды. Мекеңнің бір қасиеті  – елдің де тілін, үкіметтің сеніп тапсырған жұмысының да қыбын тауып, тізгінді тең ұстайтындығында. Жоқ-жітікке қамқор болатын қасиеті ерекше-тін. Аудан көлемінде бір отбасында реніш бола қалса, ДЭУ-дің тракторы сол үйдің есігінің алдынан табылушы еді. Ал, аудан орталығында болса, таң атпастан Мекең сол үйдің алдында мол пішілген денесіне шапаны жарасып, бульдозермен қарын күретіп, өзінің міндетті жұмысындай қарайтын. Үйге шөп түспей жатыр ма, отын әкелінбей жатыр ма, соғымға машина табылмай жатыр ма, әйтеуір халықтың үлкен-кішісі Мекеңнің алдынан шаруасын шешіп жататын. Осыншама халық мұқтажын шеше отырып, міндетті мемлекеттік жұмысынан да абыройы көтеріліп жүретініне қызыға да, таңдана қарайтын едік. Өйткені, Ақтоғай селосында орналасқан ДЭУ-350 мекемесі облыстың басқа жол пайдалану мекемелерінің алды, облыстық, республикалық жарыстардың жеңімпазы болды. Мекеңнің жеке басы да мемлекеттік наградалармен және әр деңгейдегі мақтау қағаздармен, дипломдармен марапатталып, еңбегі елеусіз қалған жоқ. Халықтан алған алғысы – бір төбе. Туған жер мен елге сіңірген еңбегі оны Ақтоғай өңіріндегі елеулі азаматқа көтерді» деп еске алады Төлеужан аға.
Үстіміздегі жылы Мейрам Шәріпұлының туғанына 80 жыл толды.  Осыған орай, балалары ардақты әкелерін еске алып, үлкен ас беріп жатыр. Олардың бұл ықылас-ниеті қазақтың «Өлі жарымай, тірі байымайды» деген даналығынан бастау алып, ұлағатынан мол сауап тапқан амал екенін айтқым келеді.
Қуандық МАҚСҰТҰЛЫ.
Ақтоғай ауданы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 166
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px