Болмысы бөлек еді... - Тұлға - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

Болмысы бөлек еді...
Биыл есімі белгілі тележурналист, тіліне тотияйын ұйыған сатирик Мартбек Мекентайұлы ТОҚМЫРЗАНЫҢ небары 42 жасында өмірден озғанына алты жыл болды. 8 наурыз – Мартбек марқұмның туған күні.
Алматының   ҚазМУ-ында  оқып жүрген Мартбек аға студент кезден-ақ біздің аймақ мақтанышына айналды. Сессия аралығында ауылға келе қалса, мектеп оқушылары онымен кездесу өткізуге асығатын. Сол бір жанның талантына сырттай таңдай қағып жүрген жас жеткіншектің бірі – мен едім.
Бірде  «Алматыдан Мартбек ағай келіпті» дегенді естіп, үйіне бардым. Аққұба келген ақжарқын ағам аңқылдап қарсы алды. Мектеп қабырғасында жүрген мен «ертенгі күні  сіздей журналист болу – арманым» деп, әңгіменің ашығын айтып салдым. Мартбек аға маған жымиып бір қарады да, төргі бөлмеге еніп кетті. Сәлден соң қолына бір дәптер ұстап шықты. «Әзірге мына дәптерді оқып, таныс, өзгесін кейін көре жатармыз», – деді. Маған дәптер емес, журналист болуға жол ашар керемет құжат бергендей қуанып, үйге қайттым. Бұл дәптер мен үшін журналистика жайлы мағлұмат беретін бір қазына сынды  көрінді. Дәптерді ашып қарағанда, таңданысым одан бетер артты. Мұндағы жазу емес, ақ қағаз бетіне түскен өрнек дерсің. Мартбек ағаның мінезі қандай биязы болса, жазуы да сондай сәнді еді.
Ақыры арман алдамай, Алла жазып, мен де журналистика факультетінің студенті атандым. Жоғары курсқа келгенде «Тележурналистика» пәні енгізілді. Бұл жолы да айым оңынан туды. Сол жылдары денсаулығына байланысты Қарағандыға қызмет ауыстырған Маркең бізге тележурналистикадан дәріс беруге келді. Біз Мартбек ағайдың сабағында өзімізді студент емес, онымен теңдес мамандай сезінуші едік. Ағай шұбыртып лекция жазғызтып, иә болмаса, тәптіштеп түсіндірмейтін. Күліп тұрып, орасан мағлұмат беретін. Ақжарқын  әңгіме өзегін ағытып, сол жай әңгіме орайында тележурналистика турасында талай жайтты жадымызға құйып үлгеретін. Қарағанды мемлекеттік университетінде журналистика кафедрасы енді ашылып, алғашқы қарлығаштарын қабылдап жатқанда Мартбек аға студенттер үшін көктен сұрағанды жерден тапқанмен тең болды. Ол кісі сол кездің өзінде теория мен тәжірибені қатар алып жүрген, әрі сатира жанрында өз бағасын алып үлгерген танымал журналист еді. ҚарМУ қабырғасынан енді ашылып жатқан журналистика кафедрасы студенттеріне  телестудияны алғаш таныстырған да Мартбек аға болатын. «Біз жанбасақ...» деген тақырыпта бағдарлама ашып, болашақ журналистерге бұл мамандықтың мәнін шынайылықпен түсіндіруге тырысты. Мартбек ағай «журналист үшін алдында отырған адамды тыңдай білу де – өнер» дейтін. Ал, журналист жұрттың жоғын жоқтап, аталы сөзге тоқтап, айтарын тыңдата білсе, ол да – өнер. Мартбек аға бұл мамандықтың бір ғана қасиетін айтып, қалғанын нағыз журналист өмірлік тәжірибеде өзі түйсініп, түсінеді дегенді меңзегендей.
Мартбек аға айтқан әр сөзінің салмағын, ойының нені меңзегенін мен енді түсінгендеймін. Күнделікті қызмет бабында талай жайтқа тап болып, талай тығырықтан шығуда ұлағатты ұстаз, ақылшы ағаның айтқан әр сөзі маған бағыт беретіндей. Алдыңа келген адамды жайдары жымиып қарсы алу, студияда әр бағдарламаның  бағытына қарай өзіңді ұстай білу, айтқан ақпарыңа көрерменнің көзін жеткізуде небір тәсіл бар. Соның бәрін алдымен Мартбек аға, одан кейін өмірлік тәжірибе үйреткендей.
Мартбек ағайда Алла берген талант, дауыс құдіреті тамаша болды. Кадрдан тыс мәтін болса да кез келген көрермен Мартбек ағайдың дауысын жазбай танитын. Ол сатирада сан құбылып, ойнақылықпен ойын тамаша жеткізетін. Ал, салмақты бағдарлама болса, оның салиқалы кейпін көретін едік.
Мартбек аға – қазақ журналистикасында өзіндік орнын алған марқасқа еді. Ағайдың алдынан өтіп, одан тәлім алған талай студент бүгінде тележурналистиканың білікті маманына айналды. Ұлағатты ұстаз артына өшпес ізін қалдырды. Ағайдан үйренген сол  тәжірибе, сол ақыл – бізге, кейінгі ізбасар журналистерге өмірлік азық. «Болмасаң да ұқсап бақ» демекші, Мартбек ағайға ұқсап танымал тележурналист болу менің арманым.

Мартбек ТОҚМЫРЗАҒА

Қаламымды ұштап едің,
Талантыңа құштар едім.
Надандыққа дұшпан едің,
Талайларға ұстаз едің.

Достықта сен адал едің,
Әлсіздерге қамал едің.
Туған жерге шын берілген,
Сарыарқаның самалы едің.

Жымиып қана жүруші едің,
Шын күлдіре білуші едің.
Сатираны садақ етіп,
Жамандарды ілуші едің.

Аға болып аңқылдаушы ең,
Жұлдыздайын жарқылдаушы ең.
Экранға шыққан кезде,
Тосылмай сен саңқылдаушы ең.

Қоңыр үнің жұртыңа жағымды еді,
Қаламың да мұқалмас қарымды еді.
Жүз жылда бір туатын дарын едің,
Мартбек аға, өзіңді сағынды елің!

Әсел СӘБИТОВА,
тележурналист.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 315
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px