Дегдар - Тұлға - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

Дегдар
Алашордашыл атымтай Ақайдың Қасенінің жылқысын бағып жүрген Мотышбайдың Мұқашы алыстан қара жолдың шаңын бұрқыратып шыға келген сәнді пәуескені көрді. Айшылық алыс әйгілі Қазан қаласынан Қояндыға келе жатқан пәуескенің ішіндегі текті қазақ, әкесіндей болып кеткен Қасен байды күтіп тұруға тағат қайда, қарсы жүріп, шамалы уақыттарда пәуескемен қатарласа берді. Амандық-саулықтан соң, пәуескенің ішінде отырған көздері қарақаттай, қабақтарында қайғы-мұңның ауыр табы бар он шақты қыз баланы көрді... Ол кезде жас Мұқаш пәуеске ішіндегі татардың апалы-сіңілі екі қызының ең көріктісі, Әсимаға үйленіп, одан біз бүгінгі әңгімеге арқау еткелі отырған Ұзақбайдың туатынын білген жоқ...
Пәуескенің доңғалағы тарихтың жүрісін санап,  ары қарай сықырлай қозғалады...
Мұқаш пен Әсима көңіл жарастырды. Тұла бойы тұңғыш – Ұзақбай дүниеге келді!
Пәуескенің доңғалағы әлі қозғалыс үстінде.
Сол Ұзақбайдың өзі, міне, сексеннің сеңгіріне шықты.
Мирас АСАН,
«Орталық Қазақстан»

Шәркейсіз шәкірт
Әуелгі әңгімеге қайтып оралайық. Ұзақбайдың әкесі Мұқаш – Қаракесек-Жалықпастың бір бұтағы еді. Қоянды жайлауындағы Қорық деген бөлімшеге қоныс теуіп, татар қызы Әсимадан бес бала сүйер-сүйместен майдан даласына мылтық асынып, асығыс аттанады... Содан хабар-ошарсыз. Шиеттей бала-шағаны жалғыз өзі асырап, Әсима жары елде қалады. Қиын-қыстау жылдардың бірінде колхоздың сиырын сауып, бейнеттің ең ауырын басынан өткерген жесір ана – Ұзақбайын бастауыш мектепке берсе керек. Талапты бала ол оқуды оқи алмайды... Себеп – сабақ қиын емес, аяқ киім. Екі жылдай бір жарым шақырымдағы бастауыш мектепке жалаң аяқ барып оқиды да, қар бекігеннен кейін, шәркейсіз шәкірт қатарынан қалып, зиыны білім алуға құштардың киімі болмай, шарасы таусылады. Шеше – сауыншы, әке – хабарсыз... «Өмірім малшының жалшысы болып өтетін болды» деп, қатты кейіген Ұзақбайдың өмірі өкініш пен өксіктен басталыпты, солай...

Тірі жетім Ұзақбай Қорықтағы Сталин колхозының қара жұмысына ерте араласады. Өгіз айдайды, егін орағына кіріседі, лобогрейкада отырып бау лақтырады. Бұғанасы бекімеген бас-алты жасар балалардың ішіндегі ширағы да – Ұзекең. Соғыс уақытында кім оңып отырған? Әкесінің апасы Әбибаның күйеуі мен үш ұлы бірдей соғыста хабарсыз кетіп, Егіндібұлақта жалғызілік болып отырған соң, Ұзақбай сол шешесінің қолына бармаққа бекінеді. Бірінші сыныпқа Егіндібұлақтан қайта барып, он сыныпты абыройлы ақыры тәмамдап шығады. Балқантаудың басынан арша тасып, арқа еті арша, борбай еті борша болып жүріп, оқу мен еңбекті қатар тізгіндейді. Еті тірі, талапты Ұзақбайдың өмірі осы бағытта қаншама жеміс береді. Бозбала шаққа өткенде әскер қатарына шақыртыпты. Оны естіген Әбиба апасы военкоматқа өзі барып: «Соғысқа кеткен үш ұлым мен күйеуімді қайтарсаңдар ғана Ұзақбайымды жіберуім мүмкін» деп есікті тарс жауыпты...
Одан кейін де ол Ананың біздің кейіпкерге жасаған жақсылығы, көңіліне демеу, өміріне медеу болғаны туралы әңгімеміз арасында әр уақытта айтып отырамыз. Өмір жолдарының бұралаң-бұралаң әр жылдары араға салынып, туған шешесі Әсиманы он алты жылдан кейін бір-ақ кездестірген Ұзекеңнің тағдыр-тарихы одан әрі былайша өрбиді.
Сонымен...

Жүсіпбекпен жүздескен...
1956 жылы онжылдықты тәмамдаған Ұзақбай, сырттай жоғарғы оқу орнына құжат тапсырып, өзінің бозбала шағы өткен Егіндібұлақтың аудандық мәдениет үйіне директор, екі жылда  инспектор, кейін 1961 жылы аталмыш ауданның мәдениет бөліміне меңгеруші болып бірден қызметке орналасады. Тоғыз жылдан аса толайым табыстарға жеткен Ұзақбай Мұқашев айтылған уақыт аралығында  ауданның мәдениеті мен өнеріне ерекше серпін әкеледі. Еңбек жолын мәдениет үйінің директоры болып бастаған жас маманның еңбегі нәтижелі, әр басқан қадамы сәттіліктерге жолдас болады.
1958 жылдары мұғдарында ән дүлдүлі, Абай әндерін бұзбай жеткізуші жезтаңдай Жүсіпбек Елебеков Ұзекең ұйымдастырған  мәдениет саласындағы екі шараға өзі келіп қатысыпты. Осы жерде белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Қасымбек Медиев Егіндібұлақта идеология жөнінде райком хатшысы болып тұрғанда мәдениет пен өнерге қатты көңіл бөлініп, Ұ.Мұқашев басқарған өнер ортасы аса бір ыждаһаттылықпен ынталы іске ден қойғанын да айта кеткен жөн.
Ұзақбай басқарған аталмыш ұжым 1967 жылы Алматыда өткен Октябрь революциясының 50 жылдығына байланысты республикалық көркем өнерпаздар байқауына қатысады. Тоқсан жеті адамның басын қосып, әрқайсының шығармашылығына жеке-жеке дайындық жасап, он күн фестивальде өнер көрсетіп, республиканың екі жүзге тарта село-аудандарының арасынан І орын алып қайтады. Жиырма-отызға тарта лауреат шығады. Ішінде А.Сәрсенова, Қ.Момбеков, Қ.Сәрсекеев, С.Қорабаева, Ш.Мағазов, Ж.Әлин, Т.Ілиясов, Қ.Жасымбеков, Қ.Кәріпбаев сынды өнер тарландары бар. Аттары аталмай жатқандары қаншама?! Осы өнер иелерінің барлығы, ішінде өзі де, Жүсекеңнің алдын көріп, ән айту мәнерін үйреніп, реті келгендері қолынан ет асағандар. Ауданға арнайы келген атайы әнші Жүсекең ән айтудан бөлек, қазақ тарихына қатысты көп деректерге жас таланттардың санасын суарып, дұрыс бағытқа жөн сілтеп қайтады екен. Ұзекеңдерді қасына ертіп, өзі туған Күдері-Шүдерінің бейіті дейтін Қойтасқа, қазіргі Абай совхозының Тоқай деген бөлімшесі, Қаратау жағына қарай  ата қонысына барып, зиярат қылып жүретін болған.
Сондай шақтарда бойында атадан келген қасиет, анадан дарыған кие бар, Ұзақбай да ән шырқайды екен. Жүсекеңнің «Көк көбелегін», «Тракторшы қарындасын» нақышына келтіріп шырқар серілігін де осы жерде айтып өтуіміз – парыз.

1958 жылы сол ауылдағы бір үйдің жалғыз баласы, кейін тағдыр тауқыметін көп көрген Рымкен Омарқызы атты бойжеткенді кездестіріп, отау құрады. Кітапханада, сот саласында, білім ошақтарында өзіне лайықты жұмыстарды тиянақты атқара жүріп, он төрт құрсақ көтереді. Екеуі жастай шетінеп кетсе керек... Қазіргі таңда он екісі өз алдына әулет болып қалыптасқан. Барлығы жоғары білімді. Ел бетінің қаймағына айналған елеулі жандар санатында. Ата мен анаға бек қамқор жандар.

Ұстаз – Ұзақбай
Кейін институтты сырттай, 1970 жылы бітірген бетте райком хатшысы шақырып алып: «Сен әлі жассың, партия жұмысына аламыз» деп, аудан іргесіндегі жанданып тұрған Абай совхозына партком секретары қылып, жаңа қызметке тағайындайды. Аудан өндірісінің негізін құраған 4 мыңға жуық халқы бар, мал шаруашылығы дамыған, үлкен совхозды басқару – бір жағынан қиын болса, бір жағынан қызметте биік өрлеуге сәтті баспалдақ болады. Он алты жыл тап жылжымай сол салада есепсіз еңбекке саналы ғұмырын сарп етеді. Кейін 1986 жылдан бастап 2005 жылға дейін білім саласына құлаш сермейді. Мектепте тарихтан сабақ беріп, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, мектеп директоры лауазымдарын адал сеніммен атқарады. 1996 жылы Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің үздігі болады. 1995 жылы құрметті демалысқа шығып, ғибратты ғұмырда тұрақты түрде аудандық партия комитетінің мүшесі, аудандық советтің депутаты болып тұрады. Облыстық атқару комитетінің Құрмет грамотасымен, бірнеше мерекелік медальдармен, марапатталады. Жұбайы Рымкен апа екеуі де еңбек және тыл ардагерлері.

Түйін
Заманында  өзі салдырған Егіндібұлақтағы Мәдениет үйі әлі еңселі бой тіктеп тұр. Жұмыс атқарған уақыттарда қаншама кадрлардың өсіп шығуына септігі тиген жан ретінде де Ұзекеңнің еңбегі атап айтуға тұрарлық. Қазірде елге тұтқа, жерге ие азаматтардың біразы, мәселен, Темірболат Мәжитов, Бауыржан Қаппасов, Олжас Мұхамеджанов, Тоқтас Асқаров осы біздің кейіпкердің шекпеніне шықты деу – заңды.

Шаңырақтарына Мәдениет Ешекеев, Рәбиға Есімжанова, Мағауия Хамзин, Әзидолла Есқалиев сынды хас таланттар түсіп, оларға лайық құрмет жасаған Ұзақбай ата мен Рымжан апаның дастарханы  – дала, көңілі – бала.
Бір сөзбен айтқанда Ұзақбай – дегдар. Бойындағы өнері бір төбе болса, іскерлік қыры мен адамгершілік сипаты бөлек пішілген, түр-тұлғасы келісті, елге сыйлы аса қадірлі азамат.
Сексеннің сеңгіріне шығып, бала-шаға, туыс-жекжаттың ортасында Алла берген сыйды тәубемен өткеріп отырған өз заманының өр тұлғасы.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 168
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px