Додаларды дүбірлеткен «Дәридай» - Тұлға - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016


Додаларды дүбірлеткен «Дәридай»

Азан шақырып қойған есімі – Мұқанбетқали. Алғашында аяулы асыл анасы ғой “Мұқаш” деп еркелеткен, кейін айналасындағылар да солай атап кетті. Бірақ, ол қазаққа “Дәридай” болып танылды.

“Бір кем дүние...” деп толғанады Шерхан Мұртаза. Төрт құбыласы түгел ешкімнің де, ештеңенің де жоқтығын ол біздің санамызға осылайша сіңірді. Мысалы, бай мен кедейді салыстырсақ. Кедей үшін бір кем дүние – жоқшылық. Бірақ, жаны – тыныш, күнделікті бір үзім нан табылса, көңілі соған қанағат. Бай ше? Бәрі бар, не ішем, не жеймін демейді, не киемін демейді. Бірақ, сол байлығын ойлаумен-ақ оның ұйқысы қашады екен. “Бір кем дүние...”.

Мұқаңа Алла Тағала ақпа-төк ақындық дарын берді. Бірақ... тоғыз перне, бір ішектің тілін табатын талантқа келгенде сараңдық танытқанын қарасайшы... Тіпті, сол домбыра тартуды үйренбек ниетпен дәулескер күйшілердің бірін арнайы іздеп барып, соның үйінде апталап түнеп те жатты. Болмайтын нәрсе болмайды екен. “Бір кем дүние...”. Сосын айтысты өзіне ғана тән «дәй-дәри-дәридәй» дейтін мақамына салып жалғастыра беруден басқа амал қалмады. Әрине, оның домбыра тарта алмайтындығын сылтауратып жолын кескендер аз болмады. Дегенмен, халықтың көңілінен шықты, сондықтан да, көпшілік сүйсінгендіктен де оны «Дәридай ақын» деп атады.

– Бір айтыста қазылар төрағасы болып марқұм Еркеғали Рахмадиев ағамыз отырды. Басқа қазылар мені қолдағанда ол кісі «домбыра тарта алмайтын адамды, вообще, айтысқа жолатпау керек еді» деп тастабандап отырып алды, жеңісті басқа ақынға бергізді. Кейін ағамыз Ұлытауға қонаққа келді. Қадірлі ағаға «төбемізбен жүріп» қызмет еттік. Бір реті келгенде мені мақтады. «Төгіліп тұрған төкпе ақын» деді. «Қаншама ақындардың өлең-жырларын жатқа оқиды» деді. Не керек, әйтеуір, аяқ-қолымды жерге тигізбеді. «Ауылға келгенде мақтайсыз, Алматыдағы айтыста домбыра тарта алмайды» деп даттайсыз» деп қалдым әзілді-шынды. Ағам сәл бөгеліп, қысылып қалды да «кімнен қателік кетпейді, қарағым» деді. Мен ағаның мұнысын кешірім сұрағаны деп түсіндім,– дейді Мұқаң домбыра тарта алмайтындығына байланысты кездескен көп кедергілердің бірі туралы.

Хош, домбыра тарта алмайтын Мұқаш Сейтқазинов айтысқа қалай келіп жүр?

– ”Айтыс” болатын кезде басқа дүниені, тіршілікті ұмытып, теледидар алдына жиналатын едік қой. Біздің ауылда “Алматы”, қазіргі “Қазақстан” телеарнасы көрсетпейтін болғандықтан, айтысты көру үшін мотоциклге мініп алып, 30-40 шақырым жердегі көрші ауылға баратынбыз. Бойда ақындық болғанымен, «айтысқа шығамын, айтыскер ақынға айналамын» деген ой ешқашан миыма кіріп те шыққан емес. Бірде «райком» шақырып жатыр деген соң, Ұлытауға бардым. «Неге шақыруы мүмкін?» дегенді жол бойы ойлап келдім, бірақ, ұштығына жете алмадым. Сөйтсем... олар менен айтыс ақынын жасап шығаратын жоба дайындап қойыпты. «Жақында Жезқазғанда ақындар айтысы өтеді екен, соған Ұлытаудың атынан бір ақын шығарыңдар» деп жатыр» деп «райкомдағылар» ақыры, мені көндірді. Бұлғалақтадым, болмады. Нартәуекелге бастым. Жезқазғандағы айтыстан соң Жүрсін Ерман бірден Алматыда өтетін айтысқа шақырды. Жүрсін жеріне жеткізе мақтады. «Керемет ақын, айтыстың үлкен олжасы, тек жалғыз ғана міні – домбыра тарта алмайды екен, кейін үйретеміз ғой» деп, мені сахнаға шақырды... Мен де айтысты «Сағатым жетті ме деп бепілдетем, Демеймін, елге өзімді өтімді етем. Халайық, домбырасыз ақындарың, Куәліксіз шопырлар секілді екен. Қастары арулардың ай сияқты, Бұл да бір базына ғой жай сияқты. Үш күннен бері мұнда шыға алмадым, Мен – шопыр, ал, өздерің ГАИ сияқты» деп бастадым. Өйткені, алғашында кейбір қазылар «домбырасы болмаса, қатыспасын» деген талап қойып, «Жүрсін оларды әрең дегенде иліктіріпті» дегенді естігем. Сол домбыра, ақыры, оң жамбасыма келмей-ақ қойды. Кейін мұны қалың көптің алдында Серік Құсанбековпен айтысқанда “Мұқашқа домбыраны үйренгеннен, Инемен құдық қазған оңай шығар?” деп мойындадым ғой», - деп еске алады өткен күндерге ойша оралған Мұқаң өзінің айтысқа қалай келгені туралы сұрай қалсаңыз.

Қалай болғанда да, 90-шы жылдардың бас кезінде Мұқаш жарқ етіп танылды және бір жақсысы қашан доданың сыртына шығып кеткенше бағындырған биігінен төмендеген жоқ, абыройын арттыра түспесе, жоғалтып алмады. Халық айтыстан «дәридай» ақынды іздеп отыратын болды. Ол айтыскерлер қатарына келіп қосылғанда қолтығында шап-шағын «папкісі» бар шенеунік болатын, яғни, кеңшарда кәсіподақ төрағасы еді. Уақыт өзгеріске түскен тұста, наны көтеріліп ауылдың әкімі де болды. Бірақ, айтыстан қол үзбеді. Әкімдік пен ақындықтың қабысуы тым қиын екен, айтыс алаңында жүрген ол көп кешікпей «Алматыда ақиқатты айтамын деп, Ауылда әкімдіктен босап қалғам» деп өлеңдететінін білген жоқ.

Еңбектің еленбегенін сезіну айтуға ғана оңай. Әсіресе, ақын адамға. Бірақ, Мұқаң біреуге барып қолқа салатындар қатарынан емес. Тіпті, 50 жасқа толғанда елей қойғандар болмады. Дегенмен, 2009 жылы Ұлытау ауданының сол кездегі әкімі Жаңбырбай Дәрібаев қолынан келгенше Мұқаңның мәртебесін асқақтату үшін аянып қалмады. Ұлытау ауданының Құрметті азаматы атағына ұсынды. “Ақтұма” жыр жинағының жарық көруіне жәрдемдесті. “Ұлытау үні” фестивалі аясында шығармашылық кешін ұйымдастырды. С.Қожамқұлов атындағы музыкалы-драма театрында өткен кешке жиналған қалың қауымның алдында “Волга” автокөлігінің кілтін қолына ұстатты. Сөйтіп, Жүрсін Ерманның сөзімен айтқанда, «айтыста бір машина мінбеген бірден-бір ақынға» темір тұлпарды жерлестері сыйлады. Сол кеште Мұқаңның ерекше қанаттанып, шабыттанып жыр оқығанына куә болдық.

«Ат тұяғын тай басар» демекші, қазіргі кезде ұлы Мұқағали айтысқа шығып жүр. Облыстық жас ақындар айтысында бас бәйгені де жамбасына өңгерді. Айтысты “дәй-дәри-дәри-дәй” дейтін құлаққа сіңісті мақаммен бастай жөнелгенде кәдімгі Мұқаштың өзі екен деп те қаласың Мұқағалиды. Талабы биік ұлдың қатарластарына қарағанда шабысы бөлек екенін көріп қуанасың. Әке жетпеген биікке сол жетсін!

Мұқаңның «Шеңбері» «цивилизациядан» шеткері жатқан ауыл ғой. Тіпті, ұялы байланысқа шығу үшін ауыл адамдары биік қырға көтеріледі. Бірде Мұқаңның туған күніне қалтафон арқылы «смс-құттықтау» жібердім. Бірақ, ағамыздан «рахмет» болмады. Мұнысын түсіне алмай жүрдім. Арада он-он бес күн өткенде Мұқаң телефонды қоңыраулатып тұр. «Білесің ғой, ауылда «сотовый» ұстамайды. Бүгін қырдың басына шықсам, бірталай хабарламалар келіпті, соларды шетінен оқып, жауап қайтарып отырмын» дейді ағам.

Алпысқа толған күні ағам тағы да ауылдың шетіндегі қырдың басына көтерілген екен, «ұстап ала қойдым». «Алпыс деген не тәйірі, бар болғаны талтүс қой» деп жатады, әдетте. Мерейтой үстінде біз Мұқаңның әлі де қырық жыл қырдың басына көтеріліп-түсіп тұрғанын, «сотовыйымызды» шырылдатып жүргенін қалайтынымызды айтқымыз келеді.

Абдолла ДАСТАНОВ.

ҰЛЫТАУ ауданы.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 174
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px