Ел Анасы - Тұлға - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

Ел Анасы
Ерсін МҰСАБЕК,
«Орталық Қазақстан»
Құлақкүй
Бүгін – Алтынбековтер әулетінде қос мереке. Кейіпкері – жалқы. Қайратын қасіретке жаныған Қайынжамал анамыз мерейлі 70 жасқа толып отыр. Оған жаулықтылардың жауқазын мерекесін қосыңыз...
Қайкен тәте – текті әулеттің қызы. Топырағы – қасиетті Қарқаралыдан, қаны – Сеңкібай бабадан. Жары – Ақ Қожадан. Ұшқан ұясы да, қонған қиясы – тектілік тұғыры.  
...Жары Ғомар Алтынбекұлы дүние салғанда Қайкен анамыз небары 37 жаста екен. Үпір-шүпір 13 баламен жесір қалды. Қасірет қамытын киіп қала берген. Ғомар марқұмның көзі тірісінде бала тәрбиесінен басқаға алаңдап көрмеген қамкөңіл ана бар салмақтың өзіне түсетініне көзі жеткен соң, қайратына мінді. Қанында бар қайрат пен жігер. От жағушы болды, наубайханада нан пісірді, пошта тасыды... Әйтеуір, Ғомардың асыл аманатындай болып қалған 13 жетімекті жеткізуді ғана ойлады.
Біле-білгенге, жесірлік – етегі ұзынның бәрі көтере алмайтын тауқымет. Сұқ көз бен сыпсың сөздің құрбаны... Қайынжамал шешейдің қажырлы қайраты мен тектіліктен тамыр тартқан төзімі жеңді ақыры. Жанары жәудіреген жетімектерді ешкімге жаутаңдатпай өсіріп, жеткіземін деген. Бұл Ғомар әкеміз дүние салған күні жар рухы алдында егіліп тұрып берген ақыреттік серті еді. Мақсатына жетті, жақсы атына кенелді.
Арқаның Атымтай ұлы, аяулы досым Бекзат Алтынбековпен көңіліміз жарасқалы, Қайкен тәтені өз анамнан кем көрмедім. Дастарқаны берекелі, мейірімі тұңғиық жанның маңдайымыздан сүйген сәттерінде ауылдағы анамыздың ықыласына шомылғандай күй кешетінбіз. Мауқымызды басып... Қысқасы, сонау 90-шы жылдары Бекзатпен дос болғанның барлығына Өкіл-Ана болған мейірім иесі бүгін 70 деген жайлау жастың жаулығын салды қырау шалған басына. Уақыт өзінікін алады екен. Бірақ, біздің Қайкен шешеміз уақытта кеткен есесін қайтарып отыр. Саналы қылып берген балаларының арқасында. Кешегі көрген тауқыметі бүгін қызық болып қайтты. Ұзағынан сүйіндіргей!
...Мен Қайынжамал Әмірханқызы туралы аз жазбаппын. 2013 жылы Бекзат досымның ұсынысымен Ғомар әкейдің жете алмаған 70 жасына орай жарық көрген «Ғайып-ғұмыр» атты естеліктер жинағына қаламым тиген еді. Сол жинақта Қайкен тәтемнің кіршіксіз таза Ары мен бейнетке толы жолын мына бір екі бөлімде жап-жақсы тербеп шыққан екенмін. Шектеулі таралыммен жарық көрген кітап ағайын-туыстан аспағаны белгілі. Сондықтан, асыл ананың бүгінгі мерейлі шағында сол жазбамды қайта жаңғыртып, «Орталықтың» 17 мың оқырманына қайта ұсынғанды жөн көрдім.  Кейуана жайлы кең толғануға ерінгендіктен емес, «Ел Анасы» деуге әбден лайық жанның шын бағасы сол болғандықтан...
 
Қазаны оттан түспеген Қайынжамал
...Қайынжамалдың әкесі Әмірхан ақсақал әлденеге ренжігендей, тұнжырап кірді үйге. Бәрі білетін – Әмірхан ақсақал бірнәрсеге ренжіп келсе, кебісін тепсіне шешеді. Бүгін де солай. Алдынан туғаннан бауырында болған жиен немересі Нәсіпбек (Ғомар мен Қайынжамалдың баласы) жүгіріп шығып, атасының лақтыра шешкен кебісін түзеп жатыр.
– Не болды, ата?
– Білмеймін, бұл Ғомардың үйіне тамақ қайдан жететінін?! Шиеттей бала-шағасы бар. Осы күнгі адамда ұят қалмаған-ау, осы... Барсам, үйі толған осы ауылдың трактористері. Солардың өз үйлері жоқ па осы? Қашан барсаң да, Қайкеннің дастарқанында. Бөлімшеден келгендері қонады екен тағы...
Отағасының от ала кіргендей күйгелектенгенін аңғарған бәйбішесі де жүре сөйлеп:
– Сонша не болды таусылып? Өз ырзықтары – өздерінде. Үйі бөлек, күйі бөлек балалардың дастарқанын қызғанып... Қонақ өз несібесімен келеді де... Аман ба екен өздері? –  деді.
– Әй, олар қонақ емес! Қысы-жазы, күндіз-түні бір үйдің босағасынан шықпайтын қонақ бола ма? Менікі – қызғаныш емес, ана байғұстарға деген жанашырлық. Ғомаржан күндіз-түні тынбай жүріп табады. Біздің қыз оны бала-шағасының аузынан жырып, ғұмыры арылмайтын әлгілердің аузына тосады. Бұл болмайды ғой, кемпір-ау...
Ақсақал қайтар емес. Тулап отыр. Байсалды бәйбіше тағы да:
– Жарайды. Қой енді, босқа күйгелектенбей. Ғомардың дархандығымен алысқаны несі?! Оларға ұрыстың не, ұрыспадың не, бәрібір қонақсыз отырмайды. Жаратылысы солай. Оған өкпелеп, жүйкеңді жұқартқанда, не ұтпақсың? Солай кетті олар. Кісісіз бір күн отыру жоқ,  – деп тойтарыс беріп жатыр. Кемпірдің тойтарысына тоқтай қоятын қария жоқ.
– Қойшы, сен де сол дарақы қызыңды жақтап шыға келесің... Ойлану керек қой адам деген. Он үш бала...
Әке сол сәттегі көңіл-күйдің ырқымен айтқан болар. Шындығында, Ғомар мен Қайынжамал дарақы емес, шынайы дархан жандар еді. Кеңдікпен кемелденіп, дархандықпен дараланған... Екеуі – бірін-бірі толықтырып тұратын жомарт жандар.     
...Ғомар сапарға аттанады. Қай күні оралатыны белгісіз. Ал, жолын күткен аяулы жары Қайынжамалдың мақсаты – жалқы. Ғомар аттан түскенде, мұның ыстық тамағы дайын тұруы керек. Оның үстіне, жалғыз келіп, жантая кететін Ғомар жоқ. Үнемі нөкер ертіп, тобымен жүргені. Азаматының көпшілдігі де үй шаруасындағы әйел үшін сындарлы сынақ екен.
...Қыс мезгілінде егіс алқабына қар тоқтатып, бораннан кейін малшы ауылдарына жол күреп қайтқаны болмаса, «К-700» атқаратын жұмыс саябырлайды. Совхоздың барлық бөлімшелерінің «К-700» тракторлары ауыл орталығындағы машдворға жиналып, көктемгі егіс науқанына дайындық басталады. Бұл мезгілде Ғомарда емес, Қайкенде дамыл болмайды. Шалғай бөлімшелерден келетін тракторшылар – Ғомардың төрінде, Қайкеннің күтімінде.
Жұмыстан қолдары қалт етіп, темекі тартуға жиналғандарды Ғомар:
– Жүріңдер, үйге барып, Қайкеннің шәйін ішіп қайтайық, – деп, қоярда-қоймай ертіп келеді. Оған ренжіп, әйел болып қабақ шытып жатқан Қайкен жоқ. Қайта, олар келмей қалса, елеңдеп отыратын күйге түскен. Осылайша, күндіз дүркін-дүркін келіп, бой жылытатындар кешке қонуға келеді. Ондайда Қайкен олардың жуынатын суын жылытып, әрқайсысына жеке-жеке таза орамал дайындап қояды. Балалар да әбден үйреніп алған. Томпаңдап, әр қонақтың қолтығына жастық беріп, жүгіріп жүргендері.
Бірде үйге түнделетіп бір топ орыс жолаушыларды ертіп келгені бар. Көліктері бұзылып, жолда қалыпты. Қыс мезгілі болатын. Кімді ертіп келсе де, қабақ шытып, оғаш қылық көрсетпейтін жары Қайкенге жаны ашыса керек, үйге сөйлей кірді:
– Қайкенжан, мен де жолда көп жүремін ғой. Мұндай күйге түспесіме кім кепіл?! Қыс болса – мынау, ақырып тұрған. Батасы тиеді, тамағың мен қабағыңды бірдей бер! Түсінемін, сен де шаршап жүрсің. Менің де кісім таусылмайды. Дегенмен, мыналардың жолы бөлек, – дейді. Әлгі «ағайындар» Ғомардың ақ төсегіне жатып, көліктерін оңдап, жолға шығарларында алғыстарын жаудырып аттанған. Мұндай қонақтар мұнымен шектелген жоқ. Айдаладағы танымайтын біреулерді ертіп келетін. Оны тамаққа тойдырып, түнімен әңгіме соғатынын қайтесің...
...Сол жолаушылар мен Ғомар шапағатын көргендердің алғыс-батасы болар, балалары несібелі болды. Жетімдіктің тауқыметін рухани тұрғыдан тартқан шығар, материалдық мұқтаждық көрмей өсті. Кімге кезіксе де:
– Е, айналайын, Ғомардың баласы екенсің ғой, – деп, маңдайларынан сипап, шарапатын тигізуге асығып тұрды. Мұның өзі әке ізгілігінің ізсіз кетпегендігін танытса керек-ті...
...Батамен көгерген қара орманы қалды Ғомардың артында. Ұйытқысы – қазаны оттан түспеген Қайынжамал. Аманаттың ауыр жүгін арқалап келеді. Абыроймен!
Қайкеннің түсі
Аяқ астынан айықпас дертке шалдығып, Алтынбек ақсақалдың кенже ұлы Оспанбай дүние салды. Оттай жанған 31 жасында. Жігіттің нары, ағайынның Ары еді, жарықтық. Бауыры Оспанбайдың мезгілсіз қазасы Ғомарды ойсыратып жіберді. Есеңгіреп, көпке дейін еңсе көтере алмай жүрді. Үнемі жарқылдап, барынша көңілді жүретін жанның томсырайып, қамығып қалғаны оның айналасындағыларға да ауыр тиді. Бұрынғы қалжың, қуақы қылығынан жұрнақ та қалмаған.
Ешкім білмеген екен. Сол кезде Ғомардың өзі де дертті екен. Қарағандыға астыртын барып қаралған. Дәрігерлер жаман кеселге душар болғанын ашық айтқан. Оған бола жігерін құм қылған Ғомар жоқ. Қажырлы болатын. Алайда, Оспанбайдың қыршын ғұмыры жасытып жіберген ағаның тәніне жабысқан кеселі асқына берді. Тамаққа тәбеті шаппайды. Жұмыстан бос уақытында шалқадан түсіп жатады да қояды. Қалың ой шырмап алған. Жиырма жыл отасқан жарының бойындағы бұл өзгерісті ешқашан жаман ойлап көрмеген Қайкен бауыр қазасының салмағы деп қабылдаған.  
...Үй тірлігінен, бала күтімінен әбден қа­жыған Қайынжамал қатты ұйықтап кетіп­ті. Жаман түс көріп, шошып оянды. Мұның бойындағы бар асылын, қолындағы бар қымбаттысын әзірейіл пішінді бір аждаһа тартып алып жатыр ма?! Әйтеуір, шым-шытырық. Дауысы қалай шыққанын аңдамады. Ағыл-тегіл терлеп жатыр екен. Қысылып барып, әрең оянды. Алақ-жұлақ етіп, қасындағы Ғомарды іздейді. Жатыр. Ояу. Ұйықтамапты. Байсалды күйде:
– Ол мен ғой, – деді түсініксіздеу кейіпте.
Онысына мән беріп жатқан Қайкен жоқ. Кейін де мән бермеген. «Түс – түлкінің боғы» деген қазақы қағидаға арқа сүйеп, көңіліне алғысы жоқ. Ғомар нені меңзеді? Ол туралы ойлағысы да келмеді.
Сол түні екеуі таңды көз ілмей қарсы алды. Өткен-кеткенді еске алып, ұзақ сырласқан. Ғомар ерекше ағытылған сол түні. Бозарған таңды ұйқысыз қарсы алғаны бұл бірінші емес. Көптен бері ұйқы қашқан Ғомардан. Қарағандының дәрігерлеріне соңғы рет барып келгелі жөні түзу ұйықтап көрмепті.
Ал, Қайкен асыл жарының «Ол – мен ғой» дегенді не үшін айтқанын Ғомар қайтыс болған күні ғана түсінді...

Бүгінгі түйін
Бекзаттың бірге туған бауырлары азайып (әкесінен кейін Өнербек, Құрманбек, Қазыбек есімді бауырлары өтті өмірден), досының қатары көбейген. Жасыратын несі бар, көп досы «тарысы піскенннің тауығы болып шақырғандар» қатарынан еді. Алайда, оларды жатсынып, жатырқап жатқан Қайкен анамыз бен бекзада Бекзат жоқ. Бекзат – Елдің ұлына, Қайкен тәте – Елдің Анасына айналды. Өзекті өртеген өкініш орындалған арманға жолын берді. Қайкен анамыздың басына 37 жасында оралған қара орамал ақ жаулыққа айналды бүгін.
Мерейтойыңыз құтты болсын, Тәте! Алла бойыңызға қуат, көңіліңізге шуақ сыйласын! Ғұмырыңыздың күзі мен қысы артта қалып, нұрлы көктеміңіз енді басталды. Алда – жайдары жазыңыз бар!

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 250
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px