КӨКЕМАН - Тұлға - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 04.12.2016

КӨКЕМАН
Төрехан МАЙБАС,
«Орталық Қазақстан»

Көкеманды елдің білмеуі мүмкін, ал оның білмейтін адамы жоқ. Қаймана қазақтың қайсы болсын не танысы, не тамыры болып шығады. Міне, Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевпен иықтасып қатар түскен суреті. Жай тұрған жоқ, асыл ағасына ел жайын хабардар етіп тұр. Міне, әнші Жәнібек Кәрменовпен ән салып тұрған суреті. Сахнада емес, әрине. Селеулі далада. Міне, Бәйкен Әшімов ағамызбен қолына микрофон ұстап қатар тұр. Мұнда аяулы ағамызбен тілек жұптап тұр. Міне, Асанәлі Әшімов ағамызды қолтықтап алған екен. Кинокартина емес, әрине. Саябақта да жүрген жоқ. Қазақтың біртуар ұлына ат мінгізейін деп тұрған сәті екен. Мынау қазақтың адуынды ақыны Свет Оразаевпен түскен суреті. Бірақ, өлең оқып тұрған ақын емес, оқырманы. Көкеманның өзі...
Осы фотосуреттерге қарап Көкеманды өнер айналасындағы адам деп қалуға болады. Оның да жөні бар. Қазақ баласына қатысты қандай думан өтсе соған өзінің кішкентай да болсын үлесін қосуға асығып тұратын.
Шынында да ағамыздың бойында жасампаздық қасиеттер менмұндалап көрініп тұрушы еді.
Ол ауылын сүйді. Ауылының патриоты болды. Қолынан келгенше ауылды көркейтуге ұмтылды.
Екінің бірінің қолы жете бермейтін қызметтерде болды. Сол құйқалы қызметтерін ауылға айырбастады.
Сексенінші жылдардың басында Жоғарғы Қайрақты комбинатының құрылысы басталып, Ақадыр алабы құрылыс алаңына айналған-ды. Осындағы «Қайрақтықұрылыс» тресі тікелей Мәскеудің қамқорлығында болып, ешкімді бет қаратпады. Көкеман ағамыз соның бір бөлімшесін басқарып тұрды. Трест басшысы Бондаревский, әлде Бондарев бейапар адам еді. Қарамағындыларды көзсіз төпеп, жерден алып, жерге салатын. Қарсы келетін жан болмайтын.
Бірде сол кісі Көкеманға шүйілсін. Жазығы бір құйқалы жұмысқа жергілікті адамды алған. Басқалар болса тайқып кетер ме еді, Көкеман өйте алмады. Әлгі азаматты табандап қорғады, ақыры алып қалды. Содан бастап трест басшысы қазақ кадрларымен санасатын болды.
Сол құйқалы жұмысында жүре берсе де болатын еді-ау. Алайда, оны ауыл топырағы тарта берген. Қиранды кездің өзінде бір, кеңестік заманда екі совхозға басшылық жасаса басқа себебі жоқ. Және басқарған шаруашылығы өз ауылы емес.
Барған шаруашылығы «Қарабұлақ» совхозынан заманында екі Еңбек Ері шыққан кеңқолтық шаруашылық  болатын. Елмен бірігіп жұмыс істеудің не екенін осында жүріп білді. Осында жүріп аудан, облыс басшыларының көзіне түсті. Мемлекеттік жоспарды, социалистік міндеттемені орындамаған жылы болмапты. Оны айтамыз-ау, дербес жоспар деген де болған сол тұста. Соны да орындатты-ау.
Елде жоқ монша салды. Мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізді. Мешіт салуды қолға алды. Осындағы орта мектепті салуды жоспарға енгізген.
Ауылдың көркі азаматы екенін осында жүріп бағамдаған. Ал абыз ақсақалдары ауылдың қазынасы  іспетті. Қонақүйді өздері сайлайды, тентектерді өздері тыяды, асарға тайлы-тұяғымен қатысады, не керек, әйтеуір ауылдың бетіне шіркеу түсіртпейтін.
Осындағы үш жылда өзін білікті басшы ретінде қалыптастырды. Енді қызметке шақырушылар қарасы бой көрсеткен. Жезқазған облысының елімізде бірінші болып жекешелендіруді бастағаны белгілі. Елдің тірнектеп жинаған мал-мүкәмалы талан-таражға ұшырады. Бұл соған іштей қарсы болды. Шаруашылықты таратпай алып қалудың жолын іздестірді. Табар да ма еді, алайда, ондай мүмкіндік бермеді.
«Қарабұлақтың» асты атауында тұрғандай қара бұлақты еді. Сол суды іргеден орын тепкен Ақшатау кен-байыту комбинаты тегін пайдаланып жатты. Бұл қалай деген жаңа басшы. Алайда, бұл мәселе ешқандай талқылауға жатпайды екен. Өйткені, Ақшатау комбинаты қорғаныс кодындағы нысан екен. Соған қарамастан ізденіп жүріп комбинат басшылығымен тіл табысқан. Шаруашылыққа керек-жарақты осы комбинаттан арзан бағамен алуға қол жеткізген.
Басқа ауылдың абыройына кенелген мұндай ағаларға қалайша соқталы азамат екен деп сүйсінбейсің?!.
Еркіндік лебі ескен тоқсаныншы жылдардың басы болатын. Ақадырлықтар қазақтың Ақжолтай батыры Ағыбай батырға ел көлемінде ас беретін болды. Дайындық қызу жүрген. Шаруашылық басшыларына ас өтетін Айыртау алабына кемінде бір үйден тігуге тапсырыс берілген-ді. Сол асқа Көкеман басқарып отырған «Қарабұлақ» шаруашылығы көшіп келді десе де болады. Салтанаты бір-бірінен асқан ақшаңқан бес киіз үй әкеп тікті. Өзі бас болып қол қусырып, қонақ күтті. Келушілерді ренжітпей жөн-жобасымен шығарып салды. Асанәлі ағасына ат мінгізді... Оның да жөні бар-ды. Ағыбай батырдың бақилық бесігі Таятқан-шұнақта. Бұл Бетбақдала мен Арқаның тоқайласар жерлерінің бірі. Осындағы Тисетерек, Батпақсу,  Жаутоңқайтқан, Жауқашқан, Атасу жерлері бірауызбен Таятқан аталады. Көкеман ағамыздың кіндік кескен жері осы өңір. Қазірде жан тұрмағанымен ертеректе онда да ақарлы-шақарлы ел тұрған екен.
Көкеманның әкесі Ермек шын мәніндегі ағартушы жан еді. Соғыстың салдарынан өзі оқу оқи алмай қалды. Майдангер болып қолайлы жұмыстың реті келіп тұрса да балаларға қара танытам деп шешкен. Сондай есеппен әкелері Таятқаннан орын тепкен шалғай шаруашылықтағы бастауыш мектептің мұғалімі болып кете барады. Көкеманның балалық шағы осылайша Таятқанда өтеді. Кейінде өзі құрған шаруа қожалығының «Таятқан» аталуында осындай сыр жатыр еді.
Мұндай аста-төк құрметті Байқозы бабамыздың асында да көрсетті. Өйткені, батырдың кесенесі бұлардың ата қонысы Жыланды жерінде орналасқан.
«Қарабұлақтан» кейін «Қарағанды» шаруашылығына директор болып барды. Одан бұрын туған еліндегі «Айнабұлақты» басқарған. Көшбасшы болмаса да көш соңында қалмағаны анық.   Кейінгісіне де жекешелендіру келген. Одан кейін қайтып қызметке ұмтылған жоқ.
Іргелес орын тепкен Шахтинск қаласына қоныс аударды. Ауыл шаруашылығы жұмысы маусымдық қой. Жазда шөбін шауып, күзде азын-шоғын егінін бастырып алады. Сонан алты ай қыс шырт-шырт түкіріп, көктемді күтеді. Көкеман бұл тірлігінің де баянын ойластырған. Сонан барып өмірге тұтастай «Әділет» деген кешен келген. Қалада мейманхана жоқ еді. Жөні түзу ұлттық мейрамхана да, тойхана да болмайтын. Бұл соның ретін келтірді. Иесіз қиранды балабақшаны ретке келтіріп, әуелі автожуу ашқан, соңынан автотұрағын салды. Қазір кешен ретінде жұмыс істеп тұр, ел игілігіне айналды. Осындағы қалалық мешітке қолдан келгенше көмек беріп қоятын. Имандылық жолындағы қалада болып жататын іс-шаралардың біреуінен де қалған емес.
Көкеман Ермекұлының тағы бір азаматтығын осы жерде айтпасқа болмайды. Бұлар ағайынды бесеу еді. Аналары қырық сегіз жасына қараған шағында бақилық сапарға аттанды. Үлкендері Дархан ата-әжесінің тәрбиесінде болатын. Енді не болар екен дегенде Ермек әкесі баланы беруден бас тартсын. Бұлар үндеген жоқ.
Бірге жүрмек болғанмен, бірге өлмек жоқ. Осыны ойлаған Көкеман ағамыз әкесінің қайтып бас қосуына да себепші болды. Кіші шешесі қал-қадарынша әкесі мен баласын бақты. Әкесі де мәңгілік тұрмаған,  бақилыққа озған. Міне, сол кезде ел ішін тартқан. Енді не болар екен деп. Не болушы еді, Көкеман ағамыз кіші шешесін өзінің қолына алған. Сондағы елдің ризашылығын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес деп білемін...
Бұл тұста шығыстың сонау Ақжарында тұратын қайын атасы да көз жұмған еді. Осы тұста Көкеман Ермекұлы өзінің шын азаматтық бет-бейнесін көрсеткен еді.
Екі кейуана бір-біріне сүйемел болсын деп енесін де қолына алды. Сол аналарына туған баласынан артық қызмет етті,  қызық көрсетті. Ақырғы сапарларына да ол кісілерді өз қолымен жөнелтті.
Әке-шешесінің қорымы Жыландыда. Кейуаналарды сол жерге апарып жерлеген.
Қолы қалт еткенде сол Жыландыны бетке алатын. Аруақтар орнына барып бата жасайтын, бағыштап дұға оқитын.
Енді ол Жыландыға бармайды.
Жыландыда бақилық қалды. Алпыс сегіз жасында.
Пәни тірлігінде шырақты еді, бақилығы да нұрлы болсын.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 205
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px