Көктем сайын құттықтасын сені елің - Тұлға - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

Өткен жылы қаламы қарымды тілшіні Халықаралық Қазақ Творчестволық бірлестігі «Мәдениет майталманы» медалімен марапаттап, Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков «Ауыл тақырыбын үздік жариялағаны үшін» арнайы «Алтын сұңқар» сыйлығын өз қолымен табыс етті.

Гүлнәр Елеусізова еңбек жолын 1997 жылы Қарағанды қаласындағы ҚарМУ баспаханасынан бастап, Ақтоғай ауданы «Тоқырауын тынысы» газетінің жанындағы радиоторапта диктор болып жалғастырды. 1999 жылы аудандық тілдер бөлімінің бастамасымен ашылған «Ақтоғай» телеарнасында тележүргізушілік шеберлігін шыңдап, көрерменге жаңа бағдарламалар ұсынды. Мейрамдар мен қуанышты сәттер жас редактордың назарынан тыс қалмай, телеэкран арқылы аудан халқына тарап жатты. 2000 жылы жігерлі жасты ақтоғайлық «Тоқырауын тынысы» газетіне жұмысқа шақырды. Содан бері 16 жыл тапжылмай, жергілікті халықтың үні мен жаршысына айналып келеді. 2013 жылы тынымсыз тілшіні аудандық әкімдік «Тоқырауын тынысы» газетінің директор-бас редакторы етіп тағайындады.

Осы уақыт ішінде аудан өмірінің тыныс-тіршілігі, әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында түрлі тақырыптарға қалам тербеді. Ауылда болып жатқан өзгерістерді дер кезінде жариялап, еңбек адамдарын облыстық «Орталық Қазақстан», халықаралық «Қазақстан-Заман» газеттері беттерінде насихаттап келеді. Еңбегі елеусіз қалған жоқ. Елбасы Н.Назарбаевтың сындарлы саясатының белсенді насихатшысы ретінде 2007 жылы «Нұр Отан» ХДП Қарағанды облыстық филиалының Құрмет грамотасымен марапатталды. 2015 жылғы Президент сайлауына айрықша ат салысқаны үшін аудандық «Нұр Отан» партиясы филиалының Алғыс хатына ие болды.

2012 жылы Гүлнәр Метайқызы аудан мекеме-ұжымдары арасында өткен «Татулығы жарасқан отбасы» байқауында бас жүлдені жеңіп алды. Өкінішке орай жұбайы – білікті басшы, майталман режиссер, дарынды актер Серікғалы Шайбеков осыдан екі жыл бұрын өмірден озды. Гүлнәр қиындыққа мойыған жоқ, екі ұлын жұртан кем қылмай тәрбиелеуде. Нұрдәулеті Қарағанды экономикалық колледжінің өрт сөндіру бөлімінің студенті. Құлмұхаммет 7 сыныпта оқиды. Екеуі де ана үмітін ақтап, оқуда озат, қатарластарының алды.

Руслан екеуміз Гүлнәрмен бір топта оқыдық. Университеттің аядай бөлмесінде үйіліп жататын газет тігінділерінің ортасында ұстаздарымыз Зарқын Тайшыбай, Ермек Балташұлы, Қуандық Шамақай, Мағауия Сембай, Мейрамхан Жәпек, Мартбек Тоқмырзалар журналистиканың әліппесін меңгертті. Қазақстан тәуелсіздігін енді алған уақытта еркіндік пен жариялылықтың не екендігін осы ұстаздарымыз ұқтырды. Әшімхан Жәмпейісов редакторлық еткен «Қарағанды жастары» мен Қойлыбай Асанов басқарған «Шипагер» газеттерінде тырнақалды мақалаларымыз басылды. Университетте ұйымдастырылған танымал ақын-жазушылардың кездесулерінің бел ортасында жүрдік. Арқада тұңғыш ашылған журналистика мектебіне оқуға түскен он шақты бала осы ұстаздардың бойындағы ұлағат пен өнегені өмірлік серік еттік. Әкеміздей мейірбан Зарқын Тайшыбай да алақанынан ұшырған шәкірттеріне осы уақытқа дейін қамқор болып келеді.

Көп балалы отбасынан шыққан Гүлнәр бәрімізге бауырмал болды. Жатақханада қара нанды бөліп жеп, тоқсаныншы жылдардағы тоқырау жылдарының салқынын сезіп есейдік. Гүлекең жатақханада тәртіп пен тазалыққа ерекше көңіл бөліп, көршілес тұратын студентерге бас-көз болып жүретін.

Гүлнәр және зайыбым Руслан үшеуіміз, оқу бітіретін жылы журналист Базар Мамырдың жетекшілігінде Қарағанды облыстық радиосында тәжірибеден өттік. Редакциядан шыққанда Бейбітшілік гүлзарындағы әдемі саябақта серуендейтін едік. Руслан екі қызды қолтықтап алып, «Мәрмәр Пушкин мен саған жат емеспін, Қаршадайдан өлеңмен қатар өстім, Қателессем өмірді сенше сүйіп, Сенше күйіп жүргенде қателестім» деп Серік Ақсұңқарұлының өлеңдерін оқитын. Арасында «Ақтоғайдың бір қызы оң жағымда, Ақтоғайдың бір қызы сол жағымда. Мен де оққа нысана болғаным ба?» деп қалжыңдап қоятын.

Жарық пен жылуды өшіріп, азық-түлікті талонмен берген уақытта студент оқыту да оңай болған жоқ. Гүлнәрдің ата-анасы Кеңес Одағы күйреп, мал-жан ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткенде шаруасын шайқалтпай ұстап қалды. Еңбекке піскен әке мен бейнеттен зейнет таба білген ананың өнегесі болар, Гүлнәрдің қандай жұмысты болсын жапырып істейтіні бүгінде жемісін беріп отыр.

Оқыған-тоқығанын туған жерін гүлдендіруге арнаған құрбымның өмір жолы даңғыл болған жоқ. Дегенмен, тұрмыстың қиындығы мен журналистік қызметтің ауыртпалығын қайыспай көтерген Гүлнәрдің қабақ шытып, жүні жығылған сәтін көрмеппін. Ағайын-туысқа пана болып, әріптестерінің жағдайын жасап отырған Гүлнәр қыздың бағындырар белесі әлі алда.

 

Ләззат Қожахметова.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 782
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px