Кенаға - Тұлға - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

Кенаға
Төрехан МАЙБАС,
«Орталық Қазақстан»

1980 жылы оқуымды бітіріп, екі тілде шығатын Ақадыр аудандық газетіне орналастым. Алғаш тілші, көп ұзамай өнеркәсіп бөлімінің меңгерушісі болып шыға келдім. Айтары жоқ, Ақадыр өнеркәсіпті аудан болатын. Теміржолы бар, Ақшатау комбинаты бар, оған салынып жатқан Көктіңкөлі және Қайрақты комбинаттарын қосыңыз. Одан тыс Ақадыр барлау экспедициясы орналасқан.
Алғашқы мақаламды осы экспедициядан бастағам. Не де болса нардан жығылайын деп, бастығының өзіне барайын. Бастығының қазақ екендігіне қарай райланып кіргем. Алайда, кіріп шығушылар арасында өзім түстестер көріне қойса, кәне? Мұның өзі аяғымды тартуыма себеп болды-ау деймін. Іздеп келген адамым Сұлтан Сүтбаевты сырт  естуім ғана бар. Міне, енді алдында отырмын. Міне, қызық, сауалды мен емес, ол кісі қойсын.
– Кім болып істейсің? – байқаймын мені жассынып отыр.
– Өнеркәсіп бөлімінің меңгерушісімін.
– Не бітірдің?
– ҚарМУ-дің филфагын. Бұрын Алматының политінде оқығанмын...Ақшатаудың шахтасында істегем...
Ағамыз сонда ғана жібіді-ау деймін.
– Кейінгің жарамаған. Әсіресе, қазақ баласына. Мен де химик болуды армандағам, алайда, маңдайыма геолог болуды жазған екен. Оның ішінде гидрогеологпын. Атауы айтып тұрғандай жерасты суларының маманымын.
Ол кезде суға кім мән берген. Шындығында қазақ даласы суға тапшы екен. Заманында жүз жыл бұрын ашылған кеніштер осы су тапшылығына қарай игерусіз келген екен. Оған өзіміздің Балбырауын темір, Бозшакөл мыс кен орындарын айтсақ та болады.
Мұндай кен орындары Ақадыр, оның ішінде Ақшатау өңірінде де жеткілікті болатын. Әсіресе, сол тұстары қарқын алған Ақшатау кеніштерінің су көздері сарқыла бастаған. Сол кезде қанатына шып ілестірген қарлығаштайын Сұлтан ағаларым жетіпті. Ақшатау кен-байыту комбинатын нәрлендірген Жәмші жерасты суының қорын осы Сұлтан Сүтбайұлы ағамыз анықтапты. Айтып отырған Көктіңкөлі, Қайрақты кеніштерін игеру үшін де су көздері керек. Онан сырт елді мекендердің қалыпты өмір сүрулері үшін су ауадай қажет.
Осыдан бастап менің геологтарға деген көзқарасым өзгерсін. Менің балалық шағым өткен Ақшатауда геологтардың барлау экспедициясы болды. Ондағы өмір бізге романтика болып көрінетін. Гитара асынған сақалды жігіттер өздері жатқан жұмбақ бір әлем еді. Мен алдымда отырған қасқа маңдайлы ағамды солардың қатарына ойша апарып қояйын. Жоқ, олардың қатарында елестете алмадым. Бұл кісі бірден ақылман болып туа салған сынды көрінсін.
Ал мамандығына келсек, сөз жоқ, өз ісінің білгірі, тамыршысы еді. Ақадыр өңірінен су да тапқан, кен де тапқан. Сарысу тобындағы жерасты суларын барлап, қорын анықтаған. Қарабұлақ су көзін ашушы да осы Сұлтан ағамыз. Ақадыр кентін нәрлендіріп тұрған Талдыеспе, Мойынты халқы тұтынып отырған Киік жерасты су қорын ашушы да осы Сұлтан ағамыз дегенге сеніңіз.
Сұлтан Сүтбайұлы бұрынғы Қазақ тау-кен институтын бітірген. Геология мамандығы бойынша. Оның ішінде гидрогеологы. Бір жазумен Ақадырдан бір-ақ шыққан. Онда да өзін ойламаған. Өмірлік жары Ғалиясының ертеңін ойлаған. Ал жары болса қазақ тілінің маманы болатын. Басқа жерлерде жұмыс болғанымен қазақ тілді мектеп болмаған-ды. Ал геологтың жұмысы белгілі. Айлап үй қарасын көрмейтін уақыттар аз болмайды. Соның бәрін бір адамдай бастан өткерді. Кірген үйінің төрін, терін тамшылатып алды. 1969 жылы Ақадыр геологиялық барлау экспедициясының бастығы болып тағайындалды. Ағамыз сол тұста бар-жоғы отыз үш жаста болатын. Жалпы, мұндай ірі қызметке қазақ балалары ол кезде іліге бермейтін. Сұлтекең ел сенімін ақтады. Жиырма жылдай бірінші басшы болды. Су іздеп, кен іздеп қоймай Ақадырдың гүлденуіне атсалысты. Геологтар қалашығын тұрғызуға мұрындық болды. Мәдениет, спорт сарайларын салуға қол жеткізді. Жетпісінші жылдардың ортасында Ақадыр өз алдына аудан болып отау құрды. Мұның өзі геологтар жұмысына жаңа қарқын берді. Оның үстіне Жоғарғы Қайрақты комбинатының құрылысы басталған. Бұл комбинат одақтық бесжылдық құрылысы деп жарияланған. Одан бұрын Ақжал кенішіне де осындай республикалық мәртебе берілген.
Сол жұмыстардың басында тұрмаса да қасында тұрғаны айдай анық. Қашан барсаң да осындай себептермен мұрнына су жетпей жүретін. Арманшыл жас жігіт осы Ақадыр топырағында шынықты. Маман гидрогеолог ретінде қалыптасты. Енді оны Одақтың өзі іздейтін болды. КСРО Гидрогеологиялық картасын жасап шығаруға қатысты. Бұл мойындау еді. «Жерасты кен орындарын алғашқы ашушы» атанды. Орталық Қазақстан геологиялық басқармасына қарасты құрылымдар арасында Ақадыр барлау экспедициясы алда жүрді.
Жоғарғы Қайрақты аталмыш мәртебесіне қарай Орталықтың назарында болды. Сол кездегі Совминнің төрағасы Рыжковтың келуі соны көрсетсе керек. Сол төралқа жиынға Сұлтекеңдер қатысқан. Өйткені, осы кен орнына Сұлтан ағаның да қатысы бар еді. Вольфрам-молибден кендері қорғаныстық маңызы бар кен орнына жатады. Ал осы кен орнын Сұлтекең басқаратын Ақадыр геологиялық барлау экспедициясының геологтары ашқан еді.
Ол кезде аудандық партия комитетінің хатшысы Жазкен Томпиев деген ағамыз болатын. Ол кісі де политті бітірген. Геолог болатын. Бір күні сол кісі қоңырау шалды. Кіріп кет деп. Барсам құпиялап сөйлеседі.
– Сұлтан ағаң жөнінде материал дайында, – деп.
Сөйтсем осы қорғаныстық маңызы бар өнім шығаратын Жоғарғы Қайрақты комбинатын өндірістік пайдалануға беру және дайындау тобының жобасы Одақтың Лениндік сыйлығына ұсынылыпты.
Қолма-қол жазып, хатшының алдына қайта бардым. Жазкен Қалиұлы:
– Геолог ағаң да, кеніш ағаң да, бәрі де дұрыс. Ал негізі біздер ол кісіні Кенаға дейміз, – деп тақырыбын өз қолымен Кенаға деп өзгертіп еді.
Материал дайын болғанымен қуанышты хабар кешіге берді. Тоқсан бірде тамыз оқиғасы басталды, көп ұзамай Одақтың өзі де құлады. Жасыратыны жоқ, өзіміз ала алмағандай күй кештік.
Алайда, мұнан ақадырлықтардың Сұлтекеңе деген құрметі еш кеміген жоқ. Алпыс жылдық мерейтойына орай өткен тойын ұйымдастыруға атсалыстық. Інілік құрметімізді көрсеттік. Ағамыздың қырық жылдан астам уақыты осы Ақадыр топырағында өтті. Ауданымыздың Құрметті азаматы атағына ие болды.
Ақадыр топырағы ағамызды еліне, қалды Одаққа танытты. Қазақстан Республикасының Құрметті геологы, КСРО-ның кен барлауының үздігі атанды.  Ғалия апамыз да абыройға бөленді. Қазақстан мұғалімдері съезінің делегаты болып, жерлестерін бір көтеріп тастады. Халық ағарту ісінің үздігі атанды.    
Біздер әлі де араласып, хабарласып тұрамыз. Бүгінде қай жерде де геолог маманы қат болып тұр ғой. Туған өңіріне – Жезқазғанына оралғанымен шалжиып жата алмады. Әуелі «Центрказнедраға» қарасты Жезқазған аймақтық геология және қазба байлықтарды пайдалану инспекциясында істеді. 2007 жылы «Жезқазғантүстімет» өндірістік бірлестігі бас геологының орынбасары қызметіне шақырылды.  
Сұлтекеңді сексеннің сеңгіріне шықты деп айта алмайсыз. Әлі де ширақ, зердесі тастай, кешегі күндерді күні кеше көргендей айтып отырады.  Бүгінде аталмыш өндірістік бірлестіктің инженер-геологы.
Сұлтекеңмен тағы бір бауырласа түсетін жеріміз ол кісі жиі болмаса да қолына қалам ұстап қояды. Біраз дүниесін Ақадырда аудандық газетте редактор болып тұрғанда басқанбыз. Әлі де қалам қуатын танытып қояды.  «Геология және қазба байлықтарды қорғау» республикалық журналына ғылыми мақалаларымен көрініп жүр. Жақында «Жер сыры мен жан сыры» деген пайымдық эссе кітабы шықты.  Алғысөзін жазушы ініміз Кенжебай Ахметов жазыпты.
Сол Кенжебай бауырым жазғандай «Сұлтекеңнің өз мамандығына деген құрметі, сүйіспеншілігі, мақтанышы ұдайы аңдалып тұрады».
Соң айтайын дегенім Сұлтекең саясаткер адам. Ол кісінің саясаты – су. Су үшін қақтығыстар әлемде жүріп жатыр. Су саясаты саналарда да жүріп жатыр. Сол үлкен саясаттың басында Сұлтан ағамыздың жүргені баршамызға мақтаныш.
Сұлтекең жөніндегі бірінші мақалам шықпай қалған. Ол кісі жөнінде жазған екінші мақалам осы болды. Бірінші мақаладан тек тақырыбы ғана ауысты. «Кенаға» деген.
Қос мерейіңіз құтты болсын, Кенаға! Геологтар күні мен сексен жасыңыз!..


ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 165
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1094
count 88x31px