«Кетпейсің ойдан, қиялдан» - Тұлға - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 04.12.2016

Бұл Ақтоғай өңірінде менің әкемді танымайтын, білмейтін адам жоқ та шығар, сірә!

Өзінің қолымен жазып кеткен қолжазбасында еңбек жолын 1944-1945 жылдары небары 7-ақ адамнан құралған көркемөнерпаздар үйірмесін құрудан бастағанын айта келіп, бүгінде марқұм болып кеткен әріптесі, оқушысы Сәдуақасов Дәртайдың әкесі Мүсілім Мұқанов және Асылбеков Әбіләкімді өнердегі алғашқы ұстазым деп бағалағанын жазған.

– 49-жылы сол жылдары-клуб меңгерушісі қызметін сол Әбіләкім Асылбековтен қабылдап алдым, – деп жазады қолжазбасында.

Сол жылдардағы 7 адамдық көркем өнерпаздар үйірмесі, 1961 жылы 70 адамдық ұлт-аспаптар оркестр боп құрылды. Дирижері – Тұрған Түсіпбаев! Әкемнің дүниеден озғанына 20 жылдан асса да Ақтоғай өңірінде өткен мәдени шараларда әкемнің сіңірген еңбегі туралы айтылып та жатыр, жазылып та жатыр. Осы таяуда өткен «Тоқырауын толқындары» ансамблінің халықтық атақ алғанына 40 жыл толуына арналған Қарағанды қаласында өткен үлкен концерт, Мұқанов Тұңғышбай ағаның «Ақтоғай өнерінің шамшырақтары» атты 2015 жылы шыққан естелік кітабында әкемді білетін, көзкөргендердің естелігі соның айғағы.

Осы арада 14.06.2007 жылы Ақтоғайдың Құрметті азаматы ауыл ақсақалы Байсеркин Қайырбектің Орталық Қазақстан газетінде жарияланған «Тоқырауын толқындары» ансамбілін ұйымдастырған да, құрған да, баптаған да, елге танытқан да, дамытқан да – Тұрған, деп «Тұрған құрметке лайық тұлға» деген мақаласынан кейін әкемнің мәдениет саласындағы еңбегі туралы менің айтқаным артықшылық болар.

Әкем әнші-күйшілігінен бөлек аңшылық саятшылықтан да құр алақан емес. Менің бала күнімде қос ауыз мылтығын алып, қақпан құрып, құр, шіл атып, арқар, киік, қоян алып келгені есімде.

Байлық қумаған, дүние жимаған, барға тәуба, жоққа сабыр, азға қанағат дегенді ұстанған менің әкемді көз көргендері, әріптестері, туған халқы – өз заманының Біржан салы, өз заманының Ақан серісі деп құрметпен бағалады.

Жүрген жері ойын күлкі, думанға толы болушы еді. Ауылдастары әкемнің әзілдерін әлі күнге дейін айтып еске алып отырады. Сондай орынды әзілдерінің бірін айта кетсем болар еді: Көршіміз марқұм Қабылғазы Нұрланов ақсақал ұлды болып атын Қуат деп қояды.Сол жылы 1975 жылы біздің шаңырақта да 10 қыздан кейін ұл бала келіп, үлкен шешеміз Тұрғанбегіме ұқсас болсын деп Нұрланбек қояды. Сонда әкеміз:

– Әй, Қабылғазы, сен менің әкемнің атын қойсаң, мен сенің әкеңнің атын қойдым, ал, ендеше - деп әзілдегені бар. Әкемнің ел аузындағы әзілдері кішігірім жинақ болар еді. Отырған орны, жүрген жері ойын-күлкіге толы әкем туралы айтып тауыса алмаймын.

Әкем қайтқанда Айыртас елді мекенінде тұрдық. Әріптесі Дариға Ақатаеваның шешесі Зәбен апа әкем туралы қаралы хабарды естігенде «думаным-оу» деп жоқтағанда енді мұндай адам жоқтай көрініп еді. Қазақ атам ұл туса ат шаптырып той қылса, қыз туса аса қуанбаған. Әкем бізді ұл-қыз деп бөліп жармады, бәрімізді еркелеткен атымен атайтын, ешқайсымызды азан шақырып қойған атымызбен атамапты. Бір әкенің тәрбиесін 100 мектеп бере алмайды. Бүгінде мәуелі бәйтеректен тараған 10 қыз әр түрлі мамандық иесі – бірі мұғалім, бірі дәрігер, бірі есепші, т.б дегендей, 10 қыз – 10 отау. Алды Ресейдің Саха Якутия қаласында , қалғандары Алматы, Қарағанды, Балқаш қалаларында тұрып жатыр. 10 қыздан тараған Асқар тау әкеміздің ұрпағы 21 жиен-немере, 16 шөбересімен сексеннің сеңгіріне шыққан шешеміз Күлмара бүгінде ұлы Нұрсантигімен Балқаш қаласында тұрып жатыр. Туғанда ел боп қуанған Нұрланбек бүгінде қырықтың қырқасына шыққан, 3 баланың әкесі Балқаш мыс корпорациясында жұмыс жасайды. Әкең өлсе де әкеңді көргендер өлмесін демекші, әкемнің еңбегін бағалап, естелік қалдырған халқы Ақтоғайдың кіре берісіне, жолдың бойына суретін іліп, бағасын берген.

Әкем 65 жыл ғана ғұмыр кешіпті. Атақ, мансап қумаған. Сол 65 жыл ғұмырының 50 жылын мәдениет саласына арнап, оның 13 жыл 8 айын үздіксіз аудандық Мәдениет үйінің директоры болып осыншама тер төккенде сіңірген еңбегі лайықты бағасын ала алмай келе жатқаны жүрегімді қынжылтады.

Көзден кетсе, көңілден де кетеді деген рас па? Адамның сіңірген еңбегі туралы айту – бір бөлек, бағалай білу – екінші бөлек дүние емес пе?

Жарты ғасырлық ғұмырын тек Ақтоғай ауданының көркемөнерін дамытуға арнаған Заманының серісі, елінің еркесі, ән серкесі, күйші, актер, дирижер, менің әкем – Тұрған Түсіпбаев өнерге сіңірген еңбегінің Лайықты бағасын алуы тиіс деген пікірімді, ойымды сіздермен бөлісе келіп, әкемнің өнеріне тәнті болған, еңбегін сыйлаған, үлесін бағалай білген өмірдегі, өнердегі әріптестеріне, жора-жолдастарына, ұжымына Сіздер арқылы аудан басшыларына жергілікті «Тоқырауын тынысы», («Арқа еңбеккері»), облыстық «Орталық Қазақстан» газеттері мен «Валют Транзит» журналының беттерінде жарық көрген ұсыныс, жаңғырық, үн қосу, ой толғау мақалаларын және әдеби естелік кітаптарға шыққан естеліктерді ескеріп, негізге алып Тұрған Түсіпбаевтың есімін ұлықтау туралы қордаланған мәселе оң шешімін тауып әділеттіктің үстемдік құруын балалық, бауырлық үмітпен сұрап:

«Ұшырдың баптап ұядан

Кетпейсің ойдан – қиялдан» деген ән жолдарымен әкеме деген сағынышымды жеткізгім келеді.

Өз жақсыларымызды, өзіміздің дарынды таланттарымызды өзіміз ұлықтамасақ, сырттан кімдер ұлықтауы мүмкін.

 

 

Мақпал Тұрғанқызы.

Алматы қаласы,

2016 жыл, 8 мамыр.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 2452
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px