Хан батыры Қабанбай - Тұлға - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 10.12.2016

Қазақ халқы басынан талай тартыс, сан сайысты өткеріп, біртіндеп бас құрап, ұлт болып қалыптасқан қазіргі тарихына дейін басына әлденеше рет ауыр күндер төнген, тіпті, тұқымымен құрып кету қаупіне де кез келген. VII-Х ғғ. араб-парсылардың, ХІІ-ХІІІ ғғ. Шыңғысханның, ХVII-XVIII ғғ. жоңғарлардың шабуылы, міне, сондай қауіп төнген мезгіл болды. Ел басына күн туған қиын-қыстау кездерде қан кешіп, жауға қарсы ту көтерген, халықты ұйымдастырып ел амандығын қорғаған ержүрек батырларды халқы қашанда қадір тұтып, өлең-жырға қосып, ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отырды. Осылайша, кейінге ұран болған тарихи адамның бірі – халық батыры Қабанбай Қожақұлұлы. Атақты, ақылды, абыройлы хан әрі қолбасшы батыр Абылайға арнап айтқан сөзінде Қабанбайдың тарихта алатын құрметті орнын сәуегей жырау, кемеңгер би Бұқар айқындап айтып кеткен:

Қаракерей Қабанбай,

Қанжығалы Бөгенбай,

Қаздауысты Қазыбек,

Шақшақұлы Жәнібек,

Ормандай көп орта жүз

Содан шыққан төрт тірек.

Тұғыр болған сол еді,

Сіздей төре сұңқарға, – деген. Тарихи шындықты дәл, әділ айтқан.

Қабанбай батырдың анық туған жылы белгісіз. Дегенмен, батыр өмірін зерттеушілердің шамалауынша, ол 1691 жылы дүниеге келген. Қабанбай батырдың туған жері туралы да толық мәлімет жоқ. Кейбір пікірлер бойынша, Сыр бойында туған делінеді... Қабанбай батыр шамамен 1769 жылы 78 жасында дүниеден өткен. Оның қай жерде жерленгені туралы пікірлер де әр қилы. «Қабанбай батырдікі» деген зираттар Семей, Талдықорған, Ақмола, Көкшетау өңірлерінде әлденешеу. Әкесі Қожақұл өзі тұстас Жалаңтөс баһадүрмен тізе қосып, Хиуа хандығына қарсы соғысқан белгілі батыр, қолбасылардың бірі.

Қабанбайдың азан шақырып қойылған аты – Ерасыл. Денесінің ірілігіне қарап, жеңгелері «Нарбала» деп те атапты. Қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы күресінде ерекше ерлік көрсетіп, талантты қолбасшы ретінде атағы шыққан. Найман ішіндегі Қаракерей руының Байжігіт тармағынан. Қабанбайдың жеті жасында әкесі Қожақұл, он алты жасында ағасы Есенбай жоңғарлар қолынан қаза тапқан. 16 жасар бала жау арасына жасырын барып, 1707 жылы ағасын өлтірген жоңғар батырлары – Өлдежырғыл мен Арсалаңды өлтіріп, әкесі мен ағасының кегін алады. Қалмақты өлтіргеннен кейінгі аты – Ізбасар. Осыдан кейін Ерасыл тоғыз жылдай Зайсандағы Керей ішіне кетіп, әпкесі Меруерт пен жездесі Бердәулеттің қолында болады. Осында жүріп, көштің жолын бөгеген жабайы қабандарды жайратып, «Қабан» атанды. (Айбын. Алматы. «Қазақ энциклопедиясы». 2011. 429 б.). Қабанбай 25 жасқа келгенінде ғана елге оралыпты. 80 жасқа келген ел ақсақалы Өмір батыр Байжігіт руының туын оның қолына тапсырып, батасын берген екен. Бұл 1716 жыл болса керек. Бұдан кейінгі өміріндегі 1726-1740 жылдар аралығы ұдайы соғыс үстінде өтеді. Жеке басының ерлігі әскербасылық өнерімен ұштасып, Қабанбай даңқы шартарапқа тарайды.

Әсілі, көшпенділер салтында батыр атану үшін кемінде жаудың бір батырын жекпе-жекте жеңу керек болған. Ал, қолбасы, сардарбек атану үшін асқан ерлік, батырлықтың сыртында, артыңда тіреп тұрған елің, қолдаушы серіктерің болуы шарт. Қабанбай – осы шарттың бәрін толтырған, қырық жыл бойы қылышын қынабына салмай соғысқан кісі. Атты түмендер (10 мыңдық) шайқасының стратегі, ат үстіндегі жекпе-жектің теңдесі жоқ шебері. Ол өз өмірінде ондаған жекпе-жекте жеңіске жеткен. Қалмақтың Арсалаң, Өлдежырғыл, Долаңқара, Бадынжа, Арқауыл, Церен Доржи секілді талай нояндарын өз қолымен о дүниеге аттандырған. (К.Аманжолов, А.Тасболатов. Қазақстанның әскери тарихы. Алматы. Білім. 1999 ж. 155 б.).

Әйгілі жапон ғалымы Зокота «Россия және Орта Азия» деген кітабында былай жазады: «Сол кезде жоңғарлар Орта Азиядағы ірі сахара патшалығы болды. Оған ұйғырлар қарсылықсыз бағынды. Қырғыздар бір мезгіл қарсылық көрсетсе де, сұрапыл тегеурінге шыдамады. Ал, ұзақ жылдар бойы жоңғарлармен тірескен, тек, қазақтар ғана болды. Жоңғарлар қазақ елінің шығыс және оңтүстік жағындағы бірқыдыру жерлерді жаулап алғанымен, қазақтардың кең байтақ орталық бөлігіне дәрмені жетпеді» (М.Қозыбаев. «Ел ебелек емес, ер кебенек емес». Қазақ әдебиеті. 14.06.1991 ж.).

Сол «ұзақ жыл бойына тірескен» қазақтардың жоңғарларға қарсы күресін ұйымдастырушы және оған қолбасшылық етуші батырлардың ішінде Қабанбай ерекше орын алды. 1718 жылы Аягөз шайқасында ерекше көзге түсіп, Қабанбай батыр атанды. 1723 жылы Түркістан қорғанысына, 1726 жылы Бұланты шайқасына, 1730 жылы Аңырақай-Алакөл шайқасына, кейін Шыңғыстау, Ертіс бойындағы шайқастарға қатысып, Абылайханның бас батырларының біріне айналды. Осы шайқастар кезінде Қабанбай Найман тайпасының жасақтарын басқарып, жүзбасыдан мыңбасы, түменбасына дейін көтерілген.

Осы жерде Қабанбай батыр қатысқан Асы төңірегіндегі кішігірім ұрыстарды айтпағанның өзіңде, Қабанбайдың зор ерлік көрсеткені – Қарқаралы сыртында, Қарағайлы деген жердегі ұрысы деуімізге болады. Қабанбай қалмақтың Жамбын деген батырын Жетісуға, Асыға жібермеу мақсатында, қалмақтың басын біріктірмеу үшін ұрысты осы Қарағайлы маңында әдейі бастаған. Қарағайлыда 17 күн болған соғыста Қабанбай бір күні кешке дейін майдан алаңында жалғыз тұрып, алты қалмақтың басын алған. (Қ.Тауасарұлы. «Түп-тұқианнан өзіме шейін». Алматы. 1993 ж. 42 б.). 1741 жылы Шыңғыстаудағы бір жарым жылға созылған Шаған шайқасында ақбоз атпен топ жарып, жауға шапқаны үшін «Дарабоз» атанды.

1751 жылы Арқадан Оңтүстік Қазақстанға Қабанбай, Ханбаба (Барақ сұлтанның үлкен ұлы) жорығы жасалды. Ұлы жүз жасағын өзіне қосып алған 2 түмен қазақ әскері Сыр бойы, Шымкент, Сайрам, Ташкент қалаларын жоңғарлардан тазартып, Ташкентте Төле бидің билікке келуіне көмектесті. 1752-54 жылдары Жетісу, Тарбағатай, Алтай өлкелерін жоңғарлардан азат ету жорықтарында Қабанбай басқарған қазақ әскері алдымен Іле, Балқаш, Қаратал өңірлерін жаудан тазартуға қатысты. Осыдан кейін қазақ жасақтары Тарбағатайдың күнгейі мен теріскейінде екі бағытта шабуылға шықты. Күнгейдегі әскер тобын басқарған Қабанбай сарбаздарымен Қарақол мен Нарынды, Ұржар мен Қатынсуды, Алакөл мен Барлықты азат етіп, терістік бағыттағы Бөгенбай әскеріне қосылды. Баспан Базар, 80 күнге созылған Шорға, Маңырақ шайқастарына қатысып, Зайсан, Марқакөл, Күршім өңірлерін азат етті (Айбын. 429 б.). «Қабанбай жырында» батыр бастаған қазақ әскерлері соғыс жүргізген жерлердің атаулары былайша тізбектелген: Алакөл, Ақсу, Сарысу, Қызылсу, Еміл, Есіл, Нұра сияқты өзен-көл мен Алатау, Сарыбел, Көкқайнар, Қаратау, Арқарлы, Көкпекті сияқты жер атаулары кездеседі. Зерттеп қарағанда, ол қазіргі Астанадан бастап, Шығыс Қазақстан мен Түркістан және Алатау атырабына дейінгі кең байтақ үлкен аумақ – Қабанбай бастаған қазақ әскерлерінің соғыс жүргізген жерлері екенін көреміз.

Қабанбай жоңғарларға қарсы 103 рет соғысқа кіріп, Абылайдан «Дарабоз», «Хан батыры Қабанбай» деген атақтар алған. (З.Сәнік, Б.Садықан. «Қаракерей Қабанбай». Алматы. 1991. 38 б.).

Қабанбай батыр туралы толығырақ мағ­лұмат жазып қалдырған адам – тарихшы, этнограф Құрбанғали Халидұлы (1846-1913 жж.). Оның «Тауарих Хамса...» атты үлкен еңбегі Қазан қаласында екі рет басылып шыққан (1910, 1911 жж). Сол кітаптың «Абылай хан» деп аталатын тарауында қазақ хандарының ең атақтысы Абылай екенін айта келіп: «Абылай заманында батыр, әскербасы болған адамдар: Қаракерей Қабанбай батыр, Алтыбай батыр, Ақтамберді батыр, Еспенбет батыр, Матай Шөңкей батыр, Керей Жәнібек батыр, Бура Ақпантай батыр, Қанжығалы Бөгенбай батыр, Бәсентиін Малайсары батыр. Бұлардың бәрі батырлықпен көзге түсіп, батыр атанған адамдар болса да, бәрінен үздігі Қабанбай батыр екен», – дейді («Қазақ әдебиеті», 1991 жыл 1 қараша). Қ.Халид айтқандай, қазақта әскербасы болған батырлар аз емес және 1607-1608 жылдан бастап, 1750 жылға дейін бір сәт толастамаған шайқастар әртүрлі деңгейде өтіп жатты. Алғаш қазақтың қалың қолын бастаған сардар Қанжығалы Бөгенбай қартая бастаған кезде аға жүгін жеңілдетер Қабанбай шықты. Белгілі тарихшы М.Қозыбаев «Жауды шаптым ту байлап» деп аталатын зерттеу еңбегінде Бөгенбай мен Қабанбай батырларға қатысты «...Мен өз басым Бөгенбай мен Қабанбай аталарымызды бөлмес едім, бір-біріне қарама-қарсы қоймас едім, бақталас батырлар есебінде санамас едім. Бүкіл халықтық дәрежеге қарадан шығып көтеріліп, ханды аузына қаратқан, әскери өнерімен тамсантқан ұлы қолбасшылар, мемлекеттік қайраткерлер санатына екеуін де бірдей көтерер едім», – депті. Халық басына күн туған қиын-қыстау кезеңдерде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған батырлар еді бұлар. Бір ерекшелігі – бұл қос батырдың есімі XVIII ғасырдағы орыс жазба деректерінде сақталған. Абылай ханмен қатар айтылады.

Қабанбай туының астына жиналған: Барақ, Дәулетбай, ер Еспенбет, Баймұрат, Шынғожа, Ақпантай, Оразымбет, Қосай, Шөрек, Тентек сынды батырлардың әрқайсысы бір елге қорған болардай көкжалдар болатын. Бұлардың сыртында дарабозды қорғап-қоршаған Ақтамберді жырау, Боранбай, Төбет, Қу дауысты Құттыбай, Есенгелді секілді билер қаншама. Мұндағы Боранбай би – Әбілхайыр ханның өліміне (1748) байланысты Барақ сұлтанды ақтап, үкім шығарған жеті бидің бірі. Құттыбай болса, Қаздауысты Қазыбек тұғырдан тайған соң, ұлы бидің орнын басып, Қу дауысты Құттыбай атанды. (Қазақстанның әскери тарихы. 1999. 156 б.).

Қазақ жері 1754 жылы жоңғарлардан азат болғаннан кейін Қабанбай 1756 жылы жоңғар билеушісі Әмірсананы қуып келген Қытай әскерінің бетін қайтаруға атсалысты. Шығыс аймақтарға ел көшіру, қоныс бөлу ісіне араласты. Абылай жаудан азат етілген қоныстарға қазақ ауылдарын көшіріп, қоныстандырып тастайды. Қаласы немесе бекінісі жоқ жерін қазақтар солай қоныстанып қорғамаса, басқа амал жоқ еді. Керейлер Алтайға дейін, наймандар Қара Ертіс пен Тарбағатайдың шұрайлы жерлеріне қоныстаныпты. Қабанбай 1757 жылы жоңғар үстемдігі кезінде қолдан шығып кеткен Шонжы, Нарынқол, Кеген өңірлерін қырғыздардан қайтарып алуға да белсене қатысты.

Қабанбай – қазақ халқының тарихындағы орны аса ерекше мемлекет қайраткері, дипломат та болған. 1718 жылғы Аягөз майданына Қабанбай найманның түменін (10 мың) бастап шыққанын ғылым докторы, профессор Ж.Қасымбаев жазып кеткен. Батырдың жиырма алтыдан асқан кезі. Міне, нақ осы кезден көзі жұмылғанша Қабанбай хан кеңесінен өз орнын алды, мемлекеттік аса маңызды істерді атқаруға атсалысты. Шешуші дауыстың біріне ие болды.

Қазақ халқының тарихында 1758-1762 жылғы қазақ-қытай келіссөздері ерекше орын алды. 1723 жылдан тыным таппай қалмақпен, одан қытаймен соғысқан жұртымыз әбден қалжырағаны анық. Келіссөзде сөз ұстаған Абылай хан, Қабанбай батыр, Әбілпейіз сұлтандардың алдында аса маңызды шаруа тұрды. Бірінші – қазақ даласын бөлшектеуге жол бермеу, екінші – елге тыныштық әкелу. Осының алдында 1757 жылы Қабанбай батыр қолы от қарулы 22 мың қытай шерігімен соғысып, олардың 8 мыңы кейін қайтады. Ал, 14 мыңы туралы қытай деректері ештеңе жазбайды. Мұны В.С.Кузнецов жан-жақты талдап, Қабанбай батырдың далалық соғыс тактикасын сонша жетік пайдаланғанын атап көрсетеді. Сөйтіп, Қытайдың маңдайы тасқа тиеді. Осы соғыс Қытайды келіссөзге итермелеп, олар қазаққа Бейжіңге елші жіберуді ұсынады. Нәтижесінде, 1757 жылдың қыркүйегінде Ханжігер мен Өміртай бастаған елшілер жолға шығады. Қалмақ Ертіс, Тарбағатай, Іле бойының біразын қазақтан басып алған-ды. Жоңғарды бодан еткен Қытай осыларды иеленбекші еді. Бұл жерлердің кейінірек қазаққа қайтуына, қазақ даласының бөлінбей, тұтас қалуына Қабанбай батыр өте үлкен, өлшеусіз үлес қосты.

Қабанбай батыр мен оның әйелі Гаухар батырдың (Малайсары батырдың қарындасы) ерлігі өз алдына бір төбе. Гаухардың сонау 1723 жылдан 1750 жылға дейінгі ұлан-асыр ерлігі елден ерек, шоқтығы биік деп есептелінеді. Гауһар – өз өмірін өз ұлтының азаттығы жолына арнап, көк сауыт киіп, қолына қару алып, жауымен тіке айқасқан, ең көрнекті әйел батырлардың бірі, әрі Қабанбайдың жауынгер серігі («Қаракерей Қабанбай». 1991. 15-16 б.).

Батыр өмірін зерттеуші Қ.Жұмаділов пен З.Сәніктің айтуынша, Қабанбайдың жеті ұлы, бес қызы болыпты. Үмбетей, Сырымбет, Байтақ, Едіге, Кішкентай, Мойнақ, Әлі атты жеті ұлы өз заманында «Жеті Қабанбай» атанған. Осы атаудан-ақ батыр ұлдарының тегін болмағанын байқауға болады. Әлі болса, Қабанбайдың өзімен қатар жауға қарсы шапқан. Ал, Әлінің ұлы Әділбек бүкіл Қаракерейге тұтқа болып, елін жауға бермеген жойқын күш иесі болған. Қабанбайдың ұлдары ғана емес, қыздары да шетінен жаужүрек, батыр болыпты. Оның ішінде бізге Назым батырдың есімі белгілі.

Осы аңызға айналған дарабоз батырымыз Қаракерей Қабанбайдың қазақ халқының басына күн туғанда жасаған ерліктері мен Отанына сіңірген еңбегі ұшан теңіз. Оны заманының кемеңгер тұлғалары – Бұқар, Ақтамберді, Үмбетей, Дулат, Тәтіқара, кейіннен Ш.Уәлиханов, Құрбанғали Халид, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, М.Әуезов, З.Сәнік, т.б. ғалымдар жоғары бағалап, өлең-жырларына қосып, халқы оның ерлігін жырлары мен аңыздарға арқау еткен. Қабанбай туралы ел аузында 15-тен аса жыр бар, батырға 15 жерде ескерткіш қойылған. Бұл – Қабанбайға халқының берген бағасы болса керек. Бұқар жырау Қабанбайдың орнын, мемлекеттегі ролін жоғары бағалап: «Айналайын, Қабанбай, Жау тигенде жарағым. Алыстан асып дау келсе, Түрулі тұрған құлағым. Жақыннан жарым жау шықса, Белдеудегі пырағым. Мың жылқыны суарған, Төскейден аққан бұлағым», – деген екен.

Міне, бұл жырдан батырдың бүкіл қазақ қауымына аса сыйлы, қадірлі болғанын аңғарамыз. Батыр – ел қорғаны. Оның есімі, ісі – халық қазынасы. Сондықтан да, Қабанбай есімін ұрпақ жүрегіне ұялатайық. Бұл – болашақ алдындағы парызымыз.

 

Ерғазы ҚАДАШҰЛЫ,

тарихшы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 829
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1095
count 88x31px