ӘЛIМХАН ЕРМЕКОВ – Воркута лагерiнде - Тұлға - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 05.12.2016

Мұхтар Мағауин
ӘЛIМХАН ЕРМЕКОВ – Воркута лагерiнде
Алаштың айтулы тұлғасы Әлімхан Ермеков өміріндегі өзгеше жағдайға қатысты және сол бір қиын күндерге куәлас болған өзімнің әкеме байланысты аз ғана дерек
«Азаттық» радиосының биылғы, 2011 жыл, 9 май күнгі сайтында Совет армиясының Харьков түбіндегі ғаламат апаты туралы мақала болды. Ауыр жеңіліс нәтижесінде мыңдаған адамның опат тапқаны, ал Қазақстанда жасақталып, түгелдей дерлік қазақ жігіттерінен құралған 106-дивизияның тақи-таза жойылып кеткені туралы айтылады. Шындық бұдан әлдеқайда ауыр. 1942 жыл, 12 май күні, майданның Барвенково аталатын мүйіс шебі мен Белгород-Волчанск тарабынан Харьков бағытында шабуыл бастаған қалың қол – 765 мың жауынгер топталған алты армия әуелгі аптадағы, жау межесіне сұғына кірген алдамшы, аз ғана табыстан соң, немістің ілкіде арнайы жоспарланған, “Фредерикус” аталатын қарсы шабуылы нәтижесінде тас-талқан болып қирайды; терістік қапталдағы үш армия үлкен шығынға ұшырап, Оңтүстік-батыс майданның барлық қарулы күштері – жиыны жиырма атқыштар дивизиясы, тоғыз атты әскер дивизиясы, он төрт танк бригадасы, екі моторлы бригада және тағы қаншама қосымша демесіні бар 6-, 9-, 57-армиялар қыл түбінен қиылып, толық қоршауға түседі. Жанталас “қазан” (“котел”) ішінде қисапсыз қырғын басталған. Тоғыз тарап жер бетінен hәм тұлдырсыз аспаннан үздіксіз төпелеген тағы да бір апталық жаппай қасаптан соң, 30 май күні бәрі тәмам болыпты. Дарынсыз, шалағай қолбасылар – маршал Тимошенко, генерал Баграмян және әскери кеңесші Хрущев басқарған, үлкен табысқа жол ашуға тиіс саналған кең көлемді операция осылай аяқталды. Совет-герман майданы ғана емес, бүткіл Екінші жихан соғысы кезіндегі, 1941 жылғы Киев қырғынына тетелес, ғаламат апат. Совет дерегі – «171 мың адам қазаға ұшырады» деп көрсетеді, шындығында өлім-жітім бұдан әлдеқайда, бәлкім, екі есе көп болуға тиіс. Неміс құжаттары бойынша, бар дәрмені таусылған 240 мың жауынгер пленге түседі. Бұлардың басым көпшілігі әуелде фашистік тұтқын лагерінде, қалғаны – соғыстан соңғы советтік концлагерлерде қазаға ұшырады. Менің көкем Мағауин Мұқан осы екі тозақтан бірдей аман шыққан санаулы кісілер қатарында. Түгелдей шәйіт болған 106-дивизияда емес, басқа бір құрамада соғысқан. Әскерге 1939 жылы октябрь айында шақырылған екен, содан Бессарабияны оккупация жасаған топта болған, одан кейін Иранды басқан әскер қатарында, екі ретте де кавалерия; бұдан соң қан майданға түскен, миномет расчетінің командирі, 1941 жылдың қара күзінде Ростов-Дон түбінде басынан жараланып, контузия алған, Кисловодск госпиталінде жатып, бірнеше ауыр операция, алты айдан соң қайтадан алғы шепке салыныпты. 1941 жылғы желтоқсан – 1942 жылдың наурызы аралығында Ақмолада құралған қазақ атты әскер дивизиясынан тысқары қалуы содан. Харьков бағыты, Оңтүстік-батыс майдан. Минометші кіші командир. Жалпы жұрт қатарлы от-жалын қыспақтан соң немістің концлагерін, оған жалғас советтің тергеу, тексеру, еңбек майданын атқарып, елге жеткеннен кейін көп ұзамай, қайта айдалды. Пленде болғаны және Түркістан легионы үшін. Бұл тұста өлім жазасы жоқ екен, жиырма бес жылға кесіліп, 1951–1955 жылдарда Қиыр Солтүстік, Воркута лагерінде отырған.
Көкем осы Воркуталагта әйгілі Әлімхан Ермековпен бір баракта жатыпты. Нар-төсектері де тым тақау, бәлкім қатарлас тұрса керек. Көкемнің мамандығы мұғалім, жас кезінен-ақ Алаш арыстарының жайын біршама біледі, сондықтан, мұндай төтенше кездесу айрықша әсер еткен сияқты. Әлекең ақылды, ұстамды кісі екен дейді. Тым тәкаппар да емес, онша жайдақ та емес, бар бітімінен кемеңгерлігі көрініп тұратын. Артық сөз айтпайды, өте сақ. Біз, түгелдей ұзаққа кесілген, тағдырымыз шешілген адамдармыз, қалт еткен тыныста ана-мынаға дауласып, совет өкіметі, өткен-кеткен және бүгінгі заман туралы айтысып жатамыз, Әлекең ештеңеге араласпайды, салқын жүзбен, кейде жымиып қана отырады. Жұрттың бәрі сыйлайтын. Қазақ бар, қырғыз бар, Балтық бойының азаматтары, батыс украин, батыс беларус бар, бәрі де. Кейбір кісілердің өтінішін орындап, ақталу немесе жазасын жеңілдету туралы арыздарын жазып береді, заңға да жетік екен. Жалпыдан бір айырма, арттағы ағайындарының тұрмыс-жағдайлары жақсы, әрі батыл адамдар сияқты, Әлекең жиі-жиі сауқат алады, посылка. Көршілерімен азды-көпті сыбаға бөліседі, жалпы жұртпен салыстырғанда, жағдайы жақсы болды. Денсаулығы да мықты, қайратты кісі екен.
Ақыр түбінде Әлекең және біздің көбіміздің лагерьден аман шығуымыз – біз таскөмір шахтасында жұмыс жасадық. Жұрт жаппай қырылған Сібірдегі ағаш кесу, Колымадағы кен өндірісі, осы Воркутаның өзіндегі құрылыс емес, жылы, терең шахтада. Жұмыс ауыр. Әйткенмен, тамағымыз да ашқұрсақтан тәуірлеу болды. Бұл жерде Әлекеңмен бірге менен басқа қырғыз фольклорисі Қасымалы Бектенов болды. Жамбылдан Отарбай деген қазақ болды, тағы да Жұмағали Айбасов деген қазақ болды деп еді көкем. Отарбаймен кейінге дейін хат жазысып тұрды, Жұмағалимен лагерьден босағанда қасық алмасқан екен. Ал, Бектеновтің бір баласы кейін, Ақаевтың тұсында министр болған; қазір дүние салыпты деп естідім. Айтып отырғаным, осы кісілердің ұрпақтарында Әлекеңе қатысты әрқилы естелік, әңгіме сақталуы мүмкін. Қайткенде де, қиын күндерде Әлекеңмен серіктес, бәлкім азды-көпті демесін болған кісілер, аттары ұмытылмасын дедім.
Мен өзім көкемнің көзі тірісінде, 1968 жылы “Қобыз сарыны” деген кітабым басылып, әжептәуір атаққа шыққан кезде Әлекеңді іздеп бармақ болдым да, ойлана келе тартынып қалдым. Әлбетте, ашылып сөйлесе қоймасы анық, оның үстіне менің көкеммен кіріптар, кемшілік жағдайда бірге болды, сондықтан, ұнатпай қалуы да мүмкін, әрі мен қандай мақсатпен келді деп ойламақ. Сөйтіп, арнап бармадым, басқаша орайда кездесудің сәті тағы түспеді. Қазір ойлаймын, қайткенде де сәлем беріп, жүзін көріп қайтқан жөн еді деп...

(20.V.2011, Прагада жазылған; бір үзігі «Азаттық» радиосының сайтында басылды.)

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 247
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1089
count 88x31px