Ұлытаудың ұлағатты ұлы еді... - Тұлға - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

Ұлытаудың ұлағатты ұлы еді...
Ұлыту-Жезқазған-Жезді өңірінде жақсы қасиеттерімен өзгелерге өнеге болған жанның бірі – кезінде «Жезді кентінің патриоты» атанған Сағынтай
ТЕМБАЕВ болатын.
Ғұмырлық ғибратымен ерекше жарқыраған азаматтың ортамыздан кеткеніне 5 жылдың жүзі болып қалыпты. Ортамыз­да жүргенде биылғы
1 мамырда 80 жастың сеңгіріне шығар еді...
Сұңғақ бойлы, өзін тіп-тік ұстайтын, қою қара шашы қайырылған азаматтың қияқ мұрты өзіне тым жарасып тұратын.
Бұрын аудан орталығы болған қала үлгісіндегі Жезді кентінде орналасқан марганец кен басқармасын 1942-2000 жылдар аралығында Ә.Тоқтыбаев, Ж.Ағаділов, Ә.Саринов, Қ.Ермеков, Ж.Әшірбеков, А.Дәукенов, Б.Жүгінісов, М.Берліқұлов, Б.Аймағанбетов сынды инженер-техник қызметкерлер басқарды. Цехтарда, учаскелерде, фабрикада жас мамандар еңбек етті. Комсомол-жастар бригадалары құрылды. Кеніштің басшылығы, партия, комсомол, кәсіподақ ұйымдары әр уақытта жастарды қолдап, оларға қамқорлық жасап, жауапты жұмыстар тапсырып, цех басшылығына дейін жоғарылатып отырды.
Сағынтай Жезқазғандағы құрылыс техникумын тәмамдағаннан кейін еңбек жолын ағаш шебері болып бастаған, одан соң құрылыс салуды қолға алды. Білімін жетілдіру мақсатында Қарағанды политехникалық институтына оқуға түсіп, оны аяқтап шықты. Еңбекке араласқан 40 жыл ішінде құрылыс шебері, прораб, құрылыс цехының, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы лауазымына дейін көтерілді.
Оның достарының арасында кім болмады десеңізші... Орыс, неміс, татар, өзбек, украин, тау халықтарының өкілдері... Бәрімен сыйласатын, достық қарым-қатынасты нығайтып, «бір жағадан – бас, бір жеңнен – қол» шығарып, еселі еңбек етті. Ұйымдастыру қабілетін, адамдармен тез тіл табысатынын, ешкімге дауыс көтермейтінін, айтқандарын орындата алатынын көрсетті. Жалындаған жастарға көшбасшы бола білді. Жезді кентінің кеңесіне бірнеше мәрте депутат болып сайланды. Сайлаушылар сенімінен шығып, тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға белсене атсалысты. Сол кезеңде кеншілер қалашығын сәулеттендіру, көгалдандыру және әлеуметтік құрылыстар салуға қатысты қыруар жұмыс атқарылды. Осы игі істердің ортасында Сағынтай жүрді. Аудан басшылары, атап айтқанда, Жездіге «қайта құру» кезінде келген қоғам қайраткері Қасымбек Медиев оны сыйлап, қатты бағалайтын. Мен – осы екі азаматтың арасындағы адал достық қарым-қатынасты көріп, бағамдаған адамдардың бірімін.
Жезді марганец кен басқармасының отымен кіріп, күлімен шығып, өндірісте мол тәжірибе жинақтаған ол жоғарғы біліктілігі арқасында «Қазақмарганец» АҚ директорының орынбасары, кейін вице-президенті қызметтерін абыройлы атқарды. Елге сіңірген еңбегі елеусіз қалған жоқ. Аудандық, облыстық органдар тарапынан Құрмет грамоталарын, Алғыс хаттар алды. «Еңбек ардагері», «В.Лениннің туғанына – 100 жыл» медальдарымен марапатталды, кеудесіне «КСРО-ның озат құрылысшысы» төсбелгісін тақты. Іскерлігі, әділдігімен кент тұрғындарының құрметіне бөленді... Зейнеткерлікке шыққанына қарамастан, оны Жезді қалашығының болашағы қатты ойландыратын. Аудан орталығы болған кезінде мұнда 15 мыңға жуық халық тұрды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы дағдарыстың белең алуы әсерінен жұртшылық жұмыс іздеп, қалаға кетіп жатты. Зәулім ғимараттар – көпқабатты тұрғын үйлер, аурухана, дүкендер, тұрмыстық және мәдени мекемелер, мектептер қаңырап бос қалды. 1997 жылы оңтайландыру кезінде Жезді ауданы Ұлытау ауданының құрамына беріліп, Жезді кенті аудан орталығы мәртебесінен айырылды. Сол кездегі жергілікті басшылықтың бейқамдығын пайдаланған «пысықайлар» әлгі ғимараттарды қалай болса, солай бұзып, материалдарын сыртқа тасымалдап жатты.
Сонда Сағынтай өрескел бассыздыққа қарсы аянбай күресті. Қалашықтың құлазып, көркі қашпауы үшін бос тұрған үйлер мен ғимараттарды қызғыштай қорып, ардагерлер мен ақсақалдар қоғамдық кеңесінің төрағасы ретінде бар күш-жігерін жөнсіз жолсыздықтардың орын алуына жол бермеуге жұмсады. Жергілікті жерде шешімін табуы қиын өзекті мәселелерді облыстық деңгейге дейін көтеріп, жоғары жақтағылардың назарын Жездіге аудартты. Ол тағдырына алаңдаған Жезді кенті бүгінгі күндері кешегі қиындықтарды артқа қалдырып, өскелең өмірдің талабымен еңсесін тіктеп келеді.
2014 жылы Жезді кентінің 70 жылдығы атап өтілді. Астанадан, облыстан келген құрметті қонақтардың көпшілігі, зиялы қауым өкілдері Жездінің қайта түлеп, өркендейтінін айтып, жиналған жұртшылықты қуантқан-ды. Иә, лайым, солай болғай!.. Жезді көрікті мекенге айналып, тамырына қан жүгірсе – Сағынтайдың еңбегінің еш кетпегендігі.
Ол 1991 жылдан бері өткізілген ҚР Президенті сайлауларында Ұлытау-Жезді аймағы бойынша Елбасы – кемеңгер саясаткер Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімді өкілі ретінде таңдалды. Еліміздегі бейбітшілік пен татулық, тұрақты өсу мен өркендеу өзінің түп-тамырын қайдан алып жатқанын терең түсініп, мемлекеттік ұстанымдардың шынайы насихатшысына айнала білді. Елбасы жүргізген салиқалы саясатты белсенді жақтаушылардың бірі болды. Онымен әңгімелескен сәттерімізде өреміз өсіп қалатын. Тарихқа байланысты деректерді көп білетін.

* * *
Өткен ғасырдың 50-ші жылдарының соныңда Жезқазған қалашығының Бәткен есімді сұлуымен бас қосып, 50 жылдан астам бақытты өмір көрді. Отбасылық құндылықты жоғары қойған Сағынтай аға мен Бәткен жеңгеміздің үрім-бұтақ, бала-шағасы, немерелері мен шөберелері Қарағандыдан бастап, Жезқазған-Ұлытау аймағында тұрақтап, жемісті еңбек етуде. Абзал азаматтың артында өрелі істері мен өшпейтін іздері – өнегесі қалды. «Өлі риза болмай, тірі байымайды». Бүгінгі ұрпақ өткен өмірде жақсы адамдар болғандығын еске алып отырса, рухтары риза болып, жатқан жерлерінде бір аунап түсетін шығар...
Анық білетінім, Сағынтай Тембаевтың еңбегін көзімен көргендер күні бүгінге дейін жыр етіп айтып отырады. Мейірімділігі және ерекше елжандылығымен есте қалған Ұлытаудың ұлағатты ұлының есімін келер ұрпаққа келісті жеткізе білу – біздің қастерлі борышымыз.
Сейтбаттал КЕНЕБАЕВ,
еңбек ардагері, бұрынғы «Жезді өңірі» газетінің редакторы.
ҰЛЫТАУ ауданы.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 133
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px