Ұмытылған атпал азамат - Тұлға - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

Ұмытылған атпал азамат
Қазірде қазағымызда қатыгездік қылық, селсоқ мінез, сатқындық әрекет белең алып барады. Соның салдарынан адамдарда өзара қолдау, түсінісу азайды. Біз тәуелсіз елміз деп мақтанамыз, бірақ та, іс жүзінде керісінше екені алаңдатады.
Әрине, мұндай жағдайларға әкелген себептер де әртүрлі. Дегенмен, басты кінәні ұйымдасқан ұлт болып отырмағандығымыздан іздесек жөн. Бүгінде әр отбасының өз қамынан аспай, мемлекеттік деңгейде ойлап, жаны ашымайтыны өкінішті. Әсіресе, барымызды бағалап, жоғалтқанымызды уақытылы іздеуді кейінге ысырамыз. Бұл – үлкен кемшілік емес пе? Біздің арамызда жақсы адамдар бұрын да болған, қазір де бар, бірақ көп емес.
«Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» дегендей. Осындай адамдардың алғырлығы, сіңірген ерен жұмыстары еленбей қалатыны – елдігімізге сын.
Енді сөзімізге мысал ретінде, мұнан 13 жыл бұрын қайтыс болған, Жезқазған аймағына кең таныс, Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген агрономы Сейдіғали Пазылов туралы айтайық. Оның тағлымды тірлігін, өмір сүрген дәуірінде кім болғанын мына мәліметтер айғақтай түседі. Сейдіғали Пазылов (1938-2003) Қарағанды облысының, Жаңаарқа ауданында туған. Алматы ауыл шаруашылығы институтын (1961ж.) бітіргеннен кейін туған жерге оралып, Рассвет кеңшарында бас агроном, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары болды. Осы саладағы еңбегі бағаланып, Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген агрономы атағы берілді (1973ж.). Ал Жезқазған облысы құрылғанда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы (1973-1978жж.) бастығының орынбасары, онан соң жаңадан құрылған Талап кеңшар – техникумын (1978-1981жж.) басқарды. Кейінірек Жезқазған облыстық агрохимиялық қызметіне жетекші болды. Ол барлық саналы ғұмырын, жастық шағын ауыл шаруашылығы саласына арнап, халқы үшін тер төккен адам еді. Оның басшылық қызметтерде жүрген кезінде Қазақстанға белгілі кеңшарлар нәтижелі жұмыстар атқарды. Шет ауданындағы «Красная поляна» ауылында сүтті қызыл сиырды, «Просторный» (қазіргі Ақой) кеңшарында ет өнімін беретін қазақтың ақбас тұқымды сиырларын өсіріп еді. Бұрынғы Ақадыр ауданына қарасты К.Мыңбаев атындағы кеңшарда асыл тұқымды еділбай қойларының санын көбейтті. Ұлытау ауданындағы Теріс-аққан мен Урожайный кеңшарлары сапалы бидай өнімдерімен облысты қамтамасыз етті. Солардың бәрінде де атпал азаматтың ұйымдастырушылық ізі бар. Дегенмен, Сейдіғали туралы айтқанда сол кездердегі Жезқазған облысының басшылары Қамза Жұмабековтің, Қасымбек Медиевтің қамқорлығына, дұрыс бағыт беруіне байланысты екеніне тоқталсақ орынды болар. Бүгінде осы қадірі жоғары азаматтардың екеуі де Қарағанды қаласында тұрады. Олар Сейдіғали Пазыловты жақсы біледі.
Бұрынғы Кеңес Одағы кезінде тамаша дәстүр қолданылды. Онда материалдық игілік өндіретін салаларға (өндіріске, ауыл шаруашылығына, транспортқа) ерекше мән берілетін. Сондықтан, қарапайым жұмыскерлердің көпжылдық еңбектері нәтижелі болса, Социалистік Еңбек ері атағына, КСРО Жоғары Кеңесіне депутаттыққа, тағы басқа атақтарға ұсынылып, марапатталатын.. Сонымен қатар, қайтыс болғандарын мәңгілік есте қалдыру шараларын ұйымдастырып, тұрған үйінің сыртына суретін, өмір сүрген жылдарын арнайы тасқа жаздырып ілетін және де озат адамдардың есімдерін мемуарлық құрмет тақтасына енгізетін. Әр облыстың анықтамалық энциклопедиялық кітабынан орын беретін. Мұндай тірліктің кейінгі ұрпақтар үшін тәрбиелік мәні зор еді.
Қазірде соның керектісін қалдырмағанымыз озбырлық болды. Нарық заманы сауда-саттық болып кеткендіктен бе, адамгершіліктің құны қашты. Оны қалай дұрыстаймыз? Бүгінде айтпасаң білмейтін, түртпесең көрмейтін халге жеттік. Сондықтан шығар, Сейдіғали 25 жылдан артық қызмет атқарған Жезқазғаны да, 12 жыл қызмет  еткен Жаңаарқасы да сіңірген еңбектерін ұмытып, беймәлім күйде тарих қойнауына кетіп барады. Сейдіғали Пазыловтың 2006 жылы шыққан Қарағанды облысының анықтамалық энциклопедиясына кірмегені ұят-ақ. «Ештен кеш жақсы» дегендей, игілікті іске ұмтылайық, ағайын!

Жанайдар ҚАШҚЫНБАЙҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі,
КСРО жоғары мектебінің үздігі.
ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 199
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px