Нәзік жанда – нар жүгі - Тұлға - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

Ер азаматтар сияқты, нәзік жандар да мойнындағы сан қилы жауапкершілікке қарамастан, өндіріс ісін өрге бастырады. Сондай еңбекқор жандардың бірі – «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС Балқаш мыс балқыту зауыты жанындағы Мыс электролиздеу цехы учаскесінің аға шебері Гүлмира АЙТҚҰЛОВА.

 

Гүлмираның әкесі Жұмағали мен анасы Балқия да – саналы ғұмырларын металлургия саласына арнаған жандар. Балқаш қаласындағы орыс мектебінен тәлім алған Гүлмира Жұмағалиқызы орта мектепті 1993 жылы тәмамдаған. Мектеп бітірген соң, тұрмыс құрған кейіпкеріміз кішкентай сәбиімен үйде отырып қалмай, оқу да оқып алады. Бір ғана емес, тігінші, экономист, механик деген үш бірдей мамандықты алып шыққан Гүлмира Жұмағалиқызы 2000 жылы ең алғаш рет Балқаш қаласының өзегі – өндіріс ошағына келеді. Зауытта әдепкіде 2 дәрежелі дәнекерлеуші бола жүріп, ұзақ уақыт өтпестен, тындырымдылығы мен жауапкершілігінің арқасында 5 дәрежелі дәнекерлеушіге дейін көтеріледі. «Еңбектегі басты құндылық – өз ісіне деген үлкен қызығушылық» деген ішкі ұранмен жұмыс істеген ол кейін келе бригадир, шебер бола жүріп, «аға шебер» дәрежесіне жетеді.

«Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС Балқаш мыс балқыту зауытының Мыс электролиздеу цехы жанындағы «Химиялық қорғау жұмыстары мен электролизді ванналарды жөндеу жұмыстары» бөлімшесі 2011 жылы құрылыпты. Бөлімшеге Гүлмира Айтқұлованың ұстазы – Е.Мырзаханов басшылық жасайды. Мұнда мақала кейіпкері – аға шеберден бөлек, Ү.Нысанбаева мен М.Садықов есімді екі шебер және өзге де жұмыскерлерді қосқанда барлығы 42 адам еңбек етеді. Аталмыш бөлімшенің негізгі қызметі – Мыс электролиздеу цехындағы негізгі құрылғыларды күрделі жөндеуден өткізу. Құрылған кезден бастап, топтық бағытта жұмыс істеп келе жатқан бұл бөлімшенің ұжымы өте ұйымшыл. Бір-біріне әріптестер деп емес, туған бауырларындай қарайтын бөлімше еңбеккерлері кез келген қоғамдық шараларға да белсене араласады. Және осындай белсенділікке баулып, ұйытқы болып жүрген барлық істің басында – Гүлмира Айтқұлова тұр. Жұмыстағы талапшылдығы мен қаталдығынан бөлек, қоластындағы жұмысшыларымен бірлесе отырып, түрлі мерекелік шаралар мен атаулы күндерді атаусыз қалдырмайтын аға шебердің сан қырлы жан екендігін көреміз. Сондай-ақ, Гүлмира Айтқұлова жұмыс барысында әртүрлі тақырыптағы стендтер жасаудың да шебері екен. Оның қолынан шыққан қабырға қағаздары күні бүгінге дейін бөлімшеде ілулі тұр. Бұған қоса, ол өзі жұмыс істеген аралықта – 2 жыл бойы жұмысшылар мен жетекшілерге корпоративтік стандартқа сәйкес оқытатын ішкі тренер және бригадир болған шағында техникалық қауіпсіздік бойынша қоғамдық инспектор да болып үлгерген екен. Осындай еңбектерінің арқасында алған марапат, мадақтамалары да жетерлік.

Өзінің Меруерт есімді қызынан бөлек, сіңілісінің Малика атты қызын да қамқорлығына алып, аналық мейірімін төгіп отырған Гүлмира Жұмағалиқызы бүгінде екі немеренің ардақты әжесі. «Өмірдегі басты мақсатым – жұмысымды әрі қарай жалғап, жандандыра отырып, балаларым мен немерелерімді аяққа тұрғызу» дейді қайсар жан.

Бойында күш-жігері мен қажыр-қайраты тасыған жанға кәсіби мерекеңіз құтты болсын айттық.

Еркеназ БАҚТОРАЗ.

БАЛҚАШ қаласы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 2360
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px