«Өнер-білім бар жұрттар...» - Тұлға - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 07.12.2016


«Өнер-білім бар жұрттар...»
Ресей – әлемдегі азуын айға білеген алпауыт мемлекет. Бүгінде экономикасы мен шаруашылығының, этно-мәдениетінің саналуандығымен ерекшеленетін 160-тан астам ұлт пен ұлыстың өсіп-өркендеуінің елеулі кезеңі өткен ғасырдың 20-30 жылдарынан бастау алады десек, осы қарыштап даму мен өрлеуде қазақ халқының перзенті Нығмет НҰРМАҚОВ терең із қалдырды.
Нығмет Нұрмақовтың өмірі мен қызметінің мәскеулік кезеңі оның РКФСР Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитеті (әрі қарай БОАК) Президиумы Ұлттар Бөлімінің меңгерушілігімен шектелмеді, БОАК Президиумы хатшысының орынбасары және 1934 жылғы 11 мамырдан бастап БОАК Президиумы Есеп-ақпарат бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. Сөйтіп, 1937 жылы 3 маусымда жалған айыппен жазықсыз ұсталғанға дейін аталған екі бөлімнің жұмысын қатар атқарды.
БОАК – РКФСР-дағы мемлекеттік биліктің заң шығарушы, реттеуші және бақылаушы органы болды. БОАК-де және БОАК Президиумы жанынан бірнеше жалпыреспубликалық органдар – комиссиялар, комитеттер, басқармалар құрылды. Олардың кейбіреулері тікелей БОАК-нің міндетін атқарса, басқалары РКФСР құрамына кірген халықтардағы ұлттық құрылыс, мәдени құрылыс, еңбекшілердің өмір сүру жағдайларын көтеру, кейбір нақты халықтық-шаруашылық мәселелерді шешу сияқты міндеттерді атқарды.
Осы орайда, Нұрмақовқа бұдан басқа келесі жұмыстар жүктелгенін атап көрсетейік: 1931 жылғы 13 наурыздан БОАК төрағасы М.Калинин басқарған жеке амнистия бойынша өтінішхаттарды қарау комиссиясының мүшесі және Бүкілресейлік Орталық Сайлау Комиссиясының төрағасы; 1931 жылғы 20 наурыздан В.Ленин атындағы панасыз балаларға көмек қорын ұйымдастыру және иелік ету комиссиясының мүшесі; 1931 жылғы 10 сәуірден кеңінен таралған әдебиеттерді баспадан шығару редакциялық Кеңесі құрамының мүшесі; Қиыр Солтүстік халықтарына көмек Комитетінің мүшесі; 1932 жылғы 27 қаңтардан КСРО Орталық Атқару Комитеті (әрі қарай КСРО ОАК) жанындағы Еврейлерді жерге орналастыру комитетінің мүшесі; 1933 жылғы 20 маусымнан БОАК Прези-  диумы жанындағы Солтүстік Комитетінің мүшесі; 1933 жылғы 17 қыркүйектен КСРО-дағы ұлттар ғылыми-зерттеу институты ережесінің жобасын алдын ала қарап, талқылау комиссиясының мүшесі; 1933 жылғы 23 тамыздағы КСРО ОАК Хатшылығының қаулысымен ұлт республикалары үшін техникумдар мен жұмысшы факультеттеріне (рабфак) орындар броньдауды қамтамасыз етуде практикалық іс-шараларды жасау комиссиясының мүшесі; 1933 жылғы 23 желтоқсаннан КСРО ОАК Ұлттар Кеңесі Президиумы жанындағы мәдени артта қалған ұлттар өкілдерін техникумдар мен жұмысшы факультеттеріне қабылдауды қамтамасыз ету комиссиясының мүшесі; 1934 жылғы 20 сәуірден қалалар арасындағы жарысқа басшылық жасайтын тұрақты комиссияның мүшесі; 1935 жылғы 17 тамыздағы КСРО ОАК Президиумының қаулысымен «Революция и национальности» журналы редакциялық коллегиясының мүшесі; 1936 жылғы 16 ақпаннан Бүкілодақтық жаңа алфавит орталық комитеті төрағасының орынбасары.
Жинақтап айтқанда, Нұрмақов заң жобалары мен заңнамалық актілердің кең көлемін жасаудан бастап жоғарыда аталған сан-салалы жұмыстардың ұйымдастырушысы ғана емес, оларды іс жүзіне асыруға қоян-қолтық араласып, белсенді қатысты.
1931 жылы 20 мамырда БОАК Президиумы мәжілісінде Свердловск қаласы қалалық кеңесінің жұмысын өнеркәсіпке, екпінді еңбекке бағыттауда қайта құру мәселесі қаралды. Баяндамашылардың сөздерінен Жоғарғы Исет темір қорыту, «Металлист», «Уральский пролетарий» зауыттарының еңбек өнімділігін арттырғаны белгілі болды. Десек те, қалалық кеңес жұмысында өндіріс орындарын шаруашылық есепке көшіру, келісім-шарттар жасау және қала мен ауданның өнеркәсіп орындары үшін мамандар даярлауда кемшіліктер бар. Қала халқы 1922 жылы 100 мың болса, 1931 жылы 1 сәуірде 260 мың адамнан асқан. Бірақ, халыққа қызмет көрсететін тұрғын-үй, коммуналдық және әлеуметтік-мәдени салалардың дамуы әлдеқайда артта қалған. Кеңесе келе БОАК Президиумы Свердловск қалалық кеңесіне келесі ұсыныстар жасады: қала мен ауданда жаңа ірі зауыттар құрылысын салуды бастау; халықтың тұрмыстық әл-ауқатын жақсартуда мектептер, трамвай құрылысы, кәріз, су құбырлары, асханалар, ясли, балабақшалар салуды көбейту; тігін-жөндеу шеберханалары мен кір жуатын орындар желісін арттыру; жұмысшыларды азық-түлікпен, өндіріс тауарларымен қамту, тұтыну кооперациясын қайта құру, қала тұрғындарын көкөніспен жабдықтауда қала маңындағы бақша шаруашылығын, көкөністі дер кезінде жинау және оны сақтауды жандандыру; өндіріс орындарын қала маңындағы кеңшарлар мен ұжымшарларға бекітіп беру, маусымдық жиын-терін кезінде социалистік жарыс, екпінділік әдістерін қолдану арқылы белсенділікті арттыру.
Свердловск қаласы Орал географиялық экономикалық аймағының ортасында орналасқандықтан, оның дамуы ерекше назарда болғанын айтқан дұрыс. Қызу талқылаулардан кейін БОАК Президиумы мынадай шешім шығарды: 1) РКФСР Халық Комиссарлары Кеңесі (әрі қарай РКФСР ХКК) жанындағы коммуналды шаруашылық Бас басқармасына екі онкүндік ішінде Свердловскіге қаланы сумен қамтуды зерттеу және ұйымдастыру үшін арнайы инженер-техник қызметкерлерін жіберуді тапсыру; 2) Осы мекемеге Свердловск қалалық кеңесін жетіспейтін құрылыс материалдарымен жабдықтауды жүктеу; 3) Свердловск қалалық кеңесінің мәдениет және демалыс паркін салу жоспарын құптай отырып, РКФСР Ағарту халық комиссариатына (әрі қарай халкомат) ағымдағы жылы парк құрылысын бастау үшін осы салада тәжірибесі бар білікті маман-қызметкерлерді жіберуді жүктеу; Ағарту халкоматына ағымдағы жылы қалада Үлкен театрдың құрылысын бастау үшін қажетті қаражат көздері мен ережесі жөніндегі өз пікір, долбарларын РКФСР ХКК-нің қарауына ұсынуды тапсыру; 4) Центрсоюз бен Жер ісі халкоматына қала маңында дамып келе жатқан бақша және сүт шаруашылығын сәйкес мамандармен, механизмдермен, құралдармен жабдықтауды тапсыру; 5) Қамсыздандыру халкоматына Свердловск қалалық кеңесінің 1931 жылы көкөніс сақтау қоймасын және қоғамдық тамақтандырудың қосымша желілерін салу туралы өтінішін қарау және құрылысты ақшалай жәрдем, құрылыс материалдарымен қамтамасыз етуді жүктеу. РКФСР Мемлекеттік жоспарлау комитетіне: а) бір ай мерзім ішінде Свердловск қалалық кеңесінің 1932 жылға арналған қаланың тұрғын-үй, коммуналдық, әлеуметтік-мәдени құрылысының жобасын қарау және өзіндік ой-пікірлерін қосып РКФСР ХКК-нің қарауына ұсыну; б) қала құрылысының 1933-1937 жж. арналған жоспарын қарау және бұл жоспарды РКФСР ХКК мен Мемлекеттік жоспарлау кеңесінің Президиумында тыңдау үшін нұсқаулар беру.
                     БОАК Төрағасы М. Калинин.
БОАК Хатшысының орынбасары Н. Нұрмақов.

1933 жылы 20 қыркүйекте БОАК-нің жақын маңдағы Төменгі Исет және Уктус поселкелерін Свердловск қаласына біріктіру жөніндегі шешімі қала көлемінің ұлғаюына ықпал етті. Жоғарыдағы қаулылардың өміршеңдігі сол жылдары машина жасау және алып металлургиялық зауыттардың салынуынан көрініс тапты. Бүгінде тек Ресейді ғана емес, дүние жүзінің 40-тан астам елдерін машиналар, оның жабдықтарымен қамтамасыз етіп отырған ірі өндіріс орны – Орал ауыр машина жасау зауытының құрылысы 1933 жылы басталған болатын. Қазіргі таңда кешегі Свердловск бүгінгі Екатеринбург қаласы Ресейдің аса ірі әкімшілік, мәдени, ғылым мен білім орталығына, Ресейдің Орал экономикалық аймағының күретамырына айналды.
«Власть Советов» журналының 1933 жылғы № 10 санында Нұрмақовтың «Қала маңындағы шаруашылық – қалалық кеңестер жұмысының маңызды бөлігі» деген көлемді мақаласы жарияланды. Мақалада қала тұрғындарын, жұмысшыларды азық-түлікпен қамту, қоғамдық тамақтандыруды жақсартуда қала маңындағы шаруашылықты дамытудың маңыздылығы, ондағы қалалық кеңестердің жауапкершілігі туралы сөз болды. 1932 жылы 20 сәуірде БОАК Президиумы бірқатар қалалық кеңестердің қала маңы шаруашылықтарының көктемгі егіске дайындық барысындағы жұмыстарын тексеріп, соңынан қалаларды көкөніспен қамтуды толығымен қала маңындағы шаруашылықтар мен жақын колхоздардың қанағаттандыруына қол жеткізуге қалалық, поселкелік кеңестерді міндеттеген қаулы қабылдаған болатын. Тексеру қорытындысы Тула, Ярославль, Ижевск қалалық кеңестерінің бұл салада қамсыздық, жайбасарлық танытқаны анықталғанын айта келе, Нұрмақов олардың тарапынан кеткен кемшіліктерді былайша атап өтеді: біріншіден, жұмыста жүйе жоқ, тек орталықтан нұсқау болғанда ғана жалған «науқаншылдыққа» барады, көңді егістікке төгетін уақыт жеткенде ғана жинауға кіріседі; екіншіден, жайбарақаттық, ішкі ресурстарды жұмылдырудағы олақтық. Мәселен, Ижевск қаласы маңындағы МТС (машина-трактор станциясы) қалада үлкен зауыт бола тұра, құятын бак табылмағандығын сылтау етіп жанармайды егіс алқабына дер кезінде жеткізбеген; үшіншіден, басқарушы, агротехникалық мамандардың ұқыпсыздығы; төртіншіден, жұмысшылардың мәдени-тұрмыстық жағдайлары қараусыз қалған. Әрі қарай Нұрмақов өз ойын былайша жалғастырады: «жұмысшы жатақханалары лас, тығыз, жақсы тұрғын-жайлар шаруашылыққа мүлде қатысы жоқ адамдарға берілген, әйелдер жұмыс күші қолданылатын жерлерде бала-бақша, яслилер жетіспейді. Жұмыс және сауын малының күйі төмен, көң егістікке тасылмаған, тұқымдық қорды төгу, мал азығы мен құрал-саймандарды сақтауда құнт жоқ. Нәтижесінде аталған қалалардың маңындағы шаруашылықтар көктемгі егіске нашар дайындықпен келді», – деп түйеді.
Нұрмақовтың пікірінше, қалалардың экономикалық, әлеуметтік-мәдени даму деңгейі оның тұрғындарының әл-ауқатымен өлшенеді. Сондықтан, ол бұл іске кездейсоқ емес, іске жан-тәнімен берілген мамандарды басқаруға қою, қала маңы шаруашылықтарының мамандарын нығайту, жауаптылығын арттыру қажеттілігін баса айтады. «Бұл іс Ауыр және Жеңіл өнеркәсіп халкоматтары мен Центрсоюздың ауыл шаруашылық басқармасы тарапынан жанды көмекке зәру. Ал мұны іске асыру қалалық кеңестердің күнделікті жанды басшылығына байланысты», – дейді ол.
1936 жылы 14 наурызда «Правда» газетінде «Өзінің сайлаушыларын ұмытқан қалалық кеңес» деген мақала басылды. Мақалада Брянск қаласының жай-күйі қаз-қалпында суреттеліп, қалалық кеңес басшыларына сыйақы берудің дұрыс еместігі туралы баяндалған. Осыған байланысты Брянскіге арнайы тексеру бригадасы жіберіліп, жағдаймен 10 сәуірде БОАК Президиумы танысқан болатын. Анықталғаны, қала халқы күн санап өсуде, қазірдің өзінде 90 мыңнан асады, алайда, қала көркейтілмеген. Брянск қаласының жері сазды болған соң, көктем мен күзде қала көшелерін су басып кетеді. Насос станциясы ескірген, жалпы кәріз құбыры жоқ. Қаладағы 86 көше мен жүретін жолдардың 20%-на ғана асфальт төселген. Электр жүйесі тұрғындардың 72% ғана қамтиды. Егерде салыстыратын болсақ, Брянскінің қалалық бюджеті басқаларға қарағанда едәуір артық. Айталық, 1935 жылы 9 млн. болса, 1936 жылы 14,5 млн. сомды құрайды, яғни, 5 жарым млн. сомға артқан.
Өзінің қорытынды сөзінде БОАК Президиумының төрағасы М.Калинин Брянск қаласының бюджеті Мәскеудікінен де асып түсетінін атап айтты. Солай бола тұрғанымен, қалалық кеңес жұмысының кемшілігінен бюджет қаражаты тиімді пайдаланылмаған, мұндай бюджетпен қала жағдайын жақсартуға болар еді деген қорытындыға келді Президиум мүшелері. Мәселеге байланысты қаулының жобасын жасау Нұрмақовқа жүктелді.
20 сәуірде Нұрмақов төрағалық еткен комиссияның он күндік жан-жақты, тиянақты жұмысынан кейінгі қаулының жобасын БОАК Президиумы дұрыс деп тауып, бекітті: Брянск қалалық кеңесінің жұмысы «қанағаттанарлықсыз» деп танылсын: а) қаладағы тұрғын-үй коммуналдық құрылысты өрістетуді қамтамасыз етпеген; б) кеңес жұмысына оның депутаттарын белсенді қатыстыра алмағаны, депутаттық топтар мен көше комитеттерінің жұмысын ұйымдастыра алмағаны, кеңестік органдардағы басқару тәртібін бұзғаны үшін Брянск қалалық кеңесінің төрағасы Фурер мен ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Кривошеин қызметтерінен алынсын, кеңестер жарысын өткізудегі Орталық комиссияның оларға тағайындаған сыйақысы кері қайтарылып алынсын. Брянск қалалық кеңесіне мынадай ұсыныс жасалды: а) қала құрылысын көркейту жоспарын 1936 жыл соңына дейін толық орындау; б) қалалық кеңес, көше комитеттерінің  жұмысына қатынаспайтын депутаттар кері шақырылып алынсын.
Қарастырылған уақытта қалаларды дамыту ерекше назарда болды. Айталық, бірде Қазан, Ижевск, Қарағанды, т.б. қалалардың жайы көтерілсе, енді, бірде Кисловодск курортын дамыту мәселесі қозғалған екен.
ХХ ғасырдың басында Қиыр Солтүстіктегі аз санды халықтар үнемі аштық пен жоқшылықтың, түрлі жұқпалы аурулардың азабын тартса, екінші жағынан отарлық қанаушылық саясатының салдарынан біртіндеп құлдырап, жойылып кету жағдайына жетті. «Біз адам төзгісіз жоқшылықта өмір сүрдік. Адамдар малмен аралас тұрды. Орыс отаршыларының қанауымен қатар – туберкулез, трахома сияқты жұқпалы аурулар халықты баудай түсірді, ішімдік сатумен пайда тапқан көпестер мен жергілікті тойондардың езгісінен және аштықтан бас көтере алмадық», – деп жазды олар БОАК төрағасы М.Калининге жазған хатында. Сондықтан, БОАК, оның Ұлттар Бөлімі, БОАК Президиумы жанындағы П.Смидович басқарған Солтүстік Комитеті (комитет құрамына Нұрмақов та кірді) осы бір қатал табиғат жағдайларының қиындықтарын жеңіп, төзімділік пен қажырлылық танытып өмір кешіп жатқан аз санды халықтардың болашақ дамуы үшін алғашқы ең қиын әрі маңызды қадамдар жасады десек артық айтқандық емес. Бұл жөнінде Нұрмақовқа сүйенсек, 1934 жылға қарай аудандастыру негізінен аяқталған, Солтүстік халықтарының арасында 8 ұлттық округ: Ненец, Ямал, Остяк-Вогул, Таймыр, Витим-Олекмин, Эвенки, Чукот және Коряк, сонымен қатар, 59 ұлттық аудан құрылған.
Солтүстік халықтарының арасында ұлттық құрылыс, әлеуметтік-экономикалық өзгерістерді жүргізуде олардың өзіндік ерекшеліктері есепке алынғанын ескерте кеткен жөн. Бір ғана мысал: РКФСР БОАК мен Халком Кеңесі 1932 жылғы 1 сәуірден 1933 жылғы 20 тамызға дейінгі аралықтың өзінде ғана олар үшін бірнеше маңызды қаулылар мен ережелер дайындапты, атап айтқанда: «Қиыр Солтүстіктің ұлттық аудандары мен округтері үшін кеңестік құрылыс кадрлары мен жұмысшыларын даярлау және қайта дайындау туралы» қаулы, «РКФСР-дің солтүстік аймақтарындағы ұлттық округтердің атқару комитеттері мен кеңестер съезі туралы Ереже», «РКФСР-дің солтүстіктегі шеткергі ұлттық аудандар мен округтерінде юстиция органдарын бекіту», «РКФСР-дің солтүстіктегі шеткергі ұлттық округтеріндегі көшпелі кеңестер туралы Ереже», «1932 ж. 1 қаңтардан РКФСР-дің Қиыр Солтүстік аудандарында жұмыс жасайтындар үшін жеңілдіктер туралы Ережені қолданысқа енгізу» туралы қаулы, т.б.
Нұрмақов осы орайда мемлекеттің негізгі шараларының бірі жерге орналастыру екендігін, оның халықтың отырықшылыққа көшуіне, қала тұрмысына бейімделуіне, өндіріске икемделуіне және солтүстіктің табиғи байлығын игеруге жағдай жасайтынын атап көрсетеді.
Якутия – Қиыр Солтүстіктегі ғана емес, жалпы РКФСР-дағы территориясы жағынан ең үлкен республикалардың бірі. Ресейдің негізгі өндірістік аудандарынан шалғайлығы, қатал климат, қолайлы көлік қатынастарының болмауы Якутияға өндіріс тауарлары мен азық-түлік жеткізуде қиындық туғызды. Якутия тарихының кеңестік кезеңі оның табиғи байлықтарын кең ауқымда мәдени және инженерлік-техникалық игерумен байланысты. 20-жылдарда Алдан алтын кен орнының ашылуы мұның бастамасы болды.
1932 жылы 20 қазанда БОАК Президиумы «Өндірісті Алдан ауданының жұмысшыларына материалдық-тұрмыстық және әлеуметтік-мәдени қызмет көрсетуді жақсарту шараларын» талқылады. Мәселені Президиумның қарауына Ұлттар Бөлімі ұсынған еді. Алдан қалалық кеңесінің төрағасы Сухановтың баяндамасынан жетістіктерден гөрі кемшіліктері басым болды. «Якутия АКСР Орталық Атқару Комитеті мен Алдан аудандық атқару комитетіне, Якутзолото трестіне» - деп басталады алтын өндірісі мен аймақтың болашақ дамуына серпін берген Нұрмақов басқарған Авдеева, Суханов, және Союззолото, Коммуналдық шаруашылық мекемелерінің өкілдері кірген комиссия жасаған құжатта. а) 1932 жылы жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын түбірімен жақсарту, каркасты уақытша тұрғын-жайларды қолданбау; б) Жұмысшыларға тұрғын үй салуға несие, құрылыс материалдарын беруді ұйымдастыру; РКФСР Жер ісі халкоматы мен Якутия ОАК-не Алдан ауданында жуық арада азық-түлік базасын құруды, бақша-көкөніс, сүт өндіретін кеңшарлар ұйымдастыруды жүктеу; Центрсоюзға Якутия АКСР үкіметімен бірлесіп 1933 жылы жұмысшы тұтыну кооперациясын, ал РКФСР Жабдықтау халкоматына Алданда мемлекеттік сауданы ұйымдастыруды тапсыру; Всекомпромсоюзға 1933 жылы майдагерлік кәсіпшілікті, тері, балық аулау, ағаш өңдеу, жергілікті құрылыс материалдарын, силикат өндіруді тапсыру; Якутия АКСР ОАК-не ұлт өкілдерін кеңестік аппаратқа тарту және олардың жалақыларын алтын өндірушілердің жалақыларымен теңестіруді тапсыру; Республика прокурорына 1931 жылы Алдан ауданының денсаулық сақтау саласына бөлінген қаржының мақсатсыз жұмсалуына кінәлілерді анықтап, тергеу жүргізуді жүктеу.
«Мақсат – жергілікті тұрғындарды көптеп тарту арқылы өндіріс ошақтарын құру болды» – деп жазды Нұрмақов 1936 жылдың басында «Революция и национальности» журналында басылған «Якутия социалистік өрлеуде» атты мақаласында. Солардың бірі – индустриалды Алданда ұлттық жұмысшы кадрлар шыңдалуда. Социалистік жарыс пен стахановшылар қозғалысының өрістеуі еңбек озаттарының қатарын толтыруда. 1934, 1935 жылдары Алдан алтын өндірушілері жоспарды артығымен орындады, – деп аймақ табыстарын жария қылады. Әрі қарай мемлекеттің 1928-1935 жылдарда Якутияның халық шаруашылығын өркендетуге 300 млн. сом, көлік қатынасын дамытуға 85 млн. сом қаржы бөлгенін айта келіп, осының арқасында республикада жүздеген шақырым жолдар салынып, Лена өзенінде кеме шаруашылығының тоннажы артып, әуе жолының құрылғанынан хабардар етеді. Нұрмақовтың ойынша, Якутияның орасан мол табиғи байлықтарын игеруде бұл әлі аздық етеді. Алдағы уақытта БОАК келесі жұмыстарды ұйғарып отыр: 1936-37 жж. Лена өзені бассейні флотын кеңейту, жаңа кеме жөндеу зауытын салу; Яна, Индигирка, Анабар, Оленек өзендерінде кеме жүргізу; Якутск-Незаметный әуе жолы құрылысын 1937 жылы аяқтау; Иркутск-Якутск әуе жолын қайта құру және машиналар бөлу, – деп атап көрсетеді. Қысқа мерзімде ересектер арасындағы сауат ашу 55% көтерілгенін, ана тілінде жалпы бастауыш білім беру енгізілгенін, 86 мектеп, 13 түрлі техникумдар, клуб, халық үйлерінің, қызыл отаулар, кинотетрлар, кітапханалар, емдеу орындарының желісі өскенін, 13 газеттің 8-і якут тілінде шығатынын айта келе, ол, десек те, ересектердің әлі 45% сауатсыз, ағарту мекемелерінің жұмыс сапасы төмен, көпшілігінде жұмыс жасауға қарапайым жағдайлардың жоқтығын көрмеген орынсыз болар еді - дейді, мұның кезек күттірмейтін іс екенін, яғни таяу уақыттарда жою керектігін айтып дабыл қағады. Нұрмақов өлкенің аса бағалы байлығы үлпек жүнді аң терісі халық игілігіне жаратылмай отырғанына, істің әлі күнге толық қолға алынбағанына ерекше тоқталады. Соңғы екі жылда елтірі дайындау саны жағынан ғана емес, сапа жағынан да төмендеген. Сондықтан, аймақтың осы байлығын игеру мұндағы жергілікті халықты жұмыспен қамтып қана қоймай, олардың өздерінің ата кәсібін жаңа деңгейде дамытуға мүмкіндік беретінін, түптеп келгенде бұдан мемлекетке қыруар пайда түсетініне жұрттың назарын аударады. Мұндағы басты кемшілік – ғылыми-зерттеу жұмысының ұйымдастырылмауынан деген тұжырымға келеді. Және бұл бұдан былай БОАК-нің қатаң қадағалауында болуы керектігін ескертеді. Өлкеде құрылыс материалдары тапшы болғандықтан, ағаш дайындау, аймақтың тайгалық бөлігіндегі қалың орман шаруашылығын дамыту қажеттігін баса айтып, Нұрмақов сөз соңында «аймақтағы қуанарлық жағдай – 1934 жылы Якутия мемлекеттік педагогикалық институтының ашылуы» –  деген түйін жасайды.  
1936 жылғы 20 ақпанда БОАК Президиумында Якут АКСР үкіметінің «Республиканың кеңестік, шаруашылық және мәдени құрылысының дамуы» жайлы баяндамасы тыңдалды. Оң нәтижелер аз емес: жергілікті тұрғындар арасынан жаңа білікті жұмысшы кадрлары өсіп шыққан, жергілікті өндіріс орындары құрылуда, егістік жер көлемі 1928 жылғы 26.4 гектардан 90 мың гектарға дейін артқан, жалпыға бірдей міндетті бастауыш білім беру енгізіліп, жетіжылдық білім беру жүзеге асырылуда,  72 жаңа ауруханалар мен дәрігерлік пункттер ашылған.
Десек те, БОАК Президиумы алдағы уақыттарда атқарылуға тиісті қыруар жаңа істер қатарын белгіледі, соның ішінде Нұрмақов көтерген мәселелерді шешу де көрініс тапты, РКФСР ХКК-не келесі тапсырмаларды іске асыру шегелеп тапсырылды: а) Якут АКСР-де үлпек жүнді бағалы аң терісі шаруашылығы мен кәсіпшілігін жақсарту шараларын белгілеу, жетілдіру; Солтүстік теңіз жолы Бас басқармасына Якут үкіметімен бірге кемшіліктерді жою үшін аңшыларды қажетті ату жарақтары, оқ-дәрімен қамтамасыз ету, қазіргі бар өндірістік-аңшылық станциясының жұмысын жақсарту және үлпек жүнді, терісі бағалы аңдарды қоректендіру, көбейту, жерсіндіру мен өрістету үшін ғылыми-зерттеу жұмысын ұйымдастыруды жүктеу; б) КСРО Жер халкоматымен бірлесе отырып 1937 жылға арналған әлеуметтік-мәдени шаралар жоспарына Якут АКСР-де қазіргі жұмыс жасап тұрған жұмысшы факультеті базасында ауыл шаруашылығы жоғары оқу орнын ұйымдастыруды қарастыруды енгізу; в) Таяу арадағы үш жылда Якутияның көкөніске, дәнді-дақылға, азық-түлікке деген сұранысын толық қанағаттандыру; г) В.Ленин атындағы Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы академиясымен бірлесе отырып солтүстік аудандарда бұғы шаруашылығын дамыту шараларын белгілеу; д) әуежайлар мен әуежолдарын көріктендіру және ұшақтар санын арттыру; е) 1936 жылы жалпы құны 3,5 млн. сом Байланыс үйі құрылысын салуды бастау, жаңа телефон станциясын 1938 жылдың 1 қыркүйегінен қалдырмай аяқтау, 1936 жылы 4 мың радио нүктелерін орнату; ж) Якутскіде балалар санаториін, аудандарда 3 аурухана, 3 дезинфекциялық пункт салу, 1936 жылғы түлектерден Якут АКСР-не 30 дәрігер мамандарын жіберу.
Белгілі бір кезеңге жасалған қорытындылар, жетістіктер мен кемшіліктерді саралау, әрі қарай даму, шешу жолдарын белгілеу өз нәтижесін бермей қойған жоқ, аймақтағы халықтардың өміріне үлкен өзгерістер әкелді. Солтүстік өңірлерде көптеген қалалар, елді мекендер мен поселкелер салынып, жаңа, қолайлы тұрмыс салттары орнықты. Аймақтағы білім беру, денсаулық сақтау мекемелерін, ұлттық интеллигенцияны, ұлттық білікті мамандарды қалыптастыруға ықпал етті. 1935 жылға қарай солтүстікте 466 мектеп болды. Аз санды халықтардың өздерінің жазуы пайда болып, әдебиеті мен өнері дами бастады. Бүгінде көз жіберсек, жоғары оқу орындарының алғашқы қарлығашы – Якутия мемлекеттік педагогикалық институты – Солтүстік-Шығыс федеральды университеті деп аталады, дамыған инфраструктуралы ғылыми-білім беру кешенін қамтыған ірі оқу орны. 1930 жылы ашылған Алдан тау-кен техникумы бүгінге дейін мыңдаған геолог-барлаушыларды, тау-кен мамандарын даярлап шығарды. Ленинградта солтүстік халықтарының институты құрылды. Ресей дүние жүзінде бағалы, ұлпа жүнді аңдардың саны, олардың терісін өндіру мен дайындау әрі экспорттау жағынан бірінші орын алады десек, солардың ішінде Қиыр Солтүстіктің ақ түлкісі, жібек жүнді қаракөк тиіні, Лена мен Витим өзендерінің тайгалық бөлігін мекендейтін ақкіс, құндыз, камшат және ең терісі бағалы аң – бұлғын басты маңызға ие. Якутия – бүгінгі Саха Республикасы қазіргі таңда табиғи-ресурстық, әрі экономикалық потенциалының деңгейі жоғары алтын, алмаз, мұнай, көмір өндіретін Ресейдің қуатты өндіріс аймағы.
Нұрмақов «Қазан төңкерісінің ХҮІІІ жылдығы қарсаңындағы ұлттық құрылыс» атты мақаласында ұлттық республикалар мен облыстардың индустрияландыру саласындағы жетістіктерін атап көрсетеді, олар: Украинадағы Краматорск машина жасау, Луганск паровоз жасау, Харьков трактор және құбыр жасау зауыттары, Донецк көмір бассейні, Днепрогэстің салынуы; Ташкент пен Ашхабадтағы тігін фабрикалары; Қазақстандағы Қарағанды көмір бассейні, Балқашқұрылыс, Риддер, Шымкент қорғасын зауыты, Семей ет комбинаты, Түрксібтің салынуы; Башқұртстандағы Уфа мотор зауыты, Белорецк металлургия, Стерлитамак мұнай зауыттары; Якутиядағы алтын өндірісі; Қырымдағы Севастополь теңіз, Керчь металлургия зауыттары, Камыш-Бурун тау-кен комбинаты; Карел АКСР-дегі, Коми, Марий автономиялы облыстарындағы орман және ағаш өңдеу өнеркәсібі; Солтүстік Кавказдағы тау-кен өнеркәсібі, Бурят-Монғол АКСР-дегі паровоз жасау зауыты, сонымен қатар, барлық республикаларда кенге жатпайтын пайдалы қазбалар мен ауыл шаруашылық шикізатын өңдейтін жергілікті өндіріс орындарының ұлғаюы деп сипаттайды.
Нұрмақов 1935 жылы 3-16 сәуірде Дағыстанда іссапарда болды. Ұлттық аймақтардағы жұмыстың жай-күйімен танысу, үйрету, бағыт беру үшін жиі іссапарларға шығу үйреншікті жағдай еді. Осы барғанында ол бірқатар кемшіліктердің куәсі болып және жағдайды БОАК Президиумы мәжілісінің талқысына салды. «Ең қанағаттанарлықсыз жұмыс жасап тұрған – балық өнеркәсібі. Балық өнімін шығару бірнеше жыл қатарынан азайып келеді. Таулы аймақтағы пайдалы қазбалар мен шикізат байлықтары және олардың қолайлы үйлесімі жергілікті шикізатты өңдеуде кең көлемде өндіріс пен майдагерлікті дамытуға алғышарт жасайды. Алайда, қазір тек кілем тоқу, тігін-трикотаж кәсіпшілігі ғана жұмыс жасап тұр. Дағыстан мүмкіндіктері бола тұра құрылыс материалдарын, көмір, тақтатас, торф, тұз өндірумен айналыспайды. Дұрыс игере алмағандықтан өздерінде бар затқа мұқтаж болып отыр. Бұл Дағыстан үкіметінің және майдагерлік ко-операция кәсіпшілігінің орталық органдары жұмысындағы үлкен кемшілік және қысқа мерзімде жойылуы қажет. Жүзім өсірушіліктің Дағыстан экономикасындағы маңызы үлкен. Жүзім бақтарының көлемі ұлғайғанымен, күтімсіз, қараусыз қалған. Бақша зиянкестермен күрес жүргізілмейді, құралдар жетіспейді. Ұлттық кадрлардың саны мен сапасы талапқа сай келмейді. Тұрмыстық  жағдайдың нашарлығынан жұмысшылар тұрақтамайды. Ауыл шаруашылығы институтын бітірген 45 түлектің 25 ғана Дағыстанда қалған, веттехникум бітіргендердің 70% басқа жақтарға кеткен. Мұның бәрі Дағыстан үкіметінің бақылау мен басқарудағы кемшілігі», – деп ащы айтқан еді. Нұрмақовтың пікірінше, Дағыстандағы жүргізілген үлкен жұмыс – тауларда мыңдаған шақырым автомобиль жолдарының салынуы. Тек соңғы екі жыл ішінде оның ұзындығы 800 шақырымға жеткен. Жол құрылысының арқасында таулы аудандардың орталықпен қатынасы орнады. Қалалардан түкпірдегі шалғай ауылдарға өндіріс тауарларын жеткізіп, ол жақтан ауыл шаруашылық, майдагерлік өнімдерін тасып шығаруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, шыны, кірпіш, химия, жөндеу-механикалық, тері зауыттары, жүн иіру фабрикасы қайта салынған. Қазір де ірі двигатель зауыты және Гергебильде ірі су электр станциясы салынуда. Өндірістің өсуімен қатар жергілікті ұлт өкілдерінен маманданған жұмысшы кадрлар қалыптасуда.
БОАК Президиумы БКП(б) тобының кезекті мәжілісінде Дағыстандағы Қараноғай ауданының жартылай көшпелі тұрғындарының жағдайы қаралды. Дағыстан үкіметінің дұрыс көңіл бөлмеуінің салдарынан негізгі тіршілік көзі болып отырған мал шаруашылығының ауыр халде екендігі, аудан ағарту, денсаулық саласында да өте артта қалғандығы белгілі болды. Кейіннен кемшіліктердің біртіндеп жойыла бастауына әуелі «құпия» белгі соғылып, кейіннен жария етілген, сегіз пункттен тұратын Нұрмақов жасап, БКП (б) Орталық Комитетінің бекітуіне ұсынған қаулы ықпал етті.
1933 жылы 23 желтоқсанда БОАК ХV шақырылған ІV сессиясы өтті, онда Қырым АКСР ОАК төрағасы А.Саметдинов «Қырымның кеңестік, шаруашылық және мәдени құрылысының жайы туралы» баяндама жасады. Жетістіктер көп. Бұл орайда Қырымның курортты зона болуы себепті оған мемлекеттің аса көңіл аударатынын есепке алған дұрыс. Ауылдарда бастауыш, қалаларда жетіжылдық білім беретін мектептер, 4 жоғары оқу орны, 32 техникум, Қырым ұлттық татар театры жұмыс жасайды. Тамақ өнеркәсібі жақсы дамуда. Алайда, қаражат молынан бөлінгенімен курорттық зонаның жай-күйі мәз емес.
Жарыссөзге алдымен Нұрмақов шықты. Ол осының алдында ғана 27 қараша мен 13 желтоқсан аралығында Қырымға үкіметтік тексеру комиссиясын басқарып барған еді.
Сәл шегініс жасайық. Жалпы бұған дейін Қырымда құрылған еврей, грек, армян, украин, неміс ұлттық аудандарының тыныс-тіршілігі Нұрмақовқа жақсы таныс болатын. Жыл ортасында Фрайдорф ауданы шаруашылықтарында болып «Жаңадан құрылған еврейлердің Фрайдорф ауданындағы еврей колхоздарының жағдайы туралы» БОАК Президиумы Фракциясының Бюросына хабарлама жасап, тыңдаушыларға аудандағы барлық колхоздардың қаржылық жағдайы нашар, алған қарыздарын өтей алмай отырғаны және мемлекетке мал өнімдерін өткізу міндеттемесін орындамағандықтары туралы таныстырған еді. Жағдайды егжей-тегжейлі қарап, анық-қанығына көз жеткізген Нұрмақов орын алған кемшіліктердің себептерін: «аудандағы барлық колхоздардың 60% ірі қара және жұмыс күшіне пайдаланатын жегін малымен қамтамасыз етілмеген. Осыдан келіп қарапайым жұмыстың өзі трактордың көмегімен орындалады, әрине, бұл қыруар шығын. Трактор паркі ескірген, қолданыстағы импортты «Джон Дир» тракторының бөлшектері Одақта жасалмайтындықтан, бұзылған жағдайда жөндеуден өткізуге мүмкіндік жоқтығымен» түсіндірген еді. Әрі қарай РКФСР Халком Кеңесіне еврейлерге мемлекетке мал өнімдерін тапсыруда жеңілдік берудің мүмкіндігі мен мөлшерін қарастыру, олардың несиелік қарыздарын есептен шығару, шаруашылықты жегін малымен қамтамасыз ету, импортты тракторларды кеңестік арзан тракторлармен ауыстыру; Жерге орналастыру комитетіне 1934 жылға Фрайдорф ауданындағы қоныс аударушылар колхоздарын нығайту және басталған қоғамдық-шаруашылық құрылыс нысандарын аяқтауды, Қырым үкіметіне еврей колхоздарына көмекті күшейтуді тапсырған қаулыға Нұрмақов қол қойып, мәселе еңбекшілердің пайдасына әділ шешімін тапқан-ды.
Жоғарыдағы жайға қайта оралайық. БОАК сессиясында қаралып отырған мәселе бойынша Мәскеуден, Қырымнан басшылар, еңбекші халық өкілдері сөз сөйледі. «Жолдас Саметдиновтың баяндамасын талқылау Қырым Республикасын тексерген үкіметтік комиссияның төрағасы жолдас Нұрмақовтың кең ауқымды сөзінен басталды» деп жазды «Известия ЦИК и ВЦИК» газеті 27.12.1933 ж. № 313 санында. Нұрмақовтың айтуынша Қырымның ең басты табысы, бұл – ұлыдержавалық шовинизммен табанды күрестегі жеңістің нәтижесінде орнаған түбекті мекендеген бірнеше ұлт өкілдерінің бірлігі. Екіншіден, жергілікті шикізатты игеруге бағытталған өндірістің, еңбекшілердің мәдени деңгейінің, саяси санасының артуы; ұлттық кадрлардың, ұлттық мәдениетті дамытуда ғылым, білім, мәдени мекемелер желісінің көбеюі. Бір сөзбен айтқанда, Қырымға үлгілі ұлттық республика болуға қажеттінің бәрі бар екенін айта келе, кемшіліктерге де тоқталды: егістік көлемі ұлғайғанымен өнім аз, агротехникалық жұмыстар жеткіліксіз, жүзім алқаптарының өнімі мардымсыз. Көпшілік колхоздарды ұйымдастыру сапасы төмен. Қалалардағы коммуналдық қызмет сын көтермейді. Керчь, Ялта, тіпті, астана Симферопольдің өзінде қала көшелерімен жүріп өтсеңіз көріктендіру жұмыстарының жоқтығы көзге ұрып тұр. Қала басшылығы тарапынан жұмыстың бұл тармағы қараусыз қалған. Сондықтан, бұл істі шындап қолға алу қажет. Келесі кемшілік, өндірістік жоспар барлық көрсеткіштер бойынша орындалмаған. Севастополь, Керчь қалаларынан басқа қалалық кеңестер жанды жұмыстың орнына тек бітпейтін жиналыспен уақыт өткізеді. Тәжірибені зерттеу, тарату, артта қалушыларды қатарға қосу жоқ. Қоныс аудару органдарының жұмысы нашар. Бір колхозда қоныс аударушыларға арнап қала типіндегі төрт пәтерлі үй салынған, алайда, қасында мал ұстайтын, отын сақтайтын қосымша шаруашылық құрылыс жоқ. Колхозшыларға сиыр ұстайтын қораның салынып жатқанына үш жыл болса да бітетін түрі көрінбейді. Тұрғындардың үйлері санитарлық талапқа сай емес. Осының бәрі аудандық ұйымдардың көз алдында өтіп жатса да олар бұл істен өздерін аулақ ұстайды. Сондықтан, қысқа мерзімде кемшіліктерді жойып, таяу жылдарда Қырымды үлгілі ұлттық республикаға айналдыруымыз қажет, – дейді білікті басшы.
Бүгінгі Қырым расында да үлгілі республика, тек Ресей үшін ғана емес, дүниежүзілік маңыздағы курортты зона. Алайда, бұрынғы ұлттық реңінен айрылған. Оның себебін тарих қойнауларынан іздеген жөн. Ұлы Отан соғысы басталғанда жау қолында қалған Қырым халқы фашистерге қарсы ерлікпен күресті. 1944 жылы сәуірде азат етілгенімен, осы жылғы 26 маусымда Қырымның байырғы, жергілікті тұрғындары саналатын татарлар мен қарайымдарды, сонымен бірге, армяндар мен болгарларды, гректерді депортациялау басталды. Ізінше ол «Орыс емес атаулармен соғысқа» ұласып татар, неміс, грек тіліндегі жер-су, елді мекендер орысша атаулармен ауыстырылды. Еврейлердің ұлттық аудандары Фрайдорф - Новоселов, Лариндорф – Первомайский болып өзгертілді. Қаһарлы соғыстағы барша кеңес халқының ерлігі бір ғана орыс халқының көлеңкесінде қалды, орыс халқын асыра мақтап, жеңіске тек солардың арқасында жеттік деген қағиданы И.Сталиннің өзі орнықтырды. Ең сорақысы – орыстандыру саясатын мемлекеттік, партиялық қаулылар арқылы заңдастырып бекітті. Осылайша, 30-жылдары басталған ұлттандыру, жергіліктендіру (бұл жайында осы газеттің 2015 ж. 12, 14 қарашадағы сандарында айтылған) жайына қалды. Қырым ғана емес, Кеңестер Одағындағы барлық ұлт республикалары ұлтсыздандыру идеологиясының құрбанына айналды.
1934 жылы БОАК Президиумының «Власть Советов» баспасынан  Нұрмақовтың редакциялауымен «Қалалық кеңестердің өнеркәсіп өндірісі саласындағы жұмыс тәжірибесінен» атты кітапша жарық көрді. Кітапша Нұрмақов басқарған Есеп-ақпарат бөліміне келіп түскен материалдарды талдау, жинақтау қорытындыларынан құрастырылып, төрт бөлімнен тұрды: 1) Кеңестердің социалистік жарыс пен екпінділікті өрістетуге қатысуы, 2) Қалалық кеңестер – екпінді құрылыстар мен алып өндіріс тапсырыстарының тірегі, 3) Кеңестер – социалистік машина жасау және импортты машина жабдықтарын қысқарту үшін күресте, 4) Шаруашылық есепті жүргізудегі кеңестердің рөлі. Кітапшаның алғашқы бетінде Есеп-ақпарат бөлімі ағымдағы мәлімет жайлы қосымша материалдардың аздығы және қолда бар материалдар мазмұны сапасының онша жоғары еместігі қозғалып отырған мәселені терең әрі жан-жақты ашуға мүмкіндік бермегенімен, қысқаша шолулар қалалық кеңестердің социалистік өндірістегі жұмыс тәжірибелерін таратуға анықтама-ақпараттық материал түрінде қызмет етуі мүмкін екендігі жөнінде ескерте кетеді.
Біздің түйгеніміз, қалалық кеңестердің социалистік жарыс пен екпінділікті өрістетудегі жұмыстарының өндірістік жоспарды табысты орындауға кепіл болғандығы. Қалалық кеңестер ішіндегі секциялар, депутаттық топтар өз құрамына еңбек озаттарын көптеп тартып, осы арқылы 1931 жылдан бері өндірісте екпінді еңбектің үлгісін көрсетіп, басқаларды соңдарынан ерте алған. Мысалы, Мәскеу кеңесінің депутаты жолдас О.Войцеховский зауытта ағаш шебері, 1932, 1933 жылдары жүйелі түрде өндірістік жоспарды артығымен орындай отырып, 4 сенбілікке 10 мың жұмысшыны жұмылдырған, зауытта екі жылдан бері жұмыс жасамай тұрған токарь станогын іске қосқан, жер астында қалған 25 т. шойын металды тауып алып іске жаратқан. Дондағы Ростов қалалық кеңесінің депутаты жолдас Слоук 1 700 комбайнды шығаруда жоғары жұмыс қарқынын көрсеткен. Күнделікті тапсырманы сапалы әрі артығымен орындай отырып, оның бір жыл ішінде 12 өнертапқыштық ұсыныстар жасауының арқасында зауыт 50 мың сом қаржы үнемдеген. Тағы да осы Дондағы Ростов қалалық кеңесінің мүшесі, Россельмаш слесарьлық-механикалық цехының шебері жолдас Супрун жоспарды асыра орындап, жоғары көрсеткіштерге жеткен. Жас жұмысшылардың біліктілігінің жеткіліксіздігін ескеріп техникалық үйірме ұйымдастырған, сөйтіп, бір өзі 15 адамды шефтік қамқорлыққа алған. Аталған еңбек озаттарының бәріне басшылық тарапынан сыйақы берілген. Осындай өндірістегі депутаттар мен секция мүшелерінің жетекшілік ролі және олардың екпінділер бригадаларын ұйымдастырғаны жайлы мысалдар көптеп саналады.
Көріп отырғанымыздай, Нұрмақов басқарған бөлімнің мақсаты еңбек озаттарын, еңбек екпінділерін, олармен тығыз жанды байланыстағы қалалық кеңестер жұмысын үлгі ету, тәжірибе тарату арқылы халықты еңбекке үндеу, ынталандыру, жұмысты жандандыру, елдің экономикалық дамуындағы әр адамның қосар үлесінің маңыздылығын көрсету, жауапкершілік, үнемділік, қамқорлық көмек сияқты ұстанымдардың, өнертабыстық қабілеттердің әрқашанда бағаланатындығын көрсету, дәлелдеу болды десек қателеспейміз. Және еңбек адамдарына құрмет, олардың әлеуметтік жағдайы басты назарда болғанын айту керек.
Телефонограмма. 17.06.34 ж.
Мәскеу облыстық атқару комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісіне!
«БОАК Президиумы жанындағы Ұлттар Бөлімі жақын арада Мәскеу қаласы мен облыстың ірі зауыттары мен фабрикаларындағы аз ұлттар өкілдері жұмысшыларына мәдени-тұрмыстық қызмет көрсету жайын тексеруді белгілеп отыр». Осындай жеделхаттар басқа өлкелер мен облыстарға да жолданған.
Қарастырылған кезеңде КСРО-да, РКФСР-де ел экономикасын дамыту ұлттық жұмысшы мамандарды даярлаумен қоса жүрді: фабрика-зауыт оқыту мектептері, кәсіптік-техникалық мектептер, кешкі курстар, өнеркәсіптік оқулар, техникалық үйірмелер ашылды. Автономиялы республикалар мен облыстарда жұмысшыларды Кеңестер Одағының, Ресей мен Украинаның ірі өндірісті қалаларына іссапарға жіберіп білікті мамандар даярлау, тәжірибе үйрену кеңінен жүргізілді. Бұдан Қазақстан да тыс қалмады. Алайда, Қазақстанның орасан мол жер асты қазба байлығы бола тұра біржақты, тек шикізаттық бағытта дамуының бастауы да осы кезеңге тиесілі. Осы тақырыпта қарама-қарсы пікірлер, қызу айтыстар жүріп, соңында қазақ зиялылары жеңіліске ұшыраған болатын. Дей тұрғанмен, жалпы Қазақстанның үлкен экономикалық табыстарға қол жеткізгенін жоққа шығаруға болмас. Республикамыз индустриялы-аграрлы елге айналып, ұлттық жұмысшы кадрларды, инженерлік-техникалық интеллигенцияны қалыптастырудың негізі қаланды.
Нұрмақовтың редакциялауымен 1935 жылы жарық көрген келесі еңбек «РКФСР-дағы 1934 жылғы кеңестер арасындағы жарыстың қорытындылары» деп аталады. Атынан көрініп тұрғандай мұнда 1934 жылы қалалық және селолық кеңестер арасында өткен жарысқа жан-жақты талдау мен қорытындылар жасалған. Жүз беттен тұратын еңбекті талдап баға беру үшін арнайы жеке жарияланым керек. Сондықтан, қысқаша қайырғанда мазмұн келесідей: Жарысқа басшылық ету үшін 1934 жылы 20 сәуірде БОАК Президиумы жанынан Президиум хатшысы А.Киселевтің жетекшілігімен Орталық конкурстық комиссия құрылды. Комиссия құрамына БОАК Президиумы хатшысының орынбасарлары Нұрмақов пен Новиков және РКФСР халкоматтарының өкілдері, «Известия ЦИК и ВЦИК» газетінің өкілі – барлығы 16 адам кірді. Комиссия жұмысы екі кезеңнен тұрды: І кезең – 1934 жылғы мамыр айынан 1935 жылдың қаңтарына дейін, ІІ кезең – 1935 жылғы қаңтардан мамыр айына дейін. Орталық конкурстық комиссия БОАК-нің Ұйымдастыру және Ұлттар бөлімі арқылы 16 өлке, 6 автономиялық республика мен облыстарға 28 рет инструкторлардың іссапарлық комиссияларын ұйымдастырды. Өз кезегінде инструкторлар тек тексеріп қана қоймай 40 ауданға, 25 қалалық, 80 селолық, 2 поселкелік кеңеске көмек көрсеткен. Кеңестердің жұмысы төмендегі өлшемдер бойынша тексеріліп, қорытындыланды: 1) Өндірістік жоспарды орындау, 2) Жол құрылысы, 3) Мал шаруашылығын дамытуды ұйымдастыру, 4) 1934-35 оқу жылына мектепке дайындықты ұйымдастыру, 5) Тұрғын үй қорын сақтау, қалпына келтіру және қаланы көркейту, 6) Теміржол көлігіне көмек.
Егер 1933 жылғы жарыстың қорытындысы бойыншы БОАК пен КСРО ОАК-нің сый-ақысына 27 ауылдық кеңес ұсынылса, 1934 жылғы жарыстың қорытындысы бойынша үкіметтің жоғарғы марапатына 305 ауылдық және 32 қалалық кеңес ие болды. Жарыс қорытындысында жеңімпаздарға 100-5000 сомға дейін ақшалай сыйақы тағайындалып, фотоаппарат, қолсағат сияқты заттай сыйлықтар берілген. Олардың арасынан ең таңдаулы деп танылып КСРО ОАК Президиумының марапатына ұсынылғандар да бар. Мал басын аман сақтап, мал шаруашылығын дамытудағы жетістіктері үшін КСРО бойынша 13 ауылдық кеңеске 5000 сом көлемінде сыйақы тағайындалса, соның екеуі Қазақстаннан екен. Олар: 1) Ленгір ауданы Георгиевка ауылдық кеңесі (5000 сом) және 3 кеңес қызметкері (200 сомнан); 2) Белағаш ауданы Ерназар ауылдық кеңесінің төрағасы Бекпаев (500 сом), хатшы Тұрғабаев (500 сом). Жаңа 1934-35 оқу жылына дайындықты ұйымдастыру бойынша Башқұрт АКСР Бураев ауданы, Челканов ауылдық кеңесінің бағы жанса (10 мың сом), Жол құрылысы бойынша Иванов облысының Кулик ауылдық кеңесінің жолы болған екен (10 мың сом). Өндірістік жоспарды орындауда Солтүстік, Сталинград өлкелерінің, Батыс, Курск, Иванов облыстарының 10 ауылдық кеңесі 5000-10000 сом көлемінде сыйақы еншілепті.
Енді үздік деп танылған кейбір кеңестердің жұмысымен танысып көрейік. Мәселен, мектепке дайындықты ұйымдастыру және көмек бойынша Ленинград облысы Старорусский ауданы кеңесінің жұмысы жан сүйсінерлік. Ауданда жазғы уақытта 4 жаңа мектеп салынып, оның 3-і жергілікті тұрғындардың қаржылық көмегінің арқасында бой көтерген. 68 мектепке толық, 56 мектепке ағымдағы жөндеу жүргізіліп олардың барлығы жыл бойына отынмен қамтамасыз етілген. 1500 жаңа парта, 100 мұғалім столы және 36 жаңа шкаф дайындалған. Барлық мектептерге 138 мың сомға оқулық, оқу құралдары сатып алынып, таратылған. Мектеп құрылысына құрылысшылардан басқа жұмысшылар мен колхозшылар тегін көмек көрсеткен. 1800 оқушы жазғы сауықтыру жұмысымен қамтылған. Мектеп жанындағы учаскеге 752 га. жер бөлінсе, бұған қоса колхоздарда мектептер үшін 218 га. жерге дән себілген. Сонымен қатар, мұғалімдердің материалдық-тұрмыстық жағдайларына айтарлықтай көмек көрсетілген: 50 жаңа пәтер салынып, колхоздарға бекітіп беру арқылы сүт және көкөніспен қамту ұйымдастырылған. Нәтижесінде ауданның барлық оқушылары толығымен еш кешігусіз жаңа оқу жылын бастаған. Сабақ басталған алғашқы күннен оқушыларға барлық мектептерде дерлік тегін таңертеңгілік ас берілетін болған. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген осындайда айтылатын болар.
Индустрияландыру жылдары қалалардың дамуы жедел қарқынмен жүрді. Қала халқының саны мемлекеттің тұрғын үй қорынан асып түсіп, қажеттілік туғызды. РКФСР-да 1931 жылы тұрғын үй құрылысы, жөндеу жұмысына мемлекеттік бюджеттен 34 млн. сом бөлінсе, 1934 жылы бұл көрсеткіш 240 млн.сомды құраған. Қала құрылысының артуымен қатар оны көріктендіру өткір мәселе болды. Қалалық кеңестер жұмысының мақсаты осы мәселелерді шешуге жұмысшыларды, тұрғындардың өздерін жұмылдыру арқылы қол жеткізу болды. Тиімді делініп – қалалар арасындағы жарыс танылды. Жоғарыда айтып кеткендей Нұрмақов 1934 жылғы 20 сәуірден қалалар арасындағы жарысқа басшылық жасайтын тұрақты комиссияның мүшесі болды, қайнаған істің ортасында жүрді. Жарыстың қызғандығы сонша оған тек елдің орталық аудандарынан ғана емес, шалғай жатқан Заполярьедегі Сахалин қаласы да қатысты. Қалалар жарысы республикалардың, өлкелер мен облыстардың өз ішінде және бүкілодақтық деңгейде жүргізілді. Мысалы, Мәскеу облысында: Тула мен Калинин, Псков пен Новгород, Батыс облыста: Смоленск мен Брянск, Ленинград облысында: Старая Русса мен Череповец, Сталинград өлкесінде: Астрахань мен Сталинград, Иошкар Ола (Марий авт. обл.) мен Чебоксары (Чуваш АКСР) қалалары өзара жарысқа түссе, тұтастай алғанда РКФСР-дағы 600 қала мен жұмысшы поселкелері сайысты. Айрықша атап көрсететін нәрсе, Горловка қаласының үндеуімен 11 қала бүкілодақтық жарысқа түскен, олар: Горловка, Воронеж, Сталинск (қазіргі Новомосковск), Ярославль, Тула, Прокопьевск, Саратов, Кадиевка, Баку, Таганрог, Калинин. Осылардың ішінде тұрғын үй қорын сақтау, қалпына келтіру және қаланы көркейту саласына бөлінген ең үлкен сыйақы - 25 мың сом Калинин облысы Калинин қалалық кеңесіне бұйырыпты.
Қалалар арасындағы және қалалық, ауылдық кеңестер жарысы көптеген алдыңғы, озат тәжірибені айқындап, халық шаруашылығының әр саласында еңбек өнімінің сапасын жақсартуға, артта қалушыларды қатарға қосуға ықпал еткен үйрену, тәжірибе мектебі болды. Бұл орайда, Нұрмақовтың еңбегі ерекше десек, артық айтқандық емес. Мақсаттылық, бастаған істі аяғына дейін жеткізу, нәтижесін саралау - Нұрмақовтың қашанда жұмыс ережесі болатын. Жақсы бастаманы кітап етіп шығарып жер-жерлерге таратуы да осыдан туындағаны анық. Сонымен қатар кемшіліктерді де атап өтеді, мәселен, Шығыс Сібір, Қиыр Шығыс, Сталинград өлкелері, Татар АКСР, Қырым АКСР-лерінің бұл шараға салғырт қарағандығын, белсенділік танытпағандығын айта келе, Чуваш АКСР-де бүкіл Кеңестер Одағы бойынша жол құрылысы жағынан ең үлгі боларлық нәтижелер бар бола тұра, жергілікті басшылардың жауапкершіліктерінің төмендігінен ешқандай қалалық, болмаса ауылдық кеңестердің жұмысын көрсетпегенін, сөйтіп, сыйақыдан құр қалғандығын батыл сынайды.
Жалпы, сол уақыт перзенттерінің жанқиярлық еңбегін, еңбекке құлшынысы мен білімге ұмтылысын, жауапкершілік, мемлекет мүлкіне адалдық, достық, бауырмалдық, жомарттық сияқты құндылықтарды жоғары қойғандығын, тұрмыс қиындықтарына төзімділік, алдағы күнге деген үміт пен сенім, азғантай ғана жетістікке қуанышқа бөленіп өмір күйін шарықтату, қанағатшылық, еңбек етудегі ынта мен жігердің жоғары болғанын айтпау орынсыз болар еді. Осылардың барлығы жоғарыда айтылған еңбек жарыстарында, стахановшылар, екпінділер қозғалысынан, оларды насихаттау мен таратудан, еңбек озаттарының іс-әрекеттерінен көрініс тапты. Бұл келмеске кеткен Кеңес Одағын көксеу емес, бірақ та, қазір сол аға-ұрпақ өкілдерінің өмір-тәжірибесі жетіспей жататыны рас.
БОАК Президиумының бір ғана 1932 жылғы маусым-желтоқсан айларына арналған жұмыс жоспарымен танысқанымызда белгіленген 49 жұмыстың 24-ін орындау Ұлттар Бөліміне жүктеліпті. Бұған Ұлттар Бөлімінің өзінің, БОАК Президиумы Хатшылығының (Нұрмақов БОАК Президиумы хатшысының орынбасары) жеке жұмыс жоспарларын, БОАК БКП (б) Фракциясы Бюросының, БОАК БКП (б) тобының жұмысын қосыңыз, іссапарларға шығу тағы бар.  
Дала жұлдызы дана Ыбырай айтқандай тастан сарай салғызған, айшылық алыс жерлерден көзді ашып-жұмғанша, жылдам хабар алғызған, мың шақырымға қас-қағымда барғызған, дүниені жалықпай кезген, теңізде балықтай жүзген, Балтық теңізінен Тынық мұхитқа, Солтүстік мұзды мұхиттан Кавказ бен Орал тауларына дейін созылып жатқан ұлан-ғайыр территорияда бүгінде өнері тасып, білімі асып, көңілі балқып, тұрмысы шалқып отырған 160-тан астам ұлттың өкілдері, олардың Қазақстанда тұратын ұрпақтары өздерінің осынау өмірлерінде қазақ халқының ұлы Нығмет Нұрмақовтың өлшеусіз еңбек сіңіргенін біле ме екен? Өзіміз ше?
Қазақ интеллигенциясының саяси бесігі – қасиетті Қарқаралыда алғаш Алаш арыстарының үнін естіп, тәлімінен қанаттанған бала қыран ел, ұлт тілегі үшін жарқын істерін бастады. Кемеліне келгенде алты Алашты шапағатының шуағымен шарпып, жүрегінде ұялаған ұлтқа деген махаббат тынышын алғанда томағасын сыпырып жалпыадамзатқа жол тартты. Тек ұлтқа ғана бас иді, ұлт мұратын көкірегіне мықтап түйді. Сол жолда күресуге бел буды, намысын - найза, арды - қалқан қылды, шындықтан - сауыт киді. Абайша айтқанда «адамзаттың бәрін бауырым деп сүйді».
Сөз соңында, егер кімде-кім «Нығмет Нұрмақов кім?» деп сұраған болса, оған баба рухына тағзым қылып жыр арқылы жауап бергенді жөн көрдік:

Мәңгілікке өміріңмен үлгі боп,
Кеттің жазып ерліктің жыр-дастанын.
Ел басына күн туғанда қорған боп,
Тостың, Аға, өр кеудеңді қасқайып!

Голощекин соқты желі ызғарлы,
Қарс айрылып, қабағыңды шалды мұң.
«Қазаққа енді көрсетпе»  деп, «азапты»
Шың басынан шырқыраған жалғыз үн!

Ар менен жан түскен кезде таласқа,
Намыс кернеп, ұлтың үшін жан пида.
«Жер жоқ!» - дедің, – «бере-тұғын ешкімге» -
Ғұннан қалған қасиетті қағида.

Алмас қылыш серттен тайып көрмеген,
Жауға қатал, доспен алға өрлеген.
Кештің, Аға, Күлтегіннің өмірін,
Күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмеген.

Аз ұлттарға әперем деп бақытты,
Қыламын деп тұрмыстарын жақұтты.
Шешен, ингуш, қарашай мен балқарды
Бауырыңа бастың саха-якутты.

Жылағанға болдың демеу, жұбаныш,
Қамыққанға көп сыйладың қуаныш.
Дағыстанға болып пана-көлеңке,
Сая тапты сенен бурят, эвенки.

Жарқ етіп бір жанып түстің жасындай,
Ұлты үшін басқасына бас ұрмай.
Қасіретін арқалап бір ғасырдың
Қалды даңқың Асан Қайғы атындай.

Бабаларым – алыптары Алаштың,
Қосып басты қанша кері тарастың,
Бабалардан қалған бізге аманат –
Тәуелсіздік келешекке жол ашты.

Аға, рухың - «Сарыарқаның» үнінде,
Өмірің өткен - Тәттімбеттің күйінде.
Бүршік жарып бәйшешектер гүлдейді,
Сәуірдегі сенің туған күніңде.

Әділдік, елдік, бірлік болған ұраны,
Сен асқақсың, Қарқаралы қыраны!
Саған арнап жазылады қанша жыр,
Сен туралы төгілер ән бұлағы,
Аман болса ер қазақтың ұланы.

Сәуле ҚАСЫМОВА,
Қарағанды мемлекеттік
техникалық университетінің доценті,
тарих ғылымдарының кандидаты.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 333
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px