Өр өмір - Тұлға - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

Өр өмір
Мәңгілік ештеңең жоқ делінеді. Аққан жұлдыздай жарқ етіп өте шығар адам ғұмыры ең қысқасы екеніне шара бар ма!?. Солай болуы табиғи нәрсе болғанымен бір көш кетіп, бір көш келіп, ұрпақ алмасып жататын бұл дүниеден өшіп кетпес жандар баршылығы да өмір ақиқаты. Соған тәубе етер едік.
Бұл мақалада бір аяулы азамат туралы айтқым келеді. Арамыздан озғанына біраз жыл өтсе де, есімі мен еңбегі ел есінде ұмытылмастай болып қалушы бақилықтар ішінен Аманбек Әбдіхановты бөлек атауға болар еді деп ойлаймын. Осы күнде жиі-жиі еске түседі, әсіресе. Бұған топырақ жабылғанына тура он жыл толуы себепті ме дейміз.
Ол кісіні жете білдік пе, білмедік пе мәселе онда емес. Біз білген бейнесін айтсақ та жеткілікті секілді.
Аужекеңнің – Аманбек Түсіпханұлының өмір белестеріне қарап отырсаңыз, қоғамға жасаған игілікті істері, өнегесі өшпестей көрінеді. Мұны Балқаштың маңындағы Женет тауының баурайындағы Қарабұлағынан бас экономист болып басталған еңбек жолы Шет ауданының ірі шаруашылығына басшылық етуіне өсіп, Жаңаарқа, Абай аудандарының әкімі міндетін атқаруына жалғасып, пайымдылық пен батылдыққа негізделген іскерлік қарым-қабілеті көрінген кезіне көзбе-көз куәгер қадірменді ақсақалымыз Қасымбек Медиев әрдайым сүйсіне айтады.
– Бәрі де басшылыққа байланысты екенін Қазанның 40 жылдығы атындағы шаруашылықтың тізгінін қолына алғанда байқалғанын қалай ұмытарсың? Барған бетте танығысыз өзгертіп жіберді. Жаңадан мектеп, стадион, балабақша, сауықтыру орталығын салдыртты. Көшелерге асфальт төселді, су құбыры тартылып, бау-бақша егіліп, ауыл ажары құлпырды. Мал көбейіп, егін бітіп шығып, береке қонған мекенге айналды, - деп Қасекең әңгіме тиегін ағытады.
Тағдыр Аманбек ағамызға ел өмірінде өз қолтаңбасын қалдыруына жарасты мүмкіндіктер жасады. Қызметінде терең із тастаған жердің бірі  – Жаңаарқа. Ол егемендіктің елең-алаң, жұрттың айтыс-тартысы дүңк-дүңк,  тұрмысы ауырлаған, жаңаша дамудың қадамы шатқаяқ кезеңге келген болатын. Осындай әрі-сәрі аласапыран шақта тәртіптілікті босаңсытпай жұмыс істеу қиындығымен бетпе-бет келуде өр мінезі барынша танылды. Жекешелендірудің дүрмегінде түлкіқұйрықтанып жымқырып қалушыларды еркінсітпей, ең алдымен тиісті үлестен қатардағы еңбек адамдары құралақан болмауын қадағалаудағы қатаңдығы мен талапшылдығын ризалықпен еске алушылар көп әлі. Сәкен Сейфуллин ауылының тұрғыны Сартбай Төкенов «Ауыл-ауылды аралап ешкімнің малдан, техникадан үлессіз қалмауына қалтқысыз қолғабыс жасап, басы-қасына тікелей жүруі талапайға ұмтылушылардың талайын ықтырды. Игілігін бүгінде қалың қауым көріп отыр ақыры» дейтіндей жаңаарқалықтар құт несібесі соның дәлелі.
Аужекеңнің аяулы жары Роза Сіләмбекқызының «Аласармайтындай Алатауым» кітабында жазылғандай кейінде осы жақта бір тойға барғандарында Қадыр Матин атты азаматтың «Бүгін қадірлі жерлесіміздің мерейтойына біздің бұрынғы әкіміміз Аманбек Түсіпханұлының қатысып отырғанына өте ризамыз. Ауданымызды басқарған бұрынғы бірде-бір басшының елден кеткен соң қайтып қауышып, қуаныш бөлісуге қатысуын көріп, естігеніміз жоқ. Бұл сіздің халық алдында аса сыйлы, жүзіңіздің ашық екенін көрсетеді» деп айтуынан  ел құрметінің белгісі білінеді.
Адамды барынша ашатын сәттер болады ғой. Ал, Абай ауданына әкім болып тағайындалғанда мұндағы жағдай тоқыраудың шегіне жетіп тұрған болатын. Дағдарыстың батпағына батпаған сала жоқ. Қайда да тоз-тозы шыққан, берекесі кеткен шаруа аяқтан шалып, бұған дейінгі әкім  босбелбеулігі салдарынан жергілікті билік органына құлақ асу қалып, әпербақандыққа салынушылар әмірі жүріп тұрған-ды. Міне, осындай ортаға тап болушы өзге басшы былықпен күресуге батылы бармай, қайраты жетпей тауы шағылып қалар ма еді, кім білсін. Жаратылысында қиындықпен айқасуға өжет-ті, соны жеңуге жігері қайралып сала беретін ер мінезділігі мен табанды талапшылдығының бар қыры мұнда айрықша ашылғанын, ауданның  дүр сілкінісі Әбдіханов басшылығы тұсымен келуін айтпай тұра алмайсың.
Ер мінезді дегеннен шығады, шындыққа ешбір жанаспайтын жөнсіз ілікке, қисынсыз кідіңге, жікшілдікке, ондайда көзге айтып салар беттілігіне бір үлкен жиында куә болғанымыз есімізде. Сонда сол кездегі басшы шүйлігіп барып тоқталғанда қолын көтеріп, орыннан көтерілген ол: «Сіз мені орынсыз жазғырмаңыз. Кемшілігім болса дәлелмен айтыңыз. Қызметті қызыққандықтан атқарып жүргенім жоқ. Сенген екен, ақтау – парызым. Маған қитығып жүргеніңізді сеземін. Мен жұмыстан кетуден қорықпаймын. Оны басымнан өткізгенмін. Сіз де бір кездері жұмыссыз жүргенсіз. Дәйексіз, сусыма сын күйдіреді тек» деп ойындағысын бүкпей айтып салғаны бар. Намысқа дақ келтірмес ары мен жанына биік тектілік, бала кезінде жеке айқасып қасқыр соғудан қаймықпаған өжеттік сынды қасиеттері қатарластарынан дараландырып тұратын. Бұл абырой-беделін өсірмесе, төмендеткен емес.
Өз басым осынау азаматпен аралас-құралас кездерді жиі еске аламын. Танысу былай болды. Қандас бауырлардың әлемнің әр түкпірінен ортамызға оралып, табысып жатқан мәре-сәре әдемі кезінде жүздескен едім. Оларды қарсы алып, қоныстандырудың басындағы мекеменің басшысы ретінде аса бір жылы жанашырлығы мен шынайы қамқорлығы, бауырмалдылығы мен мейірімділігі ағайындарды елжіретіп сүйсінтуді талай көрдік.
Біздің «Егемен Қазақстанда» жарияланған жапон қарты тағдыры туралы мақаламыз бойынша оны Жапония елшілігі өкілімен телефон арқылы тілдесу үшін көмек жасауынан ұштасқан сыйластыққа осы жазбамыз куә. Сырттай қарағанда мысы мен сұсы басып тұрғанымен жан жарықтығы, жүрек жылылығы баурайтын. Кім болсын, қарапайым жан болсын, деңгейлес азамат болсын, бауыр тартса адал бауыр тартып кететін қадіріне жарасқанымызды құрмет тұтамыз. Көңілі құлаған адамға өзегін жұлып беретіндей мәрттік қасиеті талайды қуантып, талайды марқайтқаны, талайдың ауызынан түспей жүрген әңгіме.
Көп жыл қызметтес болған әріптес інілерінің бірі – Ниқанбай Омарханов: «Аужекең басшылық міндеттерді ылғи да қиын кезеңде атқарды. Кеңестік жүйе ыдырағаннан кейін күйзеліске ұшыраған, үрей билеген жұрттың еңсесін тіктеп, алға жұмылдыруда демеу, тірек болушылардың беріктісі ретінде ерекше көзге түскен осы кісі дер едік. Сөзі – өтімді, өзі – өткір ол ел жарастығын, рухын көтеруге дәл келгендей еді. Бүгінгідей жарқын шаққа жеткеніміз Аманбек Әбдіханов ағамыз сынды азаматтардың арқасы деп білемін»  дейді.
А.Әбдіханов облыс шежіресіне өз есімін ұмытылмас істер арқылы жазып кетті. Еңбегі елеусіз қалған емес. «Құрмет» орденімен марапатталды, Жаңаарқа және Абай аудандарының «Құрметті азаматы» атанды.
Аужекеңді өткен уақытта еске алу қайдан оңай болсын?! Ішкі жан әлемінде жалындаған от, буырқанған қызу бардай сезілетін. Көрікті сымбат, келісті жүріс-тұрыс, жан-жақты білім, сыршыл өнер бір өзінің бойында-тын. Жастайынан спортты сүйіп өскен азамат не түрінен шетқақпай болмады, әсіресе, волейболға құштарлығы қай жерде болса сол жерге дарыды, шұғылданып қоймай  өзгелерді де тартты. Жыл сайын өз  атындағы жүлдеге осы ойыннан жарыс өткізіліп тұруы інісі Кенжеғұл мен балалары бастап берген дәстүр.
Әкесі Түсіпхан аузына ауыл қараған кісі екен. Аманбегі ел таныған азамат болды. Тектінің көзі, алтынның сынығындай ұландары Ұлан, Қуат, Еркінбек, Гүлназдан өрбіген әулет-мәуелі бір бәйтерек.
Не істерсіз, алпыстан аса алмай ортамыздан озғанына бүгін он жыл. Алдағы тамызда 70-ке толар кез тұр еді. Елге адал қызмет етуімен ерекшеленген Аманбек Әбдіхановтың зор еңбегі мен тұлғалық өнегесі әрдайым естен кетпестей көрінеді де тұрады.

Айқын Несіпбай,
Қазақстанның құрметті журналисі.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 206
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px