Сәулелi сәттердiн куәгерi
Арқада дүниеге келіп, әлемді тамсандырған хас таланттар аз емес. Десек те, бар ғұмырын театр сахнасына арнаған қазақтың аяулы қызы, ғасыр ана
Хабиба ЕЛЕБЕКОВА жайлы сөз бөлек.
Аяулым СОВЕТ,
«Орталық Қазақстан»
Қарағандыдағы іргелі мәдениет ошағы Н.Гоголь атындағы кітапхананың ұжымы Алғыс айту күнінде өткізген ерекше кешті Хабиба және Жүсіпбек Елебековтердің құрметіне арнады. Биылғы мерейтой иесі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Хабиба Елебекованың туған жері Қарқаралы ауданындағы орталық кітапханамен тікелей байланыс орнатты. Желі аясында 1934-1935 жылдары Қарқаралы халық театрында қызмет істеген Хабиба Қарақбайқызының қазақ өнерін биікке көтеріп, кәсіби деңгейге жеткізгені айтылды. Хабиба апай еңбек жолында 1935 жылдан бері М.Әуезов театрында үздіксіз қызмет етіп, ұлттық театр сахнасының іргетасын қалағаны тілге тиек етілді. Ең алғашқы қадамы 1935 жылы қазақтың алғашқы кәсіби театр режиссері Ж. Шаниннің өзі жазып, өзі қойған «Арқалық батыр» тарихи драмасындағы Қаракөзден бастап, қара шаңырақ театрда ұлттық құнары мол көптеген рөл жасады. Бұл ретте, Хабиба апаның жерлесі Қарқаралы ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Раушан Жылтыбаева: «Хабиба анамыздай тау тұлғаның жерлесі болу – асқан жауапкершілік. Осы есімді ұлықтау, дәріптеу – біз үшін үлкен мұрат» деп атап өтті. Сондай-ақ, ол қазіргі уақытты Хабиба Елебековамен байланыс орнатып, арнайы барып, амандығын біліп тұратынын жеткізді. Шараға қатысушылар сахнагердің өнерде төккен тері, ерекше дарындылығы жөнінде әңгіме өрбітті. Актрисаның әуезін жоғалтпаған қоңыр үнін естіп, сүйікті театры жайлы әңгімесін тыңдады.
Ғұмырында Нығмет Нұрмақов, Әлімхан Ермеков, Сәкен Сейфуллин сынды біртуар тұлғалардың көзін көрген Хабиба апаның аяулы жары Жүсіпбек Елебековпен құрған шаңырағындағы сыйластығы аңызға айналғаны белгілі. Өзі жиі айтатын «Менің бақытым – Жүсекеңдей жаны асыл адамға жар болғаным, сондай жанмен тағдырымның тоғысқаны. Мендегі ендігі мұрат – шамам келгенше, білгенімді артыма қалдырсам, ұрпақ ғұмырлық ғибрат алса деймін» естелігі – әрбір театр өнерін жанындай сүйетін көрерменнің есінде. Ғасыр ананың өнерін ерекше бағалайтын, Арқа өнерінің жанашыры Рымбала Кенжебалақызы «Балғын шақтарында кездескен олар ұл өсіріп, қыз тәрбиеледі. Талай жақсы мен жайсаң дәм татқан үлкен шаңыраққа айналды. Бұл ретте, кеншілер шаһарында өткізіліп тұратын Ж.Елебеков атындағы республикалық дәстүрлі әндер конкурсы салмағы аса зор кештер қатарында. Конкурста лауреат атанған әншілер қазақ сахнасының жарық жұлдызына айналып үлгерді» дейді. Ж.Елебековтің өнерін дәріптеуші Қ.Байжанов атындағы бірлестіктің әншісі Дулат Аханов орындаған «Қарқаралы» әні – абыз ана тұрған киелі мекенге бастап, сахна әлемін елестетті. Ғасыр ананың театр өнеріндегі рөлдеріне куә болған Кеңес Нарымбайұлы сахнагер жөнінде бір ауыз естелік айтты.
Кеңес ЖҰМАБЕКОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі:
– Сахна – кейіпкер келбетін ғана емес, түрлі тағдырды ой елегінен өткізіп, көрермен алдына ұсынуды қажет етеді. Өнер иесі атану – қызықты да күрделі мамандық. Театр әлеміндегі нәзік жанды әйел тағдыры, оның өнердегі және отбасылық өмірі үлкен тақырып. Хабиба Елебекова – хас таланттың иесі. Б.Майлиннің «Майданында» – Мамық, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуында» –Мақпал, Ш.Құсайыновтың «Марабайында» – Мәрияш, «Аманкелдіде» – Ақжан, Қ.Аманжоловтың «Досымның үйленуінде» – Айғаным рөлдерін аса зор жауапкершілікпен алып шыққаны ел есінде. Қазақтың аяулы қызының әр қойылымдағы ерекше даусының өзі бөлек әңгіме.
Жалпы, кешке жиналғандар қазақ сахнасының биігінде қалықтаған Арқа қызының өнердегі жаңа қырын ұғынды. Көп қазақ біле бермейтін сахна өнерінің құпияларына қанықты. Негізінде, спектакль – бір сәттік өнер. Сахна берілген уақытта өмір сүреді де, шымылдық жабылған соң бәрі аяқталады. Бірақ, сол қойылым көрерменнің жүрегінде қалады. Актердің шеберлігі сыналады. Сол шеберлік уақыт өте келе үлкен мектепке айналады. Тамырын тереңге жаяды. Қарағандылық Тәттімбет атындағы өнер колледжінің студенттері сахналаған «Актрисаға арнау» атты қойылым ғасыр ананың өнерін жалғаушы дарынды жастың бар екенін аңғартты. Олар Хабиба апаның үйіне ат басын бұрып, көп жырды, мысалы, Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерін түгелдей дерлік жатқа оқитын өнерін тамашалауға асық екен. Демек, спектакль аяқталса да, өнер тоқтамайды. Ұрпақтар сабақтастығы жалғаса береді.

