Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 21.11.2017
Балқантау етегінде жатқан ежелгі Егіндібұлақ жұртында «Қабыш көпірі», «Қабыш тасжолы», «Қабыш құдығы» деген ауызекі сөзтіркестің жергілікті лексиконға кіріккеніне де жарым ғасырдан асты. Сол ардақты ардагер Қабыш (Қабдолла) Есжанов кім болған?
Өмірбаянында өзі жазып қал­дырғандай, Қарқаралы уезіне қа­расты Сарытау болысындағы екін­ші ауыл – Ақшоқыда 1908 жылы дүниеге келіп, әкесінен жөргегінде айы­рылған, үйелмелі-сүйелмелі үш баламен қалған келіннің қолы­нан кішкентай Қабышты алып, кө­решегін  көріп өтуге бел байлаған әже­нің баурында өскен бала еді ол. Алғашқы мүшеліне толғанша қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шо­қыттырмай тәрбиелеп, ауыл молдасынан  хат танытқан сол әже Қа­быш үшін асқар таудай пана-тын. Аруананың өмірден өтердегі: «Қабышжан, жесір қалып, әкең Есжанды да  жеткізген едім, адал бол, адамға жақсылық жаса, Алла өзі жеткізеді» деген ақылын тұлдыр жетім бала көкейіне тұмардай түйеді. Айтқанындай, Жаратушының өзі же­беп, оқталып келген ажалдан жігіт жасында үш рет аман қалған Қабдолла Есжанбаласы бар ғұмырын ел-жұртына қалтқысыз арнайды.
...Әке-шеше жоқ, әже өтті өмір­ден, нағыз «ай» дейтін әже, «қой» дейтін қожа жоқтың» кебін киген Қабыш  Есжан марқұмның сан жақсылығын көрген бір мейірбан кісіге ілесіп, «ақ қашып, қызыл қуған» жылдары Семейдің жетімханасынан бір-ақ шығады. Жаратылысынан зерек бала өзінен ересектердің әлімжеттігіне төзе жүріп, Семей қаратаяқтарының бірінің отынын жарып, бірінің суын тасып, күнкөріс тауып, жеті кластық білім алады. Содан еті тірлігінің арқасында жұмысқа түсіп, пеш қалау, үй салу, балташылық өнерді үйренеді. Онымен қоймай, Семейде ашылған алғашқы оқу орындарының бірі – құрылыс және автомобиль жолдары техникумына түседі. Мұндай мамандыққа ол кезде ауылдан бала бармақ түгілі, ондай оқудың атын да білмейтін уақыт қой. Мұқым Қарағанды өңірінен шыққан алғашқы автомобильші-жолшы ма­ман Қабыш Есжанов екен сонда!
Көзі ашық сауаттылар некен-саяқ 1927-1928 жылдары техникум оқушыларын каникул кезінде маңызды құрылыстарға, саяси-көп­шілік жұмыстарға салып қоятын. Семей комсомолының жолдамасымен Сламқұл Сексеналин, Қали Жаппаров, Қали Текебаев, Әйтен Мусин секілді жастармен қатар Қабдолла да сол кездегі екпінді құрылыс – Түріксіб темір жолын салуға қатысады. Техникумда автослесарь, жүргізушілікті де үйренген Қабыш жүрегінің терең түкпірінде туған еліне – Қуға оралу арманын аялай жүріп, әріптес жігіттермен бірге сол кездегі АМО-3, АМО-15 жүк автомашинелерімен халық шаруашылығы жүктерін тасиды. Бірақ, елге оралу жолы ауыр еді...
Бірде Тарбағатайдың тар кезеңінде қашқын-бандиттер жол торып, машинедегі қап-қап ұнды, тағы басқа игілікті тонап, шоферлерді жайратып кетеді. Қарақшылар «өл­діге» санағандар ішінен басы екі жерден жарылған, маңдай тісі түгел опырылған Қабыш тірі қалады. Ерік­сіз бір жыл оқуынан қалып, уақытша елге келсе... алдында ғана ағасы Са­қан өлгені үстіне одан кейінгі Әб­діхалық қайтыс болады да, жеңгесі мен екі қарындасы Қабышқа қарап қалады. Сонда әулеттен қалған жал­ғыз баскөтерерге түскен жауап­кершілік пен табандылық Қабышты екі қолтығынан демеп, тік тұрғызады: туыстарын Аягөзге көшіріп әкеп, үзіл­ген оқуын  жалғайды. 1932 жылы диплом алған Қабыш Есжанов қа­лай қиылып сұранса да, кадрлық но­менклатурадағы  еліне оралуына рұқ­сат болмайды: оны сол кездегі «Союзтранс» Семей облыстық бөліміне алады, сол қызметте ол партияға өтіп, Алматыдағы кәсіподақ оқуына жіберіледі. 1934 жылы отызмыңдық коммунистер қатарында Балқаш құ­рылысына жұмсайды. Мұнда шоферлер курсының меңгерушілігіне та­ғайындалған Қабыш қазақ жастары қатарынан алғашқы автомобиль жүргізушілерін даярлайды. Саяси-экономикалық сауатты, қолға алған ісінен жоғары нәтиже шығаратын Қ.Есжанов білім көтеру оқуларының себебімен Мәскеу, Ленинградты кө­реді.
1940 жылы Қабыш денсаулық жағдайын сылтау етіп, өз алдына облыс болып бөлініп шыққан Қарағандыға тағы да сұранады. Елге жетер жолда Шәкен Сламбеков екеуі Самарқан тоғанын салу ісіне тап болады. Содан соң ғана Қу аудандық жол бөліміне жолдама алған екен, аз күннен соң соғыс басталады. Жо­ғарғы органдар оны броньмен тылда қалдырса да, аудандық жол бөлімін құрып үлгерген бойы Қабекең өзі сұранып, 1942 жылдың қысында Ұлы Отан соғысына аттанады. Атажаумен  шайқасып жүрген күндердің бі­рінде ауыр жараланған – екінші мәр­те ажал тырнағынан аман қал­ған офицер Қ.Есжанов 1943 жылы екінші топтағы мүгедек болып ел­ге оралады... Енді еңсе көтере бас­тағанда еңбеккер азаматтарын  со­ғыс жалмаған елдің ауыр тұрмысы, ау­дан орталығының құлазыған қал­пы тәні жаралы болғанмен, рухы азат Қабекеңді іштей күйзелтеді. Үл­кен шәһарлардан өркениеттің шет-пұшпағын көріп қалған ол елі­не қолдан келген жақсылығын жа­сауға ширығады, денсаулығы ілкім түзелісімен, жасамыстар мен майданнан оралғандар қатарынан жұ­мыскер қолын жасақтап, соғыс алдында бастаған ісін қайта қолға алады. Сол жылдары №222 Қарқаралы ДЭУ-ін құрған осы Қабдолла Есжанов еді. Онан соң Қу ауданынан «Межколхозстрой» мекемесі құ­рылғанда, соны ұйымдастыруға жі­бе­ріледі, сөйтіп, Алғабас, Үйтас, Жалтас, Бұлақадыр секілді ондаған колхозда қысқа мерзім ішінде тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар, мал қоралары салынады.
Ауыл құрылысын осылайша қыздырып жатқан Есжановты жоғарғы орган тағы шақыртады: Отан соғысында одақтағы инженер-мамандар қатары сирегендіктен, халық шаруашылығын қалпына кел­тіру үшін Тасжол құрылысы мем­лекеттік басқармасы Қабыш сын­ды бесаспаптарды одақтың түк­пір-түкпірінен жинаған ғой. Ол одақ­тағы екпінді құрылыстардың бірі – Дон бойынан 150 тонналық гид­равликалық пресс орнатуға қа­ты­сады. Маңызды нысанды іске қос­қандардың бәрі РСФСР Жол бас­қармасының сыйлығымен марапат­талады. 1959 жылдың 27 қазаны кү­ні Қарағандыға ұшып шыққан ИЛ-2 ұшағы әуе апатына ұшырап, жолаушылар қаза болады, бортмеханик Люча және елге бет алған авиажолаушы Есжанов бастан, өне-бойдан көп жарақат алып, тірі қалады. «Туған жерге ту тігіп, жыртығына жамау, ке­тігіне кірпіш болсам» деген тілегі Тә­ңіріге жетті ме әлде?!.. Осы апатта бір құлағының шеміршегі үзіліп, кейін молақ боп біткенде, қуақы тілді Қабыш ағамыздың өзі: «Бір басқа бір құлақ та жетеді» десе керек. Оның үстіне қазақ-шіркін кісіге ат қоюға шебер емес пе, бір ауылда аттас бірнеше кісі болса, соншасына соншама ат қояды ғой. Сол секілді, егіндібұлақтық Қабыштарды да ел іші «Партизан Қабыш», «Бірқұлақ Қабыш», «Төре Қабыш»... атандырып кеткен еді.
Сөзден сөз шығады, оқығаны мен тоқығаны көп Қабекең жер бедеріне қарай тұщы сулы тұсты дөп басады екен. Соның бір мысалы, оның Егіндібұлақтың күншығысынан қаздырған, суы тұщы құдығы әлі бар. Бірде  қоңсысы Рсайдың әйелі жаңа түскен жас келіні Мәнзалды суға жұмсап: «Суды Бірқұлақ Қабыштың құдығынан алғайсың» деп шегелеп жібереді. Содан бала келіншек ауыл шетіндегі құдықтардың қайсы қандай екенін біле алмай тұрғанда, қос жанарының қиығынан тараған ажым бет-әлпетіне  шуақ шашқан, тарамыс денелі қағылез кісінің бері беттегенін көріп: «Ағатай, Бірқұлақ Қабыштың құдығы қайсы?» деп сұрапты. Әлгі кісі кеңседен үйіне аяңдап келе жатқан Қабекеңнің өзі екен, жас неменің сөзіне жымия түсіп: «Ә, қалқам, құлағым – міне, құдығым – әне» депті құлағын да, құдығын да көрсетіп.
«Қабекең айтты» деген осындай сөздің бірі: автокөлік жолын салуға жеткілікті қаржы бөлмейтін басшыларға ренжіген аупартком мүшесі, депутат Қабдолла Есжанов: «Партияның сара жолымен коммунизмге бара жатырмыз дейсіңдер, ә? Ау, жүрер жолды дұрыстай алмай тұрып, коммунизм түгілі, мына Шетшоқыға да жете алмайсыңдар!» деген екен. Газетке жазған бір мақаласына өз қолымен «Жұмыскер – жетеу, арман – біреу!» деп тақырып қойып жібергенін журналист ағаларымыз мәтел етіп алғаны да бар. Қабекеңнің ар-ождан тазалығына бір ғана мысал – «Доғалаң» кеңшарының ор­та­лығын салуға жетекші етіп жі­бергенінде, Қарағандының №5 құ­рылыс-монтаж басқармасының 25 автомашинесімен, 180 жұмыскерімен тиісті нысандарды Қабекеңдер 22700 сом қаржы үнемдей отырып, мерзімінде салып, тапсырған екен! Осындай қасиеттер бір басын­да тоғысқан Қабекеңнің білім-тәжі­ри­бесімен, бардан жоқ жасайтын өнер­тапқыштығымен Қарқаралы-Қу көлемінде қаншама жол салынып, көпір орнатылып, құдық шегенделіп, тоған байланып, автомобильшілер дайындалып, құрылыс тұрғызғанын кім есептепті! Еңбегінің өтеуі ретінде 1935 жылдан жоғары органдар өкімімен алған мақтау-марапатының ішінде «СССР Құрметті жол қызмет­кері» белгі-атағын бәрінен жоғары қоятын Қабыш Есжанов қазіргідей тех­ника мен құрал-жабдық жоқ за­манда өзімен қатар қажырлы қыз­мет жасаған Қалкен Жотабаев, Қоңырбай Әшімбаев, Шорман Жаң­қашев, Ермек Өмірбеков, Бекен Қо­рабаев, Ахмет Көңілімжаев, есеп-қисабынан шашау шығармайтын бухгалтер Сәдуақас Рәшев, Өмірзақ  Дүйсенбеков, тұңғыш жоғары білімді инженер-жолшы Құлмағанбет Шал­қарбековті мақтаныш ететін.
Есімі Егіндібұлақтың бір көшесіне берілген Құрметті жолшы, соғыс жә­не еңбек ардагері Қабдолла Ес­жановтың өмірден озғанына биыл 40 жылдың жүзі болыпты.
...Қабекеңдер салып берген жолдар Қазақ елін егемендікке бастап, азат Отан байтағының төсіндегі даңғылға айналып барады!

 Назипа АСҚАР,
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері.
 Пікірлер: 0
 Оқылған: 1041
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1188
count 88x31px