Шиманбайдың Советі - Тұлға - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 05.12.2016

Алтын бесік Ақтоғайдан шыққан қазақ журналистикасының дарабозы Совет Оспанғалыұлы Шиманбай еді. Өзі өмір бойы қызмет бабымен біреулерге телефон соғып, таныстырғанда:

– Шиманбайдың Советі, – деп мағмұрланып, марқайып, бүркітше қомданып қалатын.

Өзі отыз жыл қызмет еткен бұрынғы «Социалистік Қазақстан», бүгінгі аға газет «Егемен Қазақстандағы» әріптестері де осылай атап кетті.

Сәбең ауылға жиі келетін. Әке-шешесінің көзі барда Жіңішкеге ат басын бұруды бір сәт те ұмытпайтын. Бала кезіміз. Бір күні шай үстінде «Спорт» газетін қолына ұстап оқып отырған Мағұз ағам:

– Советтің де ауылға ат ізін салатын мезгілі болып қалды-ау,- деді. Сөйтті де -«Спорт» газетіне мақаласы жиі шығып жүр, жақсы журналист, – деп бір қойды.

...Кейіннен бәрін де түсіндім. Тау бөктеріндегі Оспанғалы ақсақалдың жалғыз ұлы Совет көп кешікпей «Лениншіл жасқа» ауысты. Ағайым Мағұз рухани жан дүниесі бай адам болатын, газет-журналдарға көптеп жазылатын. Мен де құмарлана оқимын. Арманым журналист болу. «Лениншіл жастан» «Бұл күнде Тимур тренер» деген үлкен очеркті оқыдым. Авторы Совет Шиманбаев, қызықпай көр. Көп кешікпей «СҚ-ға» ауысыпты, тағы бір тартымды очеркін оқыдым. Тақырыбы «Гималайдың күн сүйген шыңдары бар». Менің асыл ағамен жақындығым осылай басталған-тын.

Оспанғалы әкеміз, сол үйдегі Рысбала анамыз бар жиған-тергенін сақтап қояды. Жаз ортасында Совет ағаның отбасымен елге келуі дәстүрге айналған. Бірде Совет ағаның келгеніне өзім куә болдым. Мағұз ағаммен бірге ауылда қарсы алдым. Жақын келіп сәлем бердім. Аққұба өңді, әдемі жігіт ағасы, сұлу, көркем көрінді маған. Анам Сақан, жеңгеміз Күләш Советке деп сақтаған семіз қойын сойып, басын үйітіп, қонаққа шақырды. Сол күні Совет ағаның оң жағында отырып, біраз сүйсіндім, қанаттандым. Мағұз ағам екеуі замандас еді, ұзақ әңгімелесті, сырласты.

Ол 1938 жылы дүниеге келген.

 

*** ***

Балқаш қалалық «Балқаш өңірі» газетінің редакторы болып аяқ астынан тағайындала қалдым. Бұрын бас редакторлыққа талас-тартыс шиеленісті болатын. Орын бос тұр, ұсынды, келістім. Көп ұзамай Совет аға келді Алматыдан. Кабинетімде бірінші болып құттықтады. Екінші бір арнайы келіп құттықтаған ағам Төлеуқадыр Тоқтамысов еді.

– Қоғамды түзеймін деп күйіп кетіп жүрме. Билік те, газет те ұстараның жүзі, абай бол. Газетің жақсы болуы үшін талантты журналистерді жаныңа жина, жақын тарт, - деді.

Ағаның айтқан ақыл-кеңесін шама-шарқым келгенше істеуге тырыстым.

 

*** ***

Ағаның беделі таудай болды. Жарықтық, «СҚ-ның» арқасы ғой деп отыратын. Өзі де көпшіл, ашық-жарқын еді. Жазған көсемсөздік материалдарын кітап етіп шығарды. Әкесі Оспанғалы Ұлы Отан соғысына қатысқан.

Мектепті бітіргеннен кейін Ақтоғай аудандық «Қызыл ту» газетіне түрлі тақырыпта мақала жазады. Осы газетке қызметке қабылданады, кітапханашы болып еңбек етеді. Арман қуып Алматыға келеді. Қазақтың С. Киров атындағы мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне түсіп, ойдағыдай бітіріп шығады. Сөйтіп, журналистік еңбек жолын республикалық «Спорт» газетінен бастайды. Жақсы аға спорт тақырыбында түрлі-түрлі мәселелерді көтерді, ауыл спортының жандануына баса назар аударды. Өзі де спортпен үнемі, ұдайы шұғылданатын. Ал 1960 жылдардың соңына таман «Лениншіл жас» газетінің сол кездегі бас редакторы, қоғам қайраткері, белгілі жазушы Шерхан Мұртаза Совет ағаны өз редакциясына шақырып, спорт бөлімін басқаруды ұсынады.

 

*** ***

Ақтоғайдан шыққан тұңғыш кәсіби журналист Совет Шиманбайдың есімін есте қалдыру үшін нендей әрекет жасалып жатыр? Әзірше, түк те жоқ. Біздің патша көңіл айтады. Сәбең еңбек жолын кітапханашы болып бастады ғой. Олай болса аудан орталығындағы немесе Шабанбай би ауылындағы кітапханаға Совет Шиманбай есімі берілсе тіптен жарасып-ақ кетер еді. Бұл ұсынысымызды аудандық мәдениет саласының басшылары қолдайды, назардан тыс қалдырмайды деген ойдамыз.

Шабанбай би ауылы Сәбеңнің кіндік қаны тамған ата қонысы. Ел арасынан шыққан осындай жақсы мен жайсаңдарға осы тұрғыда құрмет көрсете аламыз.

Сәбең елге келген сайын халқына еңбегі сіңген аяулы ағасы Мәкәрім Нұржігітовтің қара шаңырағына қарай міндетті түрде ат басын бұратын, сәлем беріп, мауқын басатын. Ағалардың жарасымды әзілдеріне сан мәрте куә болдық.

– Совет-ау, ана жазғыш, қаламы жүйрік Нұриден Муфтақ құдамызды ауылға бір алып келсеңші, әңгімелесейік, сый-құрмет көрсетейік, әділет жолында жүрген жігіт қой, жазғаны ұнайды, – деп отыратын.

Сәбеңнің үйіндегі жеңгеміз батыстың қызы болатын. Қарымды журналист Нұриден ағамыз да батыстан. Сәбең бұл тұрғыда абыз жазушы, ғұлама талант Әбіш Кекілбаев, талантты ақын Жұмекен Нәжімеденов, атақты фотожурналист Сиез Бәсібековпен қадірлес, сыйлас болды. Оны да көзіміз көрді.

Бір кездері алақандай Ақтоғайдан шыққан бес журналист-ақын бір мезетте «Егемен Қазақстанда» істеді. Олар: осы Сәбең, Дәуітәлі Стамбеков, Абзал Бөкен, Серғазы Мұхтарбеков, меншікті тілші Бағдат Мекеевтер еді. Олардың барлығы да Сәбеңді аға тұтты.

Бірде Алматыдан телефон соқты.

– Сен, «Орталықтың» Балқаштағы меншікті тілшісі емес пе едің, біздің сол өңірдегі тілшіміз Мағауия Сембаев облыстық газетке бас редактор болып кетті. Өзі Қарқаралының жігіті, дұрыс бала, -деп жүрек лүпілін жеткізген-тін.

Сол «дұрыс баламен» аралас-құраласқанымызға да жиырма жылдың жүзі болыпты-ау.

 

*** ***

Қазақ журналистикасында өзіндік қолтаңбасы бар Шиманбайдың Советі жайлы қысқаша айтпағымыз осы еді. Қадірлес ағаның бақиға кеткеніне біраз болды. Тағдырдың жазуына не шара, жеңгеміз Гүлім де келмес сапарға кетті. Соңында Арын, Арғын есімді ұлдары қалды. Өмірінің жалғасы - немерелері өсіп жатыр.

– «Мен ғой, Шиманбайдың Советі» деген биязы үнін әрдайым сағынып жүремін.

Келмеске кеткен асыл ағалар-ай!

 

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 795
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1089
count 88x31px