Ұстаздар ұлағаты ұмытылмайды - Тұлға - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 04.12.2016

Ұстаздар ұлағаты ұмытылмайды
Қазақстандағы іргелі оқу орындарының бірі – Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің қалыптасуы, классикалық университет дәрежесіне жетуі жолында еліміздің талай тұғырлы тұлғалары қажыр-қайратымен, білім-білігімен ерен еңбек сіңірді.
Университет тарихына үңілер болсақ, елге қызмет еткен, ғылымға қызмет еткен есімдері құрметпен аталар тұлға қатарында бүгінде кемел жасқа келіп отырған ұстаз, әдебиеттанушы-ғалым, филология ғылымдарының докторы Задан Тасқалиұлы Жұмағалидың өзіндік орны бар. Ол – осы білім ордасының уығын қадап, іргесін бекітушілердің бірі. Педагогикалық институт негізінде құрылған университетте еңбек жолын бастаған (1968 ж.) педагог-ғалым жаңадан ашылған қазақ филологиясы – қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша кадрлар даярлауда ұйымдастырушылық, ғылыми-зерттеушілік істерге ұйытқы болып, әр жылдарда кафедра меңгерушісі, факультет деканы, ғылыми кеңес мүшесі сияқты жауапкершілігі зор жұмыстарды абыроймен атқара білді. Ұжым басшысы бола жүріп, жоғары сапалы мамандар даярлау мәселесіне жете көңіл бөлді.
Енді мерейтой иесі жайлы көңіл күнделігімізде қатталып қалған, “ескірмейтін естеліктерге” ерік берсек, оның бір парасы тікелей оқу үдерісіне қатысты болмақ. Ғалым З.Жұмағалидың осыдан 40 жылдай бұрынғы дәрістерінің әлі күнге дейін жадымыздан өшпеуінің бір себебі  сол сабақтардың жан-дүниемізге ықпал еткен әсер қуатының күші болар... Сонда студенттік аудиториядағы 90 минуттық лекция, семинардың қалай өте шыққанын сезбей де қалатынбыз. Себебі – сабақ мазмұнды, әрі Зәкең қызықты етіп, өзіндік бір стильмен жүргізеді. Ол сабақтарды өзара сұхбат дейсіз бе, ұстаздың ішкі монологын (ішкі үнін) “тыңдау” дейсіз бе, ой қорыту дейсіз бе, өзіңіз білесіз! Студенттік балаң “дәуірде” қабылданған сол сабақтардың мазмұн-сипатын бүгінгі оқытушы болып жүрген, “есейген” уақытта қайта  бағамдасақ, тағы бір қырынан ашыла түседі екен. Ұстазымыз бізге оқытып жатқан әдебиетті белгілі бір кезеңнің рухани келбетін таныту құралы ретінде алып, өзіміз өмір сүріп отырған қоғаммен рухани қауыштырып жіберетін, нәтижесінде, әр сабақтан соң “әдебиет – өмір айнасы” екендігіне расымен иланып шығушы едік. Біз сабақта көркем шығарма талдау барысында жай ғана мазмұн қуалап, кейіпкерлерді жағымды-жағымсыз деп жіктеп отырмай, “әдебиет – ұлттың рухы, сөзбен өрілген болмысы” қызметіндегі рухани қуат – көзі дегенге тәнті болатынбыз. Филолог-ғалымның тағы бір қыры – қазақ сөз өнері тарихын ғана емес, сол кездегі көп ұлтты кеңестік және әлемдік әдебиеттің үздік үлгілерін де терең меңгергендігі.
Ұстазымыз қазақ әдебиеті сабағын әлемдік көркем таныммен сабақтастырып, “шынайы өнер ұлтқа бөлінбейді дегенді біздің санамызға сіңірді.
Халқымыздың өзіне тән дара бітіміне баса мән бере отырып, бірақ ұлттың төл табиғатымен шектелмей, әлемдік мәдениет үлгілерінен ой түюге бағыттап, “зарарынан қашық болуға, пайдасына ортақ болуға” (Абай) жетелейтін. Бұл тұста өзге мәдениеттердің озық үлгілеріне сүйіну де, сүйену де емес, ең бастысы, өзге ел мен өз дәстүріміз арасындағы рухани үйлесім мен даралық сипатты саралай білуге бағдар сілтейтін. Ал, біз оқыған 70-80 жылдардағы қатаң саясат тегеурінінің еркін ойға жібере қоймағаны белгілі ғой. Сонда да Зәкең біздің санамыздың сергек болуына мән беріпті. “Ұлт руханиятының басты арнасы – қазақ әдебиетінде әлемдік әдебиетпен иық тірестіре алатын қарулы қаламгерлер де, қуатты шығармалар да”, - бар деп ұлттық мақтаныш сезімін тудырып, патриоттық (отансүйгіштік) рухты “білдіртпей” шыңдап жіберетін де – біздің ұстазымыз Задан Тасқалиұлы болатын. Әлем әдебиеті туындыларымен қатар, “Литературная газета” “Новый Мир”, “Роман – газета”, “Иностранная Литература” журналдарымен алғаш рет осы ұстазымыз арқылы таныстық. (олар кейін өзіміздің “Жалын” альманағы, “Жұлдыз” журналындай жанымызға жақын болып кетті). К.Маркс айтты деген мына пікірге сүйенсек: “Әдебиет – ұрпақтың-ұрпаққа рухани өсиеті”. Олай болса, сондай рухани дүниелерді табыстауда дәнекер болған ұстаздарымыздың қатарында сіз де барсыз – ардақты Задан Тасқалиұлы! Сіздің: Әдебиет арқылы ар тазалығы мен жан сұлулығын, моральдық байлықты мұрат тұту – өмірлік мақсаттарың болсын! - дегеніңіз де жадымызда.
Университетімізде ақын-жазушылармен кездесу өткізуге де сол кездегі доцент З.Жұмағалиев мұрындық болатын. “Әдебиет – ұлттың жаны”, ендеше ұлт пен ұлыстың рухын әдебиет арқылы танытуға мүмкіндік неге жасамасқа? Ал оның бір тәсілі – қазақ қаламгерлерімен сұхбаттасу. Сол кездері С.Жүнісов, Е.Ибрагим, О.Сүлейменов, О.Бөкеев, Ш.Сариев, т.б. қазақ қаламгерлерімен кездесу ұйымдастыру арқылы биік парасаттан, терең ойдан туатын ойлы әдебиетпен қауыштыруды мақсат тұтқаны белгілі.
Профессор З.Жұмағалидың оқу процесінен бөлек тікелей әдебиет мәселелеріне араласуы – заңды құбылыс болып табылады. Ғалымның әдебиетке қатысты ой-пікірлері өз алдына бір төбе. Мысалы, “Уақыт және әдебиет” үндестігін саралаған ғылыми монографиялары (1993, 1999), “Жаңа дәуір әдебиетіндегі Абай дәстүрінің жалғастығын” бағамдаған (2000 ж.) ғылыми ізденістерімен қатар, мерзімді басылымдар арқылы да әдебиет туралы ойларын ортаға салып отырады: С.Сейфуллин шығармашылығы (“Аңыз Адам” – 2015 ж. №10), С.Торайғыров туралы толғамы (“Сарыарқа” журналы), әдебиеттегі дәстүр сабақтастығы (“Орталық Қазақстан”, 1991-1998 ж.) т.б. әдебиет жайын арқау еткен мақалалары негізінде әдебиет зерттеуші ғалымның таным көкжиегінің кеңдігіне көз жеткіземіз.
Ғалымның көркем тәржімеге қатысты пайымдауларының да маңызы зор. Соның бірі – Шәкәрімнің Пушкин прозасын аударудағы көркемдік шеберлігіне қатысты (“Егемен Қазақстан”, 28 маусым,         2006 ж.). Қара сөзбен берілген ой құнарын поэзия тілімен жеткізудегі ұлы ақын Шәкәрімнің көркемдік танымын таразылаған бұл зерттеуді біздер “Аударма теориясы мен тәжірибесіне” байланысты сабақтарымызда әдістемелік тұрғыда пайдаланып келеміз.
Студенттік кезеңнің тағы бір естелігі... Біздер жоғары курстардың “ақыл-кеңесін” тыңдағанда жиі қайталанатын фамилия – Жұмағалиев болатын. Олардың айтатыны: “Сабақтан қалу түгілі, кешігуге болмайды! Әдебиеттегі барлық үлкенді-кішілі шығармаларды түгел оқып-білу керек! Емтиханда билеттегі үш сұрақпен құтылып кетем,- деп ойламаңдар, қосымша қойылған барлық сұраққа жауап бергенде ғана жауабың толымды болып табылады! Жұмағалиев емтиханда әдеби шығарманы түп нұсқадан оқыған-оқымағаныңды біліп қояды және әрбір детальға мән береді”. Бұл бізге өмірлік сабақ болды, біріншіден, кітап оқуға, онда да зер салып оқуға үйретті, екіншіден, ұстазымыз ұсақ-түйек болып көрінуі мүмкін детальдан белгілі бір жайттың белгісіз қырларын байқап қалып, адам мен қоғамның, пенделік пен ұлылықтың шендескен тұсына бағдар сілтейді.
Ал З.Жұмағалиевтан диплом жазып жүрген студент болса, ол біз үшін университеттегі ең қадірлі, аса білімді, терең ойлы болып көрінетін, өйткені Жұмағалиевтан тақырып алып, диплом жазуға анау-мынау студенттің жүрегі дауалай бермейтін: толымсыз ой, жарым-жарты пікірімен ол кісінің алдына баруға кімнің дәті жетсін! Біз көрген “қаталдық” осындай, біз өткен мектеп – осы болатын.
Тұжырымдай келгенде: Біздің ұстазымызға оқығаны көп болғанымен, тоқығаны жоқ білгішсіну жат болатын. Ол – шәкірттерінің, әріптестерінің құрметіне бөленіп келеді. Ол - пенделіктен жоғары тұрды, көлгірсу, жарамсақтық, бас пайдасына бас ию, бастыққа тізе бүгуге “икемі” жоқ. Тура айтады, турап айтады, бірақ кектенбейді.
Жоғарыда атап өткендей, Қарағандыдағы қазақ филологиясы кадрлар даярлаудың ұстаханасы болды. Мектеп мұғалімдерінен бастап, радио-газет журналистері, ғалым тілші-әдебиетшілер даярлаудағы ұстаздарымыздың өлшеусіз еңбегін осында білім алғандардың ешқайсы жоққа шығара алмасы анық. Орталық Қазақстанда Задан Тасқали-ұлының мектебінен өткен талай азаматтар (шәкірттері) ұстаз дәрістерін әрмен қарай жалғастырып жүргені белгілі. Бүгінгі күні олардың бәрі де: “Мерейлі жасыңыз құтты болсын! Мерекеңіз  тарқамасын!” – деген ізгі тілек білдіретініне сенімдімін! Біз де соны қайталағымыз келеді!


Гүлнар Мұратова,
ҚарМУ-дің түлегі,
Л.Гумилев атындағы
 ЕҰУ профессоры,
ҚР Білім беру ісінің үздігі.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 163
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px