Тәуелсіздік өлшемі - Тұлға - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 04.12.2016

Бүгінгі құрметті ардагер кешегі күнде жаудың баласы атанды, жауыз деген түртпекке ұшырады.

Анасынан басқа жетім деп аяған жан болмады. Бес-алты жасында жүріп, бір өзі мың жарым қозыға ие болды. Кешегі Фрунзе колхозының қан майданға жіберетін құрт-майын, брынзасын атарбамен аудан орталығы – Қарқаралыға тасыды. Аудан орталығына бір күнде жете алмайтын. Қона баратын. Түн қараңғысында ұйқы соймай, өгіздің солығын бастыратын. Сөйтіп жүріп те алақан көлемі қаймақ жаламады. Ел бүтін нәрсесін майданға жіберіп жатты. Соны арбакеш бала үлкен кісіден кем түсінбейтін.

Қандай жағдай болсын егін себу тоқтамады. Сояу тісті жетім соқамен жер жыртты. Дән ат үстінен қолмен себілетін. Соның дорбасына дәнді балалар салады. Соның басында өзі жүрді.

Одан кейін буыны бекімей жатып шахтаға түсті. Кәмелеттік жасқа толмаса да анасы Жәмиланың он сегіз сомын төлеп, жүргізушілікті бітіріп алды. Бітіргенімен жасы толмай тағы жүріп алды.

Сол куәлігі қалған ғұмырына азық болды.

Еңбек Қызыл Ту орденін кеудесіне қадады. Кеңестік заманда мұндай орден далада жатпайтын. Ол аз десек, сонау алпысыншы жылдардың басында «Үздік жүргізуші» төсбелгісін қадады. Одан кейін қаптады медальдар. Мерекелік көбісі, әрине.

Әкесі ортақ малға бір арқан шөп алам деп халық жауы атанды. Барған жерінен хабарсыз кетті. Атасы Әбділда Төлепбергенов 1942 жылы еңбек армиясына алынып, сол беті хабар болмады. Әбди көкесі де 1941 жылы еңбек армиясына алынып, ағасының кебін құшты. Соғыстан мүгедек болып оралған ағасы Тілеухан 1945 жылы Жеңіс күнінен кейін іле-шала көз жұмды. Өзіне жақын тартқан ағасы Раушан Жиенов те 1942 жылы майдан даласына аттанған. Ол да соғыс құрбандығы болып кетті.

Төлепбергенов әулетіне тәуел-сіздігіміз осыншама ауыртпалық әкелді.

Сол ауыртпалыққа үлкендер қажырын, жастар қайратын қарсы қойып аман қалды. Анасы Жәмила өмір бойы жоқтау әндерін ыңылдап өтті. Өйткені, ол кісінің бір уайымы артық еді. Нағашысы Дүйсебаев Нұрғабди де соғыс құрбандығы болды.

Ең кереметі Жәмила анасы қолындағы үш келінін өз қолымен ұзатты.

Қыз ұзатқан қазақ осылайша келінін ұзатты!

Кешегілердің сүйегі асыл еді ғой. Сол анасы жүз жасады.

Әрбір көрген жарық күніне шүкіршілік айтып отыратын.

Бүгін сол шүкіршілікті өзі айтады.

Тәуелсіздік үшін берген құрбандардың артында бір-бірден болса да тұқым бар. Солардың жаманшылығын көрмесем екен дейді. Сол мұрат ағаға дегбір бермейді.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 677
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px