Тұңғыш һәм дара - Тұлға - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 07.12.2016

Тұңғыш һәм дара
Ерсін МҰСАБЕК,
«Орталық Қазақстан»


Есімін естігенім болмаса, белгілі математик, профессор      Айбат Ешкеевпен аралас-құраластығым жоқ еді. Жақын танысудың сәті түсті. Оның өзінде, сөз өнерінің сөліне іңкәр ағамыз, «Орталықтың» рухани жанашыры, танымал ғалым Есет көкем (Есмұханбет Смаилов) телефон шалып: «Айналайын, Қарағандыны әлемге танытып жүрген әмбебап ғалым Айбат есімді шәкіртім асқаралы 60 жасқа толып жатыр. Сол азамат туралы екі ауыз жылы сөзді сүйікті газетімізден оқығымыз келеді» дегені. Сол-ақ екен, менде дегбір қалмады. Өйткені, Есет аға шәкіртінің дара қасиеттеріне ауызша тоқталып, оның докторлық диссертациясын математика ғылымының марғасқалары саналатын Ноғай-Сібір (Новосибирск) ғалымдарының алдында  қазақ тілінде қорғағанын айтқан еді. Содан ынтықтым Айбат ағамен жүздесуге...

Зиялылар ұясы

...Ешкеевтер әулеті – ғалымдар әулеті. Айбат Рафхатұлының атасы Армия Есмағамбетұлы – өткен ғасырдың басында Уфадағы әйгілі «Ғалия» медресесін бітіріп, қазақ елінің ағарту саласы тарихында аты қалған өз дәуірінің ғұламасы. Аталмыш медреседе қазақ әдебиетінің классигі Бейімбет Майлинмен бірге оқыған.
Білесіздер, ол заманның оқығандарына шоқынды деп қарайтын үрдіс бар-ды. Ата-анасының, ағайын-туыстың қарсылығына қарамай, 19 жасында білім іздеп ауылдан қашып кетіпті Армия жарықтық. Елге оралған соң ұлт зиялыларымен мүдделес болып, қазақ баспасөзінің бастауында тұрған «Садақ» журналын шығарушылардың бірі болған. Бұл сөзімізге Тұрсынбек Кәкішевтің «Садақ» атты зерттеу еңбегінде Армия Ешкеев туралы «Ғалия шәкірті» деп арнайы тоқталуы дәлел бола алады.
Сөйткен Армия Есмағамбетұлы елге келіп, мектеп ашып, еңселі іске араласа бастаған шағында «Алашорда» көсемдерімен сыбайлас деген желеумен 1938 жылы ұсталып кетеді. Атылған жоқ. Сатылған да жоқ. Айдаудан аман-есен оралғанымен, Сібірдің сызынан сыр берген денсаулығы оңалмай, ақыры ауыр дерттен көз жұмды.
Ал, Айбат ағаның өз әке-шешесі де Қарағанды ғылымына еңбегі сіңген, зиялы жандар болды. Рафхат Армияұлы – белгілі философ. Ғылыми диссертациясын әйгілі Мәскеу мемлекеттік университетінде (МГУ) қорғаған аз қазақтың бірі. Қарағанды медицина институты мен кооператив институтында (қазіргі Қарағанды экономикалық университеті) кафедра меңгерушісі болып ұзақ жыл еңбек етсе, анасы Ұлбек Оспалақова Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің қазақ тілі кафедрасында ұстаздық етті.
Айбат – үйдің үлкені. Өзінен кейінгі екі қарындасы, бір інісі де – әкеден көріп – оқ жонып, анадан көріп – тон пішкендер. Аида Рафхатқызы – медицина ғылымдарының кандидаты (Мәскеуде қорғаған), Астанадағы Президенттік аурухананың білікті дәрігері. Ал, Гүлнар Рафхатқызы Мәскеу мемлекеттік университетінің математика факультетін тәмамдаған. Қазір қаржы саласында қызмет етіп жүр. Алматы қаласында тұрады. Зиялылар ұясының кенжесі Айбар – білікті қаржыгер, Алматы қаласындағы «Лизинг Групп» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары.
Міне, Армия атадан бастау алатын ұлағаттың ұясындағы зиялы дәстүр осылай жалғасады.

Төлендінің төл шәкірті

«Математика – ғылымдар патшасы». Мұны мен емес, немістің Гаусс деген ғұламасы айтқан екен. Иә, математика – нақты әрі күрделі ғылым. Бұл ғылымның тізгініне жармасқан жанға шығармашылық әлеует қажет. Өйткені, математиканың бар құпиясы логикаға сүйенеді. Біздің жазғанымыз секілді, математикалық амалдардың түп-төркіні логикадан ауытқымауды талап етеді, білем.
Менің кейіпкерім де бұл салаға кездейсоқ келмеген. Атасы Армиядан сүрлеу тартқан парасат қанына сіңген. Әке – философ, ана – тіл маманы. Өзі математикалық бағыттағы №63 мектепті бітірген. Ойлап көріңіз, бұл әулетке нан жегізген ғылымның барлығы логикаға негізделген.
Айбат Рафхатұлы 1973 жылы орта мектепті бітіріп, жаңадан ашылған Қарағанды мемлекеттік университетінің математика факультетіне қабылданады. Ұстаздан жолы бола кетті. Үшінші курстан бастап сандар теориясы мен математикалық логикаға ынта қойып, асқан қызығушылық танытып жүрген студентті марқұм Төленді Ғарифұлы Мұстафин өз қарамағына алып, математика ғылымдарының түрен түсе қоймаған құпиясына үңілген бозбалаға үлкен үміт артады.  
Бұл өңірде профессор Төленді Мұстафиннің есімін білмейтін жан жоқ шығар, сірә...  ҚарМУ қабырғасында математика ғылымдарының алғашқы докторы атанған ғалым. Осы Төкең еді Айбатты ғылымға баулып, ақ жол тілеген. Ұстаз сенімі селкеусіз ақталды. Университет қабырғасында жүріп-ақ ғылымға ден қойған Айбат Рафхатұлы модельдер теориясы бағыттары бойынша алғашқы ғылыми тұжырымдарымен ұстазын қуанта бастады.
Жалпы, ұстазы Төленді Мұстафин мен шәкірті Айбат Ешкеевтің бірлесе зерттеген тақырыбын екшей берсек, мақаламыз оқырманға түсініксіздеу болып кетуі кәдік. Олай дейтінім, ұстаз бен шәкірттің қаузаған тақырыбы – біз білетін математикамен әкесі бір демесеңіз, өрісі бөлек. Тың. Мықты болсаңыз, «модельдер теориясы», «ионсондық теориялар» деген ұғымдардың мәнін түсініп көріңіз. Сондықтан, «көрпемізге қарай көсілгеніміз» жөн болар. Яғни, Төленді ұстазының мерейін тасытқан Айбат ағаның жетістіктерін Сіз бен бізге түсінікті тілде термелеп шыққаннан абзалы жоқ. Маған жазуға оңай, Сізге түсінуге ыңғайлы.
Ия, Айбат ағаның бойында ғалымдығынан басқа да қырлары жетіп артылады. Ең бастысы – дене бітімінің өзі «жігіттің төресі» деуге тұрарлық математикалық өлшемдерге барынша сай. Алпысқа келді демейсіз. Ширақ, сергек. Сондай-ақ, барынша қарапайым. Шығармашылық әлеуеті де айқұлақтанып тұр. Тіпті, менімен әңгімелесіп отырып, мақаламның құрылымын да математикалық дәлдікпен өзі пішіп берді. «Мынаны айтуға болады, мынаны жазуға болады» деп.
Ұстазы Төленді Мұстафин жайлы көп айтты. Шәкірттің адалдығы! Әйтпесе, Айбат ағаны шақырмаған университет жоқ. Бәрінен бас тартқан. Негізін ұстазы Төленді Ғарифұлы қалаған алгебра, математикалық логика және геометрия кафедрасын қимады. Оның сыртында, ұстаз бастаған бастамаларды соңына жеткізу керек. Қазір Т.Мұстафин есімімен аталатын осы кафедра тізгіні – Айбат Ешкеевтің қолында. Ұстаз ұлағатын абыроймен жалғастырып келеді.

Әлем мойындаған
ғалым

Дарынды ғалым Қарағанды ғылымын алты құрлықтың алғырлары санасатын деңгейге жеткізуге өлшеусіз еңбек сіңірді. Айбат Рафхатұлының ғылыми пайымдарын әлемнің танымал ғалымдары бас шұлғи мойындап жүр.
1996 жылы «INTAS» бағдарламасы бойынша Халықаралық грант иегері атанған қарағандылық ғалым 1997 жылы Францияның Лион университетінің шақыртуымен Францияда, 2001 жылы Атлантадағы әріптестерінің қолқа салуымен АҚШ-та іссапармен болып, осы елдердің бірқатар университеттерінде дәріс оқыды.
Сондай-ақ, Айбат аға қатыспаған Халықаралық ғылыми конгрестер мен конференциялар кемде-кем. Тізбелеп көрейік...
ТМД елдері мен Қазақстанда өткен ғылыми басқосуларды қоспағанда, 2010 жылы АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында, 2011 жылы Бакуде, 2012 жылы Прагада, 2012 жылы Германияның Висбаден қаласында, осы жылы Моңғолияның Улан-Удэ, Малайзияның Куала-Лампур, БАӘ-нің Абу-Даби, 2013 жылы Сербияның Нови Сад қалаларында, дәл осы жылы Тайландта, Боснияның Сараево, Қытайдың Гуанжоу қалаларында, 2014 жылы Вена, Варшава, 2015 жылы Хельсинкиде өткен Халықаралық конференцияларда баяндама жасады. Қазақ ғалымының баяндамасында қамтылған тың жаңалықтар жайлы әлемдік басылымдар жарыса жазып, баяндамаларын өз тілдерінде жариялады. Әсіресе, 2015 жылы тамыз айында Хельсинки қаласында өткен конгресте жасаған баяндамасы әлемнің таңдаулы ғалымдарын орнынан тұрғызып жіберіпті. Баяндамашының оппоненттері «А.Ешкеев ғылыми айналымға көптеген терминдер мен тың ұғымдарды енгізді» деп баға берген екен.
Ол аз десеңіз, Айбат Рафхатұлы – Американың «Association for symbolik logic» атты қауымдастығының мүшесі. Бұл ұйымға бүкіл әлем бойынша 1400 ғана ғалым мүшелікке қабылданған.

Әмбебап ғалым

Айбат аға «Йонсондық теориялар» тақырыбындағы кандидаттық диссертациясын 1995 жылы, «Кемел позитивті йонсондық теориялар құрылымы» тақырыбындағы докторлық диссертациясын 2010 жылы қорғады. Менің мақаламның «Тұңғыш һәм дара» аталуының сыры осы докторлық диссертацияда жатыр. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерін еркін меңгерген ғалым өзінің докторлық диссертациясын қазақ тілінде қорғаған. Ана тілімізде докторлық қорғаған тұңғыш математик. Математика ғылымының тарихында сенсация болған бұл жағдайды көзімен көріп, құлағымен тыңдаған академик Асқар Жұмаділдаев қарағандылық ғалымға риза болғаны сондай, сол жолы:
– Айбат – Гагарин! – деген екен.
Айтпақшы, Айбат ағаның лингвистикалық шеберлігі ғажап. Мамандығы математик бола тұра, тіл білімінің де тереңіне бойлаған ғалым. 2011 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің тапсырысымен жарық көрген «Математикалық терминдер мен сөз тіркестерінің орысша-қазақша сөздігі» авторларының бірі.
Бүгінгі таңда ҚарМУ студенттеріне қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде дәріс оқып жүр. Математикалық арнайы курстардан бөлек Айбат Рафхатұлы «Мамандандырылған шет тілі» пәнінен де сабақ береді.
Ол аз дейсіз бе? Ендеше, Айбат ағаның тағы бір даралығын жария етейін. 2015 жылы ҚарМУ-де математика мамандығы бойынша PhD докторантурасы ашылған. Алғашқы докторанттың ғылыми жетекшісі де – Айбат Ешкеев.

♦ ♦ ♦

200-ге жуық ғылыми мақалалары отандық және шетелдік басылымдарда жарияланған. Ондаған оқулықтың авторы. Толғай берсек, Айбат Ешкеевтің математика ғылымына сіңірген еңбегі – ұшан-теңіз. Тіпті, жазған еңбектері мен алған атақтарын тізіп шыққанның өзінде газеттің бір бетін толтыруға болады. Алайда, біздің газеттің беті де математикалық өлшемге бағынады. Ғибартты ғалымның бойындағы сан алуан қырларын математикалық дәлдікпен аша алдым ба, білмеймін. Әйтеуір, белгілі бір өлшемге бағынып, аға жайлы жазбама нүкте қоюға тура келіп отыр.
Алпысыңыз тал түсіңіз болып, ғұмыр жасыңыз математикалық өлшемге бағынбай, еңбегіңіз шексіздіктермен өлшенсін, Аға!

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 212
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px