Тұңғыштар - Тұлға - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

Тұңғыштар
Ерсін МҰСАБЕК,
«Орталық Қазақстан»

Әлқисса
12 сәуір – адамзат тарихындағы айтулы күн. Қос жанарымыз құс жолына қадалып, жеті қат көкке көтерілген Юраның (Гагарин) жолын баққан күніміз.
Иә, бұл күн – аңыздың ақиқатқа айналған күні! Аңыз дейтінім, бұған дейін қиялымыз ғана қанатты болатын. Әрине, ұшақпен, тікұшақпен ұшқанбыз. Ертегіде кілеммен ұшсақ, бұл кезде ұшақ пен тікұшақты тізгіндеген адамзат баласының ғаламзатқа таңдай қақтырар галактикалық сапарына да санаулы сәт қалған. Ұшты сол күні! Алысқа емес, ғарышқа! Жауды сол күні! Алланың нұры, ақынның жыры! Олжас көкемнің «Адамға табын, Жер енді!» поэмасы жерде жазылып, аспаннан жауғаны есіңізде болар... Осы поэма жер бетіне ұшақпен таратылған.
Содан бері, яғни, адамзаттың ғарышқа жасаған тұңғыш сапарына бүгін 55 жыл толып отыр.
Мен ойлаймын, ғылым мен техниканың тізгіні «Ұлы держава» серкелерінің қолында болмағанда, ғарышқа бірінші қазақ баласы ұшар ма еді деп... Өйткені, кілеммен ұшу эпизоды қазақтан басқа бір елдің ертегісі мен аңызында жоқ. Ендеше, адам баласының ғарышты игеру мұраты – ғасырлар бойы атам қазақтың қиялына құндақталған аяулы арман!
Өкінішке орай, ғарыш әлемінде Тұңғыш болу бақыты қазақтан басқаға бұйырды. «Бұратана» саналған елдің ұрпағы бұйра бұлтқа араласа алмаған, сөйтіп...
Бірақ, біздің өз Тұңғышымыз бар. Тоқтар Әубәкіров! Алайда, Тоқтар ағаның құрмет пернесінде ғарыш әлеміне тіріден тұңғыш көтерілген «Лайка», «Белка», «Стрелка» атты иттерге, адамзаттан алғаш самғаған Юрий Гагаринге деген ықылас ғажап. Сондықтан, бүгінгі әңгімеміздің желісіне осы Тұңғыштар туралы қызықты деректерді өзек еттік.

Тіріден – тұңғыш
СССР сынақшыл еді ғой, жарықтық. Иә, сынақ жасауда адамға абырой, тышқанға тыным бермеген держава болатын-ды.
Ғарыш көгіне Ю.Гагарин көтерілгенге дейін алты жыл әбігер болыпты. Мақсат – жалқы. Американың алдына түсу. Әлденеше рет сынақ жасаған. Американың алдына шығу үшін адами құндылықтарға да мән бере қоймаған екен. АҚШ пен СССР-дің байрақты бәсекесі мен соқыр тәуекелдерін «Байқоңыр» мен «НАСА» ғарыш айлақтарынан, «Семей» мен «Невада» ядролық сынақ алаңдарынан айқын аңғаруға болады.
Не керек, СССР Жоғарғы Кеңесі Америкамен бәсекедегі жеңісінің кепілі ретінде 1955 жылғы 12 ақпанда континенталды-балистикалық зымыранды сынақтан өткізу туралы тарихи шешімін жариялады.  Осы шешім негізінде «Байқоңыр» ғарыш айлағын Қазақстанда салу туралы ұйғарым жасалды. Сөйтіп, 1957 жылы құрылысы аяқталған «Байқоңыр» әлемдегі тұңғыш һәм көлемді ғарыш айлағы болып келеді.
1957 жылы 4 қазанда тура осы «Байқоңырдан» СССР-дің алғашқы жасанды жер серігі (Спутник-1) ұшырылды. Ол орбитада 1958 жылдың 4 қаңтарына дейін, яғни, 92 күн болып, Жерді 1400 мәрте айналып шыққан. Әр айналымға кеткен уақыт – 100 минуттай. 1958 жылы 4 қаңтарда құлаған жер серігі Жер атмосферасында жанып кетеді.
Осыдан кейін Циолковскийдің мұрагерлері ғарыш әлеміне тіршілік иелерін ұшыру жөніндегі тәуекелге барады. Абырой болғанда, адамға емес, итке ауыз салған. Сонымен, ғарышқа ұшқан тұңғыш тіршілік иесі – «Лайка» атты ит. Алғашқы жер серігі «Байқоңырдан» бауыр көтергеннен кейін бір айға аз толмаған мерзімде (1957 жылы 3 қарашада) ұшырылған «Лайканың»  жасы – 2-де, салмағы 6 келі екен. Сол кезеңдегі Совет басылымдары «Лайканың» орбитада бір апта болғанын, қалыпты жағдайда тамақ ішіп, тіпті, кәдімгідей үргенін жарыса жазған болатын. Алайда, «Лайка» ғарыш кеңістігінде 5-6 сағат қана болып, «Спутник-2» кемесіндегі температура күрт көтеріліп, жанып кеткендігі туралы ақиқат кейін ашылды.
Бұдан кейін СССР сынағының кезекті құрбандығына «Белка», «Стрелка» атты иттер іліккен. Бұлар – ғарыштан аман оралған тұңғыш тіршілік иелері. Адамнан бұрын Жерден мыңдаған шақырым қашықтыққа ұшып, космос тарихында қалған қос иттің даңқы аспандап тұрған кез еді – бұл. Яғни, олар 1960 жылы 20 тамызда шықты орбитаға. Тіпті, ғарыштан оралған соң, «Стрелка» дені сау алты күшік туған. Сол күшіктердің бірін СССР-дің сол кезеңдегі билеушісі Никита Хрущев АҚШ Президенті Джон Кеннедиге сыйға тартқанын да білеміз.
«Белка» мен «Стрелканың осы бір сәтті сапарынан кейін космос мамандарында нық сенім пайда болып, адамзат баласы ғарышты игеруге тәуекел етті. Сонымен...

Адамзаттан – алғашқы
Осыдан тура 55 жыл бұрын, яғни, 1961 жылғы 12 сәуірде таңғы сағат 9-дан 7 минут кеткенде Кеңес Одағы қазақ жеріндегі «Байқоңыр» ғарыш айлағынан «Восток» кемесін аттандырды. Кеме тізгінін әлем тарихында орбитаны айналған тұңғыш ғарышкер, авиация аға лейтенанты Юрий Гагарин еді.
Одақтың Бас конструкторы Сергей Королевтің Гагаринді ұшыру жөніндегі ұйғарым-ұсынысы шұғыл әрі тарихи шешім болатын. Өйткені, СССР-дің құпия қызметі арқылы АҚШ осы жылдың 20 сәуірінде  өз ғарышкерін ұшыруға дайындап жатыр деген мәлімет келіп жеткен. Сондықтан, СССР Жоғары Кеңесіне тарихи стартты 11-17 сәуір аралығына белгілеу туралы ұсыныс жасады Королев. Ал, ғарышқа кімнің ұшатындығы соңғы сәтте ғана анықталған екен. Алғашында 20 үміткер, одан кейін 6 үміткер іріктелген. Олар – Валерий Быковский, Юрий Гагарин, Григорий Нелюбов, Андриян Николаев, Павел Попович және Герман Титов. Ал, 1961 жылғы 8 сәуірде Ю.Гагаринді «Восток» ғарыш кемесінің пилоты етіп бекіту жөнінде Мемлекеттік комиссияның шешімі шықты.
Осы тұста мән беретін бір мәселе бар. Ғарышкерлікке үміткерлерге қойылатын талап бойынша Гагариннің кандидатурасы барлық   талапқа жауап береді. Денсаулығы, саяси белсенділігі, психикалық орнықтылығы, тіпті, әлеуметтік тапқа қатыстылығы... Бәрі-бәрі сақадай сай келіп тұр. Гагарин көкке көтерілмес бұрын биліктің нұсқауымен ТАСС-тың үш түрлі мәлімдемесінің жобасы әзірленген. Неге? Бұл сұрақтан бұрын «Қандай?» деген сауал тастағанымыз жөн шығар. Біріншісі – ғарыш сапарының сәтті аяқталғаны жөніндегі сүйіншілі хабар, екіншісі – егер Гагарин басқа мемлекеттің аумағына немесе мұхитқа түскен жағдайда, «Барлық елдердің Үкімет басшыларына арналған Үндеу», үшіншісі – Гагарин тірі оралмаған жағдайдағы қаралы хабар. Бұл – анық, СССР-дің кезекті тәуекелі. Әрине, Гагариннің де келісімі – тәуекел. Бірақ, биліктің пәрмені – қуатты. ТАСС тарататын хабардың үш нұсқасы Бас хатшының алдында. Үш түрлі жағдайдың қайсысы орын алған жағдайда да төрткүл дүниеге тарататын хабардың жобасы – дайын. Ең бастысы, АҚШ-тан бұрын адам ұшырғалы отырмыз. Ол тірі орала ма, оралмай ма, онда ресми биліктің шатағы шамалы. Аты тарихта қалған иттерден кейінгі сынақ құрбандығы – дайын.
Ұшты! Абырой болғанда, адамзаттан алғашқы болып көкке самғаған Юрий Гагарин аман-есен оралды орбитадан. Гагарин тізгіндеген «Восток» ғарыш кемесі Жерді 108 минутта айналып өтіп, сағат 10-нан 55 минут, 34 секунд кеткенде (жоспарлағаннан 1 секунд ерте) тарихи сапар аяқталды. Тежегіш жүйесіндегі ақауларға байланысты, жерге қону аппараты мен Гагарин жоспарланған – Сталинградтан 110 шақырымдағы аумаққа емес, Саратов облысының Энгельс қаласына жақын маңдағы Смеловка селосының аумағына қонған. Көктен оралған жұлдызды ғарышкерді алғаш көрген адамдар – орманшының әйелі Анна Тахтарова мен оның немересі Рита.
Айтқандай-ақ, Гагарин жерге парашютпен қонған. Алтыншы ғарышкер ұшқанға дейін осылайша парашютпен қону әдісі қолданылып келген екен. Сол жерден СССР Әскери-әуе күштері дивизиясына жеделхат арқылы ғарышкердің рапорты жолданады. Жеделхат мәтінінде былай делінген: «Әскери-әуе күштерінің Бас қолбасшысына жеткізуіңізді өтінемін.  Тапсырманы орындадым, белгіленген жерге қондым, өзімді жақсы сезінемін, денемнің жарақат алған, сынған жері жоқ! Ю.Гагарин».
Міне, адамзаттан алғашқы болып орбитаны айналған Юрий Гагариннің ғарыш сапары жайлы қысқа дерек мазмұны – осындай.

Тұраннан – Тұңғыш
«Байқоңыр» ғарыш айлағы өзімізде тұрып, қазақ ғарышкерінің ұшуын 30 жыл армандаған екенбіз. Алаш жұртының бұл арманы СССР-дің шаңырағы шайқалып, уығы сықырлап тұрған алаң-пелең уақытта орындалды. 1991 жылдың 2 қазаны. Қазақ қыраны Тоқтар Әубәкіров көкке самғады!
– 1990 жылы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесудің сәті түсті. Нұрекең ол кезде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы еді. Маған ғарышқа ұшу жөнінде ұсыныс айтып, қолқа салды. Мен қарсылық білдірдім. Осыдан аз уақыт өткеннен кейін менімен Нұртай Әбіқаев келіссөзге шығып, бір қазақ жігітінің ғұмырбаянын көрсетті. Мен әлгі жігіт туралы мәліметпен танысып шықтым да: «Мына жігітті тездетіп дайындау керек. Құс жолымен самғайтын қазақ – осы» дедім. Ол Талғат Мұсабаев еді. Қазақстан Талғатты ғарышқа ұшыруға дайындыққа кірісіп кетті.
Алайда,  неге екенін түсінбеймін, келесі 1991 жылы менімен келіспей, Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы «Ғарышқа Тоқтар Әубәкіров ұшады. Ол – дайын» деген мазмұндағы ресми мәлімдемесін жасап жіберді. Ертесіне өзі қабылдады да, намысымды жаныды. Сөйтіп, Нұрекеңнің намысымды қамшылауымен бір-ақ күнде ғарышкер болып шыға келдім, – деп еді Тоқтар аға газетімізге берген (сұхбат «Орталық Қазақстан» газетінің 2011 жылғы 4 қазандағы санында «Ғарыш пен Намыс» деген атпен жарық көрді) сұхбатында.
Иә, Тоқаң – тұтас түркі жұртынан, иісі ислам әлемінен шыққан тұңғыш ғарышкер. Алайда, осы мәртебені Тоқтар ағаға қимай жүргеніміз – өкінішті-ақ. Даукестікке салып: «Тоқтар Әубәкіров – СССР-дің ғарышкері, Талғат Мұсабаев – тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш ғарышкері» дегенді айтып жүрміз. Рас, Тоқаң – СССР-дің соңғы (ұшу реттілігі бойынша – 72-ші) ғарышкері. Бірақ, Түркия мемлекеті Тоқаңның ерлігін мойындап, оған «Түркі әлемінің тұңғыш ғарышкері» ресми статусын неге бізден бұрын берді деген сауал толғандыра ма Сізді? «Бізден бұрын» дейміз-ау, біз әлі де қимай жүрміз. Ел білетін, мен білетін Тоқтар аға атаққа құмар жан емес. Алайда, бүгініміздің әр сәті ертеңгі тарих екенін біз естен шығармауымыз керек қой. Сөз жоқ, Тоқаң СССР-дің соңғы ғарышкері болып та қалады тарихта. Бірақ, Тұраннан шыққан тұңғыш екенін ресми құжатта көрсетпесек те, санадан өшіре алмайтын шығармыз.
Ерлікті бағалауға біз енжар болғанымызбен, біздің асылымызды ардақтайтын елдер мен Халықаралық ұйымдар бар. Мәселен, Америкадағы әлемнің таңдаулы 10 ғарышкерінің есімі жазылған тақтада Тоқтар Әубәкіровтің аты-жөні үшінші болып тұр. Бұл – баға! Тарихи баға! Сондай-ақ, БҰҰ-ның ғарыш кеңістігі мәселелері жөніндегі басқармасы жақында ғана әлемнің таңдаулы ғарышкер-зерттеушілерінің қолтаңбасы жазылған альбомын жариялады. Мәртебелі ұйымның мәңгілікке сыр шертер альбомында қалған қолтаңба – 20 ғана. Тағы біздің Тоқаңның қолтаңбасы бар. Біріккен Ұлттар Ұйымының бұл альбомына теңдесі жоқ ғарышкер-зерттеушілердің болашаққа үнқатулары жарияланады. Мақсат – өскелең ұрпақты рухтандыру. Ол жерде ұлты мен ұлысына қарап жатқан жоқ. Әлеуметтік рейтинг бойынша іріктелген кіл мықтының бір-бір ауыз үндеуі мен қолтаңбасы.
БҰҰ-ның ресми сайтындағы хабарламада: «...Среди них есть послание первого казахского и последнего советского космонавта Тохтара Аубакирова. Короткая надпись с подписью космонавта, оставленная им 5 сентября 2011 года, гласит: «Мир без границ!» делінген.
Енді  мойындайтын шығармыз... Тоқаңның Тұраннан – Тұңғыш екенін!
«Мен өзіме қатысы бар екі мерекеге барынша маңыз беремін. Бірі – 12 сәуір, екіншісі – 2 қазан. 12 сәуірде Юрий Гагарин, 2 қазанда мен ұшқанмын ғарышқа»,  – депті Батыр Тоқаң «Азаттыққа» берген бір сұхбатында. Ал, биыл – Тоқаң үшін мерекелі жыл. Адамзаттың ғарыш кеңістігін бағындырғанына – 55 жыл, Тоқтар Әубәкіровтің ғарышқа ұшқанына – 25 жыл. Өзі 70-ке толады, Алла қаласа... Тоқаңның Тұраннан – Тұңғыш екеніне илана алмай жүргендер Батырдың өміріндегі бұл атаулы мерекелерге ойлана қояр ма екен? Қасиетті Қарқаралы еміреніп тұр! Батыр ұлын құшағына алып, мерейін тасытады! Тұңғышымыз тұғырда болсын!
P.S.
Айтпақшы, бүгінгі ғарышкерлер мерекесінде белгілі айтыскер ақын, жырау Шынболат Ділдебаевтың Ақтөбе облысының ақынымен айтысқандағы мына бір шумағы ойыма оралып, тіліме шырмалып отыр:
Таңның атып бізге алғаш шапағы,
Содан кейін Ақтөбеге атады.
Сізден гөрі қонақжайлы болған соң,
Космонавтар бізге қонып жатады, – деп еді марқұм.
Гагарин Ресейдің Саратов облысына қонған шығар. Кейін ұшқан ғарышкерлердің дені біздің Сарыарқаға (анығында – Қарағанды облысы) қонған. Қазақ халқының ыстық ықыласына бөленіп, иығына шапан жаппаған ғарышкер – кемде-кем. Арқа жұртының назары – әлі де көкте. Қыраны – көп, өйткені. Бірегейі – Тоқтар Әубәкіров!

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 196
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px